Уақыт деген сәйгүлік іспетті. Асау тұлпар. Темірдей тұяғымен жер тарпып, көкке шапшыған осынау пырақтың жалына жармасып, ауыздықтау ердің ерінің ғана қолынан келетін тірлік. «Арман-атқа, ат-мұратқа жеткізеді» деп бекер айтылмаған болар. Дегендей-ақ, Уақыт-Атты ерттеп мінген жан ғана ертеден шықса кешке озып, діттеген жеріне жетсе керек-ті.
Асау тұлпар-Уақытқа үстемдік жүрмейтіні де, жер үсті-Кеңістіктегі адамзаттың сапар-жолы оған тікелей тәуелді екендігі де бесенеден белгілі.
Бұл жөнінде ақын жырында былай делінген:
Тағы бір бел, тағы-асу,
Жолдан қызық табасың,
Қытымыр қыс қырында
Ойдың сүйреп шанасын.
Шандып қойған жер үстін-
Теңеу осы келісті.
Жол дегенің бітпейді,
Бітпей Уақыт, Кеңістік.
Иә, күре жол алыс сапарларға шақырады. Бірақ, пенде атаулы шідерлеулі жылқыдай ауыл-үйден алысқа ұзамай, қарға адым жерді шиырласа, ол да тағдырдың жазуы болар. Арманы асқақ жандар ғана көкжиекке көз тігеді, заңғарға самғайды, мерейлі мақсаттарға ұмтылады. Өмір мұраты ақиқатқа айналған Арманмен домбыраның қос ішегіндей қатар өріліп жатқан қазақ журналистикасының қабырғалы қайраткерлерінің бірі ретінде телеөнер майталманы Аршагүл Серікбайқызы Тойбай есімін атар едім. Олай деуімнің де себебі бар. Өйткені, біз бір жылдың төліміз, кезіндегі С.М. Киров, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ университетінің журналистика факультетінің қасиетті табалдырығын бірге аттадық, кәсіби өмір жолына да қатар қадам бастық. Жолымыз бірде алшақтап, бірде түйісіп, қолымыз жеткен жетістік-табыс атаулыға бірге қуана жүріп, талай бел-белесті артқа тастадық. Соған шүкіршілік етеміз бүгінде.
Журналистикадағы алғашқы адымын қазақ радиосының музыкалық хабарлар редакциясының редакторы қызметінен бастаған Аршекең кейіннен теледидар саласына ауысып, «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасының редакторы, музыкалық бағдарламалар редакциясының меңгерушісі, бұдан кейін «Алатау» телеарнасының редакторы, Алматы облыстық «Жетісу» теледидары бас редакторының орынбасары болып істеді.
Жаңа, жиырма бірінші ғасыр Аршагүлге жаңа өріс, соны бағдар сыйлады. Үздік публицистикалық туындылары үшін беделді шығармашылық ұйым-Журналистер Одағы сыйлығының иегері атанған кейіпкеріміз 2000-2005 жылдары республикалық «Абитуриент» газеті бас редакторының орынбасары, 2005-2010 жылдары «Салауатты Азия» қайырымдылық қорының вице-президенті, сондай-ақ осы аттас журналдың бас редакторы болып еңбек етті. 2010 жылдан бастап «Әдемі-ай» журналының бас редакторы, онкологиялық сырқаттарды қолдау қоғамдық қорының вице-президенті ретінде елімізде салауатты өмір салтын насихаттауға белсене ат салысып келеді.
Аршагүл Серікбайқызы қазақ қоғамындағы отбасы, әйел-ана мәселелерімен түбегейлі айналысып келеді. Тележурналист Аршагүл осы тақырыпты тереңнен қаузап, «Ел анасы» атты хабарды өмірге әкелегенін айырықша атап өткелі отырмын. Табиғатынан тынымсыз ол бүгінде түрлі мекемелер мен ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қалталы азаматтардың назарын ана мен бала денсаулығын сақтауға, ұлттық тәрбие ұстындарын қалыптастыруға аударуда. Басылымардың біріне жуырда берген сұхбатында Аршагүл Серікбайқызы «ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың алғашқы мақаласы «Адамдықтың негізі – Әйел» деп аталады. Әйел – анаға жасалған қамқорлық тұтас қоғамды өркендететініне келтірілген мысалдар қазірдің өзінде де мәнін жоймақ емес. Қазіргі біз өмір сүретін ортада да көзге көрінбес бөгеттер, тосқауылдар үстемдік құруда. Дәрігерге барам деп, шапқыласаң, жұмыстан қағыласың. Сырқаттанғаныңды естісе, сырт айналатындар табылады. Бұндайда әйелдерге психологтардың, психотерапевтің ақыл-кеңестері керек» деп түйіндейді. Аршагүлдің өзі қамкөңіл жандармен жиі-жиі кездесулер ұйымдастырып, жоғары оқу орындары студенттерімен жүздесіп тұрады. Мәселен, сәуір айының соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің тәлімгерлерімен жолығысып, «Экономикалық журналистика» ғылыми үйірмесінің мүшелеріне еліміздегі салалық басылымдар ахуалы туралы әңгімелеп берді. Тақырып желісін әдеттегідей жан саулығы мен тән саулығы арнасына бұрып, рухани құндылықтар хақында сөз қозғады.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!». Данышпан Абай лебізі нақ осы Аршагүлге арналғандай көрінеді маған. Қолдан келген жәрдемін кісіден аямай, мүмкіндігінше қол ұшын беру-оның өмірлік қағидасы деуге болады. Мейірім, шафғат адамға тек, тұқым арқылы беріледі ғой. Республикалық журналдардың бірінде Аршагүл жөнінде жарияланған көлдей бір мақаланың авторы біздің кейіпкеріміздің арғы бабасы-Апарқожа ислам дінін тарату үшін Жетісу жеріне Арабстаннан келген еді, деп жазады. Ауыл-үйге ұйытқы болып, болашақ буынға имандылық тәрбиесін беру үшін Алла үйі-мешіт салып, медресе тұрғызған. Ал, нағашы атасы Оразхан деп жазады автор, домбыра шертіп, әуелетіп ән салған. Қаракерей Қабанбай батырдан тарайтын нағашы әжесі Сәлиман да осал болып шықпаған, ол кезінде сол медресені тауысқан көрінеді. Сондықтан болар, заманымыздың заңғар тұлғалары Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Сәкен Сейфуллин осынау қонақжай шаңыраққа жиі ат басын бұрған көрінеді. Әкесі Серікбай болса Екінші дүниежүзілік соғыс өртіне шалынған қаһарлы жылдары жеті ұжымшарды дөңгелете басқарып, майданды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз еткен екен.
Міне, осындай өнегелі де өнерлі отбасында өсіп-өнген Аршагүл жастайынан кестелі сөз бен көркем мінезді жанына серік етті. Атынан ат үркетін «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбектің жауыр торылары туралы емес, атағы алысқа кеткен буынсыз биші Рамазан Бапов туралы көлемді очерк бастыруының да бір себебі осында жатса керек-ті. Қазақ радиосының музыка редакциясында да, теледидарда да осы жүрісінен жаңылған жоқ. Эфир падишасы-тыңдарман мен көрермен пікірлеріне жіті құлақ түріп, олардың ұсыныс-тілектеріне сай «Шабыт», «Сымбат», «Туған жер әуендері» сияқты соны бағдарламалардың өмірге келуіне түрткі болды. Аршагүлдің биік талғамы мен жүйрік қиялынан туындаған балет әртістері мен сазгерлер туралы хабарлар циклы бүгінде ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына қосылған. Саз сүлейлері Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Мұқан Төлебаев, Ғазиза Жұбанова, Базарбай Жұманиязов, Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков… Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.
Аршагүл сондай-ақ көпшілік көзайымына айналған «Тамаша» және «Шәшу» шоуларының бастауында тұрды. Осы «Шәшу» хабарына кідіре кеткеніміз абзал. Бүгінгі ел еркелері Мақпал Жүнісова, Нұржамал Үсенбаева, Жәния Әубакірова, Марат Омаров, Марат Ілиясов, Нұрлан Өнербаев, Бекболат Тілеухан, Майра Ілиясова сынды сайыпқырандардың тұсауын кескен де де Аршекең болатын.
Оның «Жетісу» теледидарында тындырған шаруалары сол кезеңде Алматы облыстық әкімдігінде істеген Ғалым Жазылбеков пен мына менің көз алдымда. Бас редактор Аршагүл Жетісудың жайсаң азаматтары туралы хабарлар топтамасының өмірге келуіне мұрындық болды. Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған «Абай» киноэпопеясының, Мұхтар Әуезовтың ғасырлық мерейтойы жөніндегі «Мұхтар әлемі» атты 24 хабардан тұратын телеэнциклопедияның тірлігіне білек сыбана кірісетіні де осы тұс. Сондай-ақ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша түсірілген «Күлтегін», «Тоныкөк», «Қарасай батыр», «Өтеген батыр», Наурызбай батыр», «Қабанбай батыр», «Бөлек баба», «Ескелді би», «Аңдас батыр», «Райымбек батыр», «Мұхаммет батыр», «Әмір-Темір» және басқа фильмдерге осы кезеңде қолтаңба қалдырды.
Ел басына күн туған зобалаң жылдарындағы жазықсыз қуғын-сүргіннің құрбандарына арналған «Тұлпардың тұяғы», «Шежіре», «Атамұра» сынды хабарларды өмірге әкелді. Ал, заманымыздың заңғар тұлғалары Шыңғыс Айтматов, Әбіш Кекілбаев, Марат Оспанов, Ғайрат Сапарғалиев, Әбділдә Тәжібаев, Хамит Ерғалиев, Әбдімәлік Нысанбаев, Манаш Қозыбаев, Талас Омарбеков, Сәбетқазы Ақатаев жөнінде сыр шертетін «Ел болам десеңіз» атты бағдарламасы өзінің тарихилығымен құнды. Ядролық полигон турасындағы «Қарашекпен қор қылған қайран жерім» хабарлар циклын тебіренбей көру мүмкін емес.
Оның теледидардағы хабарлары бір төбе екендігі даусыз. Дегенмен, Аршагүл қаламының желі «Мәңгілік жол» және «Ақкербез» атты көркем кітаптарды дүниеге келтіргенін қалайша айтпай өтеміз.
Бүгінде ұлы мен қызын қияға қондырған Аршагүл жанарын алысқа тіктейді. Арманы асқар адамның атқарар ісі ұлан-асыр, сол толайым істің толымды нәтижесіне куә болайық, ардақты ағайын!
Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби ат. ҚазҰУ
баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгерушісі