Клара Қабылғазина,
әл-Фараби атындағы Ұлттық университет,
журналистика факультеті, филол.ғыл.кандидаты,
ассоциир профессор
Бүгінгі қоғамдағы өзгерістер- ашықтық, жедел ақпараттану, түрлі саладағы қарқынды даму, жоғары технология т.б. жайлар білім беруге қойылып келген міндеттердің мазмұнын, маңызын түбегейлі өзгертті. Қоғамның сан түрлі салаларын бағамдай алатын, оның нәтижелеріне жауапты, білімділікпен қарайтын құзырлы, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру тек мектеп қана емес, бүгінгі жоғары оқу орындарының да міндеті болып отыр. Сондықтан,білім берудің жаңа технологияларын ендіре отырып, тұлғаны дамыту мақсатында тәрбиеге баса назар аударылуда. Тұлғаның рухани тәрбие алуына, адами келбетінің қалыптасуына ерекше мән берілуі тиіс.Өйткені, жоғары оқу орындарына қабылданған шәкірттердің мектеп қабырғасынан алған тәлім- тәрбиесінің олқы тұстары айқындала бастайды.Осы тұста олардың ата –аналарымен жұмыс істеу қажетілігі туындайды. Яғни, жастардың мінез-құлқы жайлы қосымша ақпараттар алу, олардың мектеп қабырғасындағы атқарған іс –әрекеттерінен хабардар болу куратор –эдвайзердің жұмысының жемісті болуына әсер жасайтын факторлардың бірі.Региондардан келген жастар ата –ана бақылауынан босағанын сезініп, еркіндікке бой алдырып, қаланың тыныс-тіршілігінің жағымсыз жақтарына еліктеп, адамилықтан аттап кетіп жататындары да аз емес.Осы тұста куратор-эдвайзерлер тек тәртіп бақылаушысы ғана емес, ата-ана,тәрбиеші рөлінде бола алуы қажет. Олардың мінез-құлықтары жайлы, оқу үлгерімі жайында хабарласып жататын ата-аналар қатары өте аз. «Оқуға түсті, ендігі жерде оқу оның міндеті» деп біржақты, салғырт қарау тәрбиелік кемшіліктерге апарып соғады.Сондықтан, шәкірттердің жатақханадағы және одан тыс өмірлерінен, аралық бақылау нәтижелерінен ақпарат беріп, хабарласып отыру- өмір талабы.Сонда білім беру факторларының- мектеп, отбасы, қоғамдық- әлеуметтік ортаның кірігуіне жол ашып,тәрбие жұмысының нәтижелі болуына игі әсер етері анық .
Білім беруді тәрбиемен ұштастыра жүргізу шәкірттердің білімін ғана емес, оның нәтижелерін қолдану дағдыларын, атап айтқанда, функционалдық сауаттылығын немесе құзыреттілігін қалыптастырады. Оқу-тәрбие процесін шәкірттердің патриотизмін арттыруға, мораль және адамгершілік нормаларын жоғарылата түсуге, ұлтаралық келісімді түсінуі мен төзімділігін шыңдауға, физикалық және рухани дамуын арттыруға, заңды құрметтеуге дағдыландыруға бағыттау мақсатында жүргізу күнделікті талап етілуі тиіс және бұл құндылықтар қазіргі тәрбие жұмысының негізіне айналғаны жөн. Жастардың бойында өздігінен білім алу, қоғамдық өмірде өзін-өзі жан-жақты таныту үшін алған білімін тиімді пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру және қоғамға пайда келтіру мәселелері маңызды болып табылады. Ал, сол өздігінен білім алу дағдысы бірен-саран жастардың бойынан ғана табылуына кімді кінәлауға болады? Сауаттылығы төмен болуы неден? Мектеп қабырғасынан он бір жыл бойы білім алып шыққан шәкірттер өз ана тілінен неге грамматикалық, стильдік қателер жібереді деген сияқты көптеген сұрақтардың туындайтыны шындық.Осы көкейдегі ойлардың басты жауаптарының бірі- ұлттық құндылықтарды атүсті оқыту болып отырған сияқты. Халықтың фольклорынан бастап кейінгі кезең әдебиетіне дейін терең үңіліп, оқу бағдарламасының көбірек бөлігін ұлттық ерекшеліктер мен құндылықтарға арнау аталған кемшіліктердің алдын алуға, сауатты да салауатты жастар легінің келуіне мүмкіндік тудырады. Өз халқының тарихын, әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін, менталитетін білмей тұрып басқа ғылымдарды игеру еліне ,қоғамға пайда әкелуі былай тұрсын зиянын тигізері хақ. Соның бір дәлелі- шет елден келген азаматтардың жергілікті ұлт тілін емес, орыс тілін меңгеруге ден қоюлары.Мемлекеттің әр азаматы жергілікті халықтың өкілі ретінде жоғарыда аталған сапалық мақсат-мұраттарды меңгерген жағдайда ғана білім мен тәрбиенің ұштасуы өз бағытын табады. Мектеп қабырғасынан бастап ұлттық әдебиетпен қоса, шетел,орыс классикасын да оқыту керек. Кітап -бар білімнің бастауы. Кітап оқып өскен ұрпақ өкілдерінің жоғары білімі болмаса да адами парсат-пайымының жоғары болатынын өмір көрсетіп отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жолға қойылған міндетті «100 кітап» бағдарламасы осындай уақыт талабынан туып, жолға қойылған.
