Бүгінгі қазақ аруларының сыралғы құрбысы «Сырласу» журналының ұжымы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің студенттеріне Студенттер баспасөз клубында алғашқы шеберлік сабағын өткізді.
Қарашаңырақ Ұлттық Университеттің қабырғасында өткен шеберлік сағатына «Сырласу» журналының бас редакторы Кәмшат Әкімқожақызы, арт-директоры Ирина Соколова, бас редакторының орынбасары Айнұр Төлеу және фоторедакторы Татьяна Бегайкинақатысты. Шеберлік сабағының ұйымдастырылуына журналистика факультетінің ұстазы Әйгерім Әлімжанова ұйтқы болды.
Кездесуде қазіргі журналистиканың әртүрлі салаларына тоқталып өтілді. Атап айтқанда газет тілі мен журнал баспасы айырмашылықтары және олардың интернет-журналистикасынан бөліп-жарып қарау мәселелері қаралды. Сөз барысында ең бастысы адам назарын бірден өзіне аудара алатын журналдың дизайны сапалы болуы керек екендігі айтылды.
Негізгі қаралған мәселелері:
– Қазақ басылымдары және олардың бүгінгі қоғамдағы орны;
– Нарық заманындағы басылымдардың жай-күйі;
– Басылым тілі;
– Қазақ тілді басылымдардағы әрлеу ісінің рөлі;
– Интернет-журналистика
– Қазақ тілді қоғамдағы танымдық журналдарға тоқталып өтер болсақ, қазіргі кезде олардың саны өте көп. Атап айтқанда, «Жұлдыздар отбасы», «Сырласу», «Балжан», «Береке», «Дара», «Аружан», «Айгөлек» және «Балалар әлемі» журналдары. Олардың кейбіреулері қаржы тапшылығына байланысты шықпай қалып отыр. Мұның бәрі тікелей шығармашылықпен бірге менеджментке де байланысты. Одан бөлек, әрбір журналдың концепті қоғамдағы белгілі бір топқа бағытталуы тиіс. Қоғамдағы барлық азаматтарға арналған журнал деп басу стратегиялық мақсаттың осал екендігін көрсетеді. Сондықтан журналдың нақты оқырманы кім болатынын анықтап алған жөн. Яғни өз оқырманыңыздың портретін анықтап алуға тиіссіз, – дейді журналдың бас редакторыКәмшат Әкімқожақызы.
Сонымен қатар, кез келген журналдың қазіргі заман талабымен үндескен сапалы әрі әрлеу ісі Еуропа стандартына сай болуы қажет екендігі нақтыланды. Кездесу барысында «Сырласу» журналының негізгі айдарларының қалай және неліктен таңдап алынғаны жөнінде де пікірлер айтылды. Мысалы, «Хабардар болыңыз», «Бәрінен де сен сұлу», «Талғам талабы», «Жан әлемі», «Бала тәрбиесі», «Денсаулық», «Ас мәзірі», «Қолөнер» (HandMade) т.с.с.
«Сырласу» журналы бас редакторының орынбасары Айнұр Төлеу: – Қазақ тілді басылымдарға алпауыт компаниялардан жарнама енгізу керек. Себебі қазіргі коммерциялық қоғамда барлық жоба бір-біріне тығыз байланысты құрылған. Журналдың стандартына келер болсақ, әрбір басылымда шыққан жарнама беттері жалпы есептің 40%-нан аспауға тиіс. Оны да ескеру керек. Нарық заманына сай біздің журналда өзге журналдарға қарағанда жарнама беттері біршама көп. Мүмкін ол оқырмандарымызға таңсық дүние секілді көрінер. Негізі ол бүкіл әлемдік басылымдарда бар нарсе. Онсыз журнал қалай шығады? Журналдың баспа мәселесі және тілші еңбегі бар. Алдағы уақытта барлық журналдар да осы салаға енеді, – дейді.
Шеберлік сабағынан журналистика факультетінің студенттері журналдың қандай стандарттарға сай болуы керек екендігін тани білді. Ендеше журнал концептіне қарай дәстүрмен үндесуі, заманмен үйлесе отырып, адам өмірін бақытты етуге арналған әдістеме болуы тиіс. Сондай-ақ, шығыс менталитетімен өмір сүретін әйелдер мен бүгінгі қазақ аруларының ортақ энциклопедиясына айнала білуі керек.
Арнайы таратылған журналдарға қызыға қараушы болашақ мамандар түрлі сұрақтар қойып, көкейіндегі ойын бөлісті. Журнал тіліндегі ерекшеліктер мен суреттердің сапасына көп мән берілуі тиіс екендігі басты назарда болды. Осы орайда, «Сырласу» журналының арт-директоры Ирина Соколова журнал фоторедакторы мен дизайнерлерінің түстерді таңдауға талғамы болуы маңызды рөл атқаратын атап өтті.
Бір сағатқа жоспарланған шеберлік сабағынан студенттердің ұғынары көп. Ұлттық Университеттің ұстаздары алдағы уақытта журнал ұжымымен ортақ келісімге келіп, осы тектес оқыту дәрістерін өткізіп тұруды мақсат етті.
Жолдас Өрісбай,
www.massaget.kz
тілшісі