Сағатбек Медеубекұлы,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің деканы, ф.ғ.к., доцент
Бұл мақалада ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың: « Біз – өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан ұрпақпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім не таниды?» (Назарбаев Н.Ә. Менің арманым да. Мұратым да Қазақстан халқын бақытқа жеткізу. // Жұлдыз. 2000. № 7) деген салмақты да жауапкершілігі жоғары сөзін басшылыққа ала отырып, жалпы ұлттық публицистиканың зерттелуі туралы айтылады. Шешенсөздің ғылыми айналымға түсуі, оның қажеттіліктері бүгінгі заман талабы тұрғысынан талданады. Бүгінгі ұлттық дүниетанымдық көзқарас тұрғысынан бұл салаға қатысты жаңа аталымдар ұсынылады.
Автор бұған дейінгі публицистика, яғни замансөз туралы айтылған ғылыми ойларға, оның ішінде ауызша публицистиканың, яғни шешенсөздің төңірегіндегі ғылыми ойларды сабақтастыра келеді де өз тұжырымдарын ұсынады.
«Публицистика» деген сөздің мағынасы латынның- «публикус» деген сөзінен тарағандығын бұған дейін бұл тақырып төңірегінде зерттеу жүргізгендер айтып келеді. Оны қазақшалағанда «қауым», «жиналған жұрт», «алқа топ», «қоғам» деген мағына береді. Ал «публицистика» дегеннің мәні сол жиналған жұрттың, алқа топтың, қауымның, қоғамның алдында қажетті сөз айту өнері дегенге саяды. Оны әлем халықтарының бәрі сол латын тіліндегі нұсқадан көшіріп, сол түрінде қолданбайды. Өз тілдерінің ыңғайына қарай аударма-балама жасап, ғылыми айналымға енгізеді. Мысалы қытайларда «публицистика» деген сөз жоқ екен, оның орнына «шышыжынлун»(уақыт+әрекет+саясат+әлеумет+сөз) дейді; жапондар «рондан», (ал публицистикалық жарияланымды «кокай хоодо»), монғолдар «өгүүлэл» деп қолданады. Аталымдарды олар өз ұлтының ұғым түсінігіне орайластырады, ана тілінің ішкі заңдылықтары мен нормаларын сақтай отырып мағыналық жағына баса көңіл аударады. Тікелей аудара салуға жол бермейді. Біз де «публицистика» дегеннің ең әуелі сыртқы пішіні емес, ішкі мазмұнын іздейміз. Бұл істі бізге дейін де сан ғалым алған тақырыбына қарай қарастырған. Мысалы, В. Даль: «Публицист – көбінесе халық құқығы туралы, қазіргі уақыттың жалпыға ортақ мәселелері жөнінде жазатын газет, журнал жазушысы» дейді. Яғни Даль түсінігінше публицист – қазіргі күннің жалпыға ортақ мәселелерін жазу арқылы қозғайтын қаламгер. Бұл жерде «ауызша» деген сөз жоқ. Дегенмен, орыс ғалымдары бұл мәселеге байланысты пікірлерін ауызша әдебиетке, халық ауыз әдебиетіне(фольклорға) қатысты айтты. Мысалы В. Ученова: «Устная публицистика» или иными словами, злободневная политическая мысль, обращенная к живому, непосредственному восприятию широкой аудитории, облекалась не только мастерством тщательно продуманных речей, но и мастерством импровизации фольклорных произведений…»,-дейді. (Ученова В. Публицистика и политика. М.: Издательство политической литературы. 1979, С. 35) Мұнда ғалым «ауызша публицистика» деген атауды айтады, бірақ оны тырнақшаға алады. Оның себебі – бұл атаудың орыс ғылыми танымында әлі термин ретінде тұрақталып орнықпағандығында. Осы пікірден тағы бір ұққанымыз – «бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғайтын саяси пікір» дегенді ауызша публицистиканың анықтамасы ретінде сабақтай кетеді. Тағы бір байқағанымыз – саяси пікір бірден қалың көпшілікке қаратыла айтылады екен. Келесі аңғарғанымыз – қалың бұқараға тіке қаратыла айтылған сөз тыңғылықты ойластырылған сөз арқылы ғана емес, табан астында суырып салу арқылы дүниеге келетін фольклорлық шығармалар арқылы да жанданып отырған.
