«Генерал» деген сөз латынша – ортақ, бәрінің басшысы деген мағынаны білдіретін әскери атақ.
Патшалық Ресей әскерінде бұл шен XVII ғасырдан бері бар. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында орыс әскерінде генерал-майор, генерал-лейтенант, инфантерия-генералы атты жаңа атақтар пайда болды. Ал 1940 жылдан бастап КСРО Армиясына – генерал-майор, генерал-лейтенант, генерал-полковник, армия генералы деген шендер кіргізілді. Бұл –халықаралық қалыпқа сай алынған үлгі қазірге дейін барлық мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда да қолданылып келеді.
Біздің еліміз әскеріндегі қазіргі ең жоғары әскери атақ – армия генералы. КСРО кезінде бұдан жоғары әскери атақ – маршал болатын. Бұл шен сол кезде санаулы адамдарға ғана берілді. Ресей әскерінде қазір маршал атауы жоқ. Басқа шет мемлекеттерде де бұл әскери атақ қолданыстан шыққан.
Тарихта маршалдан да жоғары тағы бір әскери атақ болған. Ол – генералиссимус деп аталады. Бұл латын сөзінен шыққан. Ең жоғары басшы деген мағынаны білдіреді. Жалпы, дүние жүзіндегі ең жоғары әскери атақ осы.
Ресей әскеріне 1716 жылы енгізілген бұл атақты да санаулы адамдар ғана иеленген. Олардың ең соңғылары – А.В.Суворов және И.В.Сталин. Бұл әскери атақ та қазір ешбір елде қолданылмайды.
Таяуда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әскердің, Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генералдарынан басқа генералдардың бәрінен, яғни, кеден, прокуратура, темір жол, тағы басқа осындай жартылай әскери қызмет салаларынан генерал атақтары алынды. Бұл дұрыс. Өйткені генерал деген әскери шен о баста асқан ерлігі мен жаужүректігі әрі талантты қолбасшылығы үшін, біліктілігі мен білімдарлығы үшін берілетін жоғары әскери атақ болған.
Генерал шенді адам кезінде Ресейде қатты қастерлеген. Тіпті олар қызметтен кеткеннен кейін оған патша өз өкімімен арнайы жер бөліп беріп, жағдайларын назарда ұстаған. Егер мемлекет аппаратындағы жоғары шенеуліктер өз қабылдауына келген генералды төрт минөттен артық күткізіп қойса, қатаң жазаға тартылған.
Енді осы тұрғыда біз қазақ ұлтынан шыққан атақты қолбасшыларымызды санамаласақ, тарихи тұлғалар – Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай бабаларымыз еске түсетін сияқты. Алайда, шын мәнінде генерал деген халықаралық әскери атақты иеленген қазақ қандастарымыздың жөні басқа. Кеңес дәуіріндегі орыс армиясында қанша қазақ генералдары қызмет етті? Қазір олардың қаншасы қалды? Олар бұл өмірде бар болса, не бітіріп жүрген сауалдар төңірегінде, тағы басқа деректер жөнінде ой қозғағанды дұрыс көрдік.
Патшалық Ресейдегі қазақ генералдары
Дәл қазір шетелдерде қазақ генералдары бар ма? Бұрын ол жақтарда қанша қандастарымыз қызмет еткен деген тақырыпта әңгіме өрбітіп көрейік. Бұл ретте біз тарих ғылымының кандидаты М.Әбдіровтың патшалық Ресей әскеріндегі қазақ офицерлері мен генералдары жайында жазған «Шенді шекпен» атты ғылыми мақаласында («Ақиқат» журналы, 1997ж, №3) бір сәт назарларыңызға аударамыз.
Мұнда қазақтардың орыс армиясында әскери қызмет атқару кезеңі XVI ғасырдың аяғына жататын айта келіп, сол кезден бастап 200-ге жуық жоғары шенді қазақ офицерлері қызмет еткені жазылған. «Кіші жүзден біздің есебімізше 4 генерал-майор шыққан, – дейді М.Әбдіров. –Оның біріншісі – Әбілқайырдың шөