Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

ЖОЛБАСШЫ

Шарипа Нуржанова Мамыр 20, 2014 0
ЖОЛБАСШЫ

Әлқисса

 

Иә, кезінде еліктеп-солықтаған Шираздың шайырларындай «сілтеп» көрейін бір сәт. «Жолбасшы»… Жанарымның нұры, көңілімнің гүлі ғиззатлу оқырман достым, осы бір жалқы сөздің сырдаң сұлбасы көз алдыңыздан көлбеп өткенде, сәуірдің, жо-жоқ мамырдың майда самалы сәл-пәл желпіп, тәніңіз сәл тітіркенгендей күй кешкеніңізді дәл сол сәт қасыңызда болмасам да сезіп тұрғандаймын. Мұнымды соншалқы сұңғылалықққа балай қоймассыз деген де сенімдемін. Өйткені, бүгінгі лұғаттардың біразын бұған дейін парақтап өткеніңізді білемін, агглютинативтік тіл низамына сай «Басшы» сөзінен туындайтын талай ұғымға қанық екеніңіз де маған жақсы мәлім. «Исатай – басшы, мен – қосшы!». Қазіргі күннің Күлембай текті қаңбақ басшыларын Исатайдай алыппен салыстырғалы отырған мен жоқ. Тумысыңыз тіл төркініне бір табан жақын болғандықтан Сіз осы «басшы» сөзінен туындайтын есімдіктерді онша жарата бермейтіңізді білемін. Азуын айға білеген айбынды да айбарлы «қолбасшының» өзі сіздің қолайыңызға жақпай, бүйрегіңіз сайыпқыран «сардарға», сәл ілгері жылжысақ Амангелді сынды (біздің ауылдың шалдары бала күнімізде «Әмеңгелді» дейтін жұмсартып) арқыраған «сарғаскерге» бұратыны да маған жақсы мәлім. Бұлардың жанында сайда саны, құмда ізі жоқ «жолбасшы» не, тәйірі!

Алайда, күнделікті көңіл жықпас көнбістігімнен күрт айнып, нақ осы сәт ортаға ордабұзар ой тастағым, сөзуар сыралғы қауымды елең еткізгім келгенін қайтерсің, қадірлі оқырманым. Жоқ, деймін демімді тереңнен алып, жоқ, ол сіздің ұғымыңыздағы Сусанинге саятын «жолбасшы» ол емес. Бейнесі бөлек, бітімі басқа. Бір сәт қиял қанатына мініп көрейікші. Көкжиекке дейін көсілген Сарыарқаның тақтайдай жазық сайын даласында желе жортып келесіз делік. Селеулі бозбен жарыса өскен ойдым-ойдым тырбық тобылғыдан басқа көз сүрінер бағыт та, бағдар да жоқ. Іңір қоюланған сайын күдігі көбейген көңіліңізді қапталдағы қыратта қылаңытқан жалғыз жолаушы демемейтін бе еді. Сіз тебіне түстіңіз, ол да атының басын  бұрды. Енді біраздан соң екеуіңіз бұйра құмды бойлай, батысқа бет түзедіңіздер. Иә, белгілі суретшінің картинасы көз алдыңызға келді-ау деймін осы сәт.

«Жолбасшы»…. Иә, ғылым мен білімді Арқаның ұшы-қиырсыз сары даласына теңесек, діттеген тұсқа адастырмай жеткізер жайсаң да жомарт жандарды «Жолбасшы» демей, кім дерсіз. Бірақ, бүгінгі ғылыми ойдағы «Жолбасшыны» күндіз шам алып іздейтін халге жеткеніміз өз алдына бөлек әңгіме. Сөйтсе де орай келгенде айта кетейін. Дипломды саудаға салудың салдарынан жалған оқымыстының көбейіп кетуі сонау қадым заманнан бері аяқтан шалып келе жатқан «аз білгенді көпсінуде» жатса керек.

Басқаны  қайдам, өз басым өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңын ала сталиндік сұрқайы саясаттың сірескен сеңі бұзылғанда, есеңгірегендей күй кешкенмін. Өйткені, жоқ іздеген жолаушының бірі едім. Себебі, ақтаңдақтар ақиқаты ашылғанда, қаймана қазақ үшін басын бәйгеге тіккен Алаш ардагерлерінің бірқатары ет жақын туысым-тын. Елде, Торғайды айтамын, ақсақалдар бұл жайлы сырт көзден таса жерде ғана тіс жаратын. Зияны тиіп кетеді дей ме екен, жастарға артық-ауыс ештеңе айта қоймайтын. Мәскеуде оқып жүрген жылдары Алашорда тарихына қатысты бірқатар кітаптарды МГУ-дің кітапханасынан тауып, оқыдым. Араб тілінен сабақ берген ұстазым, шешен-ұңғыш ұлтының өкілі Нұридден Ғабиртұлы Ахриев өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары математика факультетін, кейіннен шығыс тілдері институтын (ол қазір МГУ жанындағы Азия және Африка елдері институты деп аталады) бітірген. Нұридден ақсақал білім алған жылдары бұл оқу ордасын Санжар Асфендияров басқарған екен. «Мен Ленин кітапханасына келіп жүретін Әлихан Бөкейхановты көретін едім. Сол кезде оның жасы ұлғайып қалған болатын» деп еске алатын қария. «Қазақстанды орыстандыру 1933-34-те жүргізілу керек-тін. Бірақ бұған қазақ оқығандары жол бермеді» деп отыратын. Бір күні «Большевик» журналының 1928 жылғы бірінші санын алып қара, онда Смағұл Сәдуақасовтың «Национальности и националы» деген мақаласы бар, соны оқып шық», деді. Әп-сәтте оқып шығып, жап-жас Смағұлдың көсемдігі мен шешендігіне айран-асыр қалдым. Нұридден ақсақал Смағұл ағамыздың осы мақалада «с времен Адама и Евы люди чинили себе обувь и лопату, но никто не называл это промышленностью» деп жазғанын жатқа айтып, риза көңілмен еске алып отыратын.  Кейіннен маған А.К. Бочаговтың «Алашорда» атты кітабын кітапханадан алып оқы деді. Әлекең, Ахаң, Жақаң және Алаш қозғалысы туралы біршама ақиқатты осы кітаптан білдім. Нұридден ақсақал менің ұлттық санама бағыт сілтеген тұңғыш Жолбасшым еді. Бұл деректерді он жылдан астам уақыт бойы ешкімге жария етпей, сақтадым. Зымиян саясаттың сұмдықтары туралы азды-көпті білгенім мені билік пен саясаттан аулағырақ жүруге де итермелегенін айта кетейін.

Сонымен, Алаш азаматтары ақталғаннан кейін ең әуелі Ахмет пен Міржақып туралы тереңірек білуге талпыныс жасағаным түсінікті шығар. Ақын, дінбасы Әлмағамбет Оспанұлының (1886-1966) шежіресіне сай Ахаң мен Жақаңның арғы аталары Аманжол мен Шаржетім аталас туыстар,  Шағыр деген кісіден тарайды.  Ахаңның «Аққұм» атты әні барын сексенінші жылдардың орта тұсында Серікбай Оспанов ағамыздан естігеніммен, оның  қоғамдық қызметінен, ғылыми қайраткерлігінен хабардарлығым шамалы еді. Еліміз Ресей бодандығынан тәуелсіздікке аттар өліара шақта тұрғанында кімге де болсын өткеннен бастау алатын ақиқатты білу болашаққа ұстанған бағыт-бағдар іспеттес-тін. Міне, осы тұста жалғыз маған емес, сондай-ақ, тарихымыздың жасырулы жатқан парақтарына үңілгісі келген қаншама талапты жандарға  жол сілтеген санаулы азаматтарымыз болған-ды. Енді солардың біріне, бірі емес-ау бірегейіне тоқтала кеткелі отырмын. Ол – қазақ ғылымында өзіндік орыны бар, бүгінде ғылыми айналымға енген талай жаңалықтың көзін ашып, жарыққа шығарған Аманқос Мектеп-тегі.

…Көк дөнен көңіл алабұртады. Ғұлама Уақыттың көкбурыл сеңгірлері алыстаған сайын зорайып көріне ме, қалай?

 

Осы жұрт Аманқосты біле ме екен?

 

Жұрт ойлайды бұл да бір дана ғой деп!

Есенбай Дүйсенбайұлы

 

Ғылымда таптаурын сүрлеумен жүрмей, тыңға түрен салып келе жатқан Аманқос Мектеп-тегінің  публицистік, ғылыми-педагогикалық қызметінен ұлтжанды оқырманның көпшілігі хабардар. Бүгінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент, еліміздің  Журналистер Одағының мүшесi Аманқос 1979 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң филология факультетiн бiтiргеннен кейiн еңбек жолын Алматы жоғары әскери командалық училищесiнде лаборант қызметінен бастаған. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институтының Ономастика, Тiл мәдениетi бөлiмдерiнiң кiшi ғылыми қызметкерi бола жүріп, Абай атындағы Алматы мемлекеттiк педагогикалық университетiнiң (бұрынғы ҚазПИ) аспирантурасында оқыған. 90-шы жылдардың басында жаңадан ұйымдасқан “Ана тiлi” газетiнде арнайы жолдамамен тiлтану бөлiмiнiң әдеби қызметкерi, кейіннен республикалық “Жалын” журналының бөлiм меңгерушiсi жұмыстарын атқарған. 1996 жылдан берi үзiлiссiз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нiң журналистика факультетiнде оқытушылық қызметте. Біз – әріптеспіз.

Аманқос Мектеп-тегі – шығармашыл тұлға.  Ақтөбе облысының Байғанин аудандық “Ленин туы”, облыстық “Коммунизм жолы” газеттерiнде 1968 жылдан фотосуреттер, мақалалар жариялай бастайды. Қазіргі таңда ол – 200-ден аса ғылыми және ғылыми көпшiлiкке арналған зерттеу жұмыстары мен мақалалардың авторы. А. Мектеп-тегінің зерттеу мақалалары шетелдiк, республикалық мерзiмдi баспасөз беттерiнде және “Қазақ әдеби тiлiнiң тарихи көздерi”, “Қазақ тiлi жөнiндегi революциядан бұрынғы зерттеулер”, “Қазақстан географиялық атауларының сөздiгi” (Жезқазған облысы), “Қазақстанның географиялық атаулары” (Ақмола облысы), “Бес арыс”, “Тiл тағлымы”, “Аламан”, “Халел тағлымы”, “Бекет-Ата”, “Қазақтың тәлiмдiк ой-пiкiр антологиясы”, “Антология педагогической мысли Казахстана”, “Халел Досмұхамедұлының өмiрi және оның шығармашылығы”, “Оразмағамбет”, “Ұлттық рухтың ұлы тiнi”, “Қазақстан ұлттық энциклопедия”, “Байырғы түркi өркениетi: жазба ескерткiштер”, “Этюды по памятникам письменности древних усуней”,  “Ismail Beу Gaspirali Ve ZiVa Gokalp Sempozvumlari-bildiriler. Ankara, 2003”, “Ағартушы Халел”, “Халел Досмұхамедұлының публицистикасы”, тағысын тағы монографиялар мен анықтамалық сөздiктерде һәм ғылыми-танымдық жинақтарда жарық көрген.

Аманқостың көсемсөз мақалалары “Ана тiлi”, “Қазақ әдебиеті” газеттерiнiң бiрнеше жыл қатарынан шығармашылық бәйгесiн иелендi. Ғалым бiрнеше халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, таңбатану, ежелгi төрүк жазуының генезисiне байланысты тосын ой-тұжырымдарын ұсынды. Әсiресе оның 2001 жылдың қазан айының 26–27-де Түркия астанасы Анкара қаласында өткен Ысмағұл Гаспрәлiнiң туғанына 150 жыл толу мерейтойына арналған симпозиум мен Австрияның Вена университетінде болған (The Historikal Relations of the Mongol and the Kazakh Languages. EURASIA-PACIFIC UNINET, Universităt. Mongolia – 800th Anniversary Scientifie Conference. Mongolian Language and Script. Venue: University of Vienna, Senatssaal. April 2–6, 2006) ғылыми конференцияға қатысып, баяндама жасауы мәдени өмiрiміздегi елеулi оқиға болды.

Аманқос Мектеп-тегі кафедра бойынша жарық көретін республикалық “Отандық журналистика тарихы” ғылыми-зерттеу журналының шығарушы редакторы әрі Алматы қалалық “Қазақ тілі” қоғамының Басқарма мүшесі, “Түркі әлемі”, “Ұлы Дала тынысы” апталық газеттерінің және “Қызықты психология” Республикалық ғылыми-әдістемелік, танымдық-психологиялық журналдың алқа мүшесі, Қазақстан Ұлттық баспасөз клубының мүшесі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің “Үздік оқытушысы” атанған.

Ұстаз-ғалым студент-журналистерге “Халел Досмұхамедұлы – публицист”, “Қазақ журналистикасының тарихы”, “Ұлттық баспасөзiмiз iргетасын қалаған жеке тұлғалардың шығармашылық мектебi”, “Отандық мерзiмдi баспасөз тарихы”, “Жазу тарихы және шрифтология”, “Қазақ кітабының тарихы”, магистранттарға “Ақпараттың тегі мен түрлері” атты пәндер мен арнаулы курстардан дәрiс бередi.

Аманқос Мектеп-тегі 2010–2011 жыл аралығында ҚР Президентінің “Болашақ” бағдарламасы бойынша Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университетте ғылыми тағлымдамадан өтті. Ол Польшаның Познань, Слубица, Торунь, Варшава қалаларында өткен ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады.

 

Бірінші шегініс. Торғай – Ақкөл

Аманқос аға!

Туған соң еліңді ойлап

мұршаң бар ма?

Светқали

 

Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығын алғаш зерттеушілердің бірі – осы Аманқос. Аманқос Ахаң туралы былай деп жазады: «Ол (А. Байтұрсынұлы. Ж.Б.) туралы сөз бола қалса, “Қазақ” газетіне соқпай өту әсте мүмкін емес… “Қазақ” газетінің тұңғыш санында Ахаң мерзімді баспасөздің басты-басты төрт түрлі функциясын атап, оған қысқа да нұсқа назар аудартып өтеді: “әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі…”, – дейді Бұл мерзімді баспасөздің қоғамдық ақпараттық жан-жақты қызметіне берілген ғылыми анықтаманың классикалық үлгісі деуге болады. Жыл он екі ай бойы табиғат-ананың қас-қабағына қарап, үнемі аттың жалы, түйенің қомында көшіп-қонған, ата кәсібі төрт түлік мал шаруашылығымен айналысқан туған халқының талғам-түсінігі мен таным-көзқарасына орай газет хақындағы  ұғымды шым-шымдап сана-сезіміне терең сіңіруді ол перзенттік парызы санады. Шындығында, бұл жаратылыстың қарапайым мысалымен кез-келгеннің қабылдау түйсігіне образдылығымен әсерлі жеткізілген. Екі аяқты, жұмыр басты пендеге маңдайға біткен қос жанар мен қүлақтың, ауыздағы тілдің анатомиялық-биологиялық қажеттілігі қандай болса, қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани ортадағы атқаратын қызметі де сондай айрықша маңызды. Яғни мерзімді баспасөз құралының барша қадыр-қасиетін қалың бұқараға, дүйім жұртқа салыстырмалы түрде адамнын өз бойының дене мүшелерімен шендестіріп түсіндіру тәжірибесі ғылымда Ахаңа дейін кездеспеген жаңалық». А. Мектеп-тегінің бұл қағидалы пікірі қазір журналистика тарихы пәнін оқыту барысында қолданылып жүр.

Арыстарымыз ақталғаннан кейін Торғай жеріне ат ізін салған алматылық азын-аулақ ақын-жазушы, журналист ағайынның алғашқы сапында болған Аманқос 1991 жылғы маусым айында Торғай мен Аққөлде өткен Ахаң мен Жахаң күндеріне қатысып, «Алматы ақшамы» газетіне тұтас бір беттік жолсапар очеркін жариялаған. Қаламгердің Арқаның ақ маржаны – Ақкөл туралы толғанысын тебіренбей оқу мүмкін емес! «Ахаңның алтын бесік туған атырабына жолыңыз түсе қалса, Ақкөлге соқпай өтуіңіз мүмкін емес. Ақкөл!.. Иә, Ақкөл десе – Ақкөл дегендей, аппақ көл. Ақ қазы қаңқылдап, аққуы сұңқылдап, ақ шағалалары қиқулаған, ақ сазаны шоршыған, ақ күмістей айдыны жарқыраған ғажап көл. Ақкөлдің суы маңайдағы жағалай қонған елге – ырыс, құт береке! «Жылқым жатыр Ақкөлдің шаңдағында…» деп әнге қосқан Ахаңның Ақкөлі бұл.

Біз келгенде қайран Ақкөл жайбарақат, кесеге құйған кәусар бұлақтың суындай мөп-мөлдір, тып-тынық болып жатқан.  Кенет Ақкөл долданып, ақ жал толқынын аспанға атып,  буырқанып, бұлқынып, күңіреніп, ақ көбігі жағаға ұрып, дөңбекшіп қоя берді. Біздің келгенімізді Ахаңның рухы сездірткендей, Ақкөлдің бойына қан жүгіріп, жан біткендей алас ұрды».

Айтқандай-ақ, Аманқос сол тойға Ахаңның баспахана бояуы әлі кеуіп үлгірмеген «Ақ жол» атты кітабын тәбәрік ретінде апарған еді. Бұл жинаққа енген туындыларды Қазақстан мен Ресейдің мұрағаттарында айлап отырып,

араб жазуынан қазіргі әріпке түсірген де Аманқос болатын.

Екінші шегініс: Моңғолия – Орхон ескеркіші

Мектеп-тегі шумердей бас шұлғиды

Ғәспрәлі, Халелдің үрдісіне.

Кәкен Хамзин

“Ресей кеңес өкіметі орнасымен тiл құрылысы деп аталатын саясат жүргiздi. Ондағы алдына қойған басты мақсаты – Одақ құрамына енген ұлттар мен ұлыстардың тiлiн өмiрдiң сан-саласында емiн-еркiн жұмсалуына конституциялық құқылы ерiк бергенмен, iс жүзiнде қоғамдық-әлеуметтiк қолданыс аясын шектеп, мемлекеттiк тiл – орыс тiлiнiң көлеңкесiнде қалдыру көзделдi. Орталықтың қақпайлағанына көнбей басын бәйгеге тiккен алаш ардақтылары өктем саясаттың құрбандығына шалынды. Сонан соң, қарсы тұрар қауқары қалмаған халыққа әмiршiл-әкiмшiл билiк басындағылар бiлгенiн iстеп бақты. Сөйтiп, қазақ тiлiнiң табиғатына жасалған ғылыми сынақтардың зардабы жұқпалы аурудай санаға тамыр жайғаны соншалық, одан таяу арада құлантаза арылу екiталай. Егер бұл бетiмiзбен iлгерi кете бергенде, мұның арты орны толмастай үлкен қасiретке апарып тынарын ойлаудың өзi жан түршiктiредi”.

Тіл мәселесін көне түркі ескерткіштерінен бастап індете зерттеп жүрген Аманқос Мектеп-тегі бұл мәселе жайында былай деп жазады: «Құдайға шүкiр! Тәуелсiздiк сонысымен қымбат, сонысымен қасиеттi! Алайда, үш ғасырға жуық өзгеге кiрiптар болған елдiң санасы әп-сәтте сауығып кете қоюы оңай емес. Соның бiр айғағы – мерзiмдi баспасөз бетiнде қазақ жазуын латын графикасына көшiруге орай қоғамдық пiкiрдi қалыптастыруға жанталасқан күрес үрдiсi. Оны ту ғып ұстанушылардың қадау-қадау басты уәжi – отаршылдық идеологияның егiп, сепкен дертiнен  шұғыл айығып, орыс тiлiнiң тигiзер ықпалынан қорғанып, әсерiнен құтылу, екiншiден, түркi тiлдес ұлттармен рухани тұтасу арқылы күш бiрiктiрiп, әлемдiк саясатта ұпайын жiбермеу. Бұл позиция елдi елiктiрiп әкететiн ағым болғанмен астарында бұққан гәп бар,  қауiптi тенденция.

Түркi халықтарын бiр-бiрiнен ыдыратып, тарыдай шашып жiберуге жазу үлгiсiнiң үлкен рөлi болғанын тарихи бастан кешiрдiк; ендi одан сабақ алатындай шекемiзге тиген жоқ па?!. Бұған оқымыстыларымыз әзiрге дәрменсiздiк танытып, ғылыми дайындығы шикiлiгiн аңғартты. Егер бiз латын графикасын таңдап, оған қайтадан көшер болсақ, бұл – бұйдаланған  тайлақтай бәз бiреудiң мүддесi тұрғысынан дегенiне ерiп, ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстауына көнетiн нағыз ғаламдастырудың қақпанына өз еркiмiзбен барып түсетiнiмiз зиялыларымыздың әзiрге қаперiне кiрмеуi өкiнiштi. Демек, графикалық тiл ұлтымыздың тәуелсiздiгiн қорғаудың стратегиялық басты критериi. Бұған женiл-желпi қарап, ат үстi шешiм жасауға әсте болмайды. Бұл күрмеуi қиын, өте нәзiк мәселе. Әсiресе, ақпарат кеңiстiгiндегi бiздiң үнiмiздiң әлсiздiгiн ескерсек, онсыз да басқа тiлдiк жүйедегi насихат пен уағыздың тәрбие iсiне ықпалы пәрмендi кәзiргi жағдайда барлық салада қазақтың төлтумалық қасиетiн топан судай бiрден жуып-шайып жiбередi. Сосын, “тоқал ешкi мұйiз сұраймын деп, құлағынан айрылыпты” дегеннiң керi келедi».

Оқымысты атаулының барлығы латын қарпін қуаттап, тақымын қысып отырған сәтте қара бұлттай қалың қауымға қарсы уәжін шегелеп айтып, осы ұстанымынан ширек ғасыр бойы айнымай келе жатқан Аманқостың ғылыми табандылығына таң қалмасқа ләжің жоқ.

 

Үшінші шегініс: Польша – Познань

Ей, жалаңтөс –

Аманқос,

Аға бол да жаға бол,

Адамдардың ішінде

Санасы үлкен сара бол!

 Әбубәкір Қайран

 

Жоғарыда Аманқос Мектеп-тегі бұдан үш жыл бұрын Польшаның Познань қаласында шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтті, деп атап өттік. Енді ғалымның жат жұртта тындырған ісі-тірлігінен хабардар ететін Қазақпарат агентігінің төмендегі мақалаларына көңіл бөлелік.

Еуропада қазақтың ізі сайрап жатыр – Аманқос Мектеп-тегі

     «Алматы. 6 сәуір. 2012 жыл.  – Польшаның Познань қаласында  Мұстафа Шоқайдың француз тіліндегі 1932-39 жылдары жарық көрген 50 саяси мақаласы табылды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты Аманқос Мектеп-тегі зерттеу жұмысы кезінде М. Шоқайдың  бұрын беймәлім болып келген 3 бүркеншік атын тапқан.

Аманқос Мектептегі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шопанұлы, Смахан Бөкейхан сияқты Алаш арыстарының мұрасын баспасөз беттерінде алғашқы насихаттаушылардың бірі болып табылады. Зерттеуші ғалым «Болашақ» бағдарламасы бойынша Польшада болған кезінде Еуропаның бірқатар елдерін аралап қайтқан.

«Картотеканы қарадым, бұрын оларды бірде-бір адам қарамапты. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы саяси додаға белсене қатысқан М. Шоқай мақалаларының кейбірін өз атымен, кейбірін бүркеншік атпен жариялаған. Оған шетелдік басылымдарда  бұрын-соңды  қазақ азаматтарының саяси пікірталасқа қатыспағандығынан баруы мүмкін. Онда ол кейбір саясаткерлердің болжамына соққы беріп, Кеңес үкіметінде болып жатқан бассыздықтарды және  мемлекеттің елдің ары болған азаматтарды асып-атып жатқан қан-қасап қылмысын әшкерелеген» дейді Аманқос Құлтанұлы.

А. Мектеп-тегінің айтуынша, «М. Шоқай күштінің әлсізге күш көрсетіп, кіші  халықтарды жоюын тоқтату үшін әлемдік саяси күштерді біріктіру керек деген мәселені қозғайды. Сондай-ақ, әлемдік саясат аясында Түркістанның саяси ахуалы туралы ойларға өз көзқарасын білдіреді».

Алматы, 12 сәуір, 2012 жыл. ҚазАқпарат – Еуропа елдеріндегі алшындардың,  жалайырдың, наймандар мен үйсіндердің шежірелері табылды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Еуропаның Германия, Польша, Франция, Чехославакия сияқты бірқатар елдерін аралап келген  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты Аманқос Мектеп-тегінің айтуынша, Еуропада қазақтың ізі сайрап жатыр. «Онда мәдени мұрамыз, әсіресе ежелгі жазумызға қатысты материалдар іздегем. Қазақтың ізі сайрап жатыр екен. Мәселен Польшаның Познань деген қаласында ғажап бір ескерткішті көрдім. Біздің рулық таңбамыз сюжетті бір композиция боп архитектураға шығып кеткен. Онда сондай-ақ, біздің киіз үйіміз бен  ою-өрнектеріміз де тұр» дейді А. Мектеп-тегі.  Түркітанушы ғалым сондай-ақ, Польшаның Познань қаласында Вильгельм Томсонның  бұрын-соңды  атын естімеген бір еңбегін тауып алған көрінеді. «Онда бір қызық жағдайға кезіктім. Түркітанушымын деген ғалымдардың көпшілігі В. Томсонның осы еңбегіндегі ежелгі төрүк жазуы дыбыстық жүйесі жіктелімін көшіріп алып, атын айтпай жүр екен. Сосын Алаш зиялыларының поляк революционерлерімен байланысын таптым. Енді бұл жаңа деректер бойынша арнайы зерттеу жұмысын жазбақшы болып отырмын» дейді Аманқос Мектеп-тегі».

Алып-қосарымыз жоқ.

Төртінші шегініс: Алматы, мамыр

Арман етіп, сіз көксеген мүддеге

Замана-ағым әлі-ақ бұрар бүйрегін.

Анар Лепесова, шәкірті

“Ұлттық тiлге, сол арқылы ойлау жүйесiне ықпал жасап тұратын құрал – жазу; туыстас төрүк (Аманқостың таңбалауынша. Ж.Б.) тiлдерін бiрiктiретiн функцияны да сол жазу атқарады. Бұл ретте ежелгi төрүк жазу өрнегi – қандас төрүк ұлты мен ұлыстарының бәрiне бiрдей эталон. Сөздiң конструкциялық құрылысы, сөзжасам пiшiндерi, сөз тудыру принциптерi, үндестiк заңына негiзделген емлелiк-ереже қағидалары, өзгеге ұқсамайтын графикалық дизайны байырғы төрүктердiң тарихи жыл санауға дейiнгi дәуiрлеген биiк өркениетiн айғақтайды. VIII ғасырдағы арабтың жойқын шапқыншылығынан ерiксiз тiрiдей ажырап қалған ата-баба жазуын өз билiгiмiз өзiмiзге тигенде, жалтақтамай, жатырқамай қайтадан алуымыз қанымыз құрамындағы ақпараттың оянуымен рухани соны тынысымызды ашып, патриоттық сезiмiмiздi қоздырар, күллi төрүктiң айдынын асқақтатып, басын бiрiктiрер бақ болып қонар едi. Сондай-ақ, ежелгi әлiпби нұсқамызға көшуде кездесетiн сан алуан қиыншылықтарды меңгеру барысындағы мүмкiндiк мұқым иiсi төрүк жұртына тепе-тең бөлiнуiмен әдiлеттi шешiм болары хақ. Бұл үшiн төрүк тiлдес халықтардың өкiлдерi қай алфавиттi тұтынып отырса, сол жазу үлгiсiн ежелгi төрүк руникасына тiкелей өтуге трансформация жасауына әбден болады.

    Мемлекеттiгiмiздiң рәмiзi – мәңгi төлтума руникалық жазуымызды ресми

бекiту ұлық парызымыз” деп жазған болатын Аманқос Мектеп-тегі өзінің

«Ежелгі руна жазуы – мемелекеттігіміздің рәмізі»  атты мақаласында.

Ежелгі өркениетіміздің белгісі – руникалық жазуды мемлекеттік рәміздер мен белгілерге қосу, оны ұлттық деңгейде атап өту туралы жиырма жыл бойы  жалықпай айтып та, жазып та келе жатқан ғалым Аманқос Мектеп-тегі. Жуырда Аманқос мырзаның өзі мына бір қуанышты жаңалықтарды жеткізді. Оның біріншісі – мемлекет атрибуты ұлттық теңгеге руника жазуымен Күлтегін аты таңбаланып, бейнесі салыныпты. Сонымен қатар жыл сайын 18 мамырда күллі төрүкке ортақ төлтума руника жазуының күнін тойлау жөнінде шешім қабылданған.

Бұл – табанды ғылыми және рухани ағартушылық еңбектің, ақпараттық насихаттың қоғамдық ортаға сіңгендігінің айғағы, төгілген тердің жемісі екені анық. «Инемен құдық қазған» оқу мен білімнің жолы қашан да оңай болмаған.

Бұл – шәкірті жазғанындай, Аманқос көксеген мүддеге заман-ағымның «бүйрегін бұрғаны» емей, немене!

 

Жетпісбай Бекболатұлы

 

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field