Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Польша: ұлы ақын атындағы университеттің бүгіні

jurfak Сәуір 30, 2013 0
Польша: ұлы ақын атындағы университеттің бүгіні

Біздің сұхбаттасымыз- профессор, саясаттану докторы, поляктың ұлы ақыны Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің саяси ғылымдар және журналистика факультетінің деканы, қазақстандық «Мысль» журналының алқа мүшесі  Тадеуш Валлас мырза.

2

-Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев бауырлас ел-Польша Республикасымен түрлі салалардағы, соның ішінде ғылым және білім беру саласындағы екіжақты тиімді байланыстарды дамытып, тереңдетуге көп көңіл бөлуде. Екі ел ғалымдарының қоғамдық және саяси ғылымдар саласындағы ынтымақтастығын қалай сипаттар едіңіз?

– Соңғы кездері ынтымақтастық жандана түсуде. Сіздің елден Адам Мицкевич атындағы Познань мемлекеттік университетінің  саяси ғылымдар және журналистика факультетіне келіп біліктілік көтеретін тәлімгерлер қатары көбейе түсуде. Олардың ішінде ғылыми зерделемелер үшін Польшада ғылыми мәліметтер жинастырып жүрген магистрлер, ғылым кандидаттары мен ізденушілер қарасы мол. Зерттеушілер, негізінен алғанда қазіргі заманғы бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына, Еуропалық интеграцияға, Еуропалық қауымдастықпен ынтымақтастық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ қоғамдық жүйелер ауысуының түйіндері мен түйткілдеріне, себеп-салдарлары мен нәтижелеріне назар аударуда. Олар сондай-ақ халықаралық конференцияларға қатысып, Польша мен өзге елдердің ғылыми журналдарына мақалаларын жариялауда.

Мәселен, Слубица қаласында ақпанның алғашқы онкүндігінде өтетін дәстүрлі халықаралық конференцияны алалық. Бұл алқалы ғылыми жиынды 13 жылдан бері біздің факультет өткізіп келеді. Биылғы жылғы тақырыптардың бірі Еуропалық Одақтың Қазақстанмен және Орталық Азияның өзге де елдерімен арадағы ынтымақтастығы мәселелеріне арналды.  Конференцияға қазақстандық ғалымдар да қатысты.

Енді осы конференцияға кеңінен тоқтала кетсеңіз.

-Конференция дағдарыс сияқты өте маңызды тақырыпқа, Еуропалық Одақты ғана емес, құрылық ретінде бүкіл Еуропаны шарпыған қазіргі дағдарыс тақырыбына арналып отыр. Осы орайда бұл алқалы жиын өміршең идеялар мен пікірталас алаңына айналады деген үмітіміз бар. Конференцияда Еуропалық одақтың әлемдік экономика мен халықаралық ынтымақтастықтағы рөлі мен маңызы; мүше мемлекеттердің бірқатарындағы қаржы дағдарысының экономикалық және валюталық одақтың болашақ ахуалына әсері; еуроаймақ және Еуроодақ (ЕО) ауқымындағы ынтымақтастық; Еуроодақтың одан әрі кеңею перспективалары; Еуропа мен ЕО-дағы бұрынғы межелік сызықтардың сақталуы мен жаңаларының пайда болуы; дағдарысты еңсерудегі ұлтаралық мүдделердің маңызы; дағдарыстың мемлекет пен оның азаматтары қауіпсіздігінің түрлі қырларына ықпалы; экономикалық проблемалар мен қоғамның әлеуметтік алуан түрлілігі тереңдеуінің салдары ретіндегі жаңа әлеуметтік қозғалыстар мәселелері талқыланады. Және ең маңыздысы-еуропалық интеграция идеяларын көпшілікке таратудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне, еуропалық институттардың имиджін жасау мәселелеріне; жаңа қатерлер алдында ЕО-ның құқықтық және институционалдық жүйесіндегі өзгерістер және осыған байланысты саясаткерлердің, ғалымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің міндеттеріне баса көңіл бөлінеді.

