Ел аузында «талантты адам барлық істе де, өнерде де талантты» деген тәмсіл бар. Расында да, он қолынан өнер тамған бесаспап шебердің сонымен қатар сұңғыла шешен болатынын, ал спорт саласында талай толымды табыстарға жеткен саңылақтардың өнер мен ғылымда да жемісті жетістіктерімен көпшілікті қуантып жүргендерінен хабардармыз. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы таланттардың бірі әрі бірегейі елімізгі белгілі спортшы әрі ғалым Сәуле Хатиятқызы Барлыбаева болып табылады.
Тарих ғылымының докторы, профессор Сәуле Барлыбаеваның көрнекті ғалым ғана емес, сондай-ақ спорт жұлдызы екендігін бүгінгі жастардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Мейілінше қарапайым, қолынан келген көмегін көпшіліктен аямайтын абзал жан Сәуле ханым Қазақстан спорты жылнамасына өзінің жарқын беттерін жазды. Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаевтың өткен ғасырдағы ұлт өрендерінің жетістіктеріне шолу жасағаны бар. Сөзіме дәлел ретінде соны келтіре кетейін. «Ол кезең Қазақстан спортына бір шоқ жарық жұлдыздарды, сәулесі еш сөнбейтін, есімдері мәңгі жасайтын сұңқарлар мен тұлпарларды, жақсылар мен жайсаңдарды мырзалықпен сыйлаған дәуір еді, деп әлқисасын бастаған Сұлтекең сайыпқыран спортшыларымыздың есімдерін атап, түгендеген еді. Назар аударыңыз: «боксшы Шоқ Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмаханов, ағайынды Махмұт пен Мақсұт Омаровтар, мерген Гүлшат Майлыбаева, палуан Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Аманкелді Ғабсаттаров, шахматшы Аида Мүслимова мен Пану Әбдіқасова, желаяқ Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосанов, конькиші Ораз Қаңлыбаев, гимнасшы Алтын Батырбекова, Сәуле Барлыбаева, Сәуле Рахыметова, баскетболшы Ольга Апатаева, судопшысы Нұрлан Меңдіғалиев, Асқар Оразалинов, Ерлан Аяпбергенов, футболшы Темір Сегізбаев, Сейділдә Байшақов, Құралбек Ордабаев, хоккейші Қазбек Байболов, волейболшы Заңғар Жәркешев, Жәнібек Сауранбаев, Еңсебек Иманғалиев, Әктәбір Жарылғапов және қазақтан шыққан басқа жүзге жуық спорт тарландары өткен ғасырда Қазақстан спортының шамшырағы атанды» деп тоқтаған Сұлтанғали ағамыз «бұлардың ел тарихында алатын өзіндік орны бар» деп, әңгімесін қорытқан болатын.
Соңғы кездері тұшымды талдауларымен, ойлы мақалаларымен оқырманды көзайым қылып жүрген EL.kz сайты қазақ қыздары туралы жуырда сырға толы суреттеме жариялады. «Қазақ халқының беделді қыздары» деп аталған журналист жазбасы «Ер адамнан кем түспейтін Томирис халқымыздың қазақ қыз-келіншектеріне үлгі болып, мақтанышына айналды. Сонымен қатар, қадірлі аналарымыз Айша бибі, Қарашаш ханым, Домалақ аналар қазақ қыздары үшін пәктік, адалдық, махаббат пен даналықтың символы болып мәңгі қала бермек» деп басталады. Өнер мен мәдениетке, ғылым мен білімге, халық ағарту ісіне, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға үлес қосқан, ел қорғаған апа-қарындастарымызға егжей-тегжейлі тоқталған қаламгер «Әлемдік спорт аренасында қазақ елінің кім екенін танытқан, кезінде спорт шебері болған Сәуле Барлыбаева, Аида Мүслімова, Гүлнар Сахатова, Эльвира Сахатовалардың ізін суытпай, Әлия Жүсіпова, Шолпан Қалиева, Әсел Жақаевалар жалғастырып келеді» деп, сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің бейнесін сомдай түсті.
Спорт әлеміндегі шамшырақтарымыздың бірі емес, бірегейі болған Сәуле Барлыбаева 1972-1977 жылдары көркем гимнастикадан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 1976 жылы КСРО чемпионы болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Спорттағы жетістіктерін шығармашылық ізденістермен шебер ұштастыра білген Сәуле 1979 жылы сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық) университетінің журналистика факультетін бітірген соң 1979-1983 жылдары Қазақ теледидарында журналист, редактор, спорт шолушысы болып еңбек етті.
Тағы да журналист жазбасына көз жүгіртейік. «Нарықтық заманда ер азаматтардың көбі ғылымды тастап, бизнес саласына мойынсұнып жатқанда бір қолымен бесік тербетіп, бір қолына қалам алып, ғылым мен білімге, өнер мен мәдениетке, спорт пен саясатқа белсене араласып жатқан қазақ қыздарының еңбекқорлығы мен қайсарлығына тамсанбай қоймауға болмас. Және олар барлық қазақ қыздарына үлгі екені сөзсіз» дейді қаламгер. Осы пікірдің растығын профессор Сәуле Барлыбаеваның ғылымдағы және өмірдегі жолы айғақтай түседі. Ол сырыққа құрық жалғаған тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау кезеңінде журналистік жұмыстан ғылым мен білім бағытына бет бұрды. «Оқу инемен құдық қазғандай» дейді қазақ. Және ол құдық сол кезгі Одақтың маңдайалды жоғару оқу орны – М.В.ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті болса, иненің темірдей тегеурінді болатыны түсінікті ғой. 1992 жылы журналистика факультетінің аспирантурасын бітірген соң кандидаттық дипломын алды. Көп ұзатпай докторлық атаққа да қолы жетті. Сәуленің докторлық жұмысының тақырыбына бір сәт көз салып көріңізші: «История развития информационного общества в странах Юго-Восточной Азии(на примере Малайзии и Сингапура»! Қиын да қызғылықты мәселені өз деңгейінде көтере, зерттей білген Сәуленің еңбегі еленіп, атағынан ат үркетін профессор лауазымын иеленді.
Мақсат адамды алға жетелейді. Сәуле Хатиятқызы өзі түлеп ұшқан алтын ұя-Қазақ ұлттық университетінің журналистка факультетінде кафедра меңгерді. Ұлы ұстазы, қазақ тележурналистика ғылымының негізін қалаушы, ұлттың ұлық азаматтарының бірегейі, профессор Марат Кәрібайұлы Барманқұлов атындағы телерадио кешеннің директоры болды. Жемісті шығармашылық жұмысты зерделі зерттеушілікпен ұтымды ұштастырып, 130-дан аса ғылыми еңбектің, оның ішінде монографиялардың, атап айтқанда «Казахстан: информационно-коммуникационная инфраструктура», «Коммуникация в жизни подрастающего поколения», «Современные СМК Казахстана в эру глобализации», «Массовая коммуникация: перспективы развития», «Новые медиа в мире и в Казахстане» сияқты сүбелі туындылардың авторы атанды. Бүгінде баспасөз және электрондық бұқаралық ақпарат құралдары кафедрасының профессоры Сәуле Барлыбаева магистратурада радиохабар дайындаудың тәжірибелік курсы, телевизия және радиобағдарламаларды дайындаудың технологиясы, тележурналистика негіздері, тележүргізушінің шеберлігі, телесұхбат дайындаудың тәжірибелік курсы, телехабар жасаудың технологиясы, тікелей эфирде жұмыс істеу шеберлігі пәндері бойынша дәріс оқиды. Ал магистратурада заманауи медиатехнологиялар, сандық журналистика және жаңа технологиялар; докторантурада ғылым мен инновациялар ақпарат кеңістігінде, жаңа медиа құралдары редактурасы, интернет-коммуникацияның дамуы және қоғам, қазіргі медиаанализ сияқты күрделі білім негіздерін үйретеді.
Сәуле ханымның жемісті зерттеушілік және оқу-әдістемелік қызметі еленіп-ескеріліп, ол 2007 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантына ие болды.
Қазақтың «жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай бір қоймас тегіне» деген ата-тек жөніндегі керемет нақылы бар. Сәуле Хатиятқызының өмірде қол жеткізген толайым табыстарының сырын алыстан іздеп қажеті жоқ. Оның әкесі хатият Хабибұлы Қара теңіз флотының әскери ұшқышы болып, Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік үлгісін көрсетсе, ал атасы, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымының кандидаты, профессор Хабиб Ақтайұлы Барлыбаев өткен ғасырдың орта шеніндегі ұлт зиялылары шоғырының көрнекті өкілі болатын. Хабиб Ақтайұлы атақты режиссер Шәкен Аймановтың әйгілі «Біздің сүйікті дәрігер» фильмі бас кейіпкерінің прототипі болып табылады. Хабиб Барлыбаев ұлы ақын, дала данышпаны Жамбыл Жабаевтың жеке дәрігері болған, сондай-ақ ол ұлтымыздың абзал азаматтарының бірі, сол кезеңде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметовтың денсаулығын бақылап отырған. Қасиетті Баянауыл өңірінің тумасы Хабибтің туған ағасы Ахметолла Барлыбаев Алашорда қайраткері болған. Хабиб ақсақал 1937 жылы жазалуаға ұшыраған ағасының балалары Камал, Ғинаят, Нағима, Халелді өз қолына алып тәрбиелеп, өсіреді. Осы ізгі жанұядан Барлыбаевтардың дәрігерлер әулеті түлеп ұшады.
Текті атаның ұрпағы бүгінде өз биігінен көрінуде. «Қырандар қияда қалықтайды» дегендей, біз-әріптестері, дос-жарандары Сәуле Хатиятқызына өмірде бақыт, тірлікте табыс, әдеби-журналистік және ғылыми қызметте шығармашылық шабыт тілей отырып, ұлы ұстазы Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың ғылымдағы дәстүрін ілгері ұластырып келе жатқан ізбасары ретінде ғылымның зеңгір көгінен көргіміз келеді. Өйткені, ғалымның хатын болашаққа шәкірттері жеткізеді. Ұстаз шәкірттерімен бақытты, Сәуле-бақытты жан!
Жетпісбай Бекболатұлы,әл-Фараби ат. ҚазҰУ кафедра меңгерушісі
Сәуле Хатятқызы мықты ғалым, жақсы жазылған екен.