Оқу-тәрбие процесінде шәкірттердің қызығушылықтарын ескере отырып, жеке тұлғаға бағытталған жұмыс жүргізу, жастарды қоғамдық әлеуметтендіру, рухани-адамгершілік тәрбиенің, өзін-өзі ұйымдастырудың нәтижелері жеке тұлғаға бағытталған түрде жүзеге асырылғаны жөн. Яғни, функционалдық сауаттылық- білім беруді тұлғаны қоғамдық әлеуметтендірумен байланыстыру тәсілі ретінде түсіндіріледі. Қазіргі әлемде аса көңіл бөлініп отырған функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналып отыр әрі жастарды өз елінің тарихын, салт-дәстүрін жақсы білетін, мемлекеттік рәміздерін құрметтейтін, өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін сыйлайтын азаматтар ретінде тәрбиелеуге бағыттайды.Жастардың сауатсыз болуына әсер етіп отырған жайлардың бірі ретінде айтуға болатын интернеттегі жазбаларды, теледидардағы жүгіртпе жолдардағы қателерден көз ұялады. Тіпті дұрыс сөйлей алмау, ойын жеткізбеу сияқты жеке тұлғалық кемшіліктер аяқ басқан сайын кездесіп отырады. Банкке барып, есепшот ашқысы келіп тұрған азаматтың «банкомат ашайын» деп едім деген сөзін естігенде күнделікті тіршілікке сіңген ұғымның өзін дұрыс түсінбегеніне қынжылдық.Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов «Жастар проблемасына жеткілікті көңіл бөлмеу қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Сондықтан Елбасының «Оқыту процесінің тәрбиелік құрамдасын күшейту» туралы тапсырмасы өте маңызды. Бұл мәселеде министрлікпен қатар, жергілікті атқарушы органдардың күшін біріктіру қажет екеніне назар аударғым келеді», – деп аса маңызды міндет жүктеді. Яғни, жастармен тәрбие қоғамдық деңгейде, бірлесе отырып, тиянақты түрде жүргізілуі керек. Бұл бастама мемлекет Президенті Н.Назарбаевтың «көпэтносты әрi көпконфессиялы республиканың басты ұстанымдарының бірі- әлеуметтiк тұрақтылыққа қол жеткiзу әрі нығайту болып табылады» және «елдiң табысты дамуының басты шарты iшкi саяси тұрақтылықты, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi сақтау» деген идеяларын қолдауға үндейді.
Ата-аналардың балаларының білім алуы мен тәрбиесіне ат салысуы оқушылардың функционалды сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді.Сол себепті оларға арналған тренингтер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар ұйымдастыру тек жалпы білім беретін мектеп қана емес, жоғары мектептерде де қамтылуы тиіс. Жас ұрпақтың жан-жақты жетілген, сауатты азамат болуы ортақ мәселе. Кеңес үкіметі алғаш орнаған жылдарда «ликбез», сауатсыздықты жою ең басты мәселе болып қолға алынған, өйткені үкіметтің дамуы, өркендеуі тек сауатты, салауатты азаматтарға тікелей байланысты болған. Ал, біздің жас мемлекеттің қарқынды дамуына, әлемдік деңгейде дамып жатқан өркениетті елдер қатарына қосылуына тікелей әсер етуші фактролардың бірі білім деңгейі жоғары, тәрбиелі, өз елінің құндылықтарын бағалайтын, үлгі боларлық жастар екенін жадымыздан шығармай, әр саналы азамат соған үлес қосулары керек.
Тағы бір осы мәселеге қатысты жайлардың маңызды тұсы- оқу әдістемесін және оқытуды жаңарту. Жоғары технология жетістіктерін ұтымды пайдалана отырып, жастардың сол кәсіпке қызығушылығын арттырып, білімді тәрбиемен ұштастыру жеке тұлғаның қалыптасуын толық қамтамасыз етеді.Бұл ретте мемлекеттік тілдегі оқулықтарды, оқу құралдарын, қосымша құралдарды қол жетімді етіп шығару керек. Қазақстанның болашағы зор ел екендігін әлем халықтары мойындап отырған кезеңде соған лайықты қоғам мүшелерін тәрбиелеу де келешекке міндет болуы қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауы.
- Н.Назарбаев. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» .
- Усманов М. С.Функционально-планировочная организация учреждений досуга молодежи в крупнейших городах. Научная библиотека диссертаций и авторефератов disserCat http://www.dissercat.com/content/funktsionalno-planirovochnaya-organizatsiya-uchrezhdenii-dosuga-molodezhi-v-krupneishikh-gor#ixzz2AbVFed6X
- 4. Тараторкин Е. В. Реализация педагогического потенциала литературно- художественных праздников в гражданско- патртотическом воспитании молодежи, Научная библиотека диссертаций и авторефератов.
Сурет: zakon.kz