Нұрболат ДОСЖАН,
Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің 2-курс студенті.
Сен мені көресің бе, көрмейсің бе білмеймін. Бірақ менің көзім тек сені іздейтін болды. Қансонарда аңға шыққан бүркітше тек сенің ғана болмысыңа елеңдеп, көп нәрсені көре бермейтін көз енді қырағы көзге айналды. Сен мені байқамадың емес, байқадың. Көрмедің емес көрдің. Бірақ сендегі табиғат дарытқан тәкаппарлық пен өрлік қасыңдағы «қара домалақты» елеме дегендей. Тіпті көзіңнің қиығын да салмайсың. Ал мен болсам, жақыннан жүзіңді, алыстан караңды көргенге мәзбін. Мен де сені айналшықтап, қаумалап артыңнан жүретін жігіттер секілді тілдескім келмейді дейсің бе? Жоқ, өзіңе тіл қатқым-ақ келеді. Табысқаннан бұрын танысқым келеді. Саған шумақ-шумақ боп будақталған арынды да асау шабытпен жазылған өлеңдерімді оқып, сансыз сағаттарды өзіңмен бөліссем деймін. Тек екеуміз. Айналаңдағы құрбыларың мен дос-сымақтарыңсыз.
Мені қаумалайтын жалғыздықсыз. Жалғыздықтан ада болуды армандаймын. Сезімің сонша сеңгір болса, неге келмедің дейтін шығарсың? Екеуміз бір ауамен тыныстап, кейде бір аудиторияда отырсақ та, біз сүретін әлем мүлде бөлек болатын. Сен қаланың ерке тотай, дәулетті жерінің қызысың. Қолыңда соңғы шыққан ұялылардың жаңа түрі, үстіңде судай жаңа киім, әрине ол да қымбат бренд екені айтпаса да көрініп-ақ тұр. Ал мен… Мен қарапайым ауылдың баласымын. Әке-шешем менен қайыр күтіп отырған қарапайым адамдар. Үстімде тек университет босағасын аттағалы тоздырған қара жейдем мен қара шалбарым. Көзге көрінер екі киімім осы. Оның өзі қара түсті. Қара киіп, жұрттың тасасында жүрген жігітті кім елейді.
… Мен неге дәйім, күні-түні тек сені ойлаймын. Ұйқымның өзі санға бөлініп, ойым да, ақыл-есім де сан-саққа жүгіреді. Мен де Мұқағалиша нағыз махаббатты армандайтынмын. Тілегім қабыл болғаны ма деп те ойланам. Себебі мен ешкімге көз салып, көңіл білдіріп көрген жан емеспін. Бұл жолы Тәңірім маған сезім берсе де, ол тағдырдың тұншығатыны жайында ойлап, тағы мең-зең болам. Кеше осының барлығына нүкте қоймақшы едім. Жынды жанымды жұбатайын деп, өзіңе бір ауыз сөз ілтипатымды білдірмек болып жаныңа бардым. Сабақ кестесін қарап тұр екенсің. Тұла бойыма Тарғынның күшін жинап, «сіздерге әдебиет сабағы өте ме?», деп сұрадым. Тесірейе, тік қараған көздері жүрегіме қадалған қанжардай көңілді жаралады. Ол: «Какой адебиет, я с экономфака» деді де, биік өкшесімен тақылдата дәліздің тиыштығын бұзып, соған масаттанғандай қаттырақ қиқаңдап кетіп қалды. Білгем, осылай боларын. Жатақханаға келіп өзімді жегідей жедім. Соңын болжап, неге әкеліп соқтырарын білсең, қай атаңның құнын алу үшін бардың? «Әдебиетті» сұрап нем бар еді? Қайтейін, әдебиет оқытса біраз әңгімелесам бе дегенім ғой? Мүмкін классиктер жайында, жо-жоқ поэзия, лирика жайында сөйлессем бе екен, деген бедеу үміт болған еді. Ол әңгімені жалғастырса, әрине, Мұқағалидің махаббатынан бастап, сона-а-ау Байронның Дантесінен бір-ақ шығар едім. Басқа не айтам. Осының өзі нағыз гармония емес пе? Мен қалталы замандастарым секілді тақымындағы «мерседесті» тоздырған, түнгі клубтардың есігі мен ішкен ішімдіктеріммен, әлеуметтік желіде жүктелген суреттеріммен мақтана алмасым анық. Менің білетінім тек рухани әлем. Шетсіз, шексіз, еш қаржыны қажет етпейтін аппақ, адал арман. Байлық пен билікті аңсап, тіршіліктің кәкір-шүкірін жинайтын, ойы төртбұрышты ақшадан аса алмайтын замандастарыма жаным ашиды. Бірақ сен олар секілді емессің. Өмір деп аталатын мәнсіз дүниеде жұмақ бар десе, мен ойланбастан, «сенің айналаң» дер едім. Расымен, қасыңда жүрсем, өзімді періштелер мекен ететін тек пәк әлемді елестетемін.
Иә, мен ғашықпын. Шын ғашықпын. Құлай сүйіп, адал махаббатты аңсайтын адамды сырт көзге бір-ақ нәрсе ұстап береді екен. Ол жанып тұрған көздер. Менімен бірге оқитын группаласымның тінтіп, баққаны нәтижелі аяқталды. Көзіме қарап, «Кім?» — деді. Әрине, оның есімін айтуға батылым жетіңкіремей, басымды салбыратып тұра бердім. «Иә, мені білмейді дейсің бе? Білем, Айжан ба, қаржы бөлімінде оқитын. Жә, достым, қармағың «алтын балыққа» ілініпті. Бірақ, бір өкініштісі, ол Пушкиннің «алтын балығындай» бір адамның қалауын емес, ақшасы бардың қалауын орындайды»,-деді де, теріс бұрылып жүріп кетті. Менің ойым бұлқан-талқан. Қалайша барлығының қалауы, түк түсінсем бұйырмасын. Есімді жиып, ілгерілеп кеткен досыма ентелей жүгіріп, мән-жайды түсіндіруін өтіндім. «Бүгін жатақханадан түнде шығып, менің үйіме бетте, бізде түнейсің» деді де, тағы тіл қатпастан кете барды. Асқар айтпақшы, түнделетіп жатақханадан шықтым да, оның үйіне беттедім. Жаяу жүріп, түрлі қиялдың қойнында келемін. Біресе іштей өз ойыма күліп, біресе қалың ойға батып әлекпін. Кенет көзім таныс бейнені шалған сыңайлы көрінді. Айналаны қараңғы басып кеткен. Шатасқан екенмін дедім. Жо-жоқ! Бәрі дұрыс. Расымен де, сол қыз. Қалалық еркетотай қыз. Бірақ қараңғы батқанда қыз баласы түзде неғып жүр деген ой келді. Бірден қасына барып, күртешеммен ашық қалған денесн жаппақшы болдым. Менікі тоңып, жаурап қалды деген ой ғой. «Кел, мінеки ки, жылынып аласың!» деп ем, «Мені рұқсатсыз, тем более ақшасыз құшақтауға қалай дәтің барады? Неше бересің?», деп ашуға булығып, итеріп жіберді. Қайдағы ақша? Неше бересіңі қалай? Сол кездегі аңғал жүректің дүрсілін естісеңіздер ғой. Етімнен ет кесіп әкеткендей күй кештім. Мені махаббатқа ынтықтырған да, одан ада еткен де осы. Періште кейпіндегі пері қыз!
Мен болашақта журналистика мамандығын таңдап, журналист болсам деймін, журналист болу үшін не істеу керек???