Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Гүлмира Сұлтанбаева. Ұстаз

jurfak Мамыр 29, 2013 0
Гүлмира Сұлтанбаева. Ұстаз

Гүлмира Сұлтанбаева,

саяси ғылымдарының докторы, доцент

sultanbaeva_g@mail.ru

Ұстаздың  аты шәкірттеріне сіңірген еңбегінен тарамақ.  Шығыста тәмсіл бар. Ұстаздың басқан ізінен, түскен көлеңкесінен өнеге ал деген.  Қазақ журналистикасында ортасына із қалдырған, жүрген жеріне білім дәнін сепкен сондай ұстаздың бірі – Темірбек Қожакеев. Қазір ойлап отырсам, осындай ұстаздың аспиранты болған мен үшін үлкен бақыт, ғылымдағы жетістік екен. Ол кісіге аспирант болу екінің бірінің бақ-талайына жазылмаған екен. Себебі, аты дардай, сөзі мірдей профессордың дәрісіне шыдап әзер отыратын студенттер ұстаз отырған кафедраға басын сұғып, батыл кіріп келуден қашқақтап жүретін.

1994 жылы университетті бітіретін кез келді. Мемлекеттік емтиханға қызу даярлық. Топ-тобымызбен жиылып, ұлттық кітапхана, оқу залдарын шарлап, білім барлап, оқу іздеп шарқ құрған күндер жалғасып жатты. Мемлекеттік емтихан – біз үшін алынбас қамалдай, ес бермес өткелдей. Бәріміз де осы сыннан қалай өтерміз деп іштей толғаныста жүрміз. Күндіз – кітапханада, түн – бөлмеде дайындыққа қызу кірістік. Даярлаған сұрақтарды бір-бірімізге айтып, түсіндіріп отырамыз. Сынақ сәті де келді. Арнаулы курстан сынаққа ендік. Алғашқы бестікпен. Менен алдын билет алған Нұрқат Сафуанов жауап беріп отыр. Оның соңғы сұрағы менікімен ұқсас келген. Байқап отырмын. Елеусiн Бұйриннiң 1912 жылы шыққан «Ызың» жинағы. Ол айтып отырған жауаптар менің жауабыммен ұқсас. Не болса да өз дайындығыммен жауап беріп отырмын. Темірбек ағай: «Әй, бала сенің жауабың әлгі студенттікіндей», – деп алдындағы қағазға түртіп алды. Ұстазға қарсы келмейтін ауылдың ұяң баласында сөз бар ма, тұрып кете бердім.

Емтихандардан босағанмен, арқаны кеңге салу жоқ. Енді алды соңғы қамал – диплом жұмысын қорғау қалды. Тақырыбым сол кездегі аты дүркіреп тұрған үкіметтік газет – «Халық кеңесі». Мен жазып, зерттеген бағытым – осы басылымдағы әлеуметтік-әділдік мәселелері. Жетекшім доцент Роза Елеуқызы Алтынбекова жиған материалдарыма қарап, бағыт-бағдарын жүйеле деп пысықтап жүрді. Қозғалмай жазған жұмысым нәтижелі әрі мерзімінен бұрын өткізіп  көңіл де жай. Қорғау күні де жетті. «Кім дайын», «кім дайын” деп сыбырласа бастағанда Темірбек ағай көп жұмыстан менің жұмысымды бөлектеп алып «Сұлтанбаева, бастасын»,-деді. Сол жылы мемлекеттік емтихан  төрағасы болып факультетте Сарбас Ақтаев келген болатын. Ол кісі мен қорғайтын «Халық кеңесі» газетіні бас редакторы. Темірбек ағай ортаға шақырған сәтте, ол кісі қозғалақтап, ер жігіттер қайда, солар неге  бастамайды  деп қойды.

Алғанын қайтпайтын, сөзінен таймайтын Темірбек ағай «Гүлмира, ортаға шық»,-деп қамшылай түсті. Зерттеулерім, пікірілерім… айтып тұрмын. Даусым да тарғылданып шығатындай. Сұрақтарға кезек келді. Сұрақты қойған да  Сарбас аға. Ол кісіге өзі басқаратын газет жайлы, оның ұстанған әлеуметтік саясаты жайлы  көзқарастарым жаққан болу керек. Әлгідей емес, даусы жарқын. Нықтап, нығырлап екі сұрақ қойып алды да, жауабыма разы көңілмен «Әп, бәрекелді!»-деп отырды.

Ұстаздың алғашқы артқан сенімі осы сәт еді. Диплом қорғалып, таяуда жан-жаққа қанат жайып, университеттің бөлуімен редакцияларға жол тартатын сәт те туды. Сондай алып-ұшқпа күндердің бірінде кафедраға кіріп келсем, төрде отырған ұстаз өзіне шақырады. Алдында – оқу үлгерім экраны. Сол жылдары деканат бүкіл бітіруші топтардың бес жылғы үлгерімін тізіп шығатын рейтингі болатын.  «Әй, бала. Бері кел. Мына жерде бүкіл потоктың ең алдында тұр екенсің. Баллың – 4.96. Өткенде мемлекеттік емтиханда сенің обалыңа қалып, төрт қойып жіберіппін. Қызыл диплом алатын үмітің бар екен алдын ала айтпайды ба?»- деді. Темірбек ағайдың диплом қорғауда мені алға тартып, сенім артқанын енді түсіне бастадым. Ұстаздың шәкіртіне деген сезімі де баласын қорғаған әкедей еді. Мұндайды күтпеген мен тосылып барып: «Ағай, сіз қойған баға әділ»,- дедім. Ол кезде баға сұрау, баға үшін оқу біздің қиялымызда жоқ. Оны ойлаудың өзі де білімге деген қиянат.

