Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

БЫЛҒАРЫ ТАБЫТ

Шарипа Нуржанова Тамыз 14, 2014 0

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГI

этнографиялық эссе

“Дiлiм – қанағат,
дiнiм – табиғат”
(Бабалар мақалы).

Дүние жаралып, су аққалы аспан астын, жер үстiн мекен еткен адамзат қауымының басынан не түрлi тарихи уақиғалар көш-керуендей тiзбектелiп өткенi аян. Жұмыр жер соның бәрiне куә. “Жер тарихы – ел тарихы” деп халқымыздың қисындауы да, бәлкiм, осыдан болар?!
Иә, Жер… Жер… қара Жер… жұмыр басты пенде атаулыға қасиеттi ұғым. Сондықтан дана халқымыз күллi тiршiлiктiң құт мекенiне адами, перзенттiк жан сезiмiн “Жер – ана, ел – бала” деген екi-ақ ауыз сөзге сыйғызған. Бұл табиғатпен қоян-қолтық тiл табысып, қойындас ғұмыр кешкен бағзы ата-бабаларымыздың өткен өмiрлiк тәжiрибесiнен түйген ой танымының мәйегi, Дала ғұламаларының пәлсапасы. Өйткенi жапанды жұмақ етiп, емiн-еркiн игiлiгiне жаратқан ұлы көшпелiлердiң iшсе – сусыны, жесе – тамағы, кисе – киiмi, мiнсе – көлiгi, тұрса – тұрағы, жақса – шырағы, қысқасы, бар тұрмыс-тiршiлiк көзi – төрт түлiк малмен байланысты болған соң, жер-судың қадыр-қасиетiн олардан өте нәзiк ұғынған жан баласы жоқ. Аты аңызға айналған Асан Қайғыдай жерге баға берiп, сын айтқан данагөйдiң адамзат тарихында басқа емес, бiздiң халқымыздан шығуы да осы пiкiр-пайымымыздың анық айғағы. Бiзге жеткен аңыздардың бiрiнiң айтуы бойынша, ел-жұртына құтты қоныс болар “Жер ұйық” iздеп, өзiнiң желмаясымен желiп жүрiп Алтай өңiрiн аралаған бабамыз:
– Төсегiң салулы екен,
Сары қымызың сапырулы екен,
Топырағың бос екен,
Өлiмiң көп екен,–
дептi-мiс. Ел iшiндегi көптi көрген кәрi құлақ қариялар бұл сөздердiң астарын былайша тарқатады: “Төсегiң салулы…” – шөбi бiтiк, кез келген пұшпағына аунап-қунап, жантая кетуге болады; “сары қымызың сапырулы…” – жерi от, жылқы түлiгiне өте-мөте жайлы; “Өлiмiң көп…” – қазған шұңқырдың топырағы қайта көмсе, орны толмайды, – дегендi меңзейдi дейдi.
Осы ретте 1988 жылы шiлде айында iссапармен Шығыс Қазақстан облысына жолымыз түскенi көкейге оралады. Марқакөл ауданының орталығы Алексеевкаға (бұрынғы атауы Төсқайың екен, кәзiр Теректi болып өзгертiлiптi – А.Мек.) 15–17 шақырым жетпей, сол қанаттағы тау баурайына орналасқан шағын елдi мекендi “Былғары табыт” деп атайды. Ауыл жанынан өтетiн үлкен тас жолдың жиегiндегi белгi көрсеткiште “Булгарский табут” деп бадырайтып, iрi әрiптермен жазылған. Бұл атаудың қойылу сырын бiлгiмiз кеп, сол кездегi ауданның басшы азаматтарынан сұрағанымызда мардымды жауап ала алмадық. Бәлкiм, мемлекеттiк шекара өтiнде орналасқан аудан билiгiн қызыл империяның ұлт мәдениетiне суарылған рухы биiк жандарға тiзгiндi беруге саяси сенiмсiздiкпен қарағандықтан ба екен, кiм бiлсiн, бiрiншi хатшы аты қазақ болғанмен заты шала, туған тiлiнде сөйлегендi жиiркенiшпен қабылдайтын, қағынан жерiген нигилист, ұр да, жық бiреу болып шықты. Тiптi, ана тiлiнде жөн сұрасқанымызға тiксiнiп, арғы беттен өтiп кеткен қытайдың қазағы дедi ме, өзi сияқты “дүбәра” аудандық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасын шақыртып жанымдағы ғылыми iзденiспен жүрген әрiптесiм екеуiмiздi әрiсi ‒ Мәскеу, берiсi республика, облыс орталығындағы тиiстi мекемеге сұрау салып, тексерiп, анық-қанығымызға әбден көз жеткiзген соң ғана әлек-шәлегiмiздi шығарып әрең босатты. Ал ауданның идеологиялық iспен айналысатын хатшысы ықылым заманнан халық санасында қалыптасқан атауға көңiлi толыңқырамай “Булгарский табут” деп өзгертiп жаздыруға мәжбүр болғанын ағынан жарылып, әңгiмесiне арқау еттi. Тарихи атауды бұрмалап, түпкi мәнiне түсiнбестен түзету жасаған хатшы мырзаның дүниетанымына iштей қынжылдық. Осындай бейдауа себеппен топонимнiң тұлғалануы ресми заңдастырылған құжат – әкiмшiлiк-аумақтық картаға қате жазылуы, әмiсе туған өлкеге қатысты кейiнгi зерттеу еңбектерде со күйiнде әлiптелуi өкiнiштi-ақ. Мәселен, талантты археолог ғалым З.С.Самашевтiң “Наскальные изображения Верхнего Прииртышья” аталатын монографиялық еңбегiнде сөз тiркесiнен жасалған атаудың мағыналық-мазмұндық жағынан мүлдем өзгерiске ұшырағаны соншалық – “Болгар-табаты” (А., “Ғылым”, 1992, 110-бет) деп ғылыми айналымға түсiп кеткендiгiн көремiз.
Сонымен “Былғары табыт” дегенiмiз не?!
Бағзы ата-бабаларымыз қайтыс болған адамның ақырғы өтiнiш-тiлегiн орындап, жыл мезгiлiнiң табиғи ерекшелiгiне орай мәйiттi былғары табытқа салу арқылы бұзбай сақтап, аманат еткен жерiне жеткiзген. Бiр ғана мысал. “…1764 жылы қысқы соғым кезiнде (шамамен желтоқсан iшiнде) Семiзбұғы тауының етегiндегi Теректi бұлағын қыстап отырған Қаз дауысты Қазыбек тоқсан жетi жасында мәңгi көз жұмған екен. Қазекеңнiң сүйегiн былғарымен қаптатқан баласы Бекболат әкесiне арнап тiккiзген киiз үйдiң iшiндегi төрт таған тас-сөреде төрт ай сақтап, көктем шыға жолға шығып, Түркiстандағы Қожа Ахмет Йассауи сағанасына апарып қойғызыпты…” (Сматай С. Қаз дауысты Қазыбек // Үш пайғамбар. – А.: Дәуiр, 1992, 83-бет). Бұл ‒ тiлiмiзде архайзмге айналған былғары табытының белгiлi этномәдени мағынасы. Ал бiздiң сөз етпегiмiз ‒ көшпелi өркениеттiң былғары табытын жазалау әдiсi ретiнде қолданғандығынан мәлiмет беру.
