Шарипа Нуржанова
Маусым 3, 2015
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА 1995 жылы 6 наурызда Орал қаласында туған. 2012 жылы Оралдағы С. Сейфуллин атындағы мектепті бітіріп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен. Өлеңдері бірнеше жастар жинақтарына енген. Көптеген республикалық әдеби байқаулардың жеңімпаз-жүлдегері.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 3-курс студенті.
КӨКТЕМДЕГІ СЕЗІМ
Тәңір маған күнін берді, ай берді,
Енді кезіп кетсем екен қай белді?!
Өзіменен зор шаттықты әкелген,
Осы көктем жай-күйіме сай келді.
Өзгелерге жүргенімен білінбей,
Бұл өзгеріс сәуле шашты күнімдей.
Жүрегімде бүршік атты бір сезім,
Бүршік атқан алма ағаштың гүліндей.
Демегейсің ақыныңа «Сыр, кәні?»
Білгің келсе, күйімді оқы жырдағы.
Жүрегімде қауыз жарды махаббат,
Қауыз жарған гүлмен бірге қырдағы.
Енді менің жүрегімнің досы үміт,
Сезім барда көрген емен тосылып.
Сайрап жатыр көкірегімнің құстары,
Бұлбұлдардың әуеніне қосылып.
Көптен бері жалғыздықпен серік ем,
Сол аруды арманыма телігем.
Ғашықтықтан тұла бойым еріді,
Қармен бірге Алатауда еріген.
ҮШ ЖЫРТҚЫШ
Жауымызды іздемеңіз алыстан,
Сол жауменен бабамыз сан алысқан.
Іргемізде – аю менен айдаһар,
Ал мұхиттың ар жағында – арыстан.
Бірі – арқырап,бірі – жалын шашады,
Бірі – ақырып, өр мысыңды басады.
Шалыс бассаң жіберердей қылғытып,
Үшеуі де аранын кең ашады.
Қазақтардың шайқап алтын қазығын,
Қояр емес қазаққа көр қазуын…
Үшеуі де бізді жемтік көреді,
Үшеуі де ақситады азуын.
Адал антсыз айтылады қай бір ән?!
Елге берген жыр сертімнен айныман!
Осыны ойлап, көз ілмеймін түндерде,
Осыны ойлап, елім үшін қайғырам!
Қанға сіңген баба жыры, күйімен,
Ұлтқа қызмет етемін деп түйіп ем.
Анталаған жау тұрғанда,
Елі үшін
Күйінбейтін қазақтарға күйінем!
Шуақпенен жауап беріп ызғарға,
Нұр төгеміз түпсіз терең құздарға…
Дегеніне жете қоймас жау бірақ,
Ел қамын жер жастар барда, біз барда!
Аға буын, бер біздерге батаңды,
Өзен-көлім, орман-тауым, жотамды:
Білім – қанжар, иманымыз – қалқан боп,
Үш жыртқышқа алдырмаймыз Отанды!!!
АҚЫН БАУЫРЛАРЫМА
Ақындарға тура жолдан адасқандар ілеседі. Көрмейсіңдер ме, ақындар өздерінің айтқанын өздері істемейді.
«Құран Кәрім», «Шайыр» сүресі, 224-226 аяттар.
Ақын бауырым, мініңді мүлде білмейсің,
Өзіңе салса, аспандағы ай мен күндейсің.
Әділдік дейсің, адалдық дейсің жырыңда,
Өзіңнен мықты ақынды бірақ күндейсің.
Сезім деп ойлап, нәпсіңе ерік бересің,
«Сен ұлысың!» деген сайтаныңа да ересің.
Ізгілік жайлы КЕРЕМЕТ өлең жазасың,
Ал өзің бірақ боқтайсың, шылым шегесің.
Әлем сені емес, әлемді өзің ұқпайсың,
Өмір желінен сыраханада ықтайсың.
Сабырлы бол деп жырлағаныңмен, ал өзің,
Болмашы мұңда шарапханадан шықпайсың.
Кербезденесің таудан биік боп талғамың,
Қаншама мәрте өзгерді екен арманың?!
Махаббатқа адал болыңдар дейсің, ал өзің,
Қанша аруға ғашық боп өлең арнадың?!
«Талантым бойға сыймайды» дейсің, бұзықсың,
Асау мінезбен сан кештің шырқын бұзыпсың.
Кемшілігіңді түзетпейсің еш өзіңнің,
Ал өзгелерді түзеткің келед, қызықсың!
Арқасы қажып, қажалып тоқпақ жауырын,
Шайырлар жүктің көтеру керек ауырын.
Құдайдың өзі сынайды бізді «Құранда»,
Ақындыққа кір келтірме, ақын бауырым!..
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА