Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,
филология ғылымдарының кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті
ХХ ғасырдың басында кеңес үкiметi орнасымен тiл құрылысы деп аталатын саясат жүргiздi. Ондағы алдына қойған басты мақсаты – Одақ құрамына енген ұлттар мен ұлыстардың тiлiн өмiрдiң сан-саласында емiн-еркiн жұмсалуына конституциялық құқылы ерiк бергенмен, iс жүзiнде қоғамдық-әлеуметтiк қолданыс аясын шектеп, мемлекеттiк тiл – орыс тiлiнiң көлеңкесiнде қалдыру көзделдi. Ұлттық тiлдердi кешендi ғылыми зерттеу бағдарламасын коммунистiк идеологтар өз мүддесi тұрғысынан тыңғылықты ойластырды. “Ұлттық тiлдердiң мәдениетiн көтерудi жеделдетемiз” дегендi желеу етiп, шет аймақтағы республикаларға орталықтан жолдамамен жiберiлген еуропалық нәсiлдi бiлiктi ғалымдарға тапсырысты орындау жүктелдi. Мәселен, өзбек тiлiн Поливанов Е.Д., Боровков А.К., Решетов В.В., қырғыз тiлiн Юдахин К.К., Батманов И.А., қарақалпақ тiлiн Малов С.Е., Баскаков Н.А. сынды оқымыстылар табиғи акустикалық-артикуляциялық заңдылығын еуропалық методологиялық модельге бағындырып, бiр iзге түсiрiлген дербес әлiпбиiн түзiп, сол бойынша ғылыми грамматикасын жазды, екi тiлдi сөздiктерiн құрастырды. Түркi жұртының ғасырлар бойы тұтынып келген бұрынғы араб графикасының орнына латын қарiптi жазу үлгiсiн күштеп таңуы – тарихи жадын өшiрумен қатар этникалық-туыстық тұтасуына қарсы ойластырылған мықты тосқауыл болды. Өйткенi, кеңестiк идеологтар араб әлiпбиiнен исламизмдi, түркi тiлдерiнiң сингармонизм заңынан пантүркизмдi спецификалық тән құбылыс деп шошынды. Кейiнгi буын-буын ұрпақ ана тiлiн “әлiппеден” бастап әлгi жат жұрттық ғалымдардың еңбектерi арқылы бойына сiңiрiп, жазба тiлiн игердi. Бiздiң бағымызға осы аумалы-төкпелi дәуiрде Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы сияқты халқымыздың маңдай алды перзенттерiнiң ана тiлiн ғылыми жүйеге түсiруде саф таза ерекшелiгi сақталуына қосқан үлесi ұшан-теңiз. Орталықтың қақпайлағанына көнбей басын бәйгеге тiккен алаштың ардақтыларының кейiнгi тағдыры өктем саясаттың құрбандығына шалынып, шейiт болды. Сонан соң, қарсы тұрар қауқары қалмаған халыққа әмiршiл-әкiмшiл билiк басындағылар бiлгенiн iстеп бақты. Сөйтiп, қазақ тiлiнiң табиғатына жасалған ғылыми сынақтардың зардабы жұқпалы аурудай санаға тамыр жайғаны соншалық, одан таяу арада құлантаза арылу екiталай. Егер бұл бетiмiзбен iлгерi кете бергенде, мұның арты орны толмастай үлкен қасiретке апарып тынарын ойлаудың өзi жан түршiктiредi.
Құдайға шүкiр! Тәуелсiздiк сонысымен қымбат, сонысымен қасиеттi! Алайда, үш ғасырға жуық өзгеге кiрiптар болған елдiң санасы әп-сәтте сауығып кете қоюы оңай емес. Соның бiр айғағы – мерзiмдi баспасөз бетiнде қазақ жазуын латын графикасына көшiруге орай қоғамдық пiкiрдi қалыптастыруға жанталасқан күрес үрдiсi. Оны ту ғып ұстанушылардың қадау-қадау басты уәжi – отаршылдық идеологияның егiп, сепкен дертiнен шұғыл айығып, орыс тiлiнiң тигiзер ықпалынан қорғанып, әсерiнен құтылу, екiншiден, түркi тiлдес ұлттармен рухани тұтасу арқылы күш бiрiктiрiп, әлемдiк саясатта ұпайын жiбермеу. Бұл позиция елдi елiктiрiп әкететiн ағым болғанмен астарында бұққан гәп бар, қауiптi тенденция.
Түркi халықтарын бiр-бiрiнен ыдыратып, тарыдай шашып жiберуге жазу үлгiсiнiң үлкен рөлi болғанын тарихи бастан кешiрдiк; ендi одан сабақ алатындай шекемiзге тиген жоқ па?!. Бұған оқымыстыларымыз әзiрге дәрменсiздiк танытып, ғылыми дайындығы шикiлiгiн аңғартты. Егер бiз латын графикасын таңдап, оған қайтадан көшер болсақ, бұл – бұйдаланған тайлақтай бәз бiреудiң мүддесi тұрғысынан дегенiне ерiп, ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстауына көнетiн нағыз ғаламдастырудың қақпанына өз еркiмiзбен барып түсетiнiмiз зиялыларымыздың әзiрге қаперiне кiрмеуi өкiнiштi. Демек, графикалық тiл – ұлтымыздың тәуелсiздiгiн қорғаудың стратегиялық басты критериi. Бұған женiл-желпi қарап, ат үстi шешiм жасауға әсте болмайды. Бұл күрмеуi қиын, өте нәзiк мәселе. Әсiресе, ақпарат кеңiстiгiндегi бiздiң үнiмiздiң әлсiздiгiн ескерсек, онсыз да басқа тiлдiк жүйедегi насихат пен уағыздың тәрбие iсiне ықпалы пәрмендi кәзiргi жағдайда барлық салада қазақтың төлтумалық қасиетiн топан судай бiрден жуып-шайып жiбередi. Сосын, “тоқал ешкi мұйiз сұраймын деп, құлағынан айрылыпты” дегеннiң керiсi келедi.
Зады, ауыздағы қызыл тiлдi суырып алып, орнына басқасын орнату қандай әбестiк болса, алфавит мәселесiн қозғай беру де сондай солақайлық. Ағылшындар мен орыстарда, арабтар мен жапондарда жазу таңбасының кескiнiн ауыстыру туралы ешқашан мәселе көтерiлген емес, демек, қазақтарға да бұған ендi қайтiп оралып, соқпайтындай мәңгiлiк таңдау жасауы шарт. Ендеше, от пен судың арасынан шығатын жол кәне!?
Әсiлi, мыңдаған жылдар тұтынған бiздiң төлтума ежелгi руникалық хат мәдениетiмiз, таңбатану iлiмiмiз бола тұра, сан мәрте әлiпбиiмiздi ауыстыруға сыртқы саяси кұштер мәжбұр еттi. Әлбетте, бұл жағдайлар халықтың қалыптасқан тарихи дұниетанымы мен қадым замандардан қордаланған бай тәжiрибесiнен қол ұзiп, кенжелеп қалуына себепшi болды. Бұлайша тарихи естен тандырып, зерденi жексұрындықпен жойып жiберу – халықтың рухани өсiп, кемелденуiне жасалған сұрқия опасыздық едi. Жалпы, өз еркiмен жаңа алфавитке көшу мәселесi туабiткен әлiпбиi жоқтарға ғана тән құбылыс.
Ұлттық тiлге, сол арқылы ойлау жұйесiне ықпал жасап тұратын құрал – жазу; туыстас төрүк тiлдерін бiрiктiретiн функцияны да сол жазу атқарады. Бұл ретте ежелгi төрүк жазу өрнегi – қандас төрүк ұлты мен ұлыстарының бәрiне бiрдей эталон. Сөздiң конструкциялық құрылысы, сөзжасам пiшiндерi, сөз тудыру принциптерi, үндестiк заңына негiзделген емлелiк-ереже қағидалары, өзгеге ұқсамайтын графикалық дизайны байырғы төрүктердiң тарихи жыл санауға дейiнгi дәуiрлеген биiк өркениетiн айғақтайды. VIII ғасырдағы арабтың жойқын шапқыншылығынан ерiксiз тiрiдей ажырап қалған ата-баба жазуын өз билiгiмiз өзiмiзге тигенде, жалтақтамай, жатырқамай қайтадан алуымыз қанымыз құрамындағы ақпараттың оянуымен рухани соны тынысымызды ашып, патриоттық сезiмiмiздi қоздырар, күллi төрүктiң айдынын асқақтатып, басын бiрiктiрер бақ болып қонар едi. Сондай-ақ, ежелгi әлiпби нұсқамызға көшуде кездесетiн сан алуан қиыншылықтарды меңгеру барысындағы мүмкiндiк мұқым иiсi төрүк жұртына тепе-тең бөлiнуiмен әдiлеттi шешiм болары хақ. Бұл үшiн төрүк тiлдес халықтардың өкiлдерi қай алфавиттi тұтынып отырса, сол жазу үлгiсiн ежелгi төрүк руникасына тiкелей өтуге трансформация жасауына әбден болады.
Тiл – халықтың жаны. Кәсiби ғалымдар қауымы төрүктану ғылымының iргетасы – ежелгi руна жазуын игеру борышы. Байырғы бәдiзделген бiтiгiн бәз бiреудiң аузына шайнап салып бергенiнен, яки ғылыми транскрипциялауынан оқып, пiкiр сабақтауға дағдыланған оқымыстыларды төрүктанушы санатына қосу ақылға қонбайды. Бұл үйдiң ең әуелi шатырын, сосын қабырғасын тұрғызғандай айтар ауызға ұят, сорақы тiрлiк.
– Азын-аулақ тасқа бәдізделген эпитафиялық сарындағы мұраларымыз қатталып болған жоқ па? – деушiлер де табылады. Сол саусақпен санағандай жәдiгердiң ұлттық намысымыз бен ар-ұжданымызды тәрбиелейтiн идеологиялық, имандылық қуатының iшкi иiрiм қатпарлары әлi толық ашылған жоқ. Кiм бiледi, тiптi адамзаттың iздеген құпиясының осы тас бiтiктерден табылып қалмасына?!
Славян тiлдерiндегi “язык” сөзiн Олжас Сүлейменов ежелгi тұркiнiң “iazyk – надпись, письменный текст” ұғымынан шығарады. Бұл бастапқы “iaz – пиши” түбiр сөзiнен туған деген қорытынды жасайды (Язык письма. Взгляд в доисторию – о происхождении письменности и языка малого человечества. Алматы-Рим, 1998 г., стр.312). Бiрақ, бұл арадағы Олжекеңнiң этимологиялық талдауы сәл басқашалау. Шындығында, ежелгi төрүктер о баста “иаз” деп жазуға арналған материалдың (саз, ағаш, көн, тас, метал, т.т.) кедiр-бұдыр қыртысын қырнап өңдеу, яки бетiн жазу процесiне тегiстеп ыңғайлау, әзiрлеу мағынасында қолданған. Бұл “кедiр-бұдырды иазу” ұғымы жазу материалының сапалық дамуымен қатар жарыса жұмсалып, уақыт өте келе “пiшу, бiтiк” (Руника жазуының генезисi немесе “Пiшiн” таблицасы – ежелгi құпия iлiм. “Ана тiлi” газетi, 2001, №20) сөздерiнiң қызметiн атқаратын ауыспалы мағынаға иеленiп, синонимдiк қатар түзедi. Осыған орай тiлiмiздегi “жаз” лексикалық бiрлiгiнiң полесемантикалық ерекшелiгi қалыптасқан. VIII ғасырда басталған араб экспанциясы тiлiмiздiң сөздiк құрамын өзгертiп, “бiтiк” орнына “жаз+у” сыңары белсендi жұмсалуына түрткi болды.
Арнайы әдебиеттерде ежелгi төрүк жазуы мен ескерткiштерiне қатысты “көне” анықтауышын қолдану бұлжымас ғылыми нормаға айналған. Мәселен, Астанада өткен Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығына арналған “Байырғы түркi өркениетi: жазба ескерткiштер” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары жарияланған (“Ғылым”, 2001 жыл) 36,5 баспа табақ кiтапты бастан-аяқ ақтарып шыққанда “көне түркi жазбасы”, “көне түркi руникасы”, “көне түркi сөздiгi”, “көне тарих”, “көне мәдениет”, “көне ескерткiштер”, т.т. сөз тiркестерi өрiп жүргендiгiнiң куәсi болдық. Көне сөзiнiң мағынасы орыс тiлiндегi “старый” дегеннiң қазақша аудармасы екенi аян. Яғни лексеманың номинативтi мағынасы ескi дегендi бiлдiредi. “Көне шапан” десек, шапанның әбден тозығы жеткен, ескiлiгiнен ақпарат бередi. Демек, келтiрiлген сөз тiркестерiндегi құрылымдық “көне” сыңары семантикалық реңкi, стильдiк қызметi жағынан екiұдай терминдiк ұғым тудырады. Сонымен қатар оқыған жанның сана-сезiмiнде бiрден “бүгiнгi күннiң эстетикалық талғамына жарамсыз, ескiрген” деген түсiнiктiң сәулеленiп, тұра қалатыны даусыз. Керiсiнше, бұл терминдiк ұғымның орысша баламасы “древнетюркский” деп мағыналық сыр-сипаты дәлме-дәл толық ашылған. Мұнан шығатын логикалық түйiн, маман ғалымдардың кезiнде жiберген сауатсыздығынан қалыптасқан жаңсақ терминнiң мазмұнына мағынасын сәйкестендiрiп, тiлiмiздегi жұмсалатын “ежелгi, бағзы немесе байырғы” адекватты баламасын тұтынса, бiздiң де сорлы емес, мәдениетiмiздiң қайнар бұлағы әрiден басталатындығынан дерек беретiн ақпараттық қыры ашылар едi.
Төрүк халықтарының ортақ игiлiгi саналатын ежелгi руникалық қазынамыз бiр кездегi бөгде ұлт өкiлдерiнiң тәржiмалауымен ғылыми айналымға түстi. Ал, ол аудармаларды түпнұсқамен салыстырып оқи алатын, оның ғылыми сапасына баға беретiн ұлтымыздың компетенттi маман ғалымдары некен-саяқ, тiптi жоққа жуық. Сондықтан ескерткiш мәтiнiн транскрипциялауда қыруар кемшiлiктер мен ағаттықтар жiберiлген. Мысалға жүгiнсек, “Бың йыллар түмен күнлiк бiтiгiмiн белгүмiн анта йасы ташқа йаратытдым…”, яғни “Мың жылдар [бойы жүргiзiлген] түмен [сансыз] күндердiң жазуларын андағы жазық тасқа жараттырдым…” (“Ежелгi түркi жазуы соғды жазуынан шықты” деген болжамның қателiгi туралы. “Қазақ әдебиетi” газетi, 2001, №20, 18 мамыр) деген сөйлемдегi бiз үшiн өте маңызды деректi ақпаратты түпнұсқа бойынша Тайжан Досанов қалпына келтiрiп, төрүк халықтарының жазба дәстүрiн кем дегенде екi мың жылға [бәлкiм, онан да көп болуы ықтимал] ғұмыр жасын ұзартқандығы ғылыми ерлiкке пара-пар жаңалық. Бiрақ, арнайы ғылыми зерттеу мекемелерi мен жекелеген ғалымдар тарапынан бұған әзiрге назар аударылған жоқ. Мiне, бұл төрүктану ғылымына қосылған елеулi жаңалықты көре көзге оқымыстыларымыздың қорыта алмауының өзi мемлекеттiк деңгейде ғылыми элитамыздың өресiздiктерiн көрсететiн фактор. Ал, ғылыми айналымдағы әйгiлi С.Е.Маловтың аудармасы бойынша аталған сөйлем әдейi бұрмаланып, ақпараттық мағынасынан жұрдай боп, өңi мүлдем терiс айналдырылғаны анықталып отыр. Мiне, осылайша дереккөздерiн сөйлетудегi шала-пұлалық атақ-даңқы жер жарған “түркiтанушыларды” тарихи ақиқаттан ауытқытты. Мұнан түйетiн қорытынды ежелгi төрүк жазба ескерткiштерiнiң түпнұсқаларын бiр орталыққа жинау, текстологиялық зерттеу жұмысын жаңаша қайта жүргiзудi қажет етедi.
Латын графикасына көшудi жақтаушы отандастарымыздың терең ұңiлмейтiнi кириллица, араб, латын алфавиттерiнiң түп-тегi бiр, барып тiрелетiнi Финикий жазуы екендiгiн ескермейдi. Ал, ежелгi шумерлер мен төрүк руникасы арасында байланыс барлығын еуроцентристiк көзқарас терiске шығаруға қанша әрекеттенгенiмен бәрiбiр ғылым жоққа шығармайды. Демек, бағзы руникалық жазу бiздiң өркениет тарихындағы орнымызды айғақтайтын адамзат қоғамына қосқан құндылығымыз ретiнде маңызы зор. Егер дәл кәзiргi қазақ қоғамындағы, жалпы төрүк әлемiндегi қалыптасқан саяси-әлеуметтiк, мәдени-рухани ахуал жағдайында Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы, Құдайберген Жұбанұлы сынды бiртуарлар тiрiлiп келiп жаңа әлiпбиге таңдауын жасар болса, бiр ауыздан байырғы төлтума төрүк жазу үлгiсiн қуана-қуана құптары шүбәсiз.
Бiрсыпыра бiлгiштер ежелгi руника жазуын тiлiмiзге лайықтағанмен бүгiнгi өмiрге iлесе алмайды деп соғады. Бұл да негiзсiз айтыла салған пiкiр. Бағзы иероглифтiк жазуындағы жапондар мен қытайлар өзгелерден артық болмаса, кем емес.
Латын алфавитiне көшудi жақтаушы бұгiнгi қазақ бiлiмпаздарының көбi компьютермен байланыстырады. Шындығына келсек, дербес (персональный) компьютердi жетiлдiрiп, қалың бұқараға арнап конвейерлi өндiрiске енгiзген отаны Жапония, сондықтан, олардың компьютерi өз иероглифтерiне негiзделген. Егер жоғарыдағы дәйектi тiрек етiп, ұстанар болса, жапон иероглифiн алу жөн едi ғой. Бiрақ, басқа жұрттар, мәселен, ағылшындар, қытайлар, арабтар, т.б. компьютердiң тiлi жапон графикасына негiзделуi шарт деп байбалам салған жоқ қой. Бұлардың қай-қайсысы да өз тiлдерiне компьютердi икемдедi емес пе? Ғылыми-техникалық прогресс адам үшiн қызмет етедi ғой. Егер тiлдi компьютерге икемдеудi мақұл десек, күнi ертең одан да тиiмдi технологиялық жасампаздық жаңалықтың табылмасына кiм кепiл?! Сонда алфавитiмiздi тағы да өзгертуiмiз керек пе? Демек, жазу үлгiсiн ауыстыруды компьютермен байланыстырушылардың сүйенген дәлелi дәйексiз тұжырым.
Ежелгi руникалық жазу үлгiсiн төрүктердiң заманға лайық жетiлдiрiп, жаңғыртып қабылдауына әлемдiк алып державалар саясаты жер бетiнде төрүк ұлты мен ұлыстарының империяға айналып кетуi “қауіпінен” сақтанып, рухани жiктелуiне алуан түрлi айла-шарғы өршiтерi кәдiк. Мiне, осындай iшкi және сыртқы қоғамдық-саяси күштердiң райы қазақ ұлтының бабатөрүк төлтума әлiпбиiн еншiлеуiне мейлiнше құлықсыз екенi де рас.
Тарихи сананың қалпына келуi үшiн тарихи вакумның орны толуы тиiс, сонда ғана уақыт пен кеңiстiктiң дидары бар болмыс-бiтiмiмен нақты айқындалады. Бiз саяси тәуелсiздiк алғанмен рухани тәуелсiздiгiмiзге әлi жете қойған жоқпыз. Бұл үшiн графикалық тiлiмiздiң сыртқы пiшiнi мен iшкi мазмұны реформаланған ежелгi төлтума жазу ұлгiсiмен ұштасқанда ғана жан-жақты өрлеуге тың серпiлiс туғызады.
Өткен ғасырдың 20-30 жылдары тiлiмiзге латын графикасын енгiзу саясатына белсендi қарсылық бiлдiргенiн сылтау етiп, қазақтың бетiне шыққан көсем тұлғаларын қызыл империяның шовинистерi жер-көкке сыйғызбай, жойып жiбердi. Латын әлiпбиi сөз болғанда, есiңе қай-қайдағы түсiп, сол бейкүнә ұлт зиялыларының нақақтан төгiлген қаны жүктеулiдей тұла бойыңды дiр еткiзер бiр сезiм көңiл түкпiрiн толқытып, алаңдатады. Айталық, азаттығымызды жар салып, өз қолымыз өз аузымызға жеттi дегенде ғылымды саясатқа айналдырып, латын алфавитiн ресми қабылдар болсақ, ұлтымызды өрге сүйреген, сүйегi қайда шашылып қалғаны беймәлiм алаштың ардақтыларының әруағы алдында күнәмiздi кәйтiп кешемiз, ағайын?! Ақиқат сөз – ащы, өлi тiлге айналған латынның атымен аталатын алфавитiн қайтадан алам деуден, ырымшыл халқымызға бабаларымыздың рухы жебеп жүрер төлтума ежелгi руника жазуымызды тiрiлткенiмiз әлдеқайда артық һәм өмiршең. Әрине, бағзы төрүк руникасын бiржолата баянды ету – бүгiнгi күн талабына сай жетiлдiрiп, бiрнеше жылға жоспарланған мемлекеттiк дайындық шараларынан өткен соң ғана реалды. Ата мұрасын қастерлеп, қадырын кетiрмеу қашанда естi ұрпағына аманат. Төрт құбыласы ен жайылған төрүк қарындастарының кiндiгiнде орналасқан, қара шаңырақ – қазақтың төл мұрасын иеленуге тарих мүмкiндiк берiп тұр. Үмiтсiз шайтан, iстiң оңғарылуы дүйiм оқыған-тоқыған, ұлттың болашағы толғандыратын, естияр азаматтарына сын. Сонда ғана қазақ бойына жабысқан елiктеу-солықтаудан ақи-тақи арылып, төрүк жұртына ұйытқы, рухани жетекшiлiк миссиясын атқарады. “Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйiрiн тапқан соң” дейдi халық даналығы. Мемлекеттiгiмiздiң рәмiзi – мәңгi төлтума руникалық жазуымызды ресми бекiту ұлық парызымыз.
“Қазақ әдебиетi” газеті, 2002.
– №3 (2737). – 18 қаңтар.
Құрметті Аманқос аға! Сізді, көне түркі жазуы – рунаны зерттеп жүрген ғалым ретінде танып жүрмін. Руна – ол қазақстың төл тарихы мен мәдениеті, қазақ руларының тамғалары. Руна – біздің төл алфавитымыз. Сондықтан, оны зерттеуді назардан шығармаған абзал. Еңбегіңіз жанаберсін! Шәкірттеріңіз Өзіңізден озсын!
Құрметті Аманқос аға! Сізге бір өтінішім бар. Сізде осыдан бір-неше жыл бұрын шыққан “Тайна руники” атты кітап бар ма, немесе оны қай жерден, қай баспадан алуға болатынын айттып бере аласыз ба? Рахмет.
Құрметпен картография және геоинформатика кафедрасының доценті Ғалым Алиасқаров
Құрметті Аманқос аға, рұқсат болса жауабыңызды мыны электорнды поштасына жіберсеңіз Ghalym_Nomad@mail.ru. Рахмет.
Құрметпен картография және геоинформатика кафедрасының доценті Ғалым Алиасқаров
Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,!!! Cіздің айтқан пікіріңізді қолдаймын, бірақ ол “Мұзтаудың” су бетіндегісі.
Егер түркі жазын зерттеген болсаңыз, Орхон-Енесай жазылары 1219-1220 жылдары жазылған-ол тарихи шындық, оған дәлел жеткілікті!
Оның авторы да белгілі және Білге қаған,Ілтерісқаған, Тоныкөк қағандар -жазудың бұрмалуынан пайда болған “кейіпкерлер.
Ал Күлтегін(Жапалақ)-ол тарихтағы ШигуХутуху!
2552162@mail.ru -менің “поштам”.
Мені “ойдан” алып отыр деп ойлауыңыз мүмкін. Ол менің көп жылғы ОЕ жауын “зерттеуімнен” тұжарымдағаным.
Картография және геоинформатика кафедрасының доценті Ғалым Алиасқаров!
Сокровенное Сказаниедегі Бүхтарма,Қаратүн, Уранхай, Қаратал сияқты Қазақ жеріне бірнеше күнде Ононнан, керуленнен жету мүмкін бе?
оны неге зеттемейсіңдер!!!