Жазалаудың бұл түрi тiлiмiздегi мәңгүрт ұғымына бiршама ұқсас. Лексикалық қорымыздан орын алған мәңгүрт сөзiнiң дифференциалды семасы мен бiлдiретiн функционалдық қызметi тұңғыш рет тарихи уақиғамен сабақтастырылып, көркемдiк шешiммен Әбiш Кекiлбайұлының суреткерлiк шеберлiгi арқылы 1966 жылы “Күй” повесiнде өте әсерлi бейнелендi. Көшпелiлер өмiрiнде мың жылдықтар бойы қалыптасып, үстемдiк құрған далалық билiктiң шынайы әдеби кескiндемесiн өте сәттi жасаған жазушының шығармашылық iрi табысы кеңестiк идеологияның дәуiрлеп тұрған шағында қасақана еленбедi. Алайда “мәңгүрт тағдыры” қаламгер әрiптестерiн қатты толғандырды. Мiне, осы сюжеттi ғаламдық өзектi мәселелермен ұштастырып жаңа қырынан биiкке көтерген Шыңғыс Айтматов “Боранды бекет” (Ғасырдан да ұзақ күн) романында (1981) мәңгүрттi философиялық категорияға айналдырды. Әлемге танылған ұлы ойшылдың даналық ғибраты сонда – өзiн қайран қалдырған идеяны қазақтан ала отырып, роман желiсiн қазақтар өмiрiне арнады.
Саналы жаратылыс барда қоғамдасып ғұмыр кешудiң жасампаздық сапалық үрдiсi тоқтаған емес. Сол iлкi мемлекеттiк жүйенiң адам ақыл-ойының кемелденуiне қосқаны не деген сауал тарихи тұрғыдан пайымдалуы шарт. Өйткенi көшпелiлер бiр кеңiстiктен соң екiншiсiн бағындырып, аттың тұяғы жеткен жердi табындырса да зындан, түрме салдырмаған. Есесiне дәстүрлi тәртiптi бұзушыларға тиiстi жаза еш аяусыз болған. Бұл арада тiрi пенденi жыртқыш тағыларға тән қатыгездiкпен қинап, ләззат алуды дәрiптеу деген ұғым тумаса керек, керiсiнше, қиянат пен қылмыс жасаушыларға кешiрiмнiң мүлдем жоқтығын қоғамдық санаға сiңiру көзделген. Сондықтан олар жауапкершiлiк мiндетiн айырықша сезiнумен қатар, адамгершiлiк ар-ұжданына қылау түсiрмеген биiк парасаттылығына сын едi. Қазақ ауылында кешегi күнге дейiн есiгiне құлып салудың болмауы осының нақты айғағы. Ал кәзiр ше!?.
Иә, буыны бекiп, бұғанасы қатып үлгермеген жас мемлекетiмiзде бастапқы әзiрде заң актiлерiнде жiберiлген қайшылықтар мен жекешелендiрудегi кеткен кемшiлiктердi лауазым иелерi сәттi пайдаланып, ел несібесін оңды-солды қарбып жұтуы, қоғамдық бөлiстегi орын алған өрескел әдiлетсiздiк, көңiлдерде күдiк пен үрей ұялатқан әлеуметтiк тұрақсыздық пен экономикалық ашқарақтық үйлерiнiң терезезесiн торлап, есiгiн темiрлеп, құдды жарыса өз ықтияр-ерiктерiмен қорған, абақты тұрғызуға асыққандай әсерде қалдырады. Сондай-ақ, қоғамның белсендi бөлiгiнiң темiр тордың аржағында отыруы рухани-әлеуметтiк, демографиялық-тектiк, салауатты-имандылық дағдарысқа ұшырау – ұлттың болашақ тағдырына кесiр-кесапаты зор қасiрет. Мiне, бұл адамзатты ойландыратын әлемдiк өзектi мәселеге айналды.
Сол жазалау әдiсiн қолданудың технологиялық ерекшелiгi мен моральдық-психикалық әсер-ықпалы Әбiш Кекiлбайұлы мен Шыңғыс Айтматов қаламының құдыретi арқылы өркениеттiң бүгiнгi жеткен деңгейiмен шендестiрiле, жершарындағы жұмыр бастылардың ақыл-ойын қозғап, сезiм түйсiгiн оятқанына күмән жоқ. Көшпелiлер ғұрпындағы реалды ақиқаттың iз-бедерi сол қалпында тiкелей мұрагерлерi – бiздiң сөздiк қорымызда сақталған. Қазақ тiлiндегi терiсi кең, терiсiн бiтеу сойды, терiсiне сыймады, терiсiн теспей сорды, терiсi тар, терiсi тарылды, терiсi тарамысына iлiндi, терiсiн терiс [керi] сойды, ит терiсiн басына қаптау фразеологиялық тiркестерiнiң о баста көшпелiлер дүниетанымында терiнiң технологиялық қыр-сырын әбден игеруге орай тәжiрибеде түрлi эмоциялық көңiл-күйдi бiлдiруден қалыптасқандығын аңғартады. Уақыт өте келе тiлдiң даму барысында тұрақты сөз тiркесi ауыспалы мағына үстеген. Ал бүгiнгi құқық қорғаушылардың қоғамға аса қауiптi әккi қылмыскерлердiң қастандық әрекетiн жасырып, жауап беруден жалтарғысы келгендерге шындықты мойындату үшiн үстiне кигiзетiн арнайы жейделердiң көшпелi өркениеттен көшiрiлгендiгiн дәлелдеудің өзi артық.
…Жаугершiлiк заманда нақ осы жерде мұздай қаруланған қазақ пен шүршiттiң қалың қолы бетпе-бет қарсы жолығады. Ол кездегi соғыстың бұлжымас қағидасы, басты шарты бойынша ең әуелi екi жақтың батырлары жекпе-жекке шығып, күштерiн сынасулары хақ. Шүршiттерден астына мiнгенi есiк пен төрдей, бiр қабыртқасы артық жаратылған ерекше жануар, ақ бозын ойнақтатып бас сардары мен қазақ жасағының батыры ортаға ұмтылады.
Қарама-қарсы сап түзген екi жақтың да сарбаздары дабыл қағып, туларын жоғары көтерiстi. Көк сүңгiлерi жарқ-жұрқ еткен сымдай тiзiлген атты жасақтың назарлары түгел ортаға ауған. Оқтай атылған арғымақтар лезде маңдай түйiстiре бере аспанды тiлiп өткен жасындай найзалар да сарт-сұрт, шатыр-шұтыр қорғанған қалқандарына кеп тидi. Екпiнiн тежей алмай iлгерi озған алғадай батырлар аттарының басын әрең iркiп, керi бұрылды. Екiншi мәрте оқталғанда қазақтың батыры әдiс жасап, жер танабын қуырған тұлпарының сол жақ сауырына аунап үлгердi, ауа қармаған дұшпанының қолтық астынан көз iлеспес шапшаңдықпен iлiп әкетiп, шүршiттi кескен теректей ұзынынан жалп еткiздi. Бағанадан алдарындағы көрiнiске көз тiгiп, тыпыршып, бағып тұрған сонша ауыз “ақжолтайлап”, кеу-кеулеп қоя бердi. Ауыздығын қарш-қарш шайнаған қара жорға үстiнде денесiн шалқақ ұстаған паң мiнез, қас батыр оң қолын көтерiп “сәл-пәл сабыр сақтауды өтiнгендей” ишарат жасап, – жауым болсаң да iшiңде өкiнiшiң кетпесiн, ер кезегi үшке дейiн! – деп мәрттiк танытты.
Үстi-басын шаң қапқан шүршiт батыры намыстан жарылардай, орнынан әрең тұрып, әнтек қозғалып, анадай жерде иесiне үрке қараған ақбозына аяңдады. Ашу қысқан күйi көзiнiң қиығын сарбаздарына салып едi, бәрiнiң де жалы жығылып, үнжырғасы түсiп, үнi шықпай қалыпты. Ол ақбозға қарғып мiнiп, қынабынан семсерiн жарқ еткiздi. Маңдай алдындағы қара жорғаға қонған қарсыласына қарай ақбозын ағыза жөнелдi…
Бұл жолы да қайқы қылышты қазақ қолбасының мерейi үстем болып шықты. Ендi ол өзiнiң алып та жығатын, шалып та жығатын бойындағы тасыған жойқын күшiне сендi ме, болмаса Тәңiрi қолдап мысы басып кеттi ме, әйтеуiр көздi ашып-жұмғанша баққұмар, бақас ата жауының қолындағы алмас қанжарын қағып үлгерiп, тақтан тақымын жұлып алғандай ақбоздан сұлатып түсiрдi. Сол – сол-ақ екен, әруақтанған жiгiттер қысық көз дұшпанына лап қойды. Әп-сәтте көк майса көгалдың шаңы аспанға көтерiлiп, шұрқыраған жылқы мен ышқынған адам даусы, толассыз тұяқ дүбiрiнен құлақ тұнды. Бас сауғалап үдере қашқан шүршiттердiң қатарын ту сыртынан адырнасы аңыраған сансыз садақ жебелерi жер құштырып, сиретiп-ақ тастады. Оқ қағарлары бар бiрлi-жарымы, тәуекелге бел буғандары ғана қара Ертiстен әупiрiмдеп әрi өтiп, қараса көз сүрiнер шетсiз-шексiз құм таулардың жықпыл-жықпыл, қойнау-қойнауларына бой тасалап, сiңген судай тез арада ғайып болды.
Бұл оқиға желiсi ежелгi Орғұн-Енесай жазба ескерткiштерiндегi Бiлге Тоңуқуқ ерлiк жорықтарын еске салады:
“Алтын қойнауын асып келдiк, // Ертiс өзенiн кешiп келдiк. // …Көп [екен] деп неге қашамыз, // Азбыз деп неге қорқамыз, // Неге басындырамыз? // Шабамыз!…”(Йоллықтегiн Күлтегiн. А., “Жалын”, 1986, 74–75-беттер), – дейдi рухы асқақ, өр мiнез қаған. Мәңгi бiтiктасқа бәдiзделген осы жолдардан исi төрүк қандас ағайынның от алып, жiгерiн жанитынына шүбә жоқ. Тарих дәптерiнiң қатпар-қатпар парағының қалтарысында уақыт пен кеңiстiк араға талай ғасырды сыналап салып, бөлiп тұрса да төлтума әрiп таңбаларымен тасқа басылған мұрадан отаншыл баба тұлғасы күллi табиғи болмыс-бiтiмi, кесек мiнез-құлқымен шынайы бейнесi көз алдымызға келедi…
Құйын соққандай маңайды астан-кестен ғып жайпап өткен әлгi шайқастан қан судай ақты. “Ел-жұртын шауып, мол олжаға кенелiп қайтамыз” деген шүршiттiң дәмесi үзiлiп, аяқ астынан масқарасы шығып, ойсырай жеңiлдi. Төңiрекке шашылған қара құрым жайраған жау өлiгiн қолға түскен тұтқындардың өздерiне жинатқан қазақ жасағының көсемi иiстенiп, қан саси бастаған мәйiттердi топырақпен жасыруға рұқсат бердi. Сонан соң ол “ақсарбас!” айтып, жеңiс шеруiнiң құрметiне ту бие шалдырды. Дәстүр бойынша көшпелi қазақ тұрмысында мұндай саяси маңызы зор iргелi оқиғалар ел жадында ұзақ уақыт сақталатындай етiп аталынған. Бұл жолы да сарбаздар ата салттың жоралғысын бұзбай қос көтерiп, шатырларын тiктi. Елгезек қызметшi жiгiттер сай аңғарындағы қайың арасынан қу терiп алып келдi. Қу – қайыңға бiтетiн, шодырайып өсiп тұратын шөп. Қайыңды қағып жiбергенде, қу жерге түседi; осы шөптiң iшiнде мақта сияқты ұлпа болады. Екi шақпақ тасты бiр-бiрiне соғыстырып, қасаба ошаққа қумен от тұтатты. От алған ошаққа сиырдың жапасынан терiлген тезектi қалап, даяшылар астың қамына кiрiстi.