Біздіңше, публицистика тек саяси санадан туған туындылар жиынтығы емес. Егер шынымен де жоғарыдағы ғалым айтқандай, ауызша публицистика фольклорлық шығармалардан да өзіне тағылым алса, онда фольклорлық шығармалардан әр кезеңнің өз күн тәртібінде тұрған ел саясатын дәл табу қиын. Дегенмен, ауызша публицистика сөз өнерінің халықтық түрлерін пайдаланады. Бұқараның санасын бүгінгі күннің өзекті мәселелерін ғана айту арқылы оятып қою аз, өткен шақ әңгімелерін айта отырып ұлттық жадын қайта жаңғырту жолымен де санаға қозғау салу мүмкін нәрсе. Оны фольклорлық шығармалар арқылы да және ауызша публицистиканың яғни шешенсөздің халықтық түрлері арқылы да жүзеге асыруға болады. Аталмыш ғалым тағы бірде: «… публицистика баспасөз, радио, телевидения арқылы халықтың пікірі мен ойын және оның күнделікті еркін білдіреді»,- дейді. Ғалым бұл жерде ауызша публицистиканы яғни шешенсөзді мүлдем ескермеген.Біздіңше, шешенсөздің түрлері де радио немесе телевиденияны, әйтпесе баспасөзді қажетсінбей-ақ алқаманмен(аудиториямен) бетпе-бет тұрып та қоғамдық пікір қозғау арқылы халықтың санасын оята алады. Оның қызметі сол.
Мына пікірді де тілге тиек ете кетейік: «Ортағасырлар ауқымында дамыған бұқаралық жазба мәдениет және соның бөлініп шыққан қуатты бұтағы – публицистика (біздіңше, көсемсөз –жазба публицистика. С.М.) халық ауыз әдебиетінің бай тәжірибесін мұраланған, өз жанрларының жандануында түпсіз терең фольклорлық қазыналардан мейілінше нәр алған»(Сонда. С.45.) Бұл ойлардың астарынан мыналарды байқаймыз: Жазба публицистика, яғни көсемсөз жазба мәдениеттің бір саласы екен. Ал ғалымның «жазба мәдениет» деп отырғанының аясына қандай рухани мұралар кіреді? Әдебиет пе, әлде тіл ғылымы ма, болмаса тарих па? Әйтпесе, фәлсафалық ойлар жиынтығы ма? Біздіңше, «жазба мәдениет» ұғымының аясына осылардың, яғни, жазбаша дүниеге келген, қағаз бетіне түскен туындылардың бәрі кіреді. Солардың қатарында, әрине жазба публицистика, басқаша айтсақ-көсемсөз де бар. Бірақ, көсемсөзбен қатар ол заманда да ауызша публицистика яғни қоғамдық санаға ауызша айту арқылы қозғау салу өнерінің де болғандығы туралы ештеме демейді. Дей тұрғанмен сол ортағасырлық жазба мәдениеттің бір бұтағы жазба публицистика өз жанрларын ауызша әдебиеттің бай тәжірибесі мен фольклорлық қазыналардан сусындағандығын орынды айтып отыр. Десек те біздің ойымызша сол фольклорлық жаратындылар қатарын, ауызша әдебиет туындыларының сапын топ алдында тыңдаушыға бетпе-бет айтылып, кейін уақыт өте келе халықтық мұраға айналып кеткен шешенсөз айтындылары да толықтырып отыратынын естен шығармауымыз керек.
Публицистика, яғни замансөз туралы айтылған мына пікір де назар аударуға тұрарлық: «Көсем сөз (публицистика, лат. Publicus – қоғамдық) – әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерді қозғайтын саласы…» (Әдебиеттану терминдерінің сөздігі./ Құрастырушылар-З. Ахметов, Т. Шаңбаев. – Алматы, Ана тілі, 1996.-240 б.) Бұған дейін осылай түсінілген, түсіндіріліп келген ұғымдар мен мағыналарға қайта бір ой сүзгісіне салып көруге болады. Шындығында, осы пікірде айтылғанындай, көсемсөз әдебиеттің бір саласы ма? Әдебиет- көркем ойдың нәтижесі. Көркемдік сапа уақыттың – жемісі. Көркем ойдан бұрын өмірге әуелі құбылыс, оқиға, соған байланысты нақты ақпараттар, деректер, мәліметтер келеді. Сол құбылыс, оқиғаға қатысты деректер мен мәліметтер шешенсөз яғни ауызша публицистика арқылы тарайды да, жалпы жұрттың санасына орныққаннан кейін барып әр түрлі түсініктер, пайымдаулар, көркем сипаттаулар мен суреттеулер, типтік образдар туа бастайды. Көптің көкейіне қонатын көркем әңгіме оқиға болып жатқан сәтте тумайды. Сол кезде туса, ол әдебиет туындысы болмайды. Әдебиет туындысына образдар сомдамасы, оқиғалар желісі, тілдік бейнелеуіш-көркемдеуіш құралдар жүйесі, кейіпкерлер даралығы және олардың өзара байланысы, ең бастысы – идея айқын, тақырып бір күндік емес, мәңгілік болуы қажет. Бұлардың бәрін өз орнымен жүзеге асыру үшін жазушыға әжептәуір уақыт керек. Жазушы болған жай туралы ақпараттар мен көпшілік көзқарасын өз ойы елегінен өткізіп, өзінше ой түйеді. Төл тұжырымын негізге идеяға бағындырады. Содан кейін жазады. Жазғанын тексереді. Қатесін түзейді. Қайта қарайды. Қайта жазады. Яғни әдебиет туындысының өмірге келуі үшін ұзақ үдеріс жүзеге асады екен. Ал көсемсөздің халық санасына қозғау салар уақыты шектеулі. Көсемсөздің сыңары шешенсөз бұдан да ұшқыр. Өйткені ол ауызша айтылатындықтан, оған тілден басқа қосымша құрал-жабдық қажет емес. Ақпарат оқиға болып жатқан сәтте–ақ айтыла береді де қоғамдық пікір тудыра бастайды. Рас әдебиет те, шешенсөз бен көсемсөз де белгілі бір тіл арқылы дүниеге келеді. Қаруы да, құралы да сол. Бірақ, атқаратын функциясы мен жүзеге асу жолдары және мазмұны мен пішіні бөлек болғандықтан, бұларды біріне бірін қосу қисынға келмейді. Шешенсөз бен көсемсөз ең әуелі нақты дерек, дұрыс мәлімет, анық факт арқылы дәл осы сәттегі қоғамдық санаға қозғау салуды көздейді. Және олар нақ осы шақтаға тыңдаушыға, оқырманға, көрерменге бағытталады. Оның осы шақта айтылғандары ертең ескіруі, тіпті мүлдем ұмытылуы да мүмкін. Бұл- шешенсөздің өз заңдылығы. Ал әдебиеттің жаратындысы ертең ұмытылса, онда ол өз функциясын атқара алмағаны. Әдебиет – көркем ойлау жемісі, ал замансөз – нақты ойлау нәтижесі. Жоғарыдағы пікірде публицистика, яғни замансөз «журналистиканың бір саласы» деген ой да айтылған. Рас, публицистің, яғни сөзгердің қоғам тудырған өзекті мәселелерге қатысты ойлары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалпы жұртқа жарияланады, демек журналистика жәрдемге келеді. Оның басты қызметі де сол. Мемлекет мүддесі, ұлт тағдыры секілді ауқымды да маңызды мәселелермен қатар, күнделікті ағымдағы атқарылар істерге жұмылдыруға байланысты ойларды кез-келген саналы азамат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, яғни журналистиканың араласуымен көпшіліктің назарына ұсынады. Сол зәрурат істерге қатысты газет, журналдарда жарық көрген ойлардың жиынтық атауын «публицистика» деп атау санаға орныққан. Сондықтан да публицистика журналистиканың бір саласы болып көрінеді. Бірақ, мынаны да есте ұстаған жөн. Публицистиканың қоғамдық сананы ояту, қоғамдық пікір тудыру, қоғамдық ой қалыптастыру қызметі журналистика дүниеге келмей тұрып та, газет, журнал, радио, телевидение пайда болмай жатып та әр елде, әр мемлекетте ауызша да жүзеге асып келген. Яғни шешенсөз журналистикадан бұрын өмірге келіп, белгілі бір мөлшерде сол журналистиканың дүниеге келуіне ықпал жасаған. Қоғамдық қатынастар дамып, өнеркәсіптік-өндірістік ілгерілеулер алға жылжыған сайын, адамдардың шоғырлануы мен араласуы артқан сайын бұқараның санасын ел алдында тұрған мүддеге қарай бағыттау өнері – публицистика, яғни заимансөз ақпарат таратудың, алмасудың жаңа тәсілін ойлап табуға итермеледі. Бұрынғыдай ауызша ақпарат жеткізу амалдары енді газет, журналдар таратумен алмасты. Бірақ жұрт алдына шығып түсіндіру, насихаттау, үгіттеу газет сөзінен еш төмендемеді. Жаппай қара танып, түгел газет журнал оқып кеткенше, тіпті солай болған күннің өзінде ауызша айтылғанды тыңдап қалыптасқандықтан да халық шешенсөз ықпалына мұқтаждығын еш кеміткен емес. Шешенсөз журналистикамен бір деңгейде қоғамдық-әлеуметтік қызметін атқарып келеді. Айтпағымыз – замансөз газет-журнал өндірісінен бұрын дүниеге келген, сондықтан оны журналистиканың бір саласы етіп көрсету шарт емес. Публицистика, яғни замансөз журналистикасыз да өз функциясын атқара алатындығын биік мінберден қоғам алдында тұрған елеулі мәселелерді дұрыс шешу жолдарын айтқан ел басқарушылардың ауызша баяны – саясатсөз, академиктің ғалымдар алдында немесе профессордың студент, жастар ортасында ауызша айтқан ұлағаты – білімірсөз, жиындарда, мәжілістерде белгілі бір идеяны қолдау үшін айтылған қошеметсөз, сот залдарында әлдекімді айыптау немесе ақтау үшін айтылған биліксөз, жиналған жамағат алдында дін ақидаларын тарқата түсіндірген уағызсөз дәлелдейді. Бұлардың бәрі журналистика араласпай-ақ жүзеге аса береді. Сондықтан да публицистиканы, яғни замансөзді журналистиканың бір саласы деп кесіп айту қиын. Осы тұста мына тұжырымдарды тілге тиек ете кету де орынды: «Біріншіден, журналистика –әр алуан мекемелердің басын құрайтын ерекше әлеуметтік институт болып табылады… Екіншіден, журналистика қызмет түрлерінің жүйесі болып табылады… Үшіншіден, журналистика – мамандықтар жиынтығы…Төртіншіден, журналистика – шығармалар жүйесі… Бесіншіден, журналистика – … басылымдар мен бағдарламалардың түрлерін қалыптастыратын арналардың біртұтас жиынтығы… Алтыншыдан, журналистика – БАҚ проблемаларын зерттейтін өзгеше ғылым саласы және оқу пәндерінің жиынтығы.» (Бауыржан Жақып. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары. Алматы. –Білім. 2004, 28-29 бб..) Бұл тұжырымдарда «журналистика- шығармашылықтың бір түрі» деген ой жоқ. Мұнда «шығармалар жүйесі» деген анықтама бар. Ал публицистика, я,ни замансөз биік шығармашылық ізденіс нәтижесінде дүниеге келеді. «сонымен қатар … өзекті қоғамдық-саяси тақырыпқа көпшілік алдында сөйленген сөздерді де қамтиды… публицистика – белгілі бір нысаны, орны, функциясы, мазмұны, құрылымы мен пішіні бар, белгілі бір жанрлар жүйесі бар және қоғам мүшелеріне әсер ету тәсілдері бар тұтас шығармашылық түрі.» (Бауыржан Жақып. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары. Алматы. –Білім. 