ҚазҰУ-да жаңа оқу жылы ерекше мерекемен – болашақ журналистерге арналған жаңа Студенттер үйінің ашылуымен басталды. Олар 260 орыннан тұратын тоғыз қабатты ғимараттың алғашқы студенттері атанды.
Салтанатты ашылуға ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, публицист-ғалым Шериаздан Елеукенов, факультет декандары мен журналистика факультетінің студенттері қатысты.
Жайлы және ыңғайлы бөлмелер жаңа жиһазбен қамтамасыз етілген. Онда тұратындарға демалыс бөлмелері, кең мәжіліс және оқу залы, интернетке қосылған компьютер кластары бар. Әр қабатта жақсы жабдықталған ас үйлер мен тұрмыстық бөлмелері бар.
15 жатақханадан тұратын ҚазҰУ студенттік қалашығы – бұл Қазақстанның түкпір-түкпірінен арман қуып келген талантты да талапты 5500-ден астам студенттердің басын қосатын үлкен үй. Сондықтан да университет басшылығының басты мақсаты – осы қалашықты тек білім алуға емес, рухани, дене еңбегі тұрғысынан да жақсы демалыс орны ретінде, бетке ұстар ғылыми-оқу орталығына айналдыру.
ҚазҰУ ректоры болып алғашқы келген күнінен бастап, академик Ғалым Мұтанов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын жасап, бекітті. Ол бойынша ҚазҰУ құрылысының екінші кезеңін аяқтау, университет қалашығын абаттандыру, студенттерге заманауи талаптарға сай өмір сүру және тұрмыстық жағдай жасау ЖОО қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсаттар жаңа ұрпақ университетін құруға негізделген жаңа бірегей ғылыми-инновациялық «Al-Farabi university smart city» жобасында да көзделген.
«Жуырда осы мақсатта Қазақстанда баламасы жоқ «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды.Жаңа сапалық ұстаным негізінде мұнда «Бір терезе» қағидасымен студенттер барлық қажет қызмет түрлеріне қол жеткізді. Алдағы уақытта аса қолайлы 500 орындық жаңа ҚазҰУ жас ғалымдары үйінің ашылуы жоспарлануда. Сондай-ақ ағымдағы жылы әлемдік сапа талаптарына сай қызмет көрсететін медициналық-диагностикалық орталық пайдалануға берілмек», – деді университет басшысы.
Университет басшылығының жастарға барынша көңіл бөлуі және қамқорлық жасауы – ҚазҰУ-дың жоғары кәсіби маман және рухани бай тұлға дайындауға деген ұмтылысын тағы да дәлелдеп отыр.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі