Аманқос Мектеп-тегі,
әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті
–
Тақтайдай тегіс асфальт жолмен жүйткіп келеміз. Бағытымыз – бағзы дәуірден жеткен ашық аспан астындағы “Тамғалы” – дала галереясы. Бұл сапарды ұйымдастырудағы мақсатымыз – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультеті табалдырығын биыл аттаған студенттерге ұлттық баға жетпес мұрамызбен таныстыру. Жол ұзақ болғанмен жастардың жарыса шырқаған әні, кезектесе көрсеткен өнері көңілімізді өсіріп, жылжыған уақыт тілін байқамаппыз. Бір таңқаларлығы, жол-жөнекей “Тамғалы” орналасқан межелі орынды сұрағанымызда білетіндер некен-саяқ болып шықты. Әйтеуір сұрастыра келе “Тамғалыға” баратын жолды анықтадық.
Төрүктанушы ғалым С.Е.Малов Талас бойынан табылған төлтума тасбітікті: “Бұл кімнің мұрасы?” – деп жергілікті қазақтардан қолқалағанда “қалмақтың жазуы” деп бір ауыздан жауап қатқанын оқығаным бар. Сол сияқты Тамғалыға барар жолда Самса елді мекеніне аялдап, пайғамбар жасындағы ауыл азаматынан жөн сұрап, жол сілтеуді өтіндік. Әлгі ел ағасы жақтыртпаған сыңаймен “Тамғалыда” нелерің бар, қайдағы қалмақтың ескерткішінде” дегенін естігенде қатты қиналдым. Осы өлкенің тумасы, көпті көрген қарияның мыңдаған жылдық тарихи сыр бүккен ұлттық құндылық, ежелгі ата-бабамыздың қолтаңбасы сақталған жәдігерді өзінің біліксіздігімен жоққа шығарған парықсыздығына күйіндім. Өйткені, бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны сақтау жөніндегі конвенция бойынша “Тамғалы” археологиялық жартас суреттері 2004 жылдың 7-ші шілдесінде ЮНЕСКО-ның тізіміне ілігіп, мемлекеттік қамқорлыққа алынған. Демек, мұндай мәдени ескерткіштің маңызына осы жердің суын ішіп, ауасын жұтқан үлкен-кішінің кеудесінде мақтаныш сезімі ұялаудың орнына лайықты мән беріліп, рухани ағарту шаралары өмірі жүрмейтіндігі аңғарылып тұрды.
Қала өмірінің у-шу тіршілігінен ұзаған сайын көсілген сайын даланың бел-белесіне жанарың демалып, ішкі жандүниең жадырап, тынысың кеңи түседі. Менің ойыма академик В.В.Радловтың “Қазақтардың көзі ерекше қырағы. Олар қиырдағы қарауытқанның жаяу әлде салт атты екенін, үстіне киген киімінің түсіне дейін дәл ажыратады” деген пікірі еріксіз оралды. Шынында, ұлтымыздың қанына сіңген ақын да батыр, жомарт та дарқан, төзімді де шыдамды, мәрт те еркіндік сүйгіштік қасиетін ұшы-қиырсыз жапан түзде көшіп-қонып өмір сүрген табиғаты қалыптастырмауы әсте мүмкін емес. Дуалмен айналдыра қоршалған “Тамғалы” – мемлекеттік музей-қорық” аталатын маңдайшалы қақпадан еніп, арнайы көлік тұрағына тоқтадық. Бізге дейін “Тамғалыны” тамашалаған автобус пен жеңіл көлік жолаушылары қара жерге алқа-қотан жайғасып, жабыла дәмге кіріскен. Бұлар Алматыдан әдейілеп келген студенттер екен. Қызығушылық танытқандардың арасында бірде-бір қазақ көрінбейді.
“Тамғалыға” аяғымыз тиісімен желпіген ерке самал санамызды сергітіп қоя берді. Біздің “Тамғалыға” сапарымызды естіген өзге де факультеттер мен курс студенттері бірге тамашалауды өтінген соң талабын құптаған едік. Сонымен ұзын саны қырық студентті бастап “Тамғалы” шатқалын аралауға кірістік. Бұл ашық аспан астындағы галереяның ғұмыр жасы зерттеушілердің анықтауы бойынша, қола дәуірі деп шамаланады, яғни берісі – 4 мың, әрісі 6 мың жыл бұрынғы ата-бабамыз қолтаңбасын мирас етіп қалдырған мәдени жәдігер буын-буын талай ұрпақтың рухани-эстетикалық кәдесіне жарады. Сондықтан тарихын тасқа жазып мәңгілендірудің үлгісін көрсеткен абыздардың рухы сақталған құндылыққа құрмет пен күтімнің жөні айырықша болуға тиіс еді. Өкініштісі, “Тамғалы” – мемлекеттік музей-қорығы” атына ісі лайық болмай шықты. Көрерменнің “Тамғалыны” аралауына арналған жоспары мен көрсеткіш белгілері талапқа сай емес. Аумағы ат шаптырым табиғи мұражай-қорықтың бас-аяғын ажырату қиын. Ең бастысы, саяхатшының “Тамғалыда” бағзы шеберлердің тасқа шекіген петроглифтерін өз көзімен көруге барғанда қауіпсіздік шаралары мүлдем ескерілмеген. Шығарда жетекші ретінде студенттердің тәртіп сақтауы мен жеке басының қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілігін қатаң талап етіп, қолхат жаздырып алған едім. Алайда топтағылардың күллі қауіпсіздігі бәрібір менің мойныма жүктелгендіктен жанымды шүберекке түйіп жүрдім. Өйткені жастар тастағы таңбалар мен түрлі аңдардың бейнесін, күнбасты адамдар мен ежелгі наным-сенімге байланысты әдет-ғұрып рәсімдеріне арналған композицияларды қызықтап, шоқы-шоқыны аралап кетті. Сақтандырып, ақыл-кеңес бергеніммен жастық жалын тастан тасқа өрмелеп, байыз таппады. Ішкі алаң мен үрей әбден абыржытты. Абырой болғанда оқыс оқиға мен тосын жайдан аман, бәрі ойдағыдай сәтті аяқталды.
“Тамғалыдағы” тасқа бәдізделген бейнелеу өнері – осы өңірді қоныстанған ата мирасымыздың өзіне тән шығармашылық ізденісінің айғағы. Бұл графикалық туындылар арқылы есте жоқ ескі дәуірдегі абыздар қоғамдық ортаның наным-сенімі мен салт-дәстүрін, қиялы мен таным өресін, сезім түйсігі мен арман аңсарын тайға таңба басқандай кескіндеген. Мәселен, тасқа бәдізделген Күнбасты Адам кейіпі арқылы Тәңірдің образы әдемі сомдалған. Мұндағы идеялық-көркемдік шешім мен шығармашылық бейнелеу машығынан Құдайдың жасампаздық сипатын танытатын философиялық астарлы мағына үстеген графикалық ақпараттық қырлары ашылған. Петроглифтегі ғылыми жаңалық – адам басында көзге көрінбейтін энергетикалық толқынның өрісі арқылы ақпарат тарату мен қабылдау мүмкіндігі бар екендігін көрсеткен. Бұл тылсым идеяның бүгінгі өмірдің ақиқатына айналғаны тұтынатын заманауи технологиялық құралдардан баршаға мәлім. Күнбасты Адамның графикалық бейнесі микрокосма мен макрокосма арасындағы физикалық, ақпараттық тікелей қарым-қатынас байланыста екендігін меңзеп тұр. Сондай-ақ, физика заңы бойынша кез келген зат пен дене құрамы молекула мен атом бөлшектерінен тұрады. Бұл бөлшектер өзара ретсіз және ұдайы ерсілі-қарсылы қозғалыста болады. Осы идея пиктографияда көрнекілікпен жеткізілген. Бөлшек арқылы бүтінді білдіру әдебиеттегі көркемдік әдіс. Күн – Тәңірдің көзі. Күнге табыну, отты қастер тұтудың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге дендеп енгендігінің түп тегі Құдайын тану, яғни микрокосма мен макрокосма арасындағы үндестік пен сәйкестікті һәм қоршаған экожүйенің тепе-теңдігін сақтау. Демек, Күнбасты Адам – Тәңірдің рәміздік бейнесі.
…Күнім аталған ханзаданың алтын жүзік-мөрінде өзін куәландыратын “күнбасты” ұсқын-кейіп сұлбасы шекілген. “Жүзік” деп Күнімнің сәулеленген жүзі түскендігін куәландыруды атайды. Демек, Күнімнің назары ауғандығының нақты айғағы. Осы жүзік-мөрдегі “күнбасты” бейнені Әлішер Ақышев “кеңестік ғылымда бекіген”, дағдылы еуроцентристік үстем ағымның көзқарас шылауынан шыға алмай, ежелгі иран мифологиясындағы Күн Құдайы Митрамен байланыстырады (Акишев А.К. Искусство и мифология саков. – А.: Наука, 1984. С. 80–90). Бағзы Қытай жылнамашыларының көрші Үйсін [Усун] Күнімін, яки Үйсіндер патшасын Жердегі тірі Күніне балағанын (Досанов Т.С. Этюды по памятникам письменности древних усуней. А., 2002. С.54) “Кунмо” деп жазбаша әліптеген дерегіне сүйенген қазақ тарихшылары нобайының еңбектерінде “Үйсін Күнбиі”, “Үйсін Күнбилігі” (Нығымет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. – А.: Жалын, 1994, 278-б.) деп қисынсыз жасанды өзгертілді. Себебі “Кунмо” сөзінің құрамында “би” йероглифі жоқ бола тұра, әдейі тұлғалық өзгеріске түсіріп, мағыналық қате ұғым үстеген. Тіліміздегі “Патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі” деген тәмсілден қоғамдық өмірдегі патшаның атқаратын пәрмен құдіретін шамалау қиын емес. Құндар мен үйсіндердің қағанын, яки патшасын аспандағы Күн сияқты жердегі Күніне балауы – осы ретте заңды құбылыс. Қазақ баласын немесе жақсы көрген жақынын “күнім” деп еркелетеді. Бұл тек-тамырын қуалап, қанмен жалғасқан байырғы ұлыстық тәлім-тәрбиенің үзілмеген желісі.
Алматы қаласындағы Республика алаңына орнатылған “Алтын Адам” Тәуелсіздік монументі – Қазақстанның мемлекеттік рәмізі. Сонымен, біздің жыл санауымыздан бұрынғы V ғасырдағы тарихи-археологиялық сирек құндылық – “Алтын Адам” Жер-Ана қойнынан шығып, дарқан қазақ елінің мерейі мен даңқын әлемнің шартарабына паш етіп, шарықтап, самғаған айбын-айдарына айналды.
Зады, бұдан шығатын қорытынды “Алтын Адамның” прототипі “Тамғалыдағы” Күнбасты Адам екендігі еш шүбә келтірмесі анық. Сондықтан бұл петроглифтер Қазақ Елінің брендіне айналуы заңдылық.
“Тамғалыдағы” петроглифтер арасында мүйізді атқа мінген адам, құйрықты адам, жабайы сиыр, түйе, тауешкі, таутеке, арқар, бөрі, бұқа, арба, ит, тасбақа, құрбандық шалу, би билеген адамдар, рулық таңбалар, шаңырақ тәрізді идиограмма, адам аяғының ізі, т.б. бейнелер тасқа бәдізделген. Көк төрүктер заманында тасбітік ұстынды көтеріп тұратын тұғыры – тасбақа мүсіні екені мәлім. “Тамғалыдағы” тасбақа бейнесінің көк төрүктер дәуіріндегі тасбітік ұстынына негіз болған мифтік рәміздік мағынасымен байланыстылығы күмәнсіз. Өйткені Маңғыстауда табылған сыртқы пішіні тасбақа тәрізді адай таңбасы басылған тасқұдық көк төрүктер заманындағы символдық дәстүр сабақтастығынан қалған заттай айғақ. Демек, Алтай мен Маңғыстау арасындағы аумақтық кеңістіктің қақ ортасында орналасқан “Тамғалыдағы” тасқа бәдізделген тасбақа бір мәдениеттің белгісі екені анық. Сонда бұл Моңғолия мен Каспий аралығындағы адамдардың санасын мазалап жүрген тасбақа ненің белгісі?
Мүйізді ат, құйрықты адам бейнелері де зерттеуін күтудегі ғылым үшін деректік аса құнды ақпараттық маңызға ие. Шаңырақ таңбасының мағынасы Руникалық Концепциядағы “бізді қоршаған күллі жаратылыстың отаны” дегенді білдіретін идиографиялық ақпарат. “…иероглифтік мағынасы Од+Ан – Крест+Шеңбер немесе Одан, кейінірек Отан! Иә! Бізді қоршағанның бәрі нақ сонда жаратылды. От (Жарық) және Аспан
– Анта – Анда, біз де сонда жаратылғанбыз. Біздің Отанымыз сонда! Және біздің бәріміз де, бәлкім, сонда ораламыз…” (Досанов Т.С. Тайна руники: Графический дизайн в эзотерической рунной концепции бога Тенгри, сокрытой в знаках рунического письма, в родовых тамгах и в символах геометрического генеза. – Алматы: 2009. С. 127). Бұл иероглиф Тәңірдің көзін белгілеген, яғни Отан Тәңірдің виртуалды көзін бейнелейді. Шаңырақ таңбаның бұдан да ерте дәуірлерде технологиялық жетістік ар+аба – араба, яки ізгілікті, құтты үй саналған жылжымалы күйменің шығуына түрткі болды.
Қысқасы, “Тамғалы” – абыздар ілімін тәжірибе жасаған қадым замандағы қастерлі орын. Бұл салыстырмалы түрде бүгінгі өнертапқыш ғалымдардың технологиялық жасампаздығын сынақтан өткізетін зертханалары сияқты қызмет еткен. Абыздар өзара келісіп пішкен соң ғана идеялық ойын тасқа бәдіздеуге құқылы болған сияқты, яғни кез келген нәрсені тасқа бейнелей беруге қатаң тиым салынған тәрізді. Шынында, петроглифтер арасында ақылға сиымсыз жөнсіз нәрсе көрінбейді. “Тамғалыдағы” базальт тасқа бәдізделген петроглифтер бетіне бәлкім, сейсмикалық аймақтағы табиғи зілзала дүмпулерінен болар, мүмкін жер астындағы тектоникалық қозғалыстардың әсерінен бе екен, шытынап сынған тарам-тарам уақыт сызықтары өз із-бедерін салған.
Біз қайтар сәтте кенеттен ауа-райы сыр білдіріп, көз жасындай мөп-мөлдір тамшылар көктен үзіліп түсіп, бет-жүзімізді жуды. Құдды бабалар аруағы риза боп, батасын бергендей әсер етті. Тастан тасқа өрмелеп, жота-жотаны аралаған топтағылар, жоғары шығып, төмен түссе де шаршаудың орнына әдемі әзіл, сыңғырлаған күлкісімен маңайды думанға бөледі. “Тамғалының” аурасы бойға нәр, қиялға қанат бітірген айырықша шабыт берді. Бұған дейін “Тамғалы” петроглифтерін оқулық пен көгілдір экран арқылы ғана таныс жастар енді өз көздерімен көріп, көңіліне тоқыған әсерін жарыса жыр жолдарымен жұптады.
Көлігіміздің жанында жолға алған ас-суымызбен жүрек жалғап алдық. Ішке ел қонғаннан кейін студенттер өнерлерін ортаға сап, “Тамғалы” аспанында біразға дейін әсем ән мен күмбірлеген күй қалықтап тұрды.
Қайтар жолда бізден ілгері оза жол жиегіне тоқтаған жеңіл көлік жүргізушісі жанындағы жігітті Алматыға жеткізіп салуды қиыла өтінді. Автобус салонындағы бос орынға жайғасқан бейтаныс жолаушының жанына отырып, жөн сұрадым. Міне, қызық, Малайзиядан “Тамғалыны” көруге әдейі келіпті. Айтуынша, “Тамғалыны” ғаламтордан танысып, ЮНЕСКО ұйымының тіркеуіне енген адамзаттық құндылықты өз бетімен тамашалауға тәуекелге бел буыпты. Сірә, нағыз ғалым осындай болар. Мен мән-жайдың мәз еместігіне қанықсам да, сыр тартып сирек мұраның қорғалуы мен сақталуы, алған әсерімен бөлісуді өтіндім. Малайзиялық мейман мүдірместен “Ғажайып! Теңдесі жоқ құндылық! Бірақ, өкініштісі, барар жолы сапасыз, бағыт-бағдарды ажырататын белгілер мен жарнама тақталарға көңіл толмайды. Мемлекеттік музей-қорық мәртебесі болғаннан соң аптасына Алматыдан жексенбі күні бір арнайы жолаушы тасымалдайтын көлік бөлуді тиісті мекемелер қолға алуына болар еді ғой. Бұл галереяның табиғи экспонаттарының қауіпсіздік мәселесі де мемлекеттік деңгейде күн тәртібінде қаралуы тиіс. “Тамғалының” басындағы петроглифтерді тамашалауға келген көпшілік қауымға технологиялық соңғы жетістіктердің көмегін пайдаланып көрсету, насихаттау, дәріптеу жағы мүлдем ескерілмеген. “Тамғалы” басында арнайы терминалдарда қалаған тілде, айталық, қазақша, ағылшынша петроглифтер туралы ғылыми түсінік беріліп, монитордан графикалық бейнелерін анық көруге болатын құрал-жабдықтар қоюдың не қиындығы бар? Дәл осындай белгілі күні сервистік қызмет ететін дәмханалар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді” деді. Мен “Қарапайым осындай қажеттілікке әлі келмеген неғылған қауқарсыз мемлекет?” деген сауалды оның жанарынан айтпай-ақ ұқтым. “Тамғалының” іргесінде тұратын біздер шаққа жеттік. Сіздің сонау Малайзиядан қалай тауып келгеніңізге қайранмын”, – дедім таңданыс сезімімді шынында жасыра алмай. Әлгінде визиткасын ұсынған Пит Сонг Нг мырза іркілместен: “Мен Алматыға келе сап, ағылшынша жол көрсеткіш анықтамалығыма сүйеніп, “Тамғалыға” барудың жөн-жосығын сұрап, талайларға қолқа салдым. Білетіндер менің Ұзынағашқа автобуспен жетіп, сол арадан “Тамғалыға” такси алуыма кеңес берді. Сөйтіп, мен “Тамғалыға” Ұзынағаштан 100 долларға көлік жалдадым. Бірақ көлік иесі қайтарда келісілген уәдеде тұрмай, Алматыға сіздердің автобустарыңа мінгізіп жіберді” – деді көмейіне тығылған өкпесі мен ренішін сездіргендей. Пит Сонг Нг мырза орыс және ағылшын тілін жетік біледі екен. Оның қызметі Лондонда болғанмен Малайзияда тұрады екен. Құрметті мейман: “Табиғи дала галереясынан алған рухани ләззатым келген сапарымды мың мәрте ақтағанына шексіз қуаныштымын!” дейді мархайған көңілі тасып.
Расында, қазақ жерінде асылдың көзіндей, алтынның сынығындай бүгінге жеткен азын-аулақ мәдени-рухани ескерткіш жұқанасы баршылық. Бірақ сол қолдағы алтынның қадірін біліп, құрметтеу жоқ. Сондай баға жетпес құндылық – Маңғыстаудағы Қарлыбастан табылған таңбалытас. Бұл – тарихтың хаты, өте құнды жәдігер Форт-Шевченкодағы мұражай алдына қойылса да, еш күтімі жоқ, қараусыз қалған. Еріккен бала-шаға үстіне шөлмек шағып, ата-баба тарихын жын-ойнаққа айналдырған. Мәдениет пен ғылым-білім жөніндегі құзырлы орындардың көре тұра мұндай өрескелдікті жіберуі – кешірілмейтін қылмыспен пара-пар.
Жуырда теледидардан Түрікменстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл толған мерейтойы құрметіне арналған салтанатты тамашаладым. Менің көзіме Президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтың баяндамасын жасаған мінбедегі рәміз оттай басылды. Мемлекеттік мінбенің безендірілуі бірінің ішіне бірі кірген үш квадрат [төрткіл шаршы] және сол үш квадрат қиғашынан қойылған композиция, яғни Руна Тұжырымдамасын [Концепциясын] таратқан руна таңбалары мен рулық таңбаларының қоры бейнеленген. Ұмытпасам, 2010 жылдың 18 мамырында түрікменнің классик ақыны Махтұмқұлының туған күніне арналған Алматыда өткен мәжілісте рунолог Тайжан Досанов “Тайна руники” атты монографиялық еңбегін Түркменстанның Қазақстандағы өкілетті елшісіне сыйлаған еді. Енді осы еңбекте тәптіштеліп, ғылыми пайымдалған біздің даналық ілімімізді түрікмендердің қастер тұтқан өресіне таңғалдым. Біздің ғалымдарымыз бабаларымыздың ілімін қорыта алмай жүргенде, түрікмендер оны түсініп ғана қоймай, мемлекеттік рәмізінің атрибутына айналдырғанына еріксіз қуандым. Шын мәнінде, түрікмендер ұлт мұратын нәзік түйсінетін бекзаттығы мен мәрттік қадір-қасиетін және бір мәрте танытты.
“Тамғалы” – мемлекеттік музей-қорығы” – негізінде мәдени-рухани зор байлығымыз. Ендігі мәселе – тірі тарихымызды қалай қорғайтынымызда. Себебі бұл ашық аспан астында тұр. Сондықтан Мәдениет министрлігі мен тиісті құзырлы мекемелер арнайы ғылыми конференция өткізіп, бұл мәселені шешуді кешеуілдетпей ойластырғаны абзал. Әйтпесе, қымбат рухани қазынамыз болашақ ұрпаққа жетпей, жер бетінен түбегейлі жойылып кету қауіпі төніп тұр.
– Ана тілі. – 2011. №50-51(1098-1099). – 15 – 21 желтоқсан