Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай «Мерейтойлы онкүндігіміздің» нүктесін қойып, қорытындысын жасаған Түлектер балы аса жоғары салтанатты деңгейде өтті. Бұл күн ҚазҰУ-дан шыққан мемлекетіміздің беделді азаматтары: көптеген қоғам, мемлекет, мәдениет қайраткерлері болып табылатын барша түлектердің басын қосты. Бірақ, айта кетерлігі сол мыңдаған түлектердің ішінде бұл күн ертең өздерінің бітіру жұмыстарын қорғап, дипломдарын қолға ұстағалы тұрған биылғы жылғы түлектерге ерекше толғаныс беріп, аса маңызды болғаны сөзсіз. Олар қарашаңырақтың мерейлі тойымен тұспа-тұс келген түлектер күніне барынша қызу дайындықпен қатысты.
Түлектер күнін бастаған жүргізушілердің сөзінен кейін түлектерден құралған дебютанттар ортаға шығып полонез биледі. Тамаша биден кейін ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановқа сөз берілді. Ректор құттықтау сөзінде: «Сіздер білесіздер ме?! Барлық университет тек өзінің түлектерімен ғана мақатана алатынын. Сіздер қаншалықты дұрыс тәрбие алдыңыздар, қаншалықты жақсы құндылықтарды бойларыңызға сіңіре білдіңіздер, соған байланысты сіздердің ертеңгі өмір жолдарыңыз да байланысты болады. Сондықтан, құрметті біздің түлектер! Біз сіздермен әрқашан мақтанамыз. Өйткені, сіздер осы еліміздің ең іргелі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектерісіздер!»,-деді.
ҚазҰУ студенттерге тек сапалы білім беріп қана қоймай, олардың толыққанды тұлға болып қалыптасуына барлық жағдай жасайды. ҚазҰУ-дың студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарында қызмет еткен әр студент қоғамның дамуына ерекше үлес қосуға қабілетті жас болатыны сөзсіз. Белсенді ҚазҰУ студенттеріне 2014 жылдың 12 мамырындағы №182 ректордың бұйрығымен бекітілген «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» мерекелі медальі және арнаулы алғыс хаттар табысталды.
Жалынды жастарды марапаттау салтанатынан кейін ректор Түлектер балын ашық деп жариялағаннан кейін, ортада 50 жұп дебютанттың өнері тамашаланды. Салтанатты шарада филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 4 курс студенті, «Ұлттық құрама» жайдарман тобының ең белсенді мүшесі, биылғы ҚазҰУ түлегі Нұрсұлтан Жақсыгенов: «Міне, бұйырса біз де алтын ұямызды бітіргелі тұрмыз. Мен бүгін үлкен қуаныштымын. Тамаша түлектер балы ұйымдастырылып отыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. ҚазҰУ-ға түскелі үлкен-үлкен жетістіктерге жеттім. Университетім мені биік шыңдарға жетеледі. Ұстаздарыма, оқытушыларыма, барша ҚазҰУ-ұжымына алғысым шексіз. Біз жоғары лига чемпионатын бағындырдық.Ендігі мақсат, Ресейді бағындыру. Содан кейін Сочиге бару»,-деп алдағы мақсат-міндеттерімен және тамаша көңіл-күйімен бөлісті. Тіпті, осы күнге арнайы келген қонақтар да бар екен. ҚазҰУ-дың 1979 жылғы түлегі, ҚР Сенаты аппараты қызметінің зейнеткері Гүлдария Райымбекова ханым: «Біз ҚазҰУ-дың тарих факультетінде 1974-1979 жылдары аралығында білім алдық. Бүгін 80 жылдық мерейтой аясында ұйымдастырылып отырған Түлектер күнінде факультетке барлық топтастарымызбен бас қосып, мәре-сәре болдық. Тіпті, мынандай үлкен кітапхананың залында өтіп жатқан Түлектер балын, ондағы жастарды көріп ерекше тебіреніп тұрғаным жасырын емес. ҚазҰУ-да студенттерге мол жағдай жасалыпты. Бәрі керемет, бейне бір ертегі әлеміндей. Біз бітірген 1979 жылы мұндай ғимараттар, әсем безендірілген залдар болмаған еді. Ал, қазір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мен және менің топтастарым тағы бір мәрте ҚазҰУ-да оқып, білім алғымыз келіп кеткенін жасырмаймыз. Біз қанат қаққан университетіміз барынша жасарып, жанданып кетіпті. Білім алған факультетіміздің өзінде бірнеше жаңа кафедралар ашылыпты. Бүгінгі Түлектер балы біздің жастық дәуренімізді қайта оралтқандай, ғажап сәтке жетелеп тұр»,-деп ерекше әсерімен бөлісті. Ал, биылғы ҚазҰУ түлегі, «Сұңқар» студенттер кәсіподағының төрайымы, экономика және бизнес жоғары мектебінің 4 курс студенті Айдана Сыдықова университетінің 80 жылдық мерейтойында тұспа-тұс келіп отырған бұл қуанышты, түлектер күнінде бітіргелі отырған мерейлі шағын жақсылыққа балап, осындай шараны жоғары деңгейде өткізіп отырған университет басшылығына алғысын жеткізді.
Ақ көйлек, смокинг, бабочка. Мұның бәрі әдемі кештің,жоғары талғамның, эстетикалық тәрбие белгілерін көрсетеді. Бүгінде елімізде жастармен ұйымдастырылатын мәдени кештер бал мәдениетін дамытып, сондай шараларда вальс билеу үлкен танымдылыққа ие болып келеді. Бұл кеште де дебютанттардың бірнеше тобы дайындалған болатын. Соның бірі ерекше көзге түскен ҚазҰУ-дың әскери кафедрасы курсанттарынан құралған дебютанттар вальсі екені сөзсіз. Әдемі де, әсерлі вальстен кейін керемет ойын түрлері, жарыс билері, «Сұңқар» студенттер кәсіподағының биі, көңілді әндерге билер, әзілмен өрілген өнерлермен жалғасын тапты. Ең бастысы Түлектер күні талай жастың жүрегінде сақталып қалары сөзсіз.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