Конференцияның жұмыс тілі полякша болғанымен, талқылаулар ағылшын тіліне ілеспе аударма арқылы жүргізіледі. Бағдарламада сондай-ақ ағылшын және орыс тілдеріндегі панельдер бар. Конференцияны ұйымдастырушылар қатысушылардың жүріп-тұруын, тамақтануы мен мақалаларының жариялануын қамтамасыз етеді.

-Өткен қыркүйекте Адам Мицкевич атындағы университетте Екінші Бүкілпольшалық саясаттану конгресі болып өтті. Осынау мәртебелі ғылыми басқосу қалай өткенін әңгімелеп берсеңіз.

-Бұл маңызды шаранының негізгі ұйымдастырушысы біздің саяси ғылымдар және журналистика факультеті болды. Поляк ғылымы үшін аса мәнді оқиға болған конгреске саясат, халықаралық қатынастар, еуропалық интеграция, БАҚ және бұқаралық коммуникация салаларын зерттеушілер мен мамандар жиналды. Польшаның барлық жоғары оқу орындарынан келген мыңнан астам профессорлар, ғылым докторлары мен кандидаттары,  аспиранттар мәжіліс жұмысына қызу ат салысты. Сондай-ақ шет елдік  ғылыми бірлестіктер өкілдері, атап айтқанда Саяси ғылымдар халықаралық ассоциациясының екі вице-президенті конгресс қонағы болды. Әрбір қатысушы өзінің ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көрсетуге, тәжірибе алмасып, ғылыми қауымдастықпен қоян-қолтық араласуға мүмкіндік алды. Ғылыми мәжілістердің негізгі тақырыбы «Қазіргі заманғы даму түйткілдері: Еуропа мен Польшаның не күтеді?» деген сауал болды.

-Поляк саясаттанушыларының зерттеулері бүкіл әлемге әйгілі. Польшадағы саясаттану ғылымының проблемалары мен даму келешегі жөнінде айтып өтсеңіз.

-Бұл мәселелерді жоғарыда сөз болған конгресте талқыланды. Біздің ойымызша, ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың шектелуі маңызды мәселе болып табылады. Мұндай жағдайда ғылыми қызметтің кейбір салаларының коммерциялануы қажетті тірлік болып табылады, атап айтқанда ақылы сараптама жасау, мемлекеттік басқару органдары мен бизнес үшін ақпаратты өңдеп беру осылардың қатарында. Өзге елдердің саясаттанушыларымен ынтымақтастықты жандандыру және ғылыми журналдарымызға халықаралық мәртебе беру де көкейтесті түйіннің бірі.  Бұған журналдардың кеңестеріне шетелдік профессорларды енгізу және жарияланымдардың бір бөлігін ағылшын тілінде беру арқылы қол жеткізуді көздеп отырмыз.   

-Оқырмандарымызды саясаттану және журналистика факультеті, оның студенттері мен оқытушылары, ғылыми-әдістемелік базасы қызықтырады. 

-Біздің факультетте жоғары білімнің бірінші, екінші және үшінші сатыларында 4 мың студент білім алуда. Біз оларды саясаттану, халықаралық қатынастар, журналистика, қоғамдық байланыстар жүйесіндегі ақпарат пен коммуникация, ұлттық қауіпсіздік маманданулары бойынша даярлаймыз. 90-нан астам оқытушы, соның ішінде 31 доктор мен профессор жұмыс істейді. Сондай-ақ университетіміздің өзге факульттетерінен, Познаньның өзге жоғары оқу орындарынан ұстаздарды және кәсіптік орта өкілдерін шақырамыз. Факультетіміз қазіргі үлгімен салынған жаңа да кең  ғимаратта орналасқан. Өзіміздің теле- радиостудиямыз, ақпарттану кабинетіміз, кітапханамыз бен оқытуға қажетті нәрсенің бәрімен жабдықталған аудиторияларымыз бар. Оқырмандар www.wnpid.amu.edu.pl сайтына кіріп, факультетіміздің бет-бейнесін тамашалай алады.

