ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің білім нәрімен сусындаған колледж түлектері үлкен өмірге жолдама алды. Қасиетті қарашаңырақтың 80 жылдығында колледжі бітіріп отырған бұл түлектердің де арманы асқақ. Биылғы бітіруші түлектерге арналған «диплом тапсыру» мәртебесі үлкен мерекелік салтанатпен өтті.
Бұл күннің жүректерде жатталып қалары сөзсіз. Үлкен өмірге жолдама алып отырған жастардың жанарынан өз мамандығына деген кәсіби көзқарас, ұшқын байқалады. Колледж студенттерінің жұлдызды шеруінің өзінен-ақ, олардың биік мақсатқа өрлеп келе жатқанын сөзсіз жүрекпен ұғып, ерекше қимастықпен қарадық.
Салтанатты жиында колледж түлектерін құттықтап келген ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректор, техника ғылымдарының докторы Дархан Ахмет-Заки: «Мен ойлаймын Қазақ ұлттық университеті колледжінің билығы түлектері, елімізге, жерімізге сіңіретін еңбектерімен өз нәтижелерін көрсетеді деген сенімдемін. Мен барлық осы колледжі бітірушілерге, жақын арада болатын кешенді тестлеуден жоғары ұпай алып, қасиетті қарашаңырағымызға қайта оқуға түсулеріне тілектеспіз»,-деп ақ жол тіледі. Ал, ҚазҰУ-дың тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Меңдігүл Ноғайбаева: «Біздің универсиетіміздегі бұл колледж түлектерінің есімін мақтанышпен айтуға болады. Бұлар біздің ең талантты, білімді, өнерлі буын болатын. Құрметті колледж түлектерінің ата-аналары! Сіздердің өсірген балаларыңыз бүгін, өздерінің үлкен нәтижелерін көрсетіп, диплом алып отыр. Оның өзі сөзсіз үлкен мақтанышқа лайық. Сондықтан осы дипломдарыңыз құтты болсын! Сіздердің енді көпшіліктеріңіздің университеттің құрылымдық бөлігін бітіріп жатқандықтан, осы балалардың 70-80 %-ы біздің қарашаңырақтың студенті атануға тиісті деп есептеймін. Енді алда тұрған асу- кешенді тестлеуді сәтті тапсыруларыңызды тілеймін. Көпшіліктеріңіздің жүректеріңізде аялап жүрген армандарыңыз бар, ол жоғары оқу орынының студенті атану. Сіздерді қыркүйек айында осы ҚазҰУ-дың орталық алаңында салтанатты түрде барлықтарыңызды ҚазҰУ студенті деп қабылдайтын болайық. Соған шын жүректен тілектеспін»,-деп ақжарма тілегін арнады. Сондай-ақ, осы салтанатта жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы Жарылқасын Жаппасов мырза да арнайы сөз алып, жас түлекке сәт-сапар тіледі.
Ұстаздар мен ата-аналар алдында барлық колледж бітіруші түлектер атынан оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенділік көрсеткен ПК-302 тобының студенттері Н.Ержан мен Ұ. Жиенқұл сахнаға шығып, колледж бітіруші түлектерінің антын беру рәсімін орындады. Салтанатты ант беру рәсімінен кейін елімізге белгілі өнер жұлдыздары Алишер Каримов,Әділ Сыламхан, Малика Есмухамбетова, Серік Ибрагимовтер әсем ән шырқап, «Бақыт» би ансамблі көркем биімен ерекше көңіл-күй сыйлады.Содан кейін кештің ең көрікті сәті «Колледж бітіру туралы» диплом құжатын тапсыру рәсімімен жалғасын тапты.
Бұл шынында да қуанышты сәт. Ешқашан ұмытылмайтын, естен кетпейтін шақ. Алар орны да, мағынасы да терең сәт. «Қашан диплом алатын күнге жетер екенбіз!»,-деген жүрек дүрсілінің қуанышты қауышқан сәті. «Колледж бітіру туралы» бұйрығын колледж директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Мадина Аппакова оқыды. Колледждің «құқықтану» мамандығының түлегі Айсұлу Оразғалиева: «Бүгін аяулы ұстаздарыммен, қимас достарыммен биікке қанат қағып барамыз. Барлығымыздың да алға қойған мақсатымыз бар. Сол мақсаттарымызды, міндеттерімізді орындауаға ұмытылудамыз. Бізді білім әлемінде өз мамандығымызға сай маман болуға қалыптасуға жол салған барша ұстаздарымызға алғысым шексіз. Олар біздің қамқоршымыз, тілекшіміз. Енді ұстазарымыз үміт күткен солбір асудан да сәтті өтерміз. Армысың асқар шың, сенің де биігіңе шығар күн жақын…»,-деп жүрек лүпілімен бөлісті жас түлек.
ҚазҰУ-дың 80 жылдығында диплом алып отырған бұл он екінші түлек болса, осы он екі жыл ішінде колледжден екі мыңға жуық түлек биікке қанат қаққан болатын. Биыл ҚазҰУ колледжінен қаржы, есеп және аудит, аударма ісі және құқықтану мамандықтары бойынша 201 түлек бітіріп отыр. Олардың барлығы да мемлекеттік сынақтарда үлкен нәтиже көрсетіп, колледждің үлкен мақтанышына айналды.Біздің барша қарлығаштарымыздың әлі талай биіктің белестерінен көрінеді деген сенімдеміз, жолдарың болсын – жас түлек!
Райхан ОРАЗБЕКҚЫЗЫ,
ҚазҰУ колледжі директоры