Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

ТІРШІЛІКТІҢ ТӨРТ МЕЗГІЛІ

Шарипа Нуржанова Шілде 8, 2014 0
ТІРШІЛІКТІҢ ТӨРТ МЕЗГІЛІ

Осы дүниемді өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қағазға түсірген едім. Университетті енді бітірген шағымда. Ұмытпасам, «Жалында» жарияланды. Жас жазушылардың жиынында мұрты жаңа тебіндей бастаған прозаиктер шығармашылығы туралы баяндама жасаған Бек (Совхозбек) Тоғысбаев ағамыз маған оның кейіпкерлері бір-біріне неге ғашық екендіктерін өздері де білмейді деген сыңайда мін тақты. Оңашада Сайын аға Мұратбеков «ит саңқ-саңқ етпейді, ит арп-арп етеді» дегендей пікір айтты. Және бір жиында қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов  биязы да бипаз басымнан сипады, Илья Эренбургтей «жылымықты күтейік» дегенім үшін  шыжғырып-шыжғырып алды, түбінде сенен жақсы қаламгер шығады деп сөзін түйіндеді. Жұматай Жақыпбаев ақынның сенің кейіпкерлеріңде ертеңгі қазақтың мінезі бұғып жатыр  дегені де есімде. Композициясында ақау бар, маусым ауысымы сақталмаған дегендер де болды. Менменсіген жастықтың буы ма, мінезімнің қырсықтығы ма, әлде әркімнің өз жолы бар дедім бе, әйтеуір, үш прозаик пен бір ақынның  уәжін құп ала қоймадым. Бірақ ешқайсының беттерінен ала кеткем жоқ. Көңілдерін қалдырғам емеспін. Кейінірек, ақыл-есім кірген кезде тағы бір қарап шықтым. Жастық шағыма қолым батыңқырамады. Әлі де ыстық. Сол новелламды сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын, қадірлі оқырман.

Кәкен ҚАМЗИН

ТІРШІЛІКТІҢ ТӨРТ МЕЗГІЛІ

(Тетрановелла)

Сөкпеймін өткен күндер күнәсі үшін!
Оралмас көшкен ғұмыр бізге қайтып!
И. Бунин

Жаз

     Қауынның жіңішкелеу бір тіліміндей жүдеу ай аспан өресінде қабыршақтала кеуіп бара жатқандай. Жер мен көк іңір қараңғылығына басын сүйей тынши қалыпты. Жым-жырттық. Жапырақ үлбіретер безілдек желдің ғана осындайда үйіріліп-үйіріліп алғаны болмаса, мектеп іргесіндегі бау-бақша жұбаныш құша, керенаулау манаурайды. Аңыз алыптарындай зәулім ағаштар жұлдызды аспанға мойындарын соза таңдана қарап қалған сықылды.
Талай шіркіннің, оның ішінде менің де аты-жөнім ойып жазылған теректің ең төменгі бұтағында Оля екеуміз отырмыз. Жапырақтар ара-арасынан аппақ сәуле дірдектей келіп, лікілдей төгіледі, айдың ақсұр нұры шашырап өтеді үстімізге.
Сыбдыр-сыбдыр. Күмістерек пен қайыңдардың жапырақтары сыңғырлай барып, күлкісін әрең жияды. Менің осылармен қосыла да, жарыса да сақ-сақ күлгім келеді. Бірде-бір данышпанның үш ұйықтаса түсіне кіріп шықпаған, алабөтен, біздің ауыл тегіс аңырып қалатын керемет ойлап тапсам-ау деймін. Оляның ойында не барын мен қайдан білейін. Бәлкім, ол да мен секілді «мәңгілік қозғаушы» ойлап шығаруды, қара жердің тұтқасы болса, тік көтеруді түні бойы кірпік қақпай армандап шығар дауасыз қиялшылдардың бірі шығар. Әйтпесе менің жанымда оған не бар? Расында да, біздің қазақ мектебіндегі әрі тұйық, әрі жұмбақ жандардың бірі – осы орыс қызы Ольга. Қыз болып бой түзеп, құрбыларымен бұлғақтап жүргенін де көрмейсің. Көршісі дей ме, кім білсін, менің қасымнан екі елі қалмайды. Көлеңкем құдды. Алтыншы-жетінші кластарда елдің мазағына шыдай алмай өліп кете жаздаушы едім, осы күні мүлде көңіл аударуды қойдым.
Бір жақсысы, ол сырға сондай берік жан. Мына акселераттар//ерте есею заманында мен көз салған ботакөздерге қосыла жыр жазамыз. Одан артық көмекшіні ақындыққа құлқы жоқ біздің ауылдан тауып көр қанеки. Оның үстіне қыздар психологиясы қыздардар қалтарыс қалған ба, ол жағын да әбден ескерген жөн. Айтып-айтпай не керек, Олядай алтын жолдасты қыздар түгіл ұлдар арасынан табу оңай-оспақ шаруа емес. Тымырайып отырысын қара өзінің.
Мен бұтақтан секіріп түсіп керіліп-созыламын. Каратист секілді «ияһ!» – деп ауаны үш-төрт рет түйіп-түйіп тастаймын, шыркөбелек айналып барып оң аяғыммен де, сол аяғыммен де әлдекімді теуіп-теуіп жіберемін. Оля да, ағаш жапырақтары да ішектері түйілгенше мәз болады.
Еңістегі ауылға қараймын – шашылған шырақтардай. Аспанға қараймын – төбеде шүпірлеген жұлдыздар үйірі, шұбатылған құс жолы. Маңайымызда жан жоқ, тек гитара термелеген ауыл сал-серілері мен практикага келген пединститут студенттері кешкілік серуенге орталық көшеге шығыпты. Айтпақшы, көресіні осылардан көретін болдық, оқу министрінің өзінен өкілдік алып келгендей шетінен паң, мәдениет министрінің жүзігінен өтіп келгендей шетінен сән. Сонан соң жоғары класс қыздарымен әзілдесуге келлгенде, ойдойт, жанып түседі. Анда-сандағы кештерде біздің класс қыздарымен билеуге тегі құмар. «Плюс» математикалық терминіне тілі келмегендіктен Пилюс аталып кеткен біреуін бізге уақытша класс жетекшісі қылып қоймасы бар ма. Әнеу күні қыздарға Микеланджелоның «Давидін» көрсеткенім үшін, сол қоянбай сабақтан желкелеп айдап шыға жаздады…
Қайқаңнан жалғыз көзді машина шыға келді. Ырылдап-күрілдеп клуб алдына тоқтаған сияқты. Біреулер топ-топ түсіп жатыр, өзара күбірлескендей де. Әлгі «ГАЗ-53» сәл аялдады да, ырың-ырың кері бұрылды. Стоп сигналы қызарабөртіп қасымыздан өте шықты. Клуб алдында біреулер сөйлеп жүр ме, қалай? Локатордан еш айнымайтын қалқан құлағымды  солай қарата бұрып, ағашқа жабыса қаттым да қалдым.
–          Яха, Яхия,  менің  жан  дүниеме  үңілші бір сәт, түсініп көрші сен мені. Бір кластағы
сен есіркемегенде, кім есіркейді мені. Біреуміз домбыраның астыңғы ішегі болсақ, біреуміз үстіңгі ішегіміз. Бір-бірімізсіз күніміз қараң, солай емес пе? Екеуміздің де жүрегіміз нәп-нәзік. Бұрауын таппай, сөйлете алмай қор қылады-ау кей-кейде, егер үзіліп кетсек қайтеді? Сен, мен кісі тани білсем, мына деген жігітсің, мен де жете қабылмын, рас па осым? Анада бригадирдің ерке қызына жолықтыр деп әбден қинадың. Ана көкдолы шешесін өзің жақсы білесің, әмбе қарындасымның досы ғой, мен әлі ар-ұяттан айрыла қойғамын жоқ. Сен оған ренжи көрме, ер мойнында қыл арқан шіри ме?.. Сөйте қойшы, несіне бәлсінесің. Жөн-жосықты мене кем білмейсің, ақырын құлағына сыбырлай сал қасындағыларға естіртпей. Болсайшы енді еміндірмей.
Ойпырай-ойпырай! Мына Богданың төкпе ғой, Яхия шешеннен де шешен ғой… Әлі жалынып жүрген сықылды. аяққы сөздерін жел қағып кетті ме, күбір-сыбырмен тынды ма – белгісіз. Оляға қараймын, мына тамашаны қара! Жаңағы Богдан сөзіне құлақ түре қалыпты. Менің мысқылдай қарағанымды сезімтал Оля аңдай қойды. Дәнеңе болмағандай «Бесаме мучоның» әуенін бұзыңқырай ыңылдай жөнелді.
Бір табан болса да клубқа жақындай түстім. Ольга амалсыздан еріп келеді. Бір қызықтың үстінен түсерімді әйтеуір сезетін тәріздімін.
–          Әй, кірпібас неме, мына… Мына қызды кім шақырды?! – Богданның дауысы манағы
жылылық пен жұмсақтықтан жұрдай ысыл мен ызғарға айналды. – Әй, Яхия, Ламараны шақыр дегем жоқ па саған, тұра тұр, бәлем! Анюта, сен емессің, сені шақырғам жоқ дедім ғой. Қызық киноңнан қалмашы, жарай ма?
–          ?!!
–          Не, немене? Жо-жоқ! Иә-иә,  ұнатамын  дегенмін. Сөзімнен танып тұрғамын жоқ, ал
тап қазір тұрған орнымда аттырып жіберсең де өй дей алмаймын. Ертеректе «барлығы өтеді, барлығы өзгереді» депті ғой бір ғұлама. Маған сенбесең. соған иланшы. Ақылдан ұсташы, пайымдашы өзің. Әлгі өзіңмен кеткір қызылша шөптеуде Ламара болмады ғой. Сонан кейін сені ұнатамын дегенім ғой қара басып. Анюта деймін, араға түспеші, әзәзіл болмашы, бәрібір жүрекке әмір жүре ме? Осы Ынтымақта жігіт аз ба? Менен не опа, не қайыр. Өзіңмен қатар оқимын. Айналайын, қызығыңды көргір, киноңнің бір бөлімі өтіп те кетті. Жылама, ойбай, кетесің бе, жоқ па енді? Ламара келеді әне, не деп тұрмын мен саған, бас аяғыңды…
Ойпырмай, мына Богданың қандай өзі, қаныпезер екен ғой, өзіміздің Анютаны жылатқаны несі? Оның мұндай безбүйрек екенін кім білген. Анютаны ренжіткені қалай?..
Богдан мен Ламара кәдімгідей қол ұстасып алыпты. Біздің ауылда бүйтіп жүруді бірінші көруім бұл. Дәл осылай қол ұстасып жүру біртүрлі жарасымды, әп-әйбат па деймін. Есейген соң мен де қолұстасып та,. қолтықтасып та жүрермін-ау…
–          Оля, біз  де  кетейік. Аналарға  қарашы, қызық емес пе? Ертеңдер мазақтап күлгенге
жақсы болды. Неменене? Бармасаң – өзім кетем, ал сен жалғыз қайда барасың. Қарауылдың тайыншадай көкжалы бар жолда, – деп Ольганы бір жағынан қорқытып, бір жағынан алдаусыратып бірге жүруге әзер көндірдім.
Алдымыздағы қос қара – көзге шыққан сүйелдей. Сүзіліп біз де келеміз. Бұл қылығымыздың әбес екенін мана Оля құлағыма қанша құйса да кәперіме кіріп шықпайды. Міз бақпаймын. Маған не керек? Қызық керек, ермек керек. Одан басқаны ойлап, бас қатырып жатқан мен жоқ.
Жаздың түнін айтсайшы, шіркін! Керемет! Имиген шоқыларды, құр сүлдесі қалған айды, жыпырлаған жұлдызға толы аспанды, қағылез самал жүгірген даланы, сай-саласынан құлмақ иісі аңқыған ауылды жиһанкез саяхатшылар да кезестірмеген шығар. Қайдан кездестірсін, әлемде Ынтымақ ауылы біреу-ақ қой.
Аналар – ілгері, біз – кейін. Төрт көзіміз Ламара мен Богданда. Әне-әне, бір-біріне жақындай берді, сүйісіп жатыр-ау. Кинодағыдан бір аусайшы. Тамаша! Қызық болды!.. Үй-үй-үй, аттан-ай! Мына қыз қайтеді?! Тісі батып кетті ғой иығыма. Сасқанымнан иығымды уқалай бердім. Оля өз кінәсін сезгендей қыршып алған жерін алақанымен сипағансиды. Одан иығымның тызылдағаны басылды ғой дейсіз бе. қайта өрши түспесе.
Ламара мен Богдан қызылкірпіш үйге бұрылды. Құба талдан қолдың саласындай білемделе тоқылған шарбақты бойлап, аяғымызды ұшынан басып бірте-бірте жақындай береміз. Осы үйдің ала дүрегейі қаңғып кетіпті әлдененің соңынан. Құлып салдырлап, ескі кәсек көнгісі келмегендей жаны шыға сықырлады кеп. Онымен қоса менің де жаным шиқ етуге шақ қалды. Енді ше, үйге кірсе, көңіл көтерер мына спектакльден айрыларым хақ. Оля бір жағымнан жеңімнен тартқыштап «кетейікші, кетейікші» деп дігерлеп қойсайшы. Тілазар баладай менің тіптен көнгім келмейді, қиқарлығым ұстай қалады осындайда. Оляның ыңғайына жығыла қоймаймын.
Төбесіне болар-болмас сабан үйілген ағаш қораны айнала бере терезеге жабыстым. Басбағып ұрлана қараймын. Богдан өліп-өшіп сүйеді-ай, сүйеді-ай! Оһ! Аймалайды кеп! Ламара екі көзін жұмып алған. Дел-сал. Богданның бұйра шашын мейірлене ұйпалайды… Екі құлағым тас бітелді. Өн-бойымда, әйтеуір, бұрын білінбеген діріл бар. Жасыл жарық төгілген терезеге қағаздай жапсырылдым да қалдым. О-о, дүние! Богдан ана қызды тізесіне отырғызып тағы аймалайды, тағы аймалайды, тағы сүйеді. Оһо-һо-һо, былқ-сылқ еткен ақ жұмыртқадай Ламара сүйеуге жарамай құлап бара жатқандай.
Біреу қолымнан жұлқи тартып барады. Жалт қараймын – Оля ғой. Мәссаған, қарабидай. Бұған не болған, бетін басып солқ-солқ етеді. Мына қызға бірдеңенің шалығы тиген шығар, әлде менің есім ауысты ма? Маңдайын ұстаймын – сап-салқын. Өз маңдайымды сипалаймын – тастай. Ештеңе түсінсем бұйырмасын.
–          Саған не болды, бірдеңе көрінді ме?
–          Иә, иә!
–          Айтсаңшы, ну, говори же?
–          Жәй, ештеңе емес…
–          Ендеше,   есің   дұрыс   па? Саған   ештеңе   емес. Богдан   атып  шығып мені ұстаса,
желкемді үзбей ме? Бір класта оқып жүргенімізге ол «тіпә» да демемейді. Солқылдама деймін, әйтпесе, тура бар ғой, жалғыз қалдырып кетем.
–          Мен, мен бар ғой жақсы көрем…
–          А-а, нені?
–          Ананы.
–          Кімді, Ламараны ма?
–          Его! Богданды, оһо-һо-ой, соны…
–          А-а, е-е… Уһа-һа-һа! Богданды де, ішегім-ай!
–          Әнуар,  күлмеші,  прошу тебя,  умоляю тебя! Күліп  қайтесің, бұған  күлуге  бола ма
екен!? Не надо! – дейді қазақша-орысшасын алқына араластырған Оля жыламсырай. Оның дауысынан жалыныштан да өзге, менің өрем әлі жете қоймаған әлдене барын сезгендеймін. Күлкім ғайып болды, су сепкендей басылды. Манағы қылықтарымның бәрі сүйкімсіз, бәрі әрсіз, бәрі сұрғылт екенін енді ғана шамалағандаймын. Екі бетім лезде ду ете түсті. Онымды Оля көрмей-ақ қойсын. Бұрылып ала жүгіре жөнелдім. Соңымнан Оля да дедектеп келеді…

Күз

Жауып тұр, жауып тұр. Құнжыңдай жағаласқан, құжынай сапырылысқан жапырақтар. Баяны тайған бақ іші астан-кестен. Сарғая піскен баурсақ жапырақтар жағаны жағалаған орындықтарды көмкере беріпті, көме беріпті. Өкпелі дүние, мұңлы күз, мұңайған бақ. Әуеде өлеусіреген сәулем де жоқ. Қабарған қорашойын бұлттар ғана. Әудемнен, әлдекімнің ауласынан ширыққан төбет саңқ-саңқ етіп қоярда-қоймайды. Шымыр шынжырын үзіп жіберердей. Біреу тарпа бассалып қылғындырып жатқандай ауыл ортасындағы бұзылған репродуктор қырылдайды. Тыңдай қалыңыз, селт етпей құлақ түріңіз. Нақ осы мезет ап-анық сырт ете қалады. Үзілген жапырақ үніне тек түн баласы ғана елжірей құлақ түресің. Сап-салқын жапырақ үстінде дәл осылай бейғам, бүкіл әлемде жалғыз өзің бардай отыра бергің келеді, аунап-аунап алғың келеді. Жапырақтар жауып тұр, төгіліп тұр. «Күз» деген кіртиген мейманың осы екен ғой. Мына жарық дүниеде осындай мезгіл барын мен бүгін ғана аңғарғандаймын. Аңдамай жүре беруім де мүмкін еді-ау. Сұмдық қой бұл, сұмдық.
Соноу шалғайдан, қиыр шеттен ауылдың осы жадаусыз, жайсыз күзінің жүзін көріп қайтуға арнайы келгеннен саумын ба? Туған жердің, өскен елдің лебі ме мені өзіне тартқан. Ностальгия ма? Әйтеуір ұшқан құстай жетіппін. Қанаты бар бейшаралар түстікке аттанса, мен терістіктен бір-ақ шығыппын. Кейде сұрау белгісіне, кейде леп белгісіне ұқсай, шығысқа қарай  сызып бар жатқан сонау жап-жасыл поездан түсіп қалыппын. Көрші ауылдағы жалғыз әпкеме де соққамын жоқ. Осында келдім. Жалғызбын. Мен мұндамын. Сонда, шіркін-ау, қалғандарымыз қайдамыз? Ойланып көр, Әнуар, ойланып көр. Ия-ия, Ламара Ақмола ауыл щаруашылығы институтында, Анюта мына тұрған Талдықорған техникумында, Богдан Барнаулда, кірпібас Яхия Семей малдәрігерлік институтында. «Ұмытып барады екенмін, балалық базарымның куәгері, Оляжан, сен қайдасың?» – десем, сен: «Мені қалай ұмыттың, Әнуар-ау, мен Қарағандыдамын. Дәрігерлік институтта мүдірмей оқып жатқанымды өзіңе талай жазып едім ғой», – деп, өкпелеген адамның сыңайын танытар едің. Еһ, тап қазір кездессек қой барлығымыз үлардай шулап. Менің қалай жалғызсырап отырғанымды білсеңдер ғой, сендер?
Қазтабан жапырақтар төгіліп тұр, сусылдап тұр. Қоңыр күздің сілекпе шығарар, күн құрғатпас жаңбыры да келіп қалған шығар. Таяу қалды, тақау қалды. Не деп кеттім мен осы? Әрнәрсенің басын шалып. Әлдененің үні ойымды бөле береді, нақтылы не ойлап отырғаным да бимәлім. Адамның осы бір  алаң-бұлаң кездері-ай, өзіңе өзің жұмбақсың.
Айтуар жақта – күбірлеген кібіртік. Әлдебір балаң ақынның арнау өлеңі ме. Кімге екен? Сыңғырлаған теңге күлкі. Қураған жапырақтарды сыңсытып бері беттеген сықылды. Орнымнан тұрып, өзіме ежелден таныс бақты жаңа көргендей кезіп келемін. Тамағым құрғап, ернім кезергендей, сусап, шөліркегендеймін. Өзімнен-өзім қыстығамын. Медальонға ұқсаған ай да бұлтқа байланып, ақ жүзін бір жарқ еткізбеді.
Жапырақтарды қобырата жүріп келемін, жүріп келемін. Бұйығып, бүрісіп отырған екеуді сонадайдан айналып өтемін. «Айналайындар-ау, бұл менің бағым ғой. Маған, ең болмаса, бір түнді қисаңдаршы!» – деп айқайлағым келеді. Япырмау, сонда осылардың отырысын қызғанғаным ба расымен. Ысынып, өртеніп барамын. мойнымдағы кашнені қырық бүктеп плащымның қалтасына саламын. Бәрібір күйіп бара жатырмын. Алқынып, булығып кеттім, көзіме ып-ыстық жас келгендей. Орамалым құп-құғақ.
Қалтарыстағы бос орындыққа сылқ ете түсіп ұзақ өксимін, екі көзден тарам-тарам жас ағады. Бұл дүниеде мені аяп, мені жұбатар жан қайда? Қай-қайдағы бұлталақ, шұбалаң ойлар иірімі мені шыркөбелек айналдыра жөнеледі. Бұл не пәле, маған не болды осы? Кеудемдегі жас алып жатқан ақкөзе қаңсып, бос қалғандай. «Бос кеуде, қуыс кеуде», – деп жүрек-серік солқылдата келіп соғады. Бас көтеруге айнала тыныштығынан сескенгендеймін. Бойымды билеген сылбырлыққа малынып, осылай отыра бергім келеді езіліп. Омалып отыра бергім келеді.
Баяғыша бұлбұлдар неге сайрамайды? Сайрамай-ақ қойсын, оны қайтем. Күзде құйқылжыр бұлбұл қайда? Оның да өз дәурені бар. Уақыт дегеніңнен не мүсіркеу, не аяушылық күтесің? Теңіз толқынындай шайып кетті, алып кетті барлығын түпсіз тұңғиығына. Көз жасым қайда – құрғап қалған, ернім кезереді, оң құлағым шыңылдай жөнеледі. Осы бейуақыт мені де біреу, етене жақын біреу еске алған да. Кім болсаң да үлкен рахмет саған, беймәлім жанашыр.
Алақандай жалғыз жапырақ шыркөбелек айналып ұзақ қалықтайды. Жайсыз жамбастаған тамам жапырақты жүгірмек өкпек алып қашып, сыпырып барады. Қоңыраудан кейін тысқа  жамырай, жапатармағай жүгіре шыққан балалардай.
Аспан күмбезіндегі жаңа-жаңа ашылып келе жатқан жарық-сызатты күнбатыстан қатып, қағынып келген қара қарғадай бұлттар көктеп өтті. Нөсерлетер ме екен, қайтер екен? Әй, әзірге тама қоймас. Біздің жаққа оның төнер мезгілі де, төгер мезгілі де әлі алда ғой. Соңыра ғой.
Осы күзгі жапырақтардың өзгеше бір иісі бар. Рахатын-ай, паһ! Уыстап алып шашып жіберемін. Неге ғана өртейді екен сорлыларды? Өрімдей жастың ертеңі, қаусаған қарттың бүгінгісі емес пе ғаріптер.
Тыпырши ойнақшып шыға келген тызылдақ жел сары жапырақтарды нөсерлете төгіп-төгіп жіберді. Ағаш біткенді сілкіп-сілкіп тастайды. Қалықтайды олар, тербеледі олар, дірілдей олар, әндей созылады олар. Әндей, әндей… Әндей! Апырау, апырай «ән» дедім бе? Расында ән бе? Ән ғой мынау!
Сағыныш қой,
Сағыныш қой,
Сарыала жапырақтар…
Ән!!! Орнымнан атып тұрдым. Сейіліп кетпесінші, тарап кетпесінші, үзіліп қалмасыншы. Көз жазып қалмасам игі еді. Тұра ұмтылдым. Неге жүгіріп келем, не іздеп келем – өзім де білмеймін. Ентігімді баса алсамшы. Не болды маған, не көрінді маған? Сүріндім-ау, ұзыннан түстім-ау. Тұра сала үздіге ұмтыламын, торғайдай жүрек лүп-лүп соғады ұясында. Қол созымда ән кетіп барады. Жеттім-ау, әне, жеттім, міне, жеттім. Ұһһ! Ой-ой, мынау Анюта ғой…
–          Аня, Анюта, Анна! Мен ғой, это – я! – деймін бар дауысыммен.
Ол жалт бұрылды. Плащының етегін қымтай, біреуге жол бергендей үрке жалт бұрылды. Таңдану мен тосырқау. Осы екіұдай қалай-қалай менің де бойымда бұлқынғандай.
–          Сіз… Сырттай қарағанда өте ұқсайды екенсіз. Сіз кешіріңіз, біреумен шатастырдым,
айып ете көрмеңіз. Мен, мен өзім, өзімнің кейде сондайым бар, – дей бердім аузыма сөз түспеген соң. Бейтаныс қыз транзисторын өшіре, жеделдете басып ұзай берді. Әндей сызылып түн құшағына сіңіп кетті. Әркімнің өз шырқауы бар деген, міне, осы. Менің күткенім осы ән бе еді?.. Ұсқыны жаман үйлесімсіз дүние-ай…
Менікі не үздігу, не аңсау осы? Мына жалғанда бар нәрсе ме, я сағым қуған алаөкпе көңіл дірілі ме? Анна, Анюта… Өзгелерден гөрі осы көккөз белоруска ойыма неге орала береді? Мектепте жүргенде барын да, жоғын да аңғармаушы едім ғой. Оу, осы бүгін саған не болды, жолың болғыр, Әнуар-ау? Бойран-ботқаң шықты, көз жасыңды көл қылдың. Таныдың да танымадың, жаза бастың да жаңылмадың деймін өзіме өзім. Енді қайтсін, тағаты таусылған періште-жүрек кеуде есігін ызақорлана тепкілеп жатыр.
Жапырақ құшақтаймын, шашып жіберемін. Шеңгелдеймін де маңдайыма басамын. Бас ауған жақ – қай жақ? Осындай да қаңғыбас қауышу болады екен. Ол, бәлкім, сезім бе екен. ол әлде нәзіктік пе? Бәрі мүмкін. «Қой әрі, мүмкін емес» – дейді енді-енді ақылға келген басым. «Бәрі ықтимал, бәрі мүмкін», – дейді әрдайым ақымақ. әрдайым бебеу жүрек…

Көктем

–          Аридарай, аридарай, аридарай… Бір күні ұйықтап кетсем. оянбаспын…
Сергелдеңге түсіп, әдбен есеңгіреп жүрген бұл біздің Богдан. Дауысынан танимын. Ит өлген Барнаулдан жетіп келгенін кеше естігенмін. Өзіміздің Ламара мен Яхия бас құрапты дегенді алдыңғы күні естігенмін. Не дейін Богданға. Аяймын. Мен аяғанмен аналар аяй ма. Менің есіркеп-мүсіркеуімді ол көтере ме? Мұндайда жылы сөз айту бекершілік Қанша жақын жүрсең де алысың арлы болар.
Сабазың ми батпақты езгілеп, жазғасалымғы іркілдек суды шалпылдатып бері бұрылдыы. Қазақтың шерлі әуенінен хохолдың мұңлы әуеніне көшті. Ап-ащы. Аңыратып келеді. Богданда мұндай тенор барын бұрын кім білген.
Нiч яка мiсячна, зоряна, ясная.
Видно, хоч голки збирай.
Вийди, коханая, працею зморена, хоч на хвилиночку в гай.
Вийди, коханая, працею зморена, хоч на хвилиночку в гай.
 
Сядемо вкупочцi тут пiд калиною –  і над панами я пан!
Глянь, моя рибонько,- срiбною хвилею стелеться полем туман.
Сәлмірейіп тұрған мені байқап қалған секілді. Сонадайдан қолын бұлғап келеді. Қайықтай есіп келеді.
–          Еһе,  аһ-аһ,  ей,  менің  шыққыр  көзім,  кімді көріп тұрсың? Бұл шынымен сенбісің?
Тасмүсін екен десем, басын изейді-ей мынау. Шыныңды айтшы, менің алдымда тұрған рас сен бе, әлде құр елес пе? Кейінгі кезде маған тек елес қана серік. Мені құдай ұрды, мені жын соқты, мен  бар ғой, жынданып кеттім. Қорықпа, қорықпа! Саған залалым жоқ. Мен айтып па ем, әлде сен айттың ба, жоқ басқа бір данышпан айтты ма, а-а: «Тыншыңдар, ғаріп пернелер», – деп?
–          Аполлон Майков болар, – деймін  мен  сәл   шегіншектей. Тітіркеніп  кеттім.  Богдан
өмірі бұлай сөйлемейтін, тікесінен тартатын, өмірі астарламайтын.
–          Иә,  сол  болса, сол  шығар. Бір  білсең – сен білесің. Ол  кім  өзі? Әй,  кім  болса,  ол
болсын. Мен өзім де де, жалпы, ақын жандымын. Дұрыс айтқан итің, дұрыс. Тірі ме өзі? Мен ондай өлең жазған күні асылып өлер ем. Қағаз бетіне анадай сөз түсірген адам тірі жүрмесе де болады, солай емес пе? Бірақ асылып өлу де, атылып өлу де, уланып өлу де таңсық емес. Бәрі классиктерден қалған. Күпір болмайық. Өлім шақырмайық, тірі жүрсек – өлмеспіз. Словом, это – прелюдия, словесная эквилибристика. Бa’ста! Үй, әй, сен! Мені расымен есінен адасты деп тұрмысың? Мен бе, мен бақыт буына басы айналған адам едім. Қазір ше, қазір, тап осы сәт саумын, Сап-саумын. Сен бері қара. екі қолымды ұсташы – тастай ғой. Ұста деймін! – ол жағамнан алып, сілкіп-сілкіп жіберді. – Сен бақыттысың, сен ешкімді сүйіп көрген жоқсың. Жүрегің тас-талқан болған жоқ, білдің бе?! Менен өткен шерлі жан жоқ, менен өткен сорлы да жоқ. Мен енді мұңға айналам, көздің жасындай кіршіксіз мұңға батам. Мөп-мөлдір. Мына көктем қаншама жылылыққа бөлесе де мен суына беремін. саудыраған қу сүйегім ғана қалады. Арктикаға айналам. Сібірдей дірдектеймін.Үһ! Қайғы-мұңын көлденең көк аттыға әлсіздер ғана шағады деп тұрсың ғой. Жо-жоқ, қателесесің. Мен саған ғана айтам, сен түсінесің, сен бөтенім емессің. – деп басын шайқайды. Айқасқан тістері – шақұр-шұқыр. Мен айран-асырмын. Богдан қайраңға шыққан балықтай бірде тынши, бірде тулай қалады.
Ол сұқ саусағын көкке көтерді – онысы тағы бірдеңе айтамын дегені.
–          Мен әулиедей сеніп жүрдім емес пе? Менің әнім Яхияның әуеніне айналады деп кім
ойлаған сонау Барнаулда тентіреп жүріп… Мен мелодрамаға ғана жарайтын қабілетсіз актер екенмін, Ламара мен Яхия өз рольдерін биске орындап шықты. Браво! Жағымсыз кейіпкердің,  нақұрыстың бейнесін сомдау менің маңдайыма жазылыпты. Оған да шамам жетпеді. Ақыр-аяғы сен де сенбей тұрсың. Сен түсінші, сен түсінуге тиіссің. Олар да, ел де мені жер қылып кетті, өлтіріп кетті. Ал мен жұрттың бәріне жақсылық жасағым келеді. Мен жұмсақпын. үлпілдекпін, ешкімге қиянат жасағым келмейді. – енді ол иығыма қолын салып сыбырлай сөйледі. – Мен жыламаймын, бірақ кеудедегі шерді қайтем, шер бар ғой менде, шерден қалай арылам! Ал, біз не істер екенбіз, қарасын да тұрсын. Көрерміз кімнің кім екенін… Осы мен шынында да сау емес шығармын. Тап қазір не деп, не қойғанымды шамалай алуға халім жоқ… Мен де ырғалмай, срочно үйленемін. Бұл ой қорыту, түйіндеу. Менің таңдаған ақырғы ролім – осы. Жоқ. роль емес, роль емес. Өзіме өзім кескен үкімім. Жөн бе? Ақ айттым ба?
Ол жауабымды күтпестен өзі сөйлеп кетті. Әр сөзін сығымдай шығарды, мықтап сіңіріп алсын дегендей әр сөзін шегелей қақты. Онысыз да зейін қоя тыңдап тұрмын, менен артық зейіндіні қайдан табарсың,
–          Иә,  Ламарадан  алданған  екенмін  деп  мен  бүкіл жарық  дүниені мәнсұқ етпеймін.
Манадан бері мен өз қара басымның мұңын шағып тұр дейсің бе? Жо-жоқ, бұл – тізбекті реакция, жалғасы бар мұның… Екеуміз академик атанбасақ та, «мәңгілік қозғаушы» ойлап таппасақ та, әрқайсымыздың өз орнымыз бар. Солай емес пе? Сен көп сөйледі, балпылдап кетті деп мені жазғыра көрме. Бұл заматта өзіңді ұғатын адамды табу оңай емес, оны өзің жақсы білесің. Ім-ім… Саған қалай десем екен. Үй-іш той қамында, Львовтағы аға-жеңгелерім де келе жатыр. Ал біздің жүріс болса – мынау. Ұмыту қиын, жүректен жұлып тастау одан да бетер. Азап. Жар-р-райды. Дұрыс айтасың, бір адамның қайғысы ғаламдық трагедия емес. Бірақ екі адам, төрт адам болса ше? Алыптың өзі ұсақтан құралмай ма?.. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: барқадар таптырмайтын ескі-құсқының бәрін тәрк етіп, мен Анютаға үйленетін болдым. Мен әлдекім секілді найқалмай, шайқақтамай осылайша шұғыл шешім қабылдағанды ұнатамын. Сен кешір, байқұс қыз мен сүйеді, мені. «Өзің сүйгенді емес, өзіңді сүйгенді ал» тап менің алдымнан шыға келді. Болары болды, бояуы сіңді. Той болатын болды. Бәріңді шақырамын. Біздің ауылда дүркіреген екі той. Екі қуаныш. Қызықтаңдар, шаттаныңдар, жадыраңдар біздің тойымызда. Бітсін, біткені жақсы бәрінің…
Рас, тас мүсін екенмін. Осының бәрін тыңдап тұруға дәтім қалай шыдады. Ащы айғайға басқандаймын, дауыс шығар емес. Тастай қатқан жанда дауыс қайда? Жағамдағы түймелер бырт-бырт үзілді. Тынысым тарылып барады, тұншығып барамын. Тұнжырдың түбіндемін.
–          Не-не,  немене?! Оны  сүйесің  бе  сен, сен?! Сен!!! – мен  де  ел   сияқты ет-сүйектен
жаралған тірі жан шығармын, тыпыршыған жүрегіме ие бола алмай қалдым. Қас қағымда бұлыңғыр тұман, жасыл от, қара түнек, көк мұз – бәрі қосылып, бірден жайпап өте шықты. Өзегімде жылт-жылт еткен қара көмір ғана қалды, көңіл ғана шала бықсиды. Жеп-жеңіл секілдімін, өзімді өзім айналып ұшып жүрген сияқтымын. Енді мен нақұрыстың өзіндеймін. Тербеліп тұрмын, теңселіп тұрмын.
–          Мен   ше,  мен   ше, – ернім  икемге  әрең  келді, – біздің  уәдеміз  бар  ғой. Сен  соны
білесің бе?..
–          Ол  мені  сүйеді,  мен  бәрін білемін, – дейді Богдан булыға. Ақырын ғана. – Ол мені
сүйеді, оны сен де білесің, білдің бе?!
Естіп тұрмын, естіп тұрмын. Соншама айғайламаса қайтеді, меңіреу емеспін ғой.
Белгісіз бір кемер шекарасында тұрғандаймын. Бетіме көктемнің ала жаңбыры дым бүрке бастады. Айнала тас балбалдай жым-жырт. Кімге тіл қатсын. Кімді жұбатсын. Ала жауын құйған мына қараңғы түнде екеуміз де жалғызбыз.

Қыс


 
Әуе сөгіліп, ақ ұлпа себелеп тұр. Аспан аспазының қазаны асып-төгіліп, аппақ бақбақтар құж-құж қайнайды. Кірпігіме, қасыма нәзік өрнектер іркіледі. Жұқалтаңдау инелік қанатына сәл ғана саусақ тигізсең нетті – еріп жүре береді. Әп-сәтте ғайып болады. Адам  түйсіне алмас, жан баласының өресі жетпес сыр бар-ау осыларда. Дүниедегі пәк, мұнтаз, таза нәрселерді жас кезімізде осы тақылеттес заттарға балаушы едік. Қайда қалдың сол балалық шолжаң, балаңдық бейқамдық, арнадан асқан арман мен қиял?! Еһ! Сабаға түстік қой, енді көше тәртібін әсте бұзбайтын үлгілі жүргіншілер санатына қосылармыз. Жұрт пікірін қадірлейтін жасқа да келдік. Опынсаң да, өкінсең де осы енді…
Жиын деген осы енді. Іштегілердің кейбіреуімен шұрқыраса қауыштық, кейбіреуімен сылбыр мәзірет қол алыстық. Арқалығы бикештей майысқан орындықтарға шалқая жайласып жатырмыз. Ольга әп-сәтте әйелдер автономиясына кірді де кетті. Саяқ қалған – мен. Әмісе өстіп жүргенім, жұғымым жоқ бейбақпын. Сөзге де қатыса алмай отырмын әзірге. Ерлер аузында – өткен-кеткен оқиғалар, хоккейден әлем чемпионаты, халықаралық жағдай, мал қыстату науқаны.
Мен түздің шыңылтыр аязын, құйқылжыған қар құйынын, аласұрған бетпақ боранын көз алдыма келтірем, келтірем де күрсінем. Мана, осы үйге таярда Оляны қолтықтай өзіміздің бақ арасымен өткенмін. Скандинав бозбалаларындай бойшаң қарағаштар, теректер мен қайыңдар аппақ шаштары жалбырай қатып қалыпты. Есіңде ме деп есендескендей. Бәрі де көкірегімде сайрап жатыр. Оля қалай күрсінбесін, сезіп келем. Сол бір жаздың күндерін, баяғы бір мұңлы түнді есіне алды ма? Ұмытпаған шығар. Қайдан ұмытсын. Бірақ сол бекеттен түтінің алыстаған сайын бір кездегі өліп-өшкен дүниеңе суық тарта бастайсың ба, қалай?
Сабақтастар кездесуіне қайдан ғана келе қалдым, осынау алақұйын қыста кездесуді қай кемеңгер ойлап тапты екен? Тіпті зауқым жоқ. Әлде ызғар мен ыссының арасалмағын өлшегісі келгендер бар ма арамызда. Рас, бұрын пәлсападан гөрі шаруам алда деуші едік, қазір, міне,  сүйегіңе тыныштық пен жылылық жақын. Зады, реті келсін, келмесін, өзіңді ақтап алар сылтау-себепті көлденеңдетуге бейімсің. Оның біреуге кесірін тигізіп жатыр-ау – саған қазір бәрібір. Бұл енді – дауасы жоқ ауру, әбден асқынып кеткен өзіңді өзің ақтау дерті…
Жан-жағыма қараймын. Жұрт аса көңілді. Әлде маған солай көріне ме? Жігіт ағасы болған мына азаматтардың оқушылық өмірді еске алып отырғандары жарасымсыз да шығар. Бәрі бастан бұл-бұл ұшқан сол қызық дәуренді айтып тауыса алмайды. Тіпті кейбіреулердің естерінен тығыршықтай, шертіп қалсаң жарылардай астрономия пәні мұғалімінің сөзі кетпейді. Әнеки, Богдан мектеппен қоштасу кешіндегі жұлдызшымыз болып сайрай жөнелді: «Сендер – өрімдей космонавтсыңдар. Әрқайсыларыңның өз орбиталарың бар. Ұшқалы отырсыңдар  дәл қазір. Біз сендерді ұшырамыз, ұшасыңдар, сонан соң, е-е, қонасыңдар». Ел қыран-топан. Әзілі мен шыны, күлдіргі оқиғалар столға отырғанша таусылар емес. Қауқылдасамыз, даурығамыз, бір-бірімізді көтермелей сөйлейміз. Ақыры дастарханға беттейміз. Бүкіл дүние жүзінде қалыптасқан бірыңғай әдет осы болар.
Әйелдер жағы ойда-жоқта класс жетекшімізді елжірей еске алысты. Мінезі қатты, ісі әділ еді десті. Білетіндер ол кісі мұғалімдікті қойып, кеңес жұмысына ауысып кетті. Басқа жаққа қоныс аударды деген жаңалық айтты. Осы күні балаларды бағып-қағу, шалопайларды тәрбиелеу жағы тым қиындап  кеткенін біраз жерге апарып тастады.
Құлақ түріп отырмын. Балқып отырмын. Нелер игі тілектер айтылмады, нелер тостар көтерілмеді. Эмоцияны, елігу мен желігуді аңсаған жұрт. Ду-ду, шарықтаған, көтерілген көңіл. Меніңше, бұл жасанды жалбақтау, жылтырақ тәлпіштену емес. Шын ықылас, шын мейірім.
Менің кластастарым кезекпе-кезек сөйлеп жатыр. Әне  Яхия да лып етіп орынан тұрды.
–          Қадірлі кластастарым менің, менің қуанышымды тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.
Біз, жаратылыстанушылар, ұстамдымыз, лирикаға онша көңіл бөле бермейміз, бірақ тап бүгін осылай болып тұр. Оған не қайран. Осы кездесуге мұрындық болған өзім едім. Талай заман өтті. Он үш жыл деген оңай ма…
–          Он бес жыл десеңші. – Ламараның  дауысы  бәсең  шықты. Жүзі қызарып, қос кірпігі
дәміл-дәміл айқасып қалды.
–          Қасыңда  түзеушің  отырғаны  қандай  көрім. Он  бес  жыл. Иә, иә… Жаңыла береміз
өстіп. Зуылдап жатқан уақыт-ай! Несін айтасың, сол он бес жылдан кейін бас қосып отырғанда неғып көңіл толқымасын, неғып жүрек өрекпімесін. Ламара екеуміздің тойымызда бірің болдыңдар, бірің болмадыңдар. Сонан соң өткенді бір шолып кетейін. Шынымды айтсам, мен өмірге дән разымын. Бәріміз де Абай шалдың өсиетін қастерлеп, өзімізге лайықты орынды дәл тапқанға ұқсаймыз. Бұл – біріншіден. Екіншіден, елдің бәрі өзі турасында баяндап жатыр ғой. Семей зооветинститутын түгестім. Одан бұрын, өздерің жақсы білесіңдер, ертерек қимылдап дегендей, бір жағынан әке-шешеме сеп болсын деп, курд ағайындардың ең сұлу қызы Ламараға үйленіп алғанмын. Ләкең қазір менің бес копиямның анасы. Өзім бас мал дәрігермін, Ламара бас экономист. Ет-мет. соғым керек болса, телефон құлағын, аккурат, бұрап жіберсеңдер болғаны. Сендерден аяғанымды ит жесін. Біраз көпірдім, жетер, осы жерде тауып айтайын. Бәріміздің жарасымды жар тауып, үйлесімді үй болғандығымыз үшін тартып-тартып жіберейік. Осы рюмкені алмағандардың тыл жағына шиқан шықсын…
Жапатармағай созылған сары білезікті қолдар, алтын жүзікті саусақтар. Түйісіп те жатыр, төгіліп те жатыр, ишара жасап жолдан қайтып та жатыр. Жарсымды жар тапқанымыз, үйлесімді үй болғанымыз үшін деді-ау. Жарасымдылықтан жаралғанбыз ба,  әлде қырық құрау, бір бұраумыз ба – ол бір жаратқанның өзіне аян. Бұл бәтшағарды татпасам да қол созым жерге жеткізейін де қояйын. Осы шарап пен араққа не эстетика керек, ақыр ішетін болған соң қырлы стақанға мөймілдете құйып бір-ақ тартпай ма. Мыналар сызыла бұраңбел хрусталь рюмкені қинайды… Осы маған не болды, көпшілік қылығына төрелік айтар төбе билікті маған кім берді. Өздері білсін. Қынаптан суырар қайқы қылыш та әп-әсем емес пе?
–          Кел,  Әнуар,  –  қос   дауыс  жарыса  шықты.  Зайбым  Оля  мен  Анюта.  Қолымдағы
қызараңдаған шарапты соза бердім. Сәлден соң қоңыраудай сыңғыр ете қалады.
–          Ол  бәрібір  ішпейді. Әуре  болмаңдар. Ол арақ ішіуші ме еді? Оның лауазымы арақ-
шарапты көтермейді… Алғашқы махаббаты ғой, Аннаны ұмыта қоймапты, қағыстыруын қара. Хаһ-хаһ-хаһ! Біздің әйел өлсе өйтпейді. Қатынды бастан деген. Хаһ-хаһ-хаһ. Шутка! – Яхия ыздия, сыздықтата күлді.
Мені атып жіберді. Көздегені мен бе едім. Уақыт өтті, ет өліп кетті. Ал, Яхияның бұл қай қылығы. Мастық дейін десең, мас емес, қастық дейін десең, қас емес. Өткен күнді қағып-сілкігені несі. Бәріміздің бір-бірімізге жапсырылған құрақтай екеніміз құдайға да, былайға да аян ғой. Оған енді өкіндің не, өкінбедің не. Ал, мына Яхияға не жетпейді? А-а, е-е, енді білдім. Мені атқан боп, зіл оғын Богданға дарытпақ қой. Оның ежелден қосастар  екенін жаңа шалғандай болғаным не? Әулиенің әйелінен де кіршік іздейтін осындай бұқпанбайлар емес пе?..
Аннаның қолы дір-дір қағады. Түседі-ау, түседі-ау, біреу неге ұстамайды. Айттым ғой, быт-шыты шықты. Қымбат хрустальдың күл-паршасы шықты. Жұрт жым болды.
–          На счастье, Анна на шее! – деп Яхия ғана қаудырлай күлді.
–          Әй,  ошаған  бас  неме!  Ежелгі  бұлаңыңа  қайта  бастың  ба?  Мен  сені баяғыда бір
кешірген едім, ұмытпаған шығарсың. Ал, қазір қаныңды ішемін! Бәрін ұмытасың. Мәңгі ұмытасың!.. Қойдым, қойдым, жігіттер. Ұстамаңдар. Жар-р-райды, бет тақтайын бұзып қайтем. Мына жұрт басбұзар Богдан тойдың шырқын кетірді деп жүрер. Қара қанға былғанып қайтейін…
Осыдан он бес жыл бұрынғы түн. Клуб алдындағы Богдан мен Яхия. Богданның ысылдақ дауысы. Уақыт өз кассетасын кері айналдыра бастағандай.
Ел үрпиісіп қалыпты. Ламара без-без етеді күйеуінің арасына түсіп. Анна Богданға мұңая қарап қалған. Яхияның жанарында жасық үрей бар. Оля мені жирен шашымды салалайды, саусақтарында әлсіз діріл барын сеземін. Мен, мен не істеп тұрғанымды білмеймін. Әйтеуір, сонау жырақта қалған әрі мың таныс, әрі бейтаныс жағалауға қайта оралғандаймын Сол әлеммен, иә, сол күндеріммен қайта табысқаныма, ымырасыз балалығыма жолыққаныма разымын, ризамын мен.
–          Богдан, сен  кешір! Бәрін  де  кешір!.. Ол ешкімді қорлайын деген жоқ. Сен түсінуші
едің ғой. Қызып қалды. Әнуар-ау, бірдеңе десеңші сен! – Ламараның көзінде әне-міне үзіліп кетердей лағыл  мөлтеңдейді. Яхияға бір, Богданға бір жаутаң-жаутаң қарай береді.
–          Ия, мен әлдеқашан түсінгем, бәрін түсінгенбіз біз. Бірақ бізді сендер аясаңдар етті!-
Богданның қатқыл дауысы ұяң шықты, дәп Ламарадан кешірім өтініп тұрғандай. Осы мен не деп тұрмын дегендей басын шайқап, маңдайын уқалады. Сөйтті де маң-маң басып Аняның қасына келді, келді де бірдеңе бүлдіріп қойған жас баладай ақтүтек сусылдаған тысқа қарап монтиды да қалды. Анна үн-түнсіз жылап отыр, оны көз жасы Ламараныкіне ұқсамайды. Бір көзінен әрлі кірбің, екінші көзінен әдемі рең шашылғандай.
Бағана қар қапалақтай жауып тұр еді, енді ақтүнек ойнақ салып барады. Қырау басқан терезені сыбай  сабалап өтеді. Тап бізде өші бардай. Әбден долданып алған. Мезі болған шығар бізден…  Аузын жаба қояр тірі жан да емес. Ұзаққа созылатын болды-ау мына боран мен мына түн. Табиғатпен таласып қайтеміз. Азаты қайтпасын, аласұрсын. Соқсыншы ақ дауыл, соқсын! Алай-дүлейдің арты жылымыққа ауысады деуші еді. Жылымықты күтейік.

Алматы, 1974.

 

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field