Күн тас төбеге ауған сәске түс. Атсоқты, жорықта, оның сыртында бағанадан бергi салтанатты той-томалақ жабдығынан қолдары қалт босаған сарбаздар төрт-бестен бөлiнiп, бiрнеше сүңгiнi жерге шаншып, қадау-қадау сүңгiнiң бiлеу сабына керiлген жiбек шатырларын сайлап алып, белдiктерiн босатты; торсықтарын шығарып, аңқасы кепкен сусындарын қандырды; аз-кем демдерiн басып дамылдағаны сол едi… Тауды көлбей ұзыннан-шұбақ көше ғып қос қатар түзу қонған шатырлардың арасындағы көк майса алаң ортасымен жасақ көсемi жанына ерген нөкерлерiмен оң қанатқа жете бере, дүйiм халайыққа бұрылып, бет әлпетiмен қасқайып қарсы тұрды. Досы түгiл дұшпанының алдында айдыны тасыған нар тұлғаның мына ширақ қимыл ыңғайынан тағы бiр маңызды мәселенiң ұшығы бiлiнiп, жаңағы айқаста қалың нөпiр, жер қайысқан жау қаһарына қақырата соққы берген сенiмдi серiктерi – қосындарының жаппай куәлiкке тартылуымен түйткiлдiң түйiн жұмбағы шешiлер шұғыл шарадай сезiлдi. Ол әлгiнде ғана қасапшы қызметшiлерге алдын-ала дайындалған тоғын бұзбаған тай өгiздi бiтеулей союды тапсырған-ды. Әмiршiсiнiң емеурiнiн қас-қабағынан танитын жалақтаған төрт-бес жiгiт тай өгiздiң жас терiсiн демде бiтеулей сыпырып әкелдi. Сосын айдауылдарға бейқам бейбiт жұртқа өктемдiгiн жүргiзбек ниетпен атының басын бұрған шүршiттiң дырдай қаһарманын жеткiзу бұйырылды. Мұнан әрi қол-аяғы қыл арқанмен шандып байланған тұтқын тыр жалаңаш жаңа сойылған жып-жылы шылғи терiге тығылды. Салпылдаған төрт аяқтың артық терiсi түбiнен кесiлiп, шуда жiп өткiзiлген тебен инемен бүрiлiп тiгiлдi. Манадан қимыл-қарекетiн қалт жiбермей қадағалаған жиналған мұқым елдiң көз алдында шүршiт дәрменсiз күйде, құндақтаулы нәрестедей боп, қылтиған кәлләсiнен басқа денесi шылғи теріге ораулы жатты.
Оның кескiн-реңi табан астында солып, ажары қуқыл тартты. Тамағы кеберсiп, кенезесi кептi. Өн бойында ыза мен кек қайнаған ноян езуiн жымқырып, бар ашу, наласын көнтиген ернiнен алатындай шиедей ғып тiстелеп, шайнай түседi. Осал еместiгi ғой, жанына батып жатса да қыңқ демедi. Зәбiр-жападан морт сынған ол күйiктен iш құса болғандай: меңiреу. Шашбауын көтерiп соңынан ерген тағдырластары тиiстi айыбына орай иелiгiне бөлiнген қожайындарының құлақ кестi құлы орнына қара жұмысына жегiлуге ант-су iштi.
Бұл – көшпелi өркениеттiң шарықтау биiк сатысына көтерiлген бабалардың опасыздық жасап, қарсы оқ атқан қаны қастарға тамам ұлыс елдiң алдында тағлым аларлық ең ауыр жазалау әдiсi.
Қорлық пен азап ендi басталды. Шылғи тері кепкеннен соң былғары табытқа айналары хақ. Былғары табытты зузамен зiңгiттей төрт жiгiт қостан аулаққа, тау етегiндегi оқшауырақ тастақ жерге қойып келдi. Мұнан былай тiрi пенденiң былғары табытпен iсi болмады…
Ноян бесiкке бөлеулi сәбидей қанша бұлқынғанмен қозғалуға мұршасы келмей шарасыз хәлде. “Құлан құдыққа түссе, құрбақа айғыр болар” деген, құж-құж қайнаған құмырсқа мен шыбын-шiркей бет-аузына армансыз жын ойнақ салып, зығырданын әбден қайнатты. Дiңкесi құрып, жүйкесi жұқарып, төзiмi таусылды. Жас терi тұла бойына жабысып, тамыр-тамырын иiп, суырып, сүлiктей солқылдатып сорып, жанын жаһаннамға жiберердей езiп, жаншып, шыдатпай барады. Жүрегi шаншып, өкпесi қысылды… Дем алысы ауырлады… Әудем жердегi думан қуғандардың қаперiне құдды дәнеңе де кiрiп-шықпайтындай алаңсыз. Шақырайған күннiң көзiне дейiн пұшайман ғарiптi жаңа көргендей iшiп-жеп барады. Көнi кеуiп, аузының суы құрыды. Ошақтан будақтап ұшқан түтiннiң, тай қазандарда бүлк-бүлк қайнаған жылы-жұмсақ дәмнiң иісi танауды қытықтап, тәбетiн шаптырып, ауыздан сiлекей шұбыртады. Азу тiсiн қайрап, шықырлатқаннан өңге бұл бейбақтың қылар қайраты сарқылып, тауаны қайтты. Iшi қазандай қайнайды, әттең қарсылық көрсетерге әл-қуаты жоқ шерменде халде. Оның ендi табанымен жер басып, нұр жауған зеңгiр аспанның көгiн көрмей көктей солатындай күдерi үзiле бастағаны ма, кiм бiлсiн, тура өңiндегiдей жайбарақат бейбiт күннiң шуақты шағын ауық-ауық ерiк-ықтиярсыз қиялдап, санасын қилы-қилы елес кезiп кетедi.
“Батырға да жан керек”. Кешкi қараңғылықпен бiрге көңiлге қаяу, зердесiне үрей ұялады. Тау үстiне құлап, басып қалатындай төне түстi. Басы айналып, жүрегi лоблыды. Әлсiн-әлi талықсып кеткенi болмаса, түн баласына кiрпiгi айқаспады. Денесiн зiл батпан мыжып, сүйек-сүйегiн сықырлатып уатып барады. Қорыққанға қос көрiнедi, әне, жапырып жiберуге таянған қап-қара тажалдың қоп-қою сұлбасы ауа кеңiстiгiнде бұлттай қалықтап тұрғандай сезiнедi. Көз шарасын ашып, жете анықтап алғысы кеп сүзiледi. Сол қалпы төбе тұсында иманын үйiргендей жаңағы орнынан қозғалар емес. Қарай-қарай жанары талды.
Ымырт түскен, тастай қараңғы. Жым-жырт айдалада санасына сан сұрақтар жебедей қадалып, тәнiн шабақтап жатқандай әсер емiс-емiс есiн билейдi. Жә, кәзiр ақырғы рет ышқынып қарсылық етедi, бiрақ дүлей күш оның өңешiнен тап берiп, шеңгелдеп бүрiп ұстап, өкпе-бауырымен қанын сорғалатып, лып дегiзiп суырып алады. Сосын, оның тәнiнен шыбын жаны ұшып шығып, жүре бередi… Не деген зәбiр?!
Ендi бiр уақ таудың ұшар басында ақыретке барар соңғы сапар алдында жатқандай бимаза күй кешедi. Бойындағы бар күш-қайратын жинап, құламасы үшiн тырмысып, қолына iлiнгеннiң бәрiн қарманып бағады. Тұңғиық аңғар қуысынан бiлте шамның сығырайғанындай желпiлдеген жарық көзi көрiнедi. Бұл, сiрә, ауызын арандай ашқан тозақтың оты ма дерсiң? Иә, жаратқан Иемнiң фәни дүниеде пендесiне қиянат жасағандар осында кеп түседi дегенi рас екен ғой?! Бұ жалғанда тiрiдей шоққа шыжғырылуға мезет күтiп жатқаннан бетер жәбiр жоқ, тегi!.. Бақсының моласындай жалғыз қалу деген осы болар!? Құрсауды бұзғысы келген үмiтi үзiлдi, әлi де құрып, ұйыққа батқандай құрдымға тартып барады. Сүдiнi қашқан қауқарсыз мүскiн ажалға мойынсұнды. Ажал… ажал…
Елең-алаңда қалың ұйқы құшағындағы сарбаздар зар еңiреген оқыс дауыстан дүрлiгiп, шошып оянды. Тау-тасты қуалап ұлыған тағы аңның ащы үнiндей тосын сарынды күндiз-түнi тынбай сылқ-сылқ жымыңдаған қара Ертiс желкiлдеген желге қосылып, iлiп әкетiп қарама-қарсы мұнартып, мүлгiген ұбақ-шұбақ Алтай тауларына ұштастырып, жан-жақтың бәрi өздi-өзi пыш-пыштап, мән-жайдан құлақдар боп, қайталапатқандай жаңғырығып естiледi. Табиғаттың акустикалық ауқым өрiсiнiң кеңдiгi неткен шексiз. Қыбырлаған тiршiлiк бiткен дүниенiң ғажайып тылсым тыныштығын селк еткiзiп, зәресiн алған, шырқын бұзған үрейлi дыбысқа наразы дөң айбатпен аңысын аңдағандай тың тыңдап қалған…
Бұл қазақтардың сыртқы жауын терiмен тәубесiне түсiрiп, табындырып, шағындырып, шыбын жанын шырқыратып, қоршаған табиғи ортаның құпия сырын игеру, барша мүмкiндiктерiн меңгеру арқылы қашаннан Алтай тауын тел емген “күш атасын танымас” аңдысқан бақталас көршiлерiне көрсеткен сесi, табалдырығын рұқсатсыз аттап, шаңырағын шайқалтпақ пиғылдарына қарсы қайырған қарымта өшi едi.
Билiктiң кесiлiп, үкiмнiң орындалғанына да бiр аптаның жүзi өттi. Ертелi-кеш, күндiз-түнi тынбастан сай-саланы, тау-тасты дамыл-дамыл, оқтын-оқтын жаңғырықтырып, ыңыранған, ышқынған; айтарға тiлi күрмелiп егiлген, алуан-алуан құбылып, iшкi әлемi, жан-жүйесi алай-дүлей сапырылысқан ноян даусы екi күннен берi шорт кесiлдi. Бес күн ұдайы әуеде қалықтаған азалы үнге талайдың қабырғасы сөгiлдi. Алайда Отанға опасыздық, от басына оспадарлық жасағанға қарсы рақымсыз күрес жүргiзбеске шара жоқ. Естiген құлаққа ниетi бұзық залымның жан күйзелiсi, ақтық демi таусылғанша аласұрған арпалыс сезiмi жатқа да, жақынға да сабақ болғандай-ақ жадында жүрерi анық.
Ит-құсқа жем болды деген – осы…
Былғары табыт жанынан қабыр қаздыруға көсемнiң берген әмiрi еш мүлтiксiз орындалды. Таңғы самалмен көр қазуға келгендер мәйiттiң бүлiнген, күңiрсiген иiсi қолқасын қауып, сәл-пәл беттей алмай, бөгелiп қалды. Олар мұнан былай кiдiруге тiптi де болмайтындығын бiр-бiрлерiнiң жанарлары арқылы ұғысты. Сонан соң ауызы-мұрнын шүберекпен қапсыра орап, iске кiрiстi. Қырсыққанда күректерi тас аралас топыраққа батпай, әуре-сарсаңға салды. Дегенмен, көптiң аты – көп, алма-кезек ауысып, қабiрдi дайын қылды. Жалпақ дүниенiң шексiз қызығын қуалаған былғары табыттағы шүршiттiң тойымсыз екi көзi топыраққа ғана қанағат тұтарына куә болғандардан ұрпаққа осы тәмсiл жеткен едi…
* * *
“Былғары табыт” аталған ауыл – мемлекеттiк шекарадағы кiшiгiрiм елдi мекен. Бұл жердiң тау-тасы мен сай-саласы, өзен-суы мен тал-терегi тарихи сырды iшiне бүгiп, қаннен қаперсiз тiршiлiк ырғағымен бейбiт тыныстайды. Алматыға қайтарда ұзын жолдың үстiнен “Былғары табытына” ұзақ қарадым. Маған ол бабалардың өсиетiн қалтқысыз орындап, қасиеттi тыныштық күзетiнде тұрғандай шоқтығы биiктеп, айбынды боп көрiндi.

– Қазақ әдебиетi, 2002. – №7 (2741). – 15 ақпан.

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field