Диплом қолға тиіп, енді курстастар жан-жаққа редакцияға қызметке бөліне бастады. Сол жылдары университетке келіп түсетін тапсырыстар бойынша жас мамандар үлкен өмірге жолдама алатын. Бұл кезең қазақстандық БАҚ нарығы жыл санап қазақша басылымдармен толысып, байыған жылдар. Сол жылы министрліктен «Денсаулық» журналы ашылып, редакцияға мені бөліпті. Қарағанды университетінде журналистика бөлімі ашылып, соған оқытушылыққа екі орын келіпті деген сөз де тез тарап кетті. Факультет деканы Юрий Крикуновқа келіп:  «Мені Қарағандыға оқытушылыққа жіберіңіз», – дедім. Ол кісі ойланып, алдындағы оқу үлергімі тізбеленген рейтингіні қарап отырып: «Саған Қарағандыда бәрі даяр тұрған жоқ. Осыны түсін. Факультетке аспирантураға екі орын бөлініпті. Биыл бір жақсысы аспирантураға өндірістен соң ғана емес, оқу бітіре қабылдайтын болды. Осыған бағыңды сына. Кафедраңа, Темірбек Қоажекевичке жолық»,-деді.

Осылайша ойламаған жерден, аспиранураға тапсыр деген ұсыныс түсті де кафедраға Темірбек ағайға келдім. Ол кісі де менің жайымды біліп отыр. Себебі, деканмен өзара ақылдасқан сыңайы бар. Мені тыңдап болар-болмас: «Рефератыңды даярла да, менің орынбасарыма қол қойдыр. Ғылыми жетекшің өзім болам. Мен кезекті жазғы демалыста болам. Басқа сұрақтар күзге қалсын»,- деді қоңыр портфелін қолтығына қыса.

Қуанышымда шек жоқ. Мен үшін ғылымның даңғыл жолы ашылғандай. Жүрігіп құжаттарды өткізіп, рефератымды жаздым. Асығыста ұстазымнан зерттеу тақырыбымды сұрамаппын. Жетекшім Роза Елеуқызы ойланып жүрген болу керек. Бірден Саттар Ерубаевтың публицистикасы зерттелмей жүр. Осыған кіріскенің жөн болар деп үлкен сенім артты.

Аспирантура жылдары ғылыми жұмысымды, зерттеу бағытын жіті қадағалап отырған ұстаз ара-арасында үйдегі мұрағатынан Саттар Ерубаевтың шығармашылығына қатысты айтылған пікірлер, ойлар болса жинап әкелетін. Қолында болмаса 1932-1937 жылдардағы газет нөмірлерін блокнотына түртіп алып, мына нөмірлерді қарап шық деп жалықпай ақыл-кеңесін беріп отырды. Ғылым мен  ұстаздықты қатар кәсіп еткен Темірбек ағай шаршау, шалдығу дегенді білмей талмай ізденетін де сол мінезін шәкірттеріне де сіңіріп үлгеретін. Шәкірт бойынан мұндай қасиеттерді көрмесе керек жерінде ащы мысқылмен, арасында жеңіл юмормен-ақ бір жөнге салып отыратын. Ұстаның сөзі де, ісі де шебер. Ақыл-кеңесті ұстаздың кафедрадағы қызмет бабында алып қоймастан, сәтін салған күндері ұлттық кітапханың сирек қолжазбалар  қорынан да ұстазды көріп, кейбір ой-пікірлерін тыңдауға тура келді. Ол кісі сирек қорға бар, кітапхананың залында отыр дегенді айтпайтын. Дегенмен осы жерден шәкіртін көріп қалса, сабырмен жылы мінез танытып, ізденісін жалғастыратын.

Еңбекқор ұстаз бүгінгі істі ертеңге қалдырмайтын. Ұстаз үшін ғылым бүгіннен басталатын еңбек болды. Диссертациямды аяқтап, қолына ұстатқанда, кіріспесін үйге бара оқып шығып, ескертпелерін түртіп, ертесіне таңертең әкелгенде жылдамдығына, жауапкершілігіне ерекше тәнті болдым. Аспиранутрада бірге оқып жүрген әр факультеттен жиылған курстастарым көбінде: «Жетекшімде жұмысым жатыр, қашан оқыр екен, жауап күтіп жүрмін»,-деп тағат таппса, мен тіпті де сол тағатсыздануға үлгермей қалам. Бір деммен жұмысымды бір аптаға жеткізбей оқыған ұстаз алдына ала қорғауға дейін бірнеше ескертпелерін жасап, тарау атттарын өз біліктігіне салып қысқа да нұсқа етіп ширатып берді. Пікір айтуға, кеңес беруге қандай жүйрік болса, тақырып қоюға да ұстаз тап бастырмай жұмыстың мәні мен сәнін ашар аттарды тез ойлап табатын ұтқыр  еді.

Осылайша ұстаздың үлкен мектебі алдағы өміріме сабақ, арқау, үлгі, өнеге болды. Бүгін ол кісінің айтқан сөздерін, отырған отырысын, жүріс-тұрысын еске алып, келбеті мен болмысынан ұлылықтың, ізгіліктің нышандарын іздеймін. Содан адасып қалмасам, ұмытып қалмасам екен деп есіме алып жүрем. Ұстазымның әр сөзі мыңдаған шәкіртінің өміріне салған ізі екен. Оның әрбір ісі шәкірттерінің бойына дарытқан өнегесі екен. Ұстаз – ұлы есім. Темірбек ағайдай ұстаздың осы есімге лайық болып қоймастан, оны кейінгі ұрпаққа аманат еткені де ұлы іс екен.

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field