Жуырда журналистика факультетінің ұйымдастыруымен “Біз де студент болғанбыз…” атты жаңа жобаның тұсауы кесілді.
Жоба жетекшісі журналистика факультетінің 3 курс студенті –
Мархаббат Ілияс. “Жобаның форматы сұхбаттасу ретінде болғандықтан, студенттер көкейлерінде жүрген сұрақтарын тікелей қойып, нақты жауап алуға мүмкіндіктері бар”, – дейді Мархаббат ханым.
Бойларындағы табиғи дарынымен талайды тамсандырып, көрерменнің көзайымына айналған өнер жұлдыздары студенттік өмірдегі қызықты сәттерін еске алып, өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, алдағы жоспарларына да тоқталып өтті. Эстрада әншісі – Абай Бегей Кубада өтетін концертке қатысатынын, заманауи жырау – Жан Ахмадиев жақында “Қазақпыз ғой – 4”, “Тағдыр” бейнебаянының жарыққа шығатынын айтқанда студенттер қуанып қалды. Опера әншісі – Ғани Бекмырза Беларуссияда өтетін Халықаралық байқауда еліміздің намысын қорғайтынын мақтанышпен айтып, қолдау көрсетсек жеңіске жететін анық айтты. Ал, дәстүрлі әнші – Гүлназ Нұрбалина он бес жылдық үзілістен кейін шығармашылығын қайта дамытып жатқанын, қазіргі таңда “Гүлдер” ансамблінде жұмыс жасайтынын айтты.
Бұл жобадан ерекше әсер алған студенттер “Айнаға қарағанда қандай адамды көресіз?”, “Егер бойыңыздағы бір қасиетті алып тастау керек болса, нені алып тастар едіңіздер?” – деген секілді тағы басқа көптеген сұрақтар қойды.
Әншілер орындаған “қонақ кәде” ретіндегі әндер ықыласпен қабылданды. Жобаны ұйымдастырушылар естелік ретінде әншілердің өздерінің портреттерін сыйға тартты. Бұл жаңа жоба халықтың қуанышына айналып, ұзақ жасай берсін!
Сымбат Айдархан
Журналистика факультетінің 1 курс студенті
Студенттік Баспасөз Орталығы