Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Клара Қабылғазина. Емексіткен өмір-ай!

jurfak Мамыр 10, 2013 0
Клара Қабылғазина. Емексіткен өмір-ай!

Жылан түлеп, терісінің сыртқы қабығын алмастырған кезде қандай әлсіз болса,

қоғамның бір кезеңінен өтер шақта халық та сондай күйге тап болады»

Л.Гумилев                

 

Адам сүю, күю, азап шегу үшін жаралады екен…

 Ж.Аймауытов

 

Құлазыған көңіл. Құрдымға кеткен күндер. Мәні, мағынасы жоқ ертеңгі атар таңдар. Мәкеннің басы ойлаудан шаршады. Қалай істесе де, қайда барса да, не әрекет етсе де өнбейтін, оңына жүрмейтін, ілгері баспайтын тірліктер.

«Аллаһ тағала сүйген құлын өмірде қинайды екен…» , өткенде мұның қажыған түрін көріп, әлде жұбатқысы келді ме, әлде шын жанашырлықпен айтты ма, әйтеуір  солай деген еді көршісі.

Ой түбіне жетер түрі жоқ. Өз өмірінің қай күнін, қай жылын, қай сағатын, қай сәтін алса да көңілді құлазытар, кірбің қалдырар кезеңдер шығады. Бұл құдайдың бүйтіп сүйгені бар болсын! Жұдырықтай жүрегін сан-саққа бөліп, отбасы, қатын-баланың жайын қойып, ел-жұрт, халықты ойлап, санасын санға бөлетін қасиетіне өзі де уайымдайды. Шарасыздықтан: «Аллаһ санасыз, көкірегі қараңғы, көрсоқыр етіп жаратса  ғой…  ой беріп,  талғам беріп алып, енді төмен қаратып, жер шұқытып қойғаны міне!» деп Алласына өкпелейді.

Көңіл жүдеу. Жан жабырқау. Осындайда мейірлене сипайтын ананың қамқор қолы ма, әлде әкенің алақаны ма, әйтеуір жылылық іздеп, сая болар құшақты аңсады. Сол құшаққа құлап түсіп, еңіреп жылағысы келді. Өзі әке болса да пана іздеп, көкірегі құлази, көштен қалған бұралқы иттей сезініп, алыс-алыс ен даланы кезіп, лағып, бұл дүниеден безе жөнелгісі келді. Көзінен  жас шықпады. Шыққанда жеңілденер ме еді?!…

Бір құлап, бір сүрініп, бір еңбектеп, бір тұрып жеткен биігінен орын таппай отырысы мынау. Әбден жаны да, тәні де қара тасқа айналғандай, бұл жалғанда дәрменсіз, шарасыз болудан ары қиындық жоқ екен. Арнайы оқу орнын бітірген маман болғандықтан, қысқартылып жұмыссыз қалғанын кімге айтар? Мұндай жай талай адамның басында бар, жұмыссыз жалғыз бұл емес. Сауда істемек болып, қарызданып, оны айналымға салып, ақыры одан да ештеңе шықпай екі арада мойындағы борышқа борыш қосылды.Мұндай есептен жаңылысқандар да толып жатыр.

Эйфель м__нарасыны__ алдында

 Кенет көзі радиодан естілген әуенге билеп, алаңсыз отырған қызына түсті. Балалық шағын, қамсыз, қайғысыз сәби күндерін сағынып, бойын сағыныш сезімі тағы билеп, жүзіне нұр жүгіріп, қас қағым сәтке болса да рахаттанып қалған екен. Бұл бақытты минутын әйелінің шаңқ еткен ащы даусы бұзды. Осы он шақты жылғы ерлі-зайыптылық дәуірінде мұндай дауысты алғаш естуі:

– Неғып, балқып отырсың? Сары ауыздарың аштықтан шиқылдайын деп қалды ғой… Тап ақша! Еркексің бе, әлде еркек емессің бе өзің?! Тап, өлсең де, тірілсең де тап!

Орнынан сүйретіліп тұрып, есікке беттеді. Құлағында «тап! тап! тап!» -деген ызың мәңгіге тұрып қалғандай. Ал, шықты тысқа, енді не істемек?! Оны өзі де, өзге де білмейді. Басы ауған жаққа қарай жүріп кетті. Өткен қоғамда интеллигент болғанының да кесірі тиді. Қайыршы екеш қайыршылардың да өз ортасы, өз орындары бар екен. Кейін келіп қосылған бұған, әй, орындарын бере қоймас…

Теректің түбіндегі орындыққа барып отырды. Мұндай дәрменсіздік батпағына батқанына біраз болды. Алғашында «екі қолға бір жұмыс табылар-ау, не бопты, көрермін…» – деген үміттің нышаны бар болатын. Енді ол меселі де қайтып қалды. Өйткені талай-талай мекеменің есігін қақты. Күзетшілік, аула сыпырушы, оны-мұны құжат тасушы деген сияқты жұмыстар бар деп естіп барған жері анау екенсің, мынау екенсің дейді, әйтеуір қабылдамай жібереді. Салы суға кетіп, еңсесі езіліп үйіне келеді. Әйеліне де, көздері жаудырап бұған үмітпен қарап отырған балаларына да қарар бет жоқ. Көзін төмен салған күйі жатар орнына қарай өтіп кетеді. Ол да көрдей қараңғы. Бір ғана бөлменің шамы жанады, қалғандарының да күйі осы тұсқа жетіп, күйіп кетіпті. Оны әкеліп қоюға да мүмкіндік жоқ. Әйтеуір, кетеуі кеткен дүние.

Көздерімен ата қараған, бірақ ештеңе демеген әйелінің де айтпағын іштей сезген. Әйел дегенге әйтеуір, табиғат кез келген шарасыздықтан шыға алатын табиғи қабілет бергенін, қысылтаяңда қалқып су бетіне шығатын қасиетінің ерлерден артық екенін кейінгі уақытта өзі де мойындап жүр. «Әйелдің шашы ұзын болғанымен, ақылы қысқа» деген пікірді жақтыратын. Ендігі жерде олардың «шашы қысқарып, ақылдары ұзарған» секілді көрінді. Үйдегі тоңазытқыш, сөре атаулының босағанына талай болған. Сонда да баяғы әйел шыш-быж еткізіп, әлденені қоңырсытып, пісіріп балаларының аузына тосып жатқаны. Бүгінде сондай бірдеңе істеген болуы керек, жағымды астың иісі шыққандай. Еріксіз тәбеті ашылып, қарны шұрылдап әбігер болды. «Жоқ, әлде, ел жақтан сүрі-мүрі келіп қалды ма, әй, қайдам! Олардың да күйлері күй болмағаны қашан?!» Сүрі деген сөз есіне қайдан түсті?! Сілекейдің шұбырғаны енді болды. Әрі аунады, бері аунады, аш адамнан ұйқы да қашатынын енді білді.

 Әйелі балалардың бөлмесінде жатқан болуы керек, қыбыр-жыбыр естілмейді. Ақырын тұрып, ас үй жаққа еріксіз бет алды. Үстелдің үстіндегі бір жапырақ нан  мен кеспесі, картобы қосылып жасалынған тамақты көргенде толқығаннан көзіне жас үйірілді.

«Байғұс,  Тынышкүл шырылдап балапандарының ауыздарына тығып, қалғанын бұған да қалдырған екен ғой… өзі жеді ме екен?!» деп ойлай отыра ауқаттанып, әлденді. Бойына қуат жүгірген соң тағы да тірлік туралы ойлар басын қармады. Сөйтіп, түн ортасы екендігіне қарамай тысқа шығып кетті.

 Мәкеннің беталбаты сенделгеніне талай уақыт өтті. Түн ортасы болғанымен үлкен қалада тыныштық жоқ. Зуылдаған машиналар, жарқ-жұрқ еткен, кәдімгі батыстық қала сияқты сан түрлі болып құбылып, мазақ еткендей жарқылдап тұрған шамдар, әрлі-берлі жүрген адамдар. Аялдамаларды шолып, дүкендердің айналасын шам жарығымен сүзіп болды. «ешкімнен ештеңе түсіп қалған жоқ па екен. Түссе де, мұның алдындағы біреуге бұйырған шығар. Анау тұрған дүкенші қыздан қарыз сұрасам ба екен?.. Ой-бой, көшеде қаңғып жүрген қаңғыбасқа  қайдан берсін?…»  Қандай амал істерін білмей миы сан-саққа тарап, қараңғы қалтарыста темекінің ұштығын сіміре тартып тұрған-ды.

Әлден уақытта, кенеттен тапырақтай қашқан адамның жүгіргені естілді. Бұл әліптің артын бағып, тына қалды. Қашып келе жатқан ер адам бейнесі жолдың арғы жағынан бұған қарай бет алды. Зытқан күйі қолындағы заты қалтарыс қараңғыға қарай лақтырып кетті. Анадайдан көрінген қуғыншы милиция жігіттері қашқан адамның қарасы көрінген жаққа жүгіріп өте шықты. Мәкен лақтырылған затқа қарай өзінің қалай ұмтылғанын да байқамай қалды. Ойланып тұрмай-ақ қолына іліккен әйел сөмкесін костюмінің ішіне, қолтығына тыға салды да, үй айналып кетті. «қуғыншылардың бірі озыңқырап кетіп еді, қуып жетті ме екен әлде?» – деп ойлады да «не де болса маған бұйырған екен?» деген ниетпен үйіне оралды.

Ұрлықты өзі жасағандай тынысы тарылып, жүрегі аузынан шыға өрекпіп, қолдары қалтырап, тірсектері дірілдеп, мазасы кетті. Жүріп келе жатқандай, бірақ адымы ашылар емес. Артынан біреу аңдып тұрғандай артына қарай жалтақ-жалтақ етіп қарап қояды.

Есікті жайлап ашып, үйіне кірді де «уһ» деп еркін дем алып, арқасынан жүк түскендей, үлкен бір қауіптен құтылғандай сезінді. Әйелінің оянып кетпеуін тілеп, ас үйге бет алды. Сөмкені ашқанша шыдамы таусылып барады. Соғуы жиілей түскен жүректің дүрсілі өзіне естілгендей. Толып тұрған неше түрлі бояу, майда-шүйде заттарды көргенде босқа әуреге түскеніне өкінгендей, қимылы бәсеңдеп қалды. Кенет қалтарыс қалтаны байқап, тез ашып жіберді. Жасыл ақшаларға қоса бірнеше мың теңгені көргенде «қорыққан мен қуанған бірдей дегендей көзіне жас толды. Әйелі оянып кетсе «біреуді тонадың» деп айып тағудан тайынбайды. Сондықтан, тез ізін жасырмақ ниетпен сыртқа шығып, ішіндегі заттарымен қоса сөмкені қоқысқа лақтырды. «Бір түнде мұнша ақша саған қайдан келді?» деп әйелі күдік тудырмас үшін, біразын ғана қалтасына салып, қалғанын жақсылап жасырған соң көңілі орнына түсіп, алаңсыз ұйқыға жатты. Қуанышы мен қорқынышы қатар қабаттасып, енді ұйықтай алсашы. Көзі ілінер емес. Дегенмен, жаны рахаттанып, өмірге деген сенім пайда болып, тіпті тіршілікке деген құштарлығы арта түскендей… «Ия, Алла! Осы бір қағаздан жасалған пұлға тірлікті, бүкіл адамзат өмірін тіреп қойғаныңды-ай! Осыдан сәл-ақ бұрынғы көңіл-күйімді қолмен қойғандай жақсарта салғаныңа рахмет, Аллаһ! Аллаһ-тағала пендесіне беремін десе саңылаудан да бере салады деген осы екен-ау! Оһ, Аллаһ, шүкір, шүкір…»,- деп жатып Мәкен өзінің қалай ұйықтап кеткенін байқамады.

   – Бірдеңені тындырып келгендей, тал түске дейін жатқаның не? Кеще!«Ертең тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демей ме? Тіпті болмаса ертерек тұрып жұмыс іздемедің бе? Бірдеңе табылып қалар ма еді… Елдің байы ертеңгісін үйіндегі жоғын біліп кетіп, кешкісін үйіп-төгіп әкеледі екен. Не ішем, не киемін дегенді ойламайтын қандай бақытты әйелдер десеңші солар! Менің күнім күн бе?! Жақсы киімді, демалысты қойып ертеңгі күні аштан өліп қалмайық, қарынды қалай толтырамыз деп армандаймыз. Бірінен кейін бірін туып мына балаларды өзім де оңбаймын. «Енді немен асыраймын бұларды?» деп басымның қатып отырғаны мынау…

   Мейлі, қанша сөйлесе сөйлесін деп Мәкен мығым жатыр. Тек әйелі жылап жібергенде барып, шыдамай қалтасындағы бірталай ақшаны алып, жарының алдына тастай салды.

         -Мынау ма сонша тұлданғандағың?, – деп бұлданып, еркексініп сөйледі.

         -Мәкен-ау!?…

         -Ия, жер- жебіріме жеткендегің осы пәтуасыз ақша үшін ғой… Ал! Не қарап тұрсың!..

         Абдырап,сасып қалған келіншек күйеуіне бір, ақшаға бір қарап, қуанғаннан айтқан сөздерінің бәрін ұмытып, Мәкеннің мойнына асыла кетті. «Қайдан, қалай таптың?» – деп сұрауды да қажет етпегендей.

        Көңілдің сұр бұлты сейіліп, күн жарқырап шыға келгендей. Балалары да, өздері де мәре-сәре. Әп-сәтте бақытты, шаңырағы шаттыққа толы отбасы болып шыға келді. Тез арада жиналып, бос қалған сөрелерді, тоңазытқышты толтыруға, ұлдардың тозған киімдерін ауыстырмаққа бет алды олар.

        Арада зымырап күндер, асығып айлар өтті. Тауып алынған ақша да таусылды. Баяғы сұр күндер, көңілсіз тіршілік қайтып оралды. Тағы да еңсені езген тірлік мойынға  мінді. Күш соның қолында. Қауқарсыз, дәрменсіздерге қарап, өзінің мығымдығын сезіне түсінгендей, тырнағын шеңгелдеп-шеңгелдеп батыра бастағандай. Жақсыға адам тез үйренеді-ау! Тағы да Аллаһ-тағала аспаннан бірдеңе тастай ма деп дәметіп, түнделетіп қыдырып келетінді шығарды. Бірер рет өзінің де сол істі істеп, аялдамада кештеу тұрған қыздың сөмкесін ала қашқысы келген… Іле-шала өз ниетінен өзі қорқып, «Мен істі болып кетсем балаларым қайтеді, олар да сондай жолға түсіп кетсе ше? Алла сақтасын!» деп жаман ойдан жаны түршіккен болатын.

