Жыл сайын өтетін дәстүрлі журналистика мамандығы бойынша жоғары оқу орындары студенттері арасындағы ІХ Республикалық пән олимпиадасы биыл Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетте өтті.
20 сәуір күні Қызылорда қаласының студенттер сарайында олимпиаданың ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Байқауға бақ сынауға келген 13 команда осы шарада таныстырылып, ашылу салтанаты әдемі әнмен, әсем бимен жалғасын тапты.
Жыр елі, Сыр елі атанған киелі Қызылорданың шәкірттері қонақтарды тамаша өнерлерімен тәнті етті. Олимпиаданың шымылдығын ашқан кештің жүргізушілері С.Бақытбек пен А.Батухан шараны жоғары деңгейде жүргізе білді.
Олимпиада “Дидар” халықтық ән-би ансамблінің “Шашу” қазақ биімен ашылды. Кештің сәнін келтірген өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтсақ, Сәдуақасова Меруерт, Махамбетжанова Арайлым, Өткенова Тоғжан көпшіліктің көңілінен шығатын әсем әндерін тарту етті.
Байқаудың барлық кезеңдерін саралап, шын жүйрікті анықтайтын әділқазылар алқасының құрамында Жүнісов Абайбек, Тұяқбаев Ғабит, Ержан Байтілес және Гүлмира Әшірбековалар бар.
“Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” дегендей, абыроймен атқарылған ашылу салтанатында олимпиадаға қатысушы командаларға сәттілік тіледі.