Баспасөз бетінде сын мақала жарық көрсе болды, сыналушы адам бірден сотқа арыз-шағым түсіруді кейінгі кезде әдетке айналдырып алды. Ондағы алға тартатын басты себептері – ар-ожданы мен қадір қасиеттеріне кір келіп қалыпты-мыс.
Иә, жаңа қабылданған Конститутцияда да, бұрынғы Конститутцияларда да адамның жеке басына, оның ар-ожданы мен қадір қасиетіне ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ екендігі және заңмен қорғалатындығы баса көрсетілген.
Жалғанда арыңа дақ түсірмей, мынау өмірде аяғыңды нық басып, досыңның да, дұшпаныңның да көзіне тура қарап сөйлегенге не жетсін! Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ал өтірік айтсаң, қылмыс жасасаң, жазықсыз жандардың көз жасына қалсаң, арам пиғылмен күн көруге тырыссаң ол ісің әшкереленіп жатса, оған өзіңнен басқа кім кінәлі?
Періште болып туған ешкім жоқ. Мына өмірдегі жақсылық пен жаманшылықтың бәрі адамның қолымен жасалады.Егер пендешілікке бой алдырып жаңсақ бассаң, ол үшін өкініп арыңның алдында тазарғың келсе, бұл әрине, адамнығыңның белгісі. Өкініштісі сол соңғы жылдары осы ар-ождан деген қасиетті ұғымды бет-перде тұтып, оны есе қайырудың құралына айналдыра бастағандар қатары азаймай тұр. Шындап келгенде газетте жарық көрген сын мақалалардың байыбына бармай жатып, айыппұл «өндіріп берулеріңізді сұраймын», деп сотқа жазатындардың мақсатын түсіну тіпті де қиын емес.
Сын мақаланың байыбына бару деген не сөз? Алдымен соның басын ашып алайық. Әдетте, редакцияға арыз шағым келіп түседі. Редакция «Баспасөз және бұқаралық хабарлама құралдары туралы» Заң негізінде оны тиісті орындарға тексеруге жібереді. Тиісті орындардан ресми жауаптар келсе, көпшілікке хабардар етеді.
Ал ресми орындар газет сынына құлақ аспаса, жауап бермесе ше? Жасыратыны жоқ кейінгі кезде бұл сұмдық әдетке айналды. Демократиямен мен жариялылықты, пікір алуандылығын желеу етіп кім не жазбайды?» деген немқұрайылыққа бүгінде көпшілік бой алдырған. Осы немқұрайдылықтың салдарынан талай шындықтың беті ашылмай, журналист көтерген әлеуметтік мәселелердің маңызы көмескіленіп соңында журналистің өзін әуре сарсаңға салу әрекеттері басталады. Бұл жариялылықтың жаршысы, халықтың айнасы болып табылатын баспасөздің тілін кесудің, аяғына тұсау салудың бірден-бір амалы ма деп те қаламыз.
Баспасөз, жалпы бұқаралық ақпарат құралдары шешім шығарып, шара қолданатан әкімшілік орны да, немесе біреуді қамауға алып тергейтін, сосын үкім шығаратын заң орындары емес. Алайда осылардың ешқайсысынан әділдік таба алмаған адамдар басқа барар жері, басар тауы қалмаған соң, соңғы үмітін арқалап редакцияға арыз-шағым жазады, құшақ-құшақ құжаттарды алға тартады. Мұндайда журналист қандай бағыт ұстануы керек?
Журналист жағдаймен толық танысқаннан кейін, оған өз көзқарасын білдіреді. Мақала тиісті орындарға тексерілуге жіберіледі. Тексеруге берудегі мақсат не? Мақсат – дұрыс шешімін таппаған мәселеге тиісті орындардың қайта назарын аудару, тексерілмей жатқан іс болса, оған қозғау салу, заң бұзылса, қара қылды қақ жара отырып, әділдігін айтуға, айтқызуға тырысу екені айтпаса да түсінікті. Журналистердің осындай әрекеттерінің арқасында жазықсыз жала жабылғандар мен жапа шеккендердің талайы ақталып, жемқорлар мен алпауыттар заң алдында жауап беруге мәжбүр болғанын көзі қарақты оқырман жақсы білуге тиіс. Ол, әрине бөлек әңгіме.
Ал енді журналисті сотқа тартқызып, ар-ождан деген қасетті ұғымды бет-перде тұту арқылы өзін ақтауға тырысушылардың пиғылы не екенін осы уақытқа дейін аңғара алдық па? Жоқ. Өзімнің азды-көпті тәжірибеме сүйене отырып, оларды мынадай бірнеше топқа бөліп қарастырғанды жөн көрдім.
Бірінші – газетте жарық көрген сын мақалаға ешқандай жауап қайтармай, тым-тырыс жатып алып, арада жылдар өткеннен кейін «ар-ожданы» аяқ астынан ояна келетіндер. Бұл уақыт ішінде шулы мәселенің ізі суып сол кездегі кінәлілер мен куәлар басқа жаққа ауысып, құжаттардың өңі айналып шыға келуі әбден мүмкін. Мұндайда күнәнің жүгі жеңілдейді оны қайта дәлелдеу де қиындай түседі. Дәлелденбегеннен кейін ешкімді айыптай алмайсың. Сөйтіп, сыналған адамға баспасөз бетінде жазықсыз жала жабылғандай әсер етеді. Соңында бұрынғы жазған мақаласы үшін журналисті айыптау, қудалау әрекеттері басталады. Ар-ожданның «орнына түсірген» адам енді өзіне моральдіқ зиянның құнын даулап, сотқа жүгінеді. Заң бойынша айыппұл мөлшерін сот белгілейді. Бірақ журналисті алдын ала ықтарып алу үшін, он миллионнан жиырма миллион теңгенің арасында айыппұл өндіріп беруді арыз берушінің өзі талап ететін болып жүр. Ақшаның құнсыздануын да қатаң есепке алады. Сөйтіп « кең қапшығын» дайындап қойғанын да ескертуден ұялмайды.
Екінші – лауазымы жоғары, құрығы ұзындау, қалтасы қалыңдау, «тамырын» тереңге жайған «мықтылар» газет дабылы бойынша келген тексерушінің «ыңғайын» тауып алады да, сонан соң ар-ождан үшін айқасқа шығады. Себебі, оның ар-ожданы өте қымбат тұрады. Одан түскен «олжаның» өзімен-ақ кішігірім бір кәсіп орынды сатып алуға мүмкіндік бар екен. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, тегіннен-тегін келіп жатқан ақшаның жолын кім бөгесін. Мұндайда тексерушілердің өзі қарсы жақты қолдап кететіндерінде көріп жүрміз.
Үшінші – өзінің кемшілігі мен жасаған қылмысының дәлелденгені, дәләлденбегеніне қарамастан журналистің әр сөзінің астарынан ар-ожданға қатысты мағына іздеп, алдын-ала байбалам салушылар, сотқа арыз түсірушілер. Олар да журналисті ықтырудың басты құралы – айыппұл мөлшерін неғұрлым көбірек талап ету деп біледі.
Төртінші – «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп арызды жан-жаққа тоғытатындар. Олар редакция өкілдерімен осы істі қарауға тиісті судьяның үстінен де арызды қарша боратады. Ақырында, қисынға келмей тұрса да талап-арызын соттың іс-қарау өндірісіне қабылдаттырып, істің қаралуына қол жеткізеді.
Бесінші – шын мәнінде өзінің ар-ожданын қорғаушылар, әділдік іздеушілер. Егер редакция тарапынан ағат кеткен тұстар болса, істі сотқа бермей-ақ, өз қатесін мойындауға даяр екенін қалың оқырман жақсы білуге тиіс. Заң талабы да сондай. «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жок» дегендей, қалам ұстағанның бәрі не періште, не көріпкелі бар әулие емес қой.
Алайда, кейінгі кезде аға газет «Егемен Қазақстанның» бетінде жарық көрген сын мақалаларды жөн-жосықсыз «теріске шығаруға» күш салушылар көбейіп бара жатқанын несіне жасырамыз. Дәл кәзіргі сәтте осы редакция алты-жеті адаммен қатар соттасуда. Олардың әр қайсысы редакциядан орта есеппен 6-8 милионнан астам айыппұл талап етіп отыр. Бәрін қосқанда ұзын саны 50-60 милион теңге болып шыға келеді екен. Сөйтіп «ар-ождан» мәселесін кейбіреулер күн көріс құралына айналдырмақшы. Жалғыз «Егемен Қазақстан» ғана емес, мемлекеттік бюджетте отырған редакцияларды тырп еткізбей «тізгіндеп» ұстап отырудың аса оңтайлы, тиімді әдісі әлдекімдер үшін әзірге осы сияқты.
Баспасөз өкілдерін кез-келген арызданушының алдында жығып беріп қарап отырсақ, әлеуметтік әділеттік жайында сөз қозғаудың өзі болашаққа қиынға түсері ақиқат. Бұған жол бермес үшін алдымен «Баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңды қайта қарау керек-ақ. Бұл заңда газет бетінде жазылған, радиодан айтылған, теледидар арқылы әшкере болғанқылмыстар мен келеңсіз жәйттерге тиісті мекемелер міндетті түрде жауап қайтаруы және қажетті материалдармен журналистерді кедергісіз, әрі толық таныстыруға міндетті екендіктері баса көрсетілуі ләзім. Қазіргі қолданылып жүрген заңдағыдай журналистің «сөйтуге, бүйтуге қақысы бар» деп күлбілтелендірудің түкке қажеті жоқ. Несіне жасырамыз, сот залынан репортаж беруге тиісті журналиске дыбыс жазу құралдарын пайдалануға рұқсат бермеген судьяны да өз көзімізбен көргенбіз. Әділ заңның өкілі заң білмесе, не заңға бағынғысы келмесе басқадан не сұрайсың? Бұдан кейін журналист тек қаламымен алдындағы ақ қағазға ғана жүгігуге тура келеді. Бірақ сол қаламның ұшын қайыруға тырысушылар жан-жақтан «қылыштарын» жалаңдатып шыға келетіні тағы бар. Олар әділдік үшін айқасқа шығып жатса, кәнеки. Тек, осының астарында үлкен былық-шылықтар жатпаса игі деген күдік көңілге еріксіз ұялайды.
Таяуда «Горизонт» газеті әлеуметтік сауалдама жүргізіп құқық қорғау органдарына жұртшылықтың қаншалықты сеніммен қарайтындықтарын анықтады. Сонда прокуратураға – 30 процент, – сотқа 41 процент, милицияға 3 процентқана жұртшылық сенім білдіретіні белгілі болды. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Заңдылықты баянды ету – жалпымемлекеттік іс» атты таяуда жасаған баяндамасында соңғы жарты жылдың ішінде 3203 милиция қызметкерлері өрескел заң бұзғаны үшін жазаланғанын, оның ішінде 253 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айта келіп: «Оларды әшкерелеп, ашық сот процестерін ұйымдастыру керек. Сөйтіп, халық мұндай сұмдыққа қарсы күрестің тұрақты жүргізілетінін білетін болсын» деген еді.
Егер баспасөзді қайдағы бір күдікті адамдардың «ар-ожданына» бола бұғаулап ұстасақ, халық нені біледі. Ендеше, жариялылықтың жөні осы екен деп сын мақалалар мен хабарларға көз жұмып қарау – қылмыспен тең. «Өткеннің бәрі сорақы емес, оның жақсы жақтарында ала білейік» деп жүрміз ғой. Сол алуға тұрарлық жақсы жақтың бірі – ресми басылымдардың үніне құлақ түріп, ондағы сыннан дереу нәтиже шығаратын бұрынғы партиялық әдісті қайта жаңғыртсақ, бізді коммунист болып кеттің деп ешкім жазғыра қоймас.
Баспасөз – мемлекеттік іс. 1917 жылғы революцияның атасы: «Ұшқаннан» жалын лаулата жүріп, дүниені төңкеріп да ұмытпайық. Бұл да өткеннің сабағы және баспасөздің анау-мынау қарулы күштерден де жоғары тұрғанын айғақтайды. Олай болса, журналистерді көрінген көк аттының тауына беріп қоймай, Баспасөз туралы заңға шұғыл түрде өзгерістер енгізу жағын қарастырғанымыз жөн. Онсыз журналистер ашық сотқа шыға алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп берді. «Сот» деген сөздің бұл жерде бірнеше, әрі дұрыс мағынасы бар екенін ескерте кетейік.
Егер қажет десеңіздер «ар-ожданы» күштілердің аты жөндерін атап кетуге болар еді. Бірақ олардың «сот іс қарағалы жатқанда баспасөз арқылы қысым жасады» деп екінші арыз жазылуына себепкер боламызба деп отырған жайымыз бар. Алайда «құмысқадан қорыққан егін екпейді» дегендей бұған қарап, біз енді сын мақала жазбайды екен деп түсініп қалмаңыздар. Бұл әзірге басы ғана.
Серік Жұмабекұлы,
«Егемен Қазақстан»,
29 қыркүйек,1995