Студенттер терроршылдық пен ассиметриялы қауіптер; еуропалық интеграциялық үдерістер алдындағы Шығыс және Орталық Еуропа; тікелей демократия: теория және практика; Шығыс және Солтүстік Еуропа тәжірибесі; Солтүстік Еуропадағы аймақтық және еуропалық интеграция; халықаралық заң шығару-сот жүйесі; Таяу шығыстағы саясат пен өзгерістер; Еуропалық одақтың инвестициялық жобалары бойынша шығындарды бағалау және талдау сияқты курстарды өтеді.

-Факультеттің ғылыми және академиялық байланыстары туралы айтсаңыз.

-Факультетіміз 28 шет елдік оқу орындарымен байланыс орнатқан. Олар негізінен алғанда Еуропалық оқу орындары, сондай –ақ Оңтүстік Кореяда, Тайваньда, Түркияда, АҚШ пен Бразилияда да әріптестеріміз бар. Мұндай ынтымақтастық ортақ жарияланымдар әзірлеу, әріптес оқу орнында тағылымдамадан өту және ортақ конференциялар ұйымдастыру мен зерттеу топтарын құруға негізделеді.

Тиісінше біздің студенттер еуропалық ERASMUS бағдарламасы ауқымында студенттік алмасу шараларына қатыса алады. Мұның өзі таңдап алынған университетте бір семестр немесе тұтас оқу жылында білім алуға мүмкіндік береді. Факультет Еуропалық одақтың және Түркияның 37 университетімен нытымақтастықты жолға қойды. Екіжақты келісімдер негізінде студентеріміз өз жұмыстарын осы мерзімде Еуропалық одақ  ауқымынан тыс жерлерде де қорғай алады. Биылғы академиялық жылда осындай мүмкіндікті 120 студент пайдаланды.

Поляк унверситеттерінде ғылыми тағылымдамадан өткен және білім алып жатқан Қазақстан азаматтарының саны жылдан–жылға өсе түсуде. Олар Познаньға да, соның ішінде факультетімізге де келіп жатыр. Қазіргі таңда 6 студент магистратурадағы оқуын жалғастыруда. Өткен жылы 4 студент болған еді. Бір ізденуші Астанадан келіп, аспирантурада «ақпараттық саясат» мамандығы бойынша оқуға тілек білдірді. ТМД елдерінен келген оқушылар ішінде қазақстандық студенттер саны жағынан украиналықтардан кейін екінші орын  алады.

-Польша Республикасында саясаттанушы мамандар мен ғалым-зерттеушілер қалай даярланады?

-Университеттерімізде саясаттанушылар екі білім деңгейлерінде даярланады. Жоғары білімнің алғашқы басқышында оқу үш жылға ұласып, оны бітірген студент баклавр (лиценциат) дәрежесін алады. Келесі деңгейде қосымша екі жыл оқыған студент оны тәмамдаған соң магистр дәрежесін иеленеді. Ғылыми ізденіске үшінші деңгейде даярлаймыз, төрт жыл оқып, зерттеу жүргізген талапкер доктор болады.

-Польша Республикасында журналистика саласында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер туралы әңгімелеп берсеңіз.

-Қазіргі таңда БАҚ саласындағы зерттеулер басым. Цифрлы бұқаралық ақпарат құралдарын, таблоидтардың өскелең рөлін, жергілікті деңгейдегі баспасөздің даму үдерістері мен салалық БАҚ-ты, интернет мүмкіндіктерін ой елегінен өткізудеміз. Біз Познаньда тиімді жарнама тетіктері мен бұқаралық коммуникация үдерісіндегі жаңа технологияларды пайдалануға байланысты БАҚ заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесін қарастырудамыз.

     -Сіздің факультет сондай-ақ журналистерді де даярлайды. Біздің оқырмандарымыз журналист кадрлары қалай шыңдалатынын білгісі келеді.

-Болашақ журналистерді біз үш жыл бакалавр дәрежесіне (лиценциатқа) даярлаймыз, магистр дәрежесін алғысы келетіндер тағы екі жыл оқиды, диплом алғаннан кейін тағы бір жыл білім алады. «Журналистика және қоғамдық коммуникация» мамандығы бойынша оқып жатқандар өз білімдері мен машықтарын «мерзімді баспасөз, радиожурналистика, тележурналистика, веб-журналистика» мамандануы бойынша жалғастыра алады. Сондай–ақ  «PR және жарнама», «қазіргі БАҚ»  немесе «бизнестегі  коммуникацияларды басқару» мамандықтарын таңдай алады.

-Болашақ микрофон және қалам қайраткерлерін кімдер оқытады? Теория мен тәжірибені қалай ұштастырудасыздар?

-Болашақ журналистерді кәсіпке факультетіміздің оқытушылары мен ысылған  тәжірибелі мамандар баулиды. Практиктер арасында белгілі журналистер, жарнама агентіктерінің мамандары мен баспасөз хатшылары жетерлік. «Журналистика, ақпарат және қоғамдық байланыстар саласындағы коммуникация» мамандағында біздің теле- және радиостудияда, сондай-ақ ақпарттану кабинетінде өткізілетін практикалық сабақтар көп, бұларда студенттер өз бағдарламаларын құрастыра алады. Камералар мен диктофондарды жалға алатын мүмкіндігімз бар, оларды сабақтан кейін де пайдалануға болады. Біздің студенттеріміз факультетте екі газет шығарады, интернет-радио мен теледидар хабарларын жүргізеді, қоғамдық теледидар үшін апта сайын 15 минуттық бағдарлама әзірлейді. Оқуды тәмамдау үшін редакциялардағы 6 апталық  практикадан кейін міндетті түрде сынақша  тапсыру керек болады.

-Қазіргі таңда оқу орындары арасындағы халықаралық байланыстарды кеңейту қажеттілікке айналып отыр. Адам Мицкевич атындағы университет осы орайда біраз жетістікерге қол жеткізген. Белді шетелдік оқу орындарымен арадағы халықаралық ынтымақтастық туралы айтып берсеңіз.

-Университетіміз екіжақты келісім-шарттар енгізінде әлемнің әр шалғайындағы 220 жоғары оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан. Сондай-ақ көпжақты келісімдер бойынша жұмыс істейтін бірақтар халықаралық консорициумдардың мүшесі болып табылады.  Бұл ынтымақтастық негізінен алғанда оқытушылар, аспиранттар мен  студенттер алмасу, жарияланымдар шығару, келісілген тақырыптарға ортақ ғылыми зерттеулер жүргізу, бірлескен конференциялар өткізу және ортақ оқу бағдарламаларын қалыптастыру бойынша жүргізілуде.

-Енді кәсіби сұрақ: Польшадағы бұқаралық ақпарат құралдарының экономикалық жағдайын және сөз бостандығын қалай сипаттар едіңіз?

-Польшадағы БАҚ-тардың экономикалық жағдайы мәз емес. Қазір Еуропа экономикасында тоқырау орын алып отыр, сондықтан да жарнамадан түсетін табыс төмендеді. Өйткені, табыстың бұл түрінен тәуелділік жоғары екенін міне, осыдан көріп тырмыз. Мұның арты редакцияларда штат қысқаруына әкеліп соғуда. Жарнама берушілерден мұндай тәуелділік сөз бостандығына, әсіресе жергілікті жерлерде төнген қатер болып табылады.

-Сізді жұртшылық танымал еуропалық саясаттанушы-ғалым ретінде біледі. Сіз Польша саяси ғылымдар ассоциациясының вице-президентісіз. Қазіргі кезде қандай ғылыми проблемалармен шұғылданып жүрсіз?

-Қазір менің ғылыми зерттеулерім Польшаның Еуропалық одаққа кіруінің саяси және қоғамдық салдарларын зерделеуге саяды. Осы оқиғаның орын алғанына 8 жылдың жүзі болды. Бұл қорытынды шығаруға, нәтижелерді бағалауға жеткілікті уақыт қой деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рахмет. Сізге ғылыми және шығармашылық табыстар тілеймін!

-Рахмет! Сіздің оқырмандарыңызды Познаньға шақырамын!

 

Әңгімелескен

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби

 атындағы  ҚазҰУ журналистика

факультетінің доценті,

Польша, Познань қаласы

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field