Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті туралы ел арасында әдемі әзіл, қызықты әңгімелер жиі айтылады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті туралы ел арасында әдемі әзіл, қызықты әңгімелер жиі айтылады. Жыл сайын аталмыш факультетті бітірген түлектер 20, 30 жылдығын тойлап, романтикаға толы студенттік шақты еске алып, әдемі кеш ұйымдастырады. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Журналистика факультетін 1993 жылы тәмамдаған кешегі студент, бүгінгі ел ағалары 20 жылдық мерейтойын атап өтті.
1989 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне бойында таланты, ойында арманы мен алға қойған мақсаты бар бір топ жас құжат тапсырады. Сұлу сөзден сүбелі ой жинақтаған жас ақындар, әзілдің түбін түсірер жас сатириктер, қоғамдағы келелі мәселенің бетін ашып, халықтың ықыласына бөленер жас жорналшыларға сол кездегі жас ұстаз, бүгінде елуді алқымдаған пофессор, ақын Бауыржан Жақып 5 жыл бойы студенттік шақтың қызығы мен шыжығына, бал дәуреніне қанық болған студенттер араға жиырма жыл салып, кезінде арман қуып келген университетінің табалдырығын қайта аттады.
1993 жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін Ермахан Шайхыұлы, Мұхтар Атабек, Бекжан Әліқұлов, Бақытжан Әлімқұлов, Біржан Белғара, Бауыржан Ғұбайдуллин, Нұрлан Қалқа, Мұрат Қожамқұлов, Ерлан Қуандықов, Нұржан Қуантайұлы, Ғабит Мүсірепов, Ормаш Мырзағалиев, Аяпберген Салихов, тағы басқалар бітірді. Сол кезде университетте жаңадан ұстаздық етіп, ғылым жолына түскен бүгінде филология ғылымдарының докторы, профессор атанған Бауыржан Жақып студенттердің кураторы атаныпты. Содан бері 20 жыл өтті.
Биыл 20 жылдығын тойлаған түлектер өздері түлеп ұшқан оқу ордасына құралақан келген жоқ. Олар бүгінгі студенттерге 100 мың теңгеден арнайы шәкіртақы тағайындады. «Тележурналист Мақсұт Төлешұлы Дүйсеков» атындағы, «Өмір-ай» газеті атындағы сыйлықты Бақытжан Қосбармақов тапсырса, Шығыс Қазақстан облыстық «Шығыс-ақпарат» атындағы шәкіртақыны Нұржан Қуантайұлы, «Журналист Біржан Белғара» атындағы шәкіртақыны Ғабит Мүсірепов, «Тележурналист Омарғали Ноянұлы» атындағы шәкіртақыны Ғазиз Тастаев, «Қаныш Сәтбаев» атындағы шәкіртақыны Ардагер Аринов тапсырды. Факультетке жиналған түлектер ұстаздарына алғыс білдіріп, бес жыл бойы үйіне айналған жатақханада студенттермен кездесу ұйымдастырды. Сондай-ақ түлектердің студенттік шақ туралы ыстық лебіздері мен естеліктері «Аннұр Сапа» баспасынан шыққан «Қолтаңба» атты кітапқа енгізілді.
Әйгерім АЙДАРҚҰЛОВА
“Айқын”