Әркім өз қарақан басының қамын ойлайтын заман туғандай. Қол ұшын берер, жаны ашар не дос-жолдас, не таныс, не жұрағат болсайшы?! Өзінің бұл қалада екі туып бір қалғаны, туысқаны болмаған соң біреуді апа, біреуді жезде ғып бұрын да күн көріп жүретін. Ол кездегі ай сайынғы жалақысын қанағат етіп, елден қалмай, жұрттан озбай әрекет қылатын. Ендігі жерде мұндай күйге ұшыраймын деп ойлап па? Жекешеленіп кеткен мекеменің бастығы біршама адамды жұмыстан қысқартып, өз адамдарын жинады. «Кедейге қақалғаны да қырсық» дегендей сол қысқарған топтың ішінде бұл да кетті. Небір ақшаның, табыстың айналасында жүргендер өз таныстарын тартады екен… «Елде болса ерінге тиеді, ауылда болса ауызға тиеді» дейтін қайран қазағым-ай! Кең болған екенсің ғой…» өзінің сағын сындырған, бағын тайдырған, кім екенін біле алмай, кімді кінәларын білмей далбасалады. Бір сәт өзі өмір сүріп отырған қоғамына наразы боды. Енді бірде артындағы ұрпақтарына мұра, қазына қалдырып кетпеген ата-бабаларына кінә артты. Содан соң өзін-өзі тілдеді. Есіне әзілкеш досының сөздері түсті: «Бір кезде жая жегендер қазір де жая жеп жүр, бір кезде қ.. жегендер қазір де қ.. жеп жүр» деп қарқылдаған еді. Сонысы рас-ау? Өзі бұрыннан-ақ шаруасы шайқалған жан екен ғой! Неменеге мәз болып, неменеге өмір кешіп келген. Өзінің бейшаралығымен қоймай бейшаралар қатарын көбейтіп, балаларын өмірге әкелгендерін айтсаңшы.

«Қатын алма, қайын ал» деген емес пе! Тіпті болмаса ақшалырақ, дөкейлеу біреудің қызын аңдысашы!…» Енді бір сәт әйелін кінәлап, іштей жерден ап, жерге салды. Қажыр, қайраты кетіп, бүк түсіп, мүжілген Мәкеннің басын өзіне өзі қол салып, мына өмірдің бейнетінен құтылу жайлы ойлар қармады. Қайтып өлудің жолдарын қарастырды. Оң иығына қонған желеп-жебейтін періштесінің де жүні жығылып қалғандай, үнсіз… сол иығындағы сайтанның делебесі қозып, құлшына түскендей: «Ия, дұрыс, осы шешімің. Несіне жүресің?! Бейшарасың, бейшарасың, бейшарасың?» деп қайталап тұрып алғандай. «Шынында, несіне жүрмін?. Балаларым, әйелім келсін. Солармен дұрыстап қоштасайын. Сөйтіп, бейдауа тірліктің жанын тындырайын» деп, «бала-шағаңмен келіп, бірер күн демалып, қонып, қонақ болып қайт» деп шақырған құрбысының үйіне кеткен отанасын күтпекке бел буды. Әлсіреп, әбден діңкелеп, көзі ілініп кеткен екен, телефонның безектеген даусынан оянды. Тіпті шырылдап қоймаған соң көтеріп еді, ар жағынан қыздың сыңғырлаған әдемі үні естілді:

         -Алло! Сәлеметсіз бе? Мәкен ағайсыз ба?

         -Иә…

 -Сіздің бұрын қызмет еткен жұмыс орныңыздан ғой… Мекемеміз кеңейтіліп, қайтадан бұрынғы кадрларды жинап жатырмыз. Қазір келсеңіз де келіңіз. Жұмыс орныңыз дайын. Жалақыңыз көбейген. Біліміңіз, тәжірибеңіз бар. Күтеміз ,келіңіз.

Ия, Алла! Қайтадан үміт оянып, күн жарқ етіліп ашылып, бұлт сейіле қалды. Өмірдің бір құлатқан, бір тұрғызған соқпақтарына төзе алмай, өзінің ана дүниелік бола жаздаған ойына, дәрменсіздік танытқанына, шарасыздыққа көнгеніне, өлі балықтай ағынмен кеткеніне, боркемік жанға айналғанына өзі ұялғандай. Мәкен басын шайқап, ұзақ тұрды. Күрт өзгеріп, оңға басқан тіршілігіне әрі қуанып, әрі таңданып тұр.

Бір жылатып, бір қуантудан тұратын тіршілік-ай! Емексіткен өмір-ай!

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field