Қазіргі қазақ поэзиясы қарыштап дамып келеді. Оның бір дәлелі жас ақындар шығармашылығы. Олар елдік, ұлттық идеямен қоса, ғаламдық поэзияға әсер етерлік өлеңдер мен шығармаларын көрсетіп келеді. Осы мәселенің барлығы келелі кездесуде сөз болды.
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің жатақханасында елімізге белгілі ақын, журналист Жанар Әбсадық және айтыскер ақын, журналист Асхат Қылышбекпен келелі кездесу өтті. Кешті өзіміздің ұстазымыз, журналист Неля Берікқызы Рушанова ұйымдастырды.
Кездесу барысында студенттер кәсіби журналистерден өз ойларында жүрген сұрақтарын қойды. Қонақтар алдымен өздері қызмет еткен басылымдар жайында сөз қозғап, кәсіпті меңгеру кезіндегі қызықты оқиғаларымен бөлісті. Сондай-ақ студенттер сұрауы бойынша қазіргі қазақ басылымдарының болашақ тағдыры жайында да пікір білдірді. Осы орайда Жанар Әбсадық: «Біз оқуға түскен сәтте газеттер жабылады деген әңгіме шыққан. Және ол әңгіме әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бірақ біздің елде газеттер жабылмайды. Себебі оны сарылып күтетін, әр санына мән беріп, оқитын оқырмандар жетерлік», – деп атап өтті.
Әңгіменің енді бір парасы қазіргі қазақ поэзиясындағы ерекшеліктерге, ұйқассыз өлеңдерге арналды. Бұл сұраққа Асхат Қылышбек: «Егер ақынның сөзі әдебиетшілерге түсініксіз болса, оның халыққа түсінікті болуы екі талай. Ақынның әр сөзі, ұлы Абай айтпақшы жеңіл тілмен жазылып, жүрекке жылы тиіп, жұп-жұмыр болуы керек»,- деді.
Студенттер үшін ең қызығы ақындардың жастық шағы, студенттік кезі болды. Ақындар өз шығармашылықтарынан үзінділер оқып, студенттердің көңілін бір көтеріп тастады. Кезегінде факультетіміздің дарынды жастары да ақындар өлеңдерін жатқа оқып, қаламдарынан туған тың туындыларын қонақтарға тарту етті.
Кездесу соңында ақын Жанар Әбсадықтың «Сезімдер маусымы» атты жыр-жинағы белсенді студенттерге сыйға тартылды. Өлеңмен сусындап, әдемі әңгімеден ләззат алып, орынды әзілдермен көңіл көтерген студенттер осындай кездесулердің болашақта жиі өткізілуін қалайтындықтарын жеткізді.
Ақниет АМАНЖОЛҚЫЗЫ
Журналистика факультетінің 3 курс студенті