БІШКЕК САПАРЫ – ШОҚАН ІЗІМЕН
Шарипа Нуржанова
Мамыр 1, 2015
Туғалы тәуелсіздіктің көлеңкесінде еркін тыныстап, балғын балалық шақ алаңсыз өтті. Содан болар, біз үшін – Қазақстан ыстық, Қазақстын – ұлы, Қазақстан – теңдессіз. Сонымен қатар, Қазақстанға айтар назымыз да көп. Есейе келе, өз еліңнің қадірін немесе кемшілігін бағамдау үшін өзге елдермен салыстырғың келеді. Ғаламтор өріс алған мына заманда әлем бойынша жедел ақпарат алмасу өз қарқынына мінген. Алайда, тек берілген ақпаратпен шектеліп қалу – журналистке тән емес. Себебі, кез-келген мемлекет өз имиджін оң қалыптастыру үшін – әлем алдында барынша жағымды ақпарат беруге тырысады.
Студенттік шақ – басқа кезеңмен алмастыруға келмейтін, қайталанбас уақыт. Бұл шақтан көңілде қалатыны курстастар арасындағы сыйластық пен сауық күндер. Себебі, бірге қыдырған күндер әрқашан да қызық пен шыжыққа толы. Бұл жолғы сапар жай ғана Алматы қаласында емес, көрші бауырлас қырғыз елінде өтті. Оған септігін тигізген Шарипа апайымыз да жастығына саяхаттағандай, бірге қыдырып келді.
Бішкекке әдеттегі құрбы-құрдас болып көңіл көтеру үшін ғана аттанбадық. Кезінде қырғыз елінің тұрмыс-тіршілігін зерттеп, мәдениеті мен әдебиетіне зер салған, одан өзге саяси мәселелеріне де аса мән беріп, шешіміне қатысқан қазақтың ағартушы ғалымы Шоқан Уалиханов ізімен саяхат жасап қайтқан жайымыз бар.
“Қырғыз елі” десе, ойымызға оралатыны – Шыңғыс Айтматов, Құрманжан Датқа, одан кейін “Манас” дастаны. Ұлттың мәдени символы болған бұл Манасты Шоқан атаның еңбегі арқылы жатқа білетініміз тағы бар. Бішкектегі Арабаев атындағы мемлекеттік университте өткен семинар “Шоқан Уалиханов күндері” деп аталды. ҚазҰУ-лық бір топ студенттер мен оларды бастап келген журналистика факультетінің оқытушысы Нұржанова Шарипа апай бұл семинарға бір кісідей ат салысты. Әрине, ұлт қамы үшін қара тер төккен Шоқан Уәлихановты қырғыз бауырларымызға дәріптеп, насихаттау – біз үшін үлкен мақтаныш, ұрпақтық парыз еді.
Шоқанның ағатушылық мәдениеттегі орнын айта берсек, Европаны аралап шыққандай әсер алар едік. Алайда, бұл жолы – оның Қырғыз еліндегі жолсапар күнделіктеріне ғана жан-жақты тоқталдық. Ғалым болатын – аспанға қарап, жерден қазады. Көптеген зерттеулерде оның ауыл адамдарымен еркін сөйлесіп, барлық жыр-ертегілерді ерінбей тыңдап, жазып алғаны туралы айтылады. Демек, бұл – Шоқанның көрші елдің бүкіл мәдениеті мен әдебиетін қағаз бетіне түсіруі – оның қарапайымдылығы деп білеміз. Сондай-ақ, қырғыз еліндегі ауыл-аймақтарды картаға түсіріп, одан бөлек зоология мен биологияға да аса көңіл бөлген. Оның баға жетпес еңбегін орыс ғалымдары биіктен көрген. Абайды білмейтін кейбір қазақтарға Шоқаннан хабарсыздығына ренжімессің, сірә?! Ал, қырғыз елінің көптеген жастары – Шоқанды танып-біліп қана қоймай, үлкен сыйластықпен есімін атағаны – кеудеге еріксіз қуаныш пен абырой сыйлады.
Салты мен санасы тамырлас көрші ел қонақжайлықтан да кенде емес екен. Жолсапар Шыңғыс Айматов пен өзге де тәуелсіздік (революция) құрбандарының мәйіті жерленген Ата бейіттен басталды. Құран бағышталып, киелі Шыңғыс әруағы екі ел жастары арасында таныстық пен жолдастық орнатты. Достық соңы қырғыз-қазақ университет арасындағы келісімге алып келіп, келесі семинар Қазақ Ұлттық университетінде “Шыңғыс Айтматов күндеріне” арналатын болды. Шоқанды кеудеге біткен ұлы патриотизммен дәріптеген қазақ студенттері мен журналистика факультетінің бір топ оқытушыларына Арабаев университеті алғыс хат та табыс етті.
Серікбаева Айзат
Журналистика факультетінің 3 курс студенті