2004, 28-30-бб.. Байқап отырғанымыздай, публицистика ұғымы мен журналистика ұғымының аражігі әжептәуір екен. Тегінде журналистиканың қоғам мен сөзгер ортасындағы алтын көпір қызметін атқаратындығын және сол қызметінің өзі қоғамдық болмыстың күретамыры қызметімен барабар екендігі де айнымас ақиқат. Журналистикасыз көсемсөз де, шешенсөз де жарымжан күй кешеді. Жұртқа жария болуы үшін де жазылған дүние газет- журналдарда басылуы керек, ауызша айтылған ой радио немесе теледидар арқылы берілуі керек. Ал публицистика, яғни замансөз болмаса, газет пен журналдың бетінде жарияланған «от басы, ошақ қасының», болмаса әркімнің қара басының қам -қарекеттері қоғамдық сананы ояту, ортақ іске жұмылдыру, баршаға керек мүддеге бағыттау мұраттарының жүгін көтере алмайды. Заманның сөзін сөйлеп, қоғамның асқақ мақсаттарын, ұлттың ұлы армандарын күйттесе ғана БАҚ-тың бағы ашылады. Ал заманның сөзін сөйлеу шешенсөз бен көсемсөздің ғана міндетінде. Демек, журналистика мен публицистика, яғни замансөз бірін бірі толықтырып отыратын қоғамдық сананың қозғаушы күштері ретінде өз міндеттерін атқара береді.
Публицистиканы, яғни замансөзді ғылым деп тану да – уақыттың өзі күн тәртібіне қойған қажеттілік. Басқа елді қойғанда өз елімізде осы тақырып төңірегінде қаншама ғылыми ізденістер жасалды, еңбектер жазылды, қаншама ұғымдар мен түсініктер, қорытындылар мен тұжырымдар, айқындамалар мен анықтамалар ғылыми айналымға түсті. Ахмет Байтұрсыновтан бері бүгінгі күнге дейін бір тоқтамаған замансөз жайындағы ғылыми ой ағыны өзін мойындатып келеді. Публицистика айқындамасын жасаудан бастап оның атқаратын қызметін, өмірге келу жолдарын, тақырыбы мен идеясын, құрылымы, сюжеті, тілін, түрлері мен жанрларын, қалыптасуы мен даму жолдарын қарастырған ғылыми еңбектер өз алдына бір теориялық бағыт. Айталық қазақ баспасөзінің даму жолдарын, тарихын таразылаған Х. Бекхожиннің( Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. –Алматы,ҚМБ, 1964;Қазақ баспасөзі тарихының очеркі. –Алматы, Мектеп, 1981); Публицисиканың теориясы мен тәжірибесін және жанрларын саралаған Т. Амандосовтың( Амандосов Т. Қазақ совет баспасөзінің жанрлары. –Алматы, Мектеп, 1968; Публицистика –дәуір үні. – Алматы, Қазақстан, 1974; Совет журналистикасының теориясы мен практикасы.-Алматы, Мектеп, 1978. «Современная казахская публицистика» атты докторлық диссертациясы – Автореф.,-Алматы, 1982); ұлттық баспасөздің жүріп өткен жолдарын көрсеткен Б. Кенжебаевтің жұмысы бұл саладағы алғашқы ғылыми еңбектердің бірінен саналады (Кенжебаев Б.Қазақ баспасөзі тарихының очеркі. –Алматы, 1950.); Т. Қожакеевтің журналистика жанрларына жаңаша көзқарас қалыптастырған еңбектері мен журналистика және публицистика тарихының ақтаңдақ беттерін толтырған зерттеулері(Қожакеев Т. Жас тілшілер серігі.-Алматы, Рауан, 1991; Көк сеңгірлер. – Алматы Қазақ университеті, 1992.)Ш. Елеукеновтің публицистиканың таралуына негіз болатын насихаттық мәні бар кітаптың тарихын және кітаптану ғылымының ұлттық негіздерін жүйелеген еңбектері мен өз заманының заңғар публицистерін танытатын еңбектері (Елеукенов Ш. Кітаптану негіздері. –Алматы, Санат, 1997.; Замандас парасаты. – Алматы, Жазушы, 1977.); М. Барманқұловтың телевидение және радио журналистикаға қатысты тосын ойлары мен тың пікірлері (Барманқұлов М. Жанры печати, радиовещания и телевидения. –Алматы, КазГУ, 1974. ) болса, жекелеген тарихи тұлғалардың замиансөзгерлік қызметін арнайы зерттеген еңбектер де едәуір қомақты және олар практикалық бағытты құрайды. Демек замансөздің теориясы мен тіжңрибесі бір ғасырға жуық тоқтаусыз зерттеліп, зерделеніп келеді екен, олай болса қазақ замансөзтану ғылымы орнықты деп айтатын уақыт өзінен өзі келді. Осы замансөзтану ғылымының әлі игерілмеген, түрен салынбаған тың тақырыптары баршылық. Солардың бірі – ауызша публицистика яғни шешенсөз.
Батыстық және орыстық таным мен түсініктерге негізделген ғылыми ойлар ауаны мен тәжірибелердің ықпалында жасалған замансөзтану ғылымының көш басында болған аға буын ғалымдар да замансөзді тек жазба мәдениет саласы деп қарап, соған байланысты ой түйіндеп келгені ақиқат. Радио мен теледидар өмірге еніп, солар арқылы қоғамдық ойды қозғау әрекеті өмірге енгенмен, эфирдгі уақыт шектеулі болғандықтан және ондағы ой-пікірдің бәрі микрафон алдында ауызша айтылатындықтан, журналистиканың бұл саласында публицистика бар дегенге басында сенімсіз қарап, кейін ғана илана бастады. Ашығын айтқанда, көпшілік публицистиканы жазба әдебиеттің бір отауы санап келгендігі де шындық. Қазақ сөз өнерінде ауызша публицистика бар екендігі Ахмет Байтұрсыновтан кейін енді-енді ғана айтыла бастады. Бұл тақырыпта арнайы еңбек жазылмаса да сол ойды айту пиғылы бар диссертациялар, монографиялар өмірге келді. Бұл бағытта батыл ойларымен көрінген ғалым Б. Жақып өз зерттеуінде қазақ жазба публицистикасының қалыптасуына ауызша сақталған мұралардың ықпалы зор болғандығын айрықша бөліп айтып, нақты мысалдармен дәлелдеді. Батырлар жыры- ауызекі публицистика үлгісі екендігін, жыраулар поэзиясында публицистикалық сарын барын, шешендік сөздерде публицистикалық белгі көп екендігін айта келіп мынадай ой қорытады: «Зерттеу барысында публицистиканың табиғаты айқындалып, оның жалпы адамзат дамуының алғашқы дәуірлеріндегі екі түрі болғандығы анықталды. Оның бірі –халық ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізген ауызекі публицистика. Екіншісі –жазу, сызу пайда болғаннан кейінгі қолданысқа енген жазба публицистика. Қазақ халқының тарихында екеуі де әр алуын деңгейде көрініс тапты.» Ауызша публицистиканың айтындарының бірі – айтыстың публицистикалық қырларын арнайы зерттеген К. Асанов бұл тақырыпта докторлық диссертация жазды. Онда айтыстың бұрынғы және бүгінгі нұсқаларын мысалға келтіре отырып, олардың ішіндегі қоғамдық сананы оятатын, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғайтын, ел мен жер, ұлт тағдыры мен басқа да мемлекеттік мәні бар саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани мәселелерді халықтың алдында батыл да ашық айтатын күрескерлік рухтағы айтындарды(высказывание) алға тартады да, ауызша айту өнерінің бұл түрінің нағыз публицистика екендігін дәлелдеуге тырысады. Бұл екі еңбек те ауызша публицистика – ұлтымыздың сөз өнерінің ерекше түрі екендігін дәлелдеуге бет бұрған келелі де керекті зерттеулер. Тілтанушы А. Мұсабекованың «Қазіргі қазақ публицистикасында экспрессия мен эмоцияны білдірудің тілдік құралдары» атты еңбегіндегі публицистиканың ауызша түріне яғни ауызша публицистикаға, дәлірек айтсақ, шешенсөзге қатысты ойлары бұл саланы тіл ғылымы тұрғысынан да арнайы зерттеу қажеттілігін байқатады.