Шыңғысова Назгүл Тұрсынбайқызы,
Филология ғылымдарының докторы
Қазақ баспасөзінің тарихына байланысты ғылыми еңбектерде өңірлік газеттер туралы деректер кездеседі. Х. Бекхожин «Қазақ баспасөзінің даму жолдары (1860-1930 жылдар)» [1], «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі (1860-1958)» [2] еңбектерінде кейбір өңірлік газеттердің қалыптасу кезеңдеріне тоқталған. Қ. Аллаберген, Ж. Нұсқабайұлы, Ф. Оразайдың «Қазақ журналистикасының тарихы (1870-1995)» [3] кітабында да дәл осы деректер кездеседі. Профессор Т. Қожакеевтің «Жыл құстары» [4] еңбегінде облыстық газеттердің қалыптасып, даму жолы баяндалған. С. Имашевтің «Зарождение коммунистической печати в Казахстане [5], «Свет ленинских идей» [6] кітаптарында өңірлік газеттердің саяси бағыты талданған. Жекелеген облыстық газеттер ғылыми-зерттеу жұмыстарына өзек болды. Филология ғылымдарының кандидаттары А. Қасымовтың «Шығыс Қазақстан облыстық газетінің қалыптасу, даму кезеңдері» (1931-2006 жж.) [7], Р. Молдашеваның «Семей баспасөзі: қалыптасу және даму жолдары» [8] атты диссертациялық жұмыстарында облыстық «Дидар», «Семей таңы» газеттерінің қалыптасу, даму бағыттары зерттелген. Зерттеуші Ә. Білдебекова Оңтүстік Қазақстан баспасөзінің қазіргі жағдайын зерделеді [9]. В. Абишеваның 1991-2001 жылдардағы Қарағанды газеттерінің негізінде жазылған кандидаттық диссертациясында өңірлік баспасөздегі публицистік стиль мен журналистердің сөйлеу мәдениеті талданған [10]. «Жетісу» газеті туралы газеттің дамуына елеулі үлес қосқан журналист Ә. Қарағұловтың «Баспасөз және уақыт тынысы. (Жылдар. Адамдар. Оқиғалар)» [11], Ж. Нұрғожаевтың «Жетісу» жылнамасы» [12], Қ. Меңдіқожиннің құрастыруымен шыққан «Тәжірибе және талап» [13], облыстық «Орталық Қазақстан» газеті туралы А. Жанғожин, Е. Лұқпановтың «Аймақ өмірінің айнасы» [14], «Ақпарат айдынында [15], С. Кемелбаевтің редакторлығымен шыққан «Дорога длиною в семьдесят лет» [16], «Атырау» облыстық газеті туралы газет қызметкерлері Б. Қорқытовтың «Жылнама «Еріктен» басталады» [17], Қ. Қуанышбайұлының «Газет және уақыт» [18], Қ. Сүндетұлының «Қазақстанның батыс өлкесіндегі баспасөздің дамуы (1917-1940)» [19], «Атырау» баспасөзінің тарихы [20] еңбектерінде, Ш. Дәуеновтің зерттеулерінде өңірлік газеттердің тарихына, қалыптасуына байланысты маңызды деректер сол кезеңдегі қоғамдық-саяси оқиғалармен байланысты қарастырылып, энциклопедиялық еңбектерде облыстық газеттердің шығу мерзімдері мен қалыптасу кезеңіне байланысты деректер келтірілген.
Қоғамдағы түрлі себептермен байланысты облыстық газет атаулары бірнеше рет өзгеріп, қалалық немесе аудандық газетке айналып отырған.
Өңірлік мерзімді баспасөздің тарихын зерттеу барысында әртүрлі пікірлерді кездестіруге болады.
Солтүстік өңірдегі қазақ тілінің жанашыры, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың жаңғыруына зор үлес қосқан бірден-бір басылым – облыстық «Қостанай таңы» газеті астықты өлкенің тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен өнерін паш етті. Саяси-экономикалық үрдістерді оқырманға шынайы жеткізуді мақсат тұтқан газеттің қазығын қағып, іргесін қалаған Мұхаметжан Сералин, Бейімбет Майлин сияқты қазақ публицистикасының көрнекті өкілдері. Басылымның қабырғасында ақын Ғаббас Жұмабаев, Сырбай Мәуленов қызмет еткен. Халқымыздың кемеңгер ұлдарының бірі Ахмет Байтұрсыновтың да бұл газетке көп көмегі тиген.
«Коммунизм таңы» газетінің бірінші бетінде және «Қостанай таңы» газетінде «Газет 1923 жылғы 1 қыркүйектен шыға бастады» – деп жазылып жүрді. Ғалымдар Т. Қожакеев [4, 91 б], Х. Бекхожин [2, 101 б], Қ. Аллаберген, Ж. Нұсқабайұлы, Ф. Оразай [3, 122 б.] «Ауылдың» тарихын 1923 жылдың қыркүйегінен бастайды. «Ауыл» газетінің алғашқы қызметкерлері газеттің тарихын тұрақтанып шыға бастаған кезінен бастауды жөн көрген сыңайлы. Себебі, 1925 жылдың 1 қыркүйегінде газеттің екі жылдығы аталып өтті, арнайы бет ұйымдастырылды. Ал 1924 жылғы 1 қыркүйектегі санында газет редакторы М. Бейсенұлының «Ауылдың» жүрегі һәм жұлыны» атты мақаласы жарық көрді. Онда: «Ұзақ күнге дамыл жоқ, ойын-күлкіден тыс, жатса-тұрса ойлайтыны «Ауыл». Ертеңгі сағат алтыдан тұрып, басқармада (редакцияда – Н.Ш.) түртініп отырғаны. Жалғыз Бейімбет газет істерінің бәрін атқарады һәм үлгереді. Емледен тұлдыры жоқ, екі сөздің басын қоса алмайтын жұмыскерлердің қателігін түзеймін деп, мақаласына өң беремін деп әлектенеді» [21], – делінген.
Бұл мақаланы Т. Бейісқұлов та, С. Байменше де газеттің шығуына 1 жыл толу құрметіне орай жазылған дейді. Публицист-ғалым Т. Бейісқұлов жоғарыдағы мақаласында: «1923 жылдың тамыз айында (С. Байменше 1923 жылы 14 шілдеде деген – Н.Ш.) келіп, белді буып, жеңді сыбанып бірден іске кірісіп кеткен Бейімбет редакцияның ұйтқысы, тірегі, сенімді қызметкері болып алады. Бейімбет газеттің атын «Ауыл» деп атайық деп ұсыныс жасағанда М. Сералин, редакция алқасы мүшелері М. Бейсенов, Ж. Сұлтанбеков, губкомның хатшысы У. Зәбіров, насихат бөлімінің меңгерушісі Ы. Қарпықов, қалалық партия комитетінің хатшысы Ф. Ысмағұлов құп алып, бәрі келіскен», – дейді.
Бейімбеттанушы Серікқали Байменше: «Бір кездері «Ауыл» газетінің бастауы 1923 жылдың 1 қыркүйегінен есептеліп жүрді. Бұл – оның жабылып қалғаннан кейін тұрақты түрде қайта шыға бастаған кезі еді. Шындығында газеттің тұңғыш нөмірі 1922 жылы жарық көрген болатын» [22], – деп дұрыс мәлімет береді. Расында да 1993 жылы «Қостанай таңында»: «Ауыл» газеті Қостанай губерниялық партия комитеті мен губерниялық атқару комитетінің қаулысы бойынша 1923 жылы 1 қыркүйектен шыға бастады. Газет қазақ еңбекшілерін коммунистік рухта тәрбиелеу, ескіліктің сарқыншақтарына қарсы күрес, жаңа өмірді дамыту жөнінде орасан зор жұмыс жүргізді» [23], – делінген.
«Ауылдың» шыққан айына байланысты да әртүрлі пікірлер бар. С. Байменше: «Бір кездері «Ауыл» газетінің бастауы 1923 жылдың 1 қыркүйегінен есептеліп жүрді», – дей келіп, Қостанай губерниялық комитеті бюросының қаулысына жүгінеді. Ал Е. Сүйінов: «Біз бұрын айтып жүргендей 1923 жылдың 22 қыркүйегі емес (бұрын 22 қыркүйек емес, 1 қыркүйек делініп жүрді – Н.Ш.), 1922 жылдың 25 маусымында «Ауылдың» тұңғыш саны жарық көрді. Біз өз газетіміздің жылнамасын осыдан бастайтын болдық» [24], – дейді.
1923-1925 жылдары Бейімбеттің газетке сіңірген еңбегі зор, бұл жылдардағы бірде-бір саны Б. Майлиннің қолтаңбасынсыз шыққан жоқ десек қателеспейміз. Оқас Бостановтың ұстаздық жолға түсуіне Б. Майлин үлкен ықпал жасапты. Бұл туралы Оқас қария газеттегі естелік мақаласында тебірене отырып әңгімелейді. Ол Бейімбеттің «Ауыл» газетіндегі жарияланған мақалаларын жинастырып жүрсе де, кейін айырылып қалыпты. О. Бостанов: «Ауыл» газетінің атын қоярда Бейімбет Майлин оқырмандардың көпшілігі ауыл тұрғындары. Сол себептен газет сөзі соларға жетіп тұруы керек. Газет атын «Ауыл» қояйық деп ұсыныс жасапты» [25], – дейді.
Профессор Т. Қожакеев: «1930 жылы округ ауданға айналғанда «Ауылдың» орнына «Колхоз жолында» газеті шығарылды. Ол 1932 жылы «Социалды еңбек» деп атын өзгертті. Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің 1935 жылғы 29 шілдедегі қаулысы бойынша Қостанай облысы құрылды. Енді мұнда облыстық «Сталин жолы» газеті шыға бастады. Келер жылы ол атын «Большевиктік жол» деп өзгертті. Қазір мұнда облыстық «Коммунизм таңы» газеті шығып тұрады» [4, 92 б.], – дейді. 1930 жылы мемлекеттік әкімшілік басқару органдарын халыққа онан сайын жақындату саясатымен аудандар тікелей республикаға бағынатын болады. «Ауыл» газеті 1930 жылы Торғайға көшірілді. Оның орнына шыққан «Колхоз жолында» газетін біз «Ауылмен» еш байланыстыра алмаймыз. Торғайда «Ауыл» 1930 жылдың 4 қазанынан бастап шыға бастайды. Редакторы Меңетай Жақсылықов Қостанай баспаханасынан бір топ әріп терушілерді, бүктеуші, түптеушілерді ерте келеді. Газет араб әрпімен аптасына бір рет шығып тұрады. М. Жақсылықов Жезқазған аудандық газетіне редакторлыққа ауысқанда газетке көрнекті жазушы, аудармашы Хасен Өзденбаев редактор болады. 1931 жылы ол республикалық газетке кеткен соң, «Ауылға» Мұхамеджан Құлмұхамедов, Сұлтан Тұяқбаевтар редактор болған.
«Ауыл» 1931-1936 жылдар аралығында Торғайда «Социалды ауыл» деген атпен шығып тұрды. Оның редакторы Х. Қапанов болған. Ал 1936 жылдың 26 қазанынан Қостанай облысының құрылуына байланысты «Большевиктік жол» деген атпен Қостанайдан шыға бастады. Ғалым Хайыржан Бекхожин 1942-1945 жылдары газетке редакторлық еткен. 1953-1963 жылдар аралығында газет «Коммунизм жолы» деп аталды. 1961 жылы шыққан «Тың өлкесі» газетінің таралымын нығайту мақсатымен 1963-1965 жылдары газет жабылып қалды. 1966 жылдан 1992 жылға дейін «Коммунизм таңы» деп аталған газет 1992 жылдан бері «Қостанай таңы» болып шығып келеді.
«Атырау» газеті 1923-1930 жылдары уездік, 1930-1933 жылдары аудандық, 1933-1938 жылдары округтық, 1938 жылдан бастап облыстық газет ретінде шықты. Ғалым Т. Қожакеев «Ерікте» арнаулы бөлімнің болмағандығын, барлық мәселенің аралас жазылғандығын, ішкі, сыртқы жағдайдан әртүрлі хабарлар беріліп тұрғандығын айта келіп, «1924 жылы 28 тамыздан бастап «Ерік» «Жұмыскер тілі» деп аталды. 1928 жылдан ол округтік газет болды. 1930 жылдан 1932 жылға дейін «Жұмысшы тілі» деген атпен шықты. 1932 жылы 15 көкектен 1938 жылғы қыркүйекке дейін Гурьевте «Ленин жолы» атты аудандық газет шығып тұрды. Одан бергі жерде облыстық газет «Социалистік құрылыс», «Коммунистік еңбек» деп аталып келді» [4, 90-91 б.], – дейді. Мұрағат қызметкері берген мәліметте: «1923-1924 жылдары «Ерік», 1924-1930 жылдары «Жұмыскер тілі», 1930-1933 жылдары «Ленин жолы», 1933-1938 жылдары «Социалды құрылыс», 1963-1990 жылдары «Коммунистік еңбек», 1990 жылдың 30 маусымынан «Атырау» деген атпен шығып келеді» [26], – деп газеттің тек алты атауын келтіреді.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің де тарихына байланысты әртүрлі деректер бар. Қазақ совет энциклопедиясының 8 томында: «Газеттің тарихы бұрын Түркістан Совет республикасының орталығы Ташкентте шығып тұрған, кейін Орта Азияның ұлттық-мемлекеттік жағынан межеленіп бөлінуіне байланысты 1924 жылы қарашада Шымкентке ауыстырылып, Сырдария губерниялық партия комитеті мен губерниялық Совет аткомының органы ретінде шыққан «Ақ жол» газетінен басталады. 1929 жылдың 1 шілдесінен «Ленин жолы» деген атпен әуелі Сырдария округтық, соңынан 1930 жылдың желтоқсанынан Шымкент аудандық газеті ретінде шығып тұрды. 1932 жылдың 12 наурызынан «Оңтүстік Қазақстан» деген атпен облыстық газет ретінде аптасына 5 рет шығып тұрады. Газет алғашқы кезде ауылды советтендіру, шаруаларды Совет өкіметін басқаруға қатыстыру, жұмысшы және шаруалар одағын күшейту, сауатсыздықты жою жолында қызмет етті. 1930 жылдары партия мен совет өкіметінің деревнядағы саясатын түсіндіріп, шаруаларды коллективтендіруге шақырды, бай-кулактарды конфискелеуге атсалысты. Ауылдағы өзгерістерді, облыстағы өнеркәсіп және кен орындарының жұмысын ұдайы жазып тұрды» [27, 502 б.], – делінген.
«1924 жылдың ақырына қарай партия мен үкіметіміз бұрынғы Түркістан республикасын ұлт ретімен қайта құрды. Оның құрамындағы Сырдария, Жетісу губерниялары Түркістан облысы болып Қазақ АССР-іне қосылды. Қазақтарға арналып Ташкентте шығып тұрған газет, журналдар да Қазақстанға ауыстырылды. «Ақ жол» газеті сол жылы 26 қарашадағы 506-нөмірінен бастап РК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитеті мен Атқару Комитетінің Түркістан облысы жөніндегі ұйымдастыру бюросының органы ретінде шығарылды. Қазіргі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихы, міне, осы жерден, осы уақыттан басталады. Республика астанасы 1926 жылы Орынбордан Қызылордаға көшірілді. Қазақ АССР-інің орталық органы «Еңбекші қазақ» газеті сол жылғы 553-нөмірінен бастап РК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитеті мен Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің, Қазақстан кәсіподақ Советінің әрі РК(б)П Сырдария губерниялық Комитеті мен губерниялық Атқару Комитетінің органы етілді. Осымен байланысты «Ақ жол» өзінің шығуын тоқтатты. Қазақ АССР-інің орталығы 1929 жылы Алматыға көшірілді. Енді «Еңбекші қазақ» Сырдария губерниясының газеті бола алмайтын болды. Бұл кезде, губерния, уездер таратылып, олардың орнына округтер құрылған болатын. Осыған орай 1929 жылы 1 шілдеден бастап Сырдария округтық «Ленин жолы» газеті шығарылды. Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 1930 жылғы желтоқсандағы қаулысына сәйкес округтер таратылып, аудандар құрылғанда «Ленин жолы» Шымкенттің аудандық газеті етілді. Оның 48 нөмірі жарық көрді. Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің 1932 жылғы ақпандағы екінші сессиясының шешімі бойынша Оңтүстік Қазақстан өзінше облыс болды. Осымен байланысты «Ленин жолы» газетін Келес ауданына беріп, 1932 жылғы 12 наурыздан Шымкентте облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті шығарыла бастады» [4, 96 б.].
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1954 жылғы сандарында «Шыға бастағанына 23 жыл» деп жазылған. Онда газет 1931 жылдан шыққан болады. Газет 1964 жылғы сандарында 38 жылдық тарихына қарамастан, «Екінші жыл шығуы» деп жазған. Газеттің тарихына қатысты «Оңтүстік Қазақстан» газетінің өзінде әр түрлі деректер бар.
2004 жылғы бір мақалада: «1924 жылдың 26 қарашасында бұрынғы Түркістан Республикасы Орталық партия комитеті мен Орталық Атқару комитетінің органы ретінде шығып тұрған «Ақ жол» газеті Қызылорда қаласында сол кезде шығып тұрған «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетімен қосылды» (ОҚ. 2004. 27 қаңтар), – десе, 1994 жылы газеттің сол кездегі бас редакторы К. Үкібаев: «1925 жылы республика астанасы Қызылорда қаласына көшірілді. Осыған орай «Ақ жол» газеті Қызылорда қаласында шыға бастаған «Еңбекші қазақ» газетімен қосылады» [28], – дейді, яғни екі материалда 1924, 1925 деген екі түрлі мерзім берілген. Газет қызметкерлері: «Міне, бүгінгі «Оңтүстік Қазақстан» газеті осылайша алғаш «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Ленин жолы» аталып, бертініректе қазіргі атауына ие болды», – деп «Еңбекші қазақты» (қазіргі «Егемен Қазақстан») «Оңтүстік Қазақстанның» тарихи атауларына қосып алған. Осы орайда ғалым Т. Қожакеевтің «Ақ жол» өзінің шығуын тоқтатты», – деген дерегі дұрыс.
Қоғамдық тілшілердің басылымның тарихына қатысты естелік-мәліметтері кейде дәлдіктен ауытқып жатады, оны газет қызметкерлері түземей сол күйінде жібереді. С. Усин деген оқырман: «Тың өлкесі», «Ақмола правдасы», кейін «Коммунизм нұры», «Арқа ажары» газеттеріне мақала жазуды жалғастырдым» [29], – деп «Есіл правдасын» «Ақмола правдасы» дейді әрі бұрын шыққан газетті «Тың өлкесінен» кейін атап отыр. Тағы бір оқырман: «Газет әр жылдары «Сталин туы», «Есіл правдасы», «Жаңа арқа», «Колхоз екпіндісі», «Ақмола екпіндісі», «Тың өлкесі», «Коммунизм нұры» деген аттармен шығып тұрды» [30], – деп газет атауларының шығу ретін шатастырады. Журналист Смағұл Рахымбек: «Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне 1971 жылдың маусым айында әуелінде корректорлық қызметке алынды» [31], – деп 1971 жылы «Коммунизм нұры» аталған газетті «Арқа ажары» дейді.
Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті 1931 жылы 26 тамызда құрылған. Газеттің әр жылдардағы атаулары: «Жұмысшы» (1931-1939), «Социалистік Алтай» (1939-1941), «Большевик Алтая», «Алтай большевигі» (1941-1953), «Коммунизм туы» (1953-1990), «Дидар» (1990 – қазіргі кезеңде). ҚР Ұлттық кітапханасында «Большевик Алтая» газетінің 1942 жылғы қаңтар-сәуір айлары аралығындағы орыс тіліндегі сандары, шілде-желтоқсан айларындағы қазақ тіліндегі сандары сақталған. «Алтай большевигі» 1943 жылы «Шыға бастағанына 5-ші жыл» деп қате жазып жүрді.
Облыстық газеттер қалыптасуының бастапқы кезеңіндегі мынандай өзекті мәселелерді айтуға болады: аймақтарға газет таратуда елеулі қиындықтар болды, газеттердің полиграфиялық базасы әлсіз, материалдық жағдайы нашар, шрифтер жеткіліксіз еді. Редакциядағы санаулы тілшіге бұқараны ақпаратпен қамтамасыз ету оңайға түскен жоқ. Осыған қарамастан, баспасөз арқылы халыққа жиі үндеу тастап, қызыл командирлердің жалынды сөздерін толассыз жариялады, өкіметтің насихатшысы бола білді. Жұмысшы-шаруа газеттері саяси, шаруашылық және партиялық мәселелерді көтеріп, бұқаралық аудиторияны барынша қамтуға тырысты. Қағаздың қаттығынан көсіліп жаза алмаса да, оқырмандармен тығыз байланыс орнатып, жеке пікірлесуге уақыт табатын алғашқы журналистер халықтың газетке деген ықыласын арттырды. Облыстық газеттер қолдан-қолға өтіп, оқылатын болды, бір дана бірнеше адамға рухани азыққа айналды. Бұл кезеңдегі сын мақалалар мен фельетеондардың ықпалын, баспасөздің пәрменділігін, ұйымдастырушылық міндетін баса айтуға болады. Газет беттерінде сауат ашу, әйел теңдігі тақырыптары жиі көтерілді.
Жыл өткен сайын баспасөздің типологиялық ауқымы кеңейді. Партияның жетекші рөлін нығайту мақсатында түрлі салалық басылымдар шығарыла бастады. Тік-иерархиялық баспасөз жүйесі қалыптасты: орталық – республикалық – өлкелік – облыстық – қалалық – аудандық – көптиражды – қабырға газеттері. Қабырға газеттерінің бұқараның саяси белсенділігін арттырудағы рөлі жоғары болғандықтан, партия тарапынан бұл газеттерге қатаң талап қойылды. 1924 жылы Орынборда өткен I Қазақстандық көрмеге қазақ тіліндегі 24 қабырға газеттері қойылды [6, 128 б.]. Ауыл тілшілері мен белсенділері шығаратын көптиражды газеттер де еңбекшілерді коммунистік рухта тәрбиелеудегі партия ұйымдарының сенімді көмекшісі болды. Елуге жуық совхозда шыға бастаған көптиражды газеттер 50-жылдардың ортасында колхоздарда ұйымдастырылды. Колхоз өмірінен ақпараттар берген бұл газеттердің саны алпысыншы жылдары жүзден асты.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары (1860-1930 жылдар). – Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1964. – 261 б.
- Бекхожин Х. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі (1860-1958). – Алматы: Мектеп, 1981. – 239 б.
- Қ. Аллаберген, Ж. Нұсқабайұлы, Ф. Оразай. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-1995). – Алматы: Рауан, 1996. – 244 б.
- Қожакеев Т. Жыл құстары. – Алматы: Қазақстан, 1991. – 237 б.
- Имашев С. Зарождение коммунистической печати в Казахстане. –Алматы, 1970. – 112 с.
- Имашев С. Свет ленинских идей. – Алматы: Казахстан, 1985. – 427 с.
- Қасымов А. Шығыс Қазақстан облыстық газетінің қалыптасу, даму кезеңдері (1931 – 2006 жж.): филол. ғыл. канд. … дис.:.10.01.10. – Алматы, 2009. – 156 б.
- Молдашева Р. Семей баспасөзі: қалыптасу және даму жолдары: филол. ғыл. канд. … дис.:.10.01.10. – Алматы, ҚазҰУ, 2003. – 145 б.
- Білдебекова А. Оңтүстік Қазақстан баспасөзінің даму проблемалары: филол. ғыл. канд. … автореф.:. 10.01.10. – Алматы, ҚазҰУ, 2010. – 24 б.
- Абишева В. Особенности публицистического стиля и проблемы культуры речи журналистов в современной региональной печати Казахстана: дис. … канд. филол. наук:. 10.01.10. – Алматы: КазНУ, 2002. – 148 с.
- Қарағұлов Ә. Баспасөз және уақыт тынысы. (Жылдар. Адамдар. Оқиғалар). – Алматы: Қазақстан, 1976. – 143 б.
- Нұрғожаев Ж. «Жетісу» жылнамасы. – Алматы, 2006. – 204 б.
- Меңдіқожин Қ. Тәжірибе және талап. Аудандық газет қызметкерлеріне көмек. – Алматы: Қазақстан, 1972. – 247 б.
- Аймақ өмірінің айнасы. «Орталық Қазақстан» газетіне – 65 жыл / құраст. А. Жанғожин, Е. Лұқпанов. – Қарағанды, 1997. – 94 б.
- Ақпарат айдынында: «Орталық Қазақстан» газетіне 70 жыл / А. Жанғожин, Е. Лұқпанов; жалпы ред. басқ. М. Сембай. – Қарағанды: Қарағанды полиграфиясы, 2001. – 205 б.
- Дорога длиною в семьдесят лет / под ред. С.М. Кемелбаева; сост. Д.А. Зинчук, В.М. Минин. – Қараганда: ОАО Караганд. Полиграфия, 2001. – 224 с.
- Қорқытов Б. Жылнама «Еріктен» басталады. – Атырау-Ақпарат КМК баспаханасы, 2003. – 104 б.
- Қуанышбайұлы Қ. Газет және уақыт. – Алматы: Арыс, 2003. – 109 б.
- Сүндетұлы Қ. Қазақстанның батыс өлкесіндегі баспасөздің дамуы (1917-1940). – Атырау, 2008. – 163 б.
- Сүндетұлы Қ. «Атырау» баспасөзінің тарихы. – Алматы: КИЕ, 2009. –252 б.
- Бейісқұлов Т. Бейімбет және «Ауыл» газеті // Қостанай таңы. – 1993, қыркүйек – 1.
- Байменше С. Ауылдағы қолтаңба. Бейімбет Майлиннің шығармашылық зертханасынағы зерделі іздер // Қостанай таңы. – 2002, маусым – 25.
- Оташев М. «Ауылдан» – «Большевиктік жолға» дейін // Қостанай таңы. – 1993, маусым –
- Сүйінов Е. «Ауылдан» – «Қостанай таңына» дейін // Қостанай таңы. – 2005, маусым – 25.
- Хасенов Е. Би-ағаның жүрген жолындағы іздер // Қостанай таңы. – 1993, қыркүйек – 18.
- Аймуханова К. Өткен жолы – шежіре // Атырау. – 2003, маусым – 27.
- Қазақ совет энциклопедиясы. 12 томдық. – Алматы, 1976. – 1-8 т. – 534 б.
- Үкібаев К. Уақыт талабына үн қосып… // Оңтүстік Қазақстан. – 1994, қараша – 26.
- Усин С. 50 жыл газетпен біргемін // Арқа ажары. – 2007, шілде – 12.
- Каримова К. Көңілге жақын басылым // Арқа ажары. – 2007, шілде – 12.
- Рахымбек С. Елдің елеулі ері // Арқа ажары. – 2008, мамыр – 22.
Сурет: enu.kz