Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Сарышаған сынағынан есейіп шықтық

jurfak Мамыр 24, 2013 0
Сарышаған сынағынан есейіп шықтық

Қазақстан Қарулы күштерінің  10 жылдығына орай өткен «Отан қалқаны -2002» стратегиялық жаттығуы елдігімізді нығайтып, ерлік дәстүрі жалғасып келе жатқанын танытты.

Бұдан бір ай бұрын Сарышағандағы полигонда басталған әскери оқу-жаттығу бүгінде аяқталып келеді. Қазақстан Қарулы Күштерінің  құрылғанына он жыл толуына орай  ұйымдастырылған стратегиялық жаттығуға әзірлік   шаралары республиканың әр түкпірінде жұріп, солардың нәтижелері осында тоғысып жатты.

Бұған дейін журналист ретінде талай рет әскери жаттығуларға қатысып, ол жайында жазған едік. КСРО кезінде армия қатарында болып,  талай әскери жаттығуларды бастан өткергенбіз. Әлі күнге дейін есте жүрген  сол көріністермен бүгінгі жаттығуды салыстырып байқасам, арасы жер мен көктей  сияқты.

16 сәуір күні Қазақстан президенті, Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұшағы осы полигондағы межелі жерге келіп қонғанша, қосындардан құралған әскери қалашықта адам тұрмысына қажеттің бәрі жасалыныпты: асхана, жатын орын, дәрігерлік көмек бөлмесі,  жуынатын жерлер және тағы басқалар. Қалашықтың «көшелеріне»  ұзындығы 5 метр, ені 2 метр бетон плиталар  төселініпті. Жел соғып, жаңбыр жауса да аяқ киіміңізге бір түйір шаң қонбайды. Оқу- жаттығу өтетін жаққа қарай үлкен екі байқау  тұрақтары қойылыпты. Оның бірінде жоғарғы бас қолбасшы мен Қорғаныс министрі, тағы басқа арнайы шақырылған қонақтар отыратынын білдік. Одан беріде үлкен мінбер тұр. Онда жоғары шенді офицерлер жайғасқан. Журналистер бергі байқау тұрағына орналасып, әскери ойындарды осы жерден бақылайды. Алдыңғы жақтағы «соғыс өтетін» жазықта әзір ештеңе көзге түспейді. Тып-тыныш. Бұл жерде тек жоғары шенді сардарлар жүр. Қатардағы сарбаздар жоқ.

Көктемнің қара суығы еттен өтіп, сүйекке жетіп жауратып барады.  Сағат түскі 12-ге таяп қалды. Міне, Президент мінген  тікұшақ та келіп қонды. Осы сәтте жел басылып, аспан ашылып, күн нұры төгілді. Мұны біздер Президенттің келуіне байланысты ғой деп жақсылыққа жорыдық.

Президент Қорғаныс министрімен бірге өз орындарына жайғасқан соң, сонадай жердегі әскери  техниканың төбесіне  орнатылған репродуктор іске қосылды.  Даланы жаңғырта саңқылдаған дауыс «Отан қалқаны-2002» әскери  оқу-жаттығудың мақсаты мен мәнін түсіндіре бастады.

Қазақстан Республикасының әскери докторинасында еліміздің әскері тек сыртқы жаудан қорғану үшін құрылғандығы баса көрсетілген.  Соған сәйкес «Отан қалқаны-2002» әскери жаттығулары өтуде. Мақсат-еліміздің шекарасын тұтққиылдан басып кірген  «жауға» тойтарыс берудің алғашқы әдістеріне машықтану. Оған Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрлері мен тектері қамтылып отыр. Олардың ең бастылары – Әуе қорғаныс күштерінің әскери авиациясы, Әуе шабуылына қарсы әскері, Құрлық тағы әуе шабуылына қарсы әскерлер, артиллерия және зымыран әскерлері болып табылады.

Осы жаттығу кезінде жеке құрамалар мен жасақтардың жауынгерлері соғыс өнеріне қаншалықты төселгенін танытып, бұған дейін жинақталған тәжірибелері мен шеберліктерін одан әрі шыңдай түсуге тиісті.

«Отан қалқаны-2002» оқу-жаттығуын тікелей жүргізетін жетекші-қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор  Николай  Поспелов.

Бұдан бір ай бұрын басталған бұл шараға республика бойынша 28 мың адам жұмылдырылыпты.  Әскери техникалар мен қару-жарақтар негізінен темір жол арқылы тасылып жеткізілген.

Кәдімгі соғыстағыдай

Кенет репродуктордан : «Оң  жақтарыңызға назар салыңыздар! СУ-25 ұшақтары шабуылға шықты. Бұл топты басқарып келе жатқан 1-сыныпты әскери ұшқыш , полковник Амрозов» деген дауыс естілді. Жалт қарастық. Қатарласа ұшқан төрт әскери ұшақ жақындап қалды. Міне, зу етіп төбемізден өте шықты. Пулеметтен оқ жауыдра бастады. Оны біз ұшақтың бауырынан шашырай ұшқан от-моншақтардан сезіп тұрмыз. Сәлден кейін ауада қарындашпен  сызып-сызып қалғандай қара жолақтар пайда бола қалды. Бұл- ұшақ бауырынан көлбеу ұшқан бомбалар. Ұшақтың өзі бір жақта, нысана басқа жақты. Сонау тұстан бұрқ-бұрқ еткен қою түтіндер аспанға көтерілді. «көздеген жерлеріне дөп тигізді», – деп хабарланды.  Жарылыс дауыстары  сәлден кейін  ғана гүрс-гүрс етіп құлақты жаңғырықтырды.

«Тағы да оң жақтарыңызға назар салыңыздар! СУ-24 ұшақтарынан тұратын топты подполковник Ахметов бастап келеді!»,-деген үн құлағымызға жетті. Бұл жолы да Хабарлаушының сөзінен ұққанымыз: – СУ-24 ұшағына ауа райы да, жарық пен қараңғы да бөгет жасай алмайды екен. Қандай жағдайда да көздеген нысанасына дөп тигізгу ол үшін түк емес.  Айтқандай-ақ солай болды. Мана байқамаған екенбіз, сонау  қыраттардың қойнауына бірнеше нысаналар қойылыпты. Солардың бәрінің күлі көкке ұшты.

«МИГ –27» ұшақтарынан тұратын звеноны полковник Қойшығұлов  бастап келеді. Олардың соңында СУ-27  ұшақтарынан тұратын топты полковник Орманбетов бастап келеді!» деген дауысты естіп, тағы да көк жүзіне көз тіктік. Қатарласа сап  түзей самғаған ұшақтар қырғидай шүйілігіп келіп, маңдай тұсымыздан  зу ете қалды.  Кеудеге мақтаныш  сезімі ұялай батағандай.  Енді ше, көк аспанның төрінде  қандастарымыз ойнақ салып барады ғой.

Әне, олар алдымыздағы кең жазықтың  астан –кестеңін шығарды.  Бәрі де нысанаға дөп тигізіпті . яғни , қарсы шапқан  «дұшпандар»  жер жастанды деген сөз.

«Сол жақтарыңызға  назар салыңыздар! МИГ-24 тікұшақтары шабуылға шықты.»

Енді сол жаққа қарай назар аудардық. Жер бауырлай ұшқан тікұшақтар біз тұрған тұстан көлбей өтіп барып, қарсы  жаққа оқ жаудыруға кірісті. Қара жерді жүн сабалағандай етіп барады.

Әуе қорғаныс күштерінің әскери авиациясы «өз өнерлерін» көпшілікке паш етіп болып, ұрыс сахнасынан шығып кетті. Бұл әскери саланың қолбасшысы , генерал-майор Көпен Ахмадиев.  Қырықты орталап қалған бұл азамат туралы бұдан бес жыл бұрын «Егемен Қазақстанға» мақала жазғанбыз.  Ол кезде Көпен әуе шабуылына  қарсы күштердің  штаб бастығы  болатын. Бірақ оның өзі мұндағы  сардарлардың арасынан көзңме түспеді. Сұрастырып едім, алдыңғы шепте тікелей басшылық жасауда деген жауап алдым.

Дәл алдымыздағы төбешіктің  астынан зу-зу етіп  ракеталар атылып қалғанда қадағалау тұрағында жайбарақат жүрген біздер селк ете қалыстық. Сөйтсек артиллерия және зымыран әскерлері шабуылға шығыпты. «Ураган» , «Гиацит» тәрізді кешенді қарулар іске қосылғанда қара жер қақ айырылардай тітіренді.

Сәлден кейін «Штурм-С» деп аталатын танкке қарсы қолданылатын артиллерия құралы күркіреп қоя берді. Оған «Круг», «Куб», «Стрела» кешенді құралдары бір жақтан үн қосты. Бұлар дегеніміз секөнтіне 400 метр жылдамдықпен ұшып келе жатқан жазудың ұшақтарын үш шақырым қашықтықтан-ақ қағып тастайтын көрінеді.

Енді, міне , зенитті –зымыран кешені іске қосылды. Олар нысанаға бірден дөп тигізді. «Жарайсыңдар,  сержант Бәйкенов және Біләлов!»  деген хабарлаушының қуанышты үні естілді.

Бұдан кейін Нұрмағанбетов, Смайылов, Повацкий, Нұрбаев деген сарбаздарға алғыс айтылып жатты.

«Стингер» деп аталатын қарулар тобын басқарып тұрған подполковник Казаковтың фамилиясы да ерекше аталды.

Ал енді «Смельчак» деген мина жаудырғыш құралдың әзірге өзіне жер бетінде теңдесі жоқ екен. Бұл бүгін «Сарышаған» полигонында бірінші ретсынақтан өтіп отыр.  Одан ұшқан оқ төрт шақырым жердегі нысананы қалпақтай түсіреді. Негізі ол он шақырым жердегі нысананы көздеуге есептелінген. Бұл –кешенді мина атқыш. «егер арнайы жасаған тағы бір қосалқы  тағы бір бөлшектерді осы құралға қосып қойып атса, 20 шақырымдағы  нысананың өзі ол үшін түк емес», дейді кейбір білгіштер.

Осы тектес қару-жарақтың соңғы үлгісі болып саналатын «Точка-У» атты зениттік қондырға жайында сөз етсек , әңгіме тіпті ұзаққа созылатындай. Ол басқа техникалар сияқты бір орнында қаңқиып тұрып алмай, өзі жүреді. Қас дұшпаннын қуып жүріп зымыранның астына алады.

«Артиллерия»   деген жалпылама ұғымның астына үңілсек, неше түрлі қару-жарақтың аты-жөнін естиміз. Ал олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері мен артықшылықтары жетерлік.

Мәселен САУ-2С3 деген артиллерияныі бір түрі де  өзі жүретін құрал. Ескендіров, Тоғызақов, Рахимов сынды азаматтар осы САУ-дан зымырандар сауылдатқанда   көпшілік  оларға  қол шапалақтай ризашылық білдіріді. ПВО-ның жұдырығы  іспетті С-300, С-200, С-75, С-125 деп аталатын артиреллиялық кешендік  қарулар өздеріне тиесілі   нысандардың бәріне дөп тигізді.  «ұрыс даласында»  қыбырлаған  адамдар көрінбейді. Тек  жер астынан  атылғандай болып зымырандар  аспанға зулағанда  ғана  сол жерде  бір  құпия бар екенін  сезесің.  Біздің жауынгерлер өздері жасырынған жерлерінде отырып-ақ  қарсы  дұшпандарын баудай түсіруде.

Естуімізше, осы жаттығуда бітімгершілік  мақсатта  құрылған «Қазбат», «Ұтқыр» күштер құрамасы  өз өнерлерін  ортаға салыпты.

Екі сағатқа  созылған  жаттығу аяқталды.

Жоғары баға берілді.

Қадағалау тұрағынан түсіп, Жоғарғы Бас қолбасшы мен қоғаныс министрі отырған жерге қарай  жақындадық.

Сәлден кейін ол кісілер журналистердің ортасына келіп, бүгінгі «соғыстан» алған әсерлерімен бөлісті:

-1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол  қойғанымды білесіздер,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.- Оған да, міне, биыл 10 жыл толып отыр. Осы қарсаңда өткізілген мына әскери ойындар  біздің он жыл ішінде жеткен жетістіктеріміздің айғағы болып табылады. Мұндай кешенді әскери қару-жарақтардың бәрі бірдей жұмылдырылған ауқымды әскери жаттығу  бұрын соңды Қазақстан жерінде өткен емес. Әрине, жекелеген құрамалар мен әскери сала күштерінің  жаттығулары өз кезегімен өтіп жатады. Ол жайында әңгіме басқа. Ал ТМД-да  теңдесі жоқ «Сарышаған»   полигонында өнер көрсету оңай емес екенін  әскерилер ғана жақсы біледі. Кеңес өкіметі кезінде өзінің қорғаныс министрлігі де болмаған біз сияқты жас, тәуелсіз мемлекеттің Қарулы  Күштерінің мұндай үлкен «сахнада еркін өнер көрсетуі- үлкен жетістік. Мен ризамын. Әскери жаттығуға жоғары баға бергім келеді. Мен әскери адам емеспін, бірақ сарбаздарымыз бен сардарларымыздың өсіп-жетіліп келе жатқанына жай көздің өзіне-ақ көрініп тұрған жоқ па.  Енді жастарымызды ел қорғауға, отан сүйгіштікке баули білейік.  Бұл өз елдігіміз бен ерлігіміз сынға түкен сәт болды. Сырттан келетін дұшпандар болса, кез келген уақытта тойтарыс бере алатынымызға сенімдімін. Біз ешкімге қарсы соғыс ашпаймыз. Ешкімнің жеріне көз алартпаймыз. Бар мақсатымыз- тыныштықты, бейбітшілікті сақтау, тәуелсіздігімізді қорғау екенін тағы да қайталаудан жалықпаймын. Өйткені жатсам-тұрсам ойлайтыным осы. Басқа енді не дейін!-деп Елбасы әскерилерге ризашылығын білдірді.

Журналистер тарапынан қойылған келесі сауалдарға Қорғаныс министрі генерал полковник  Мұхтар Алтынбаев жауап қайтарды:

-Мен алдымен біздің бүгінгі оқу жаттығуымызға уақытын бөліп, іс қимылдарымызды мұқият қадағалаған Президентіміз, Жоғары Бас қолбасшымызға алғыс білдіргім келеді.

Қарулы күштерге қазір мемлекет тарапынан  көп қамқорлық жасалып отыр. Соның арқасында бүгінгі ауқымды оқу жаттығу шараларын өткізудің мүмкіндіктері туды. Қазіргі кезде әскери реформа  қарқынды жүргізілуде. Жаңадан техникалар сатып алдық. Оларды жетік меңгерген  жас мамандар  өсіп шықты. Әсіресе, әскери авиация мен артиллерияның  жинақы да ауқымды әрекеттері көңілге қуаныш ұялатады. Жігіттерге ризамын! -деді министр.

Бұдан кейін  Жоғары Бас қолбасшы  мен Қорғаныс министрі  алғы шептегі  басқару бекетіне,  батарея расчеттарға барып, жеке құраманың жай- күйімен танысты.

Біздер елбасымен жүздесіп тұрған сәтте  дәл қасымызға қалықтап келіп парашютшілер қона бастаған болатын. Олар енді парашюттерін жинап үлгеріпті. Араларында әйелдер де бар екен. Солардың бір екеуін әңгімеге тарттық.

Өзін Елене Филина деп таныстырған келіншектің әскери шені аға прапорщик екен. Спорт шебері. Қапшағайдағы шабуылдаушы  десантшылар бригадасында қызмет етеді. 4470 рет аспаннан төмен қарай парашютпен қалықтапты.

Ал Наталья Крупнованың  әскери шені прапорщик. Жасы   36-да. Күйеуі бар, бірақ ол кісі әскери емес. Соған қарамастан Наталья 19 жылдан бері парашютпен   секіріп келеді. Бала- шағалы. Әскерде қызмет еткелі 7жыл өтіпті .  Спорт шебері.  Бұл өнері ДОСААФ та жүріп үйреніпті. Қазір ондай мекеме жоқ. Сондықтан әскерге келген.

Бүгін  ол Президенттің қолынан  жақсы қызметі үшін сыйлыққа алтын сағат алды.

Президент сізге не деді деп сұрадық.

-Қызметіңе алғыс айтамын, -деді.

-Сіз не дедіңіз?

-Тәуелсіз Қазақстанға қызмет етемін!-  дедім.

Депутаттың пікірі

Президент пен Қорғаныс министрі алғы шептен қайтып оралғаншы  мұндағы әскери мамандар мен , арнайы шақырылған қонақтармен еркін әңгімелесуге мүмкіндік туды.

Парламент Мәжілісіндегі Халықаралық істер және қорғаныс  жөніндегі комитетінің төрағасы Шәріп Омаров әскери үлгідегі киіммен келіпті. Шені полковник.Әңгімеге тарттық.

-Осы ғұмырыма дейін мұндай ауқымды әскери жаттығуды бірінші рет көріп тұрмын. Ана бір дағдарыс жылдары әскерді жамандаушылар  көбейіп кеткен еді. Он жылдың ішінде Қарулы Күштеріміз мүлдем өзгеріпті. Озық әскери  техниканың құлағында ойнап келе жатқан қандастарымыздың аты жөнін жаңа репродуктордан естігенде көңілімде бір мақтаныш сезімі құйқылжып өтті. Іштей Иә, сәт деп тақымыңды қысады екенсің. Енді біздер әскерилерге көмектесуге тиіспіз. Алдағы уақытта біздің комитет Астанада әскери ардагерлермен дөңгелек үстел ұйымдастырмақшы. Сол кезде көкейдегі ойларды ортаға саламыз. Әлі де шешімін күткен мәселелер  аз емес. Ақылдасармыз. Нағыз тәуелсіз ел болдық деген осы. Осы шыққан биігімізден төмендемесек екен. Ең бастысы аспанымыз ашық, еліміз тыныш, азаматтарымыз ауызбірлікті болғай деп тілейік.

Астананың  аспанын күзетеді.

Әуе қорғанысы күштері қолбасшының  орынбасары  полковник Оқас Сапаровпен осыдан 5 жыл бұрын танысқан едім. Ол кезде подполковник шеніндегі бригада командирі болатын. Сол тұстағы жағдайларды еске алыстық. Бүгінгі әскери  ұшқыштардың өнеріне тәнті болғанымызды айтып, әңгімеге тарттым.

Оқас сол баяғы тұйықтау мінезінен әлі өзгермеген. Қысқа қайырды.

ПВО бүгін барлық жасақтарымен шабуылға шықты. «Круг» деп аталатын зенитті зымыран  кешенін іске қалай қосқанымызды  өздеріңізде байқаған  шығарсыздар. Ал  С -300  зымыран кешені осы жолы алғаш   рет мүмкіндігін танытты. Бәрі күткеніміздей мүлтіксіз өтті. С-300 Астананың аспанын күзететін болады. Жаттығу аяқталғаннан кейін  бәрі сол жаққа апарамыз. Орын дайындалып қойылған. Әуе шабуылына қарсы тұратын бұл қарулармен  әлі шеберлікті  күннен күнге арттыра түспек., жоғары көрсеткіштерге жету қиын ғой,-дейді ол.

Осы кезде алғы шептен Әскеи қоғаныс күштерінің қолбасшысы генерал майор Көпен Ахмадиевтің өзі келіп қалды. Аман саулықтан кейін орынбасарының ойын одан әрі жалғастыруын өтініп , әңгімеге тартқан едік:

-Қазір қатты толқу үстіндемін. Жақсы баға алып жатырмыз,. Басқа не айтайын,- деп қысқа қайырды.

Шетел генералы не дейді

Украина елшілігінде  әскери атташе болып қызмет істейтін  генерал майор  Владимир Барабаш бір топ журналистермен  әңгімелесіп  тұр екен. Жайлап келіп бір шеттен  құлақ түрдік. Әңгіме төркіні Украина қарулы күштерінің бүгінгі ахуалы  жайында өрбіп жатқан  көрінеді. Сөз соңында  әскери адам ретінде Қазақстан жауынгерлерінің  бүгінгі жаттығуына қалай  қарайтынын  сұрадық.

Мен КСРО  кезінде  дәл мұндай   сәтті өткен  әскери жаттығуларды сирек кездестіргем. Қысқа мерізім ішінде Қазақстан әскерилері көптеген жетістіктерге  қол жеткігеніне  бүгін куә болдым.  Қазақстанда тұрғаныма бес жыл. Осы уақыт аралығында мұндайды кездестірген емеспін. Әскер тілімен айтсақ сіздердің жігіттеріңіз нағыз ерліктің үлгісін көрсетті деді ол ағынан жарылып.

«Смельчактың»  құпиясы

Артиллерия және зымыран әскерлерінің қолбасшысы Қажымұрат Мейірманов жоғары дәлдікпен ататын қарулардың  өзіндік ерекшеліктерін сипаттай келіп, « Смельчак» деп аталатын қаруға кеңірек тоқталды:

Бұл қаруда Сарышаған полигонында бірінші рет сынақтан өтіп отыр. Мана сіздер бірінші кезекте «өнерін» тамашалаған «тюльпан» деген мина атқыш  500  оқ шығару арқылы негізгі  қарсыласты жоюға есептелген. Ал «Смельчак» Ал «Смельчак»  2-3оқ шығару арқылы ақ сол нысаналарды түгелдей жоюыр жібере алады. Соған қарамастан оның құны да арзан. Жұмсалатын шығын да аз. Бұл қарулардың бәрін біз Ресейден сатып алдық. Мамандар да сол жақтан оқып келіп жатыр. Екі ел Президентінің арасындағы түсіністікке толы қатынастың арқасында қол жеткізген табыстадың нәтижесі осы. Алдағы уақытта бұдан жа ор биіктерге шығатынымзыға  өз басым сенімдімін,-дейді генерал.

 

Қолбасшылар қобалжымайды

Алғы шептен қайтып оралған Елбасы мен Қорғаныс министрі жоғары шенді офицерлердің арасына келіп, әрқайсымен жеке жеке әңгімелесті.

Президент төрт әскери округтың қолбасшыларын өзіне шақырды. Нендей жеке өтініштері бар екенін сұрады. Олардың бәрі қазіргі тұрмыстарына разы екендіктерін білдірді.

-Бұл жігіттердің бәріне Астанадан пәтер бөлінді ме?- деп сұрады қорғаныс министерінен.

– Бәрінің Астанада пәтерлері бар,- деп жауап қайтарды министр.

Сосын Ресейдің екі генералына қарай жақындады.

-Бұл кісілер біздің әскери оқу орындарында сабақ беріп жүр,- деп таныстырды Қорғаныс министрі.

-Жөн екен…Ресей академиясын бітірген өзіміздің генералдарымыз да емес қой. Оларды да оқытушылық қызметке тартқан дұрыс,- деді Президент Қорғаныс министріне қарап.

-Алдағы уақытта солай етеміз

Бұдан кейін Президент әскерилердің ортасына отырып  суретке түсті.

Даладағы шеру

Манағы атыс құралдарының бәрі Президенттің алдынан салтанатты шеру жасап, өтіп бара жатты.

Жасырын окоптарда тұрып «өнер» көрсеткен қару жарақтарды енді жақыннан тамашалаудың мүмкіндігі туды.

Әрқайсысының маңдайында тәуелсіз Қазақстанның туы желбіреген жылжымалы соғыс техникалар легі жарты сағат уақыт ішінде әрең өтіп кетті. Осыдан-ақ бұл әскери жаттығуға қаншама күштер жұмылдырылғанын аңғару қиын емес.

Елбасының арнайы сәлемі

Жаттығу басталар алдында түске дейін күн қатты суық болды. Ал Президент келер сәтте күн ашылып, маңайдың бәрі шуаққа толып кеткендей жадырап сала берген. Осы жадыраған сәт жаттығу аяқталып, Президент қайтқанға дейін сақталып тұрды. Мына қызықты қараңыз. Президент өзі мініп келген ұшаққа беттей бастағанда күн райы қайта бұзылды. Аспанды бұлт торлап алды. Мұның бәрі, әрине, кездейсоқтық шығар,- дегенмен, «Президент жүрген жерде шуақ шашылып, нұр жауады деген сөз рас болғаны ма?» – деп күлісіп жатқан дауыстарды естідік.

Тікұшақ сәл ұзап барып, қайта оралды да әскери қалашықтың үстінен айналып ұшты. Жердегілер жоғарыға қарап қол бұлғап тұр. Әне иллюминатордан Президенттің бізге қол бұлғағанын байқадық. Бәріміз балаша шулап, қол бұлғауға кірісіп кеттік. Елбасы Отан қорғаушыларын көріп барады,әрине, соған мәзбіз.

Бұл күні еңсеміз көтеріліп, көңіліміз ерекше бір сергіп қалғанын сезіндік.

Серік Жұмабекұлы

«Егемен Қазақстан»,

19сәуір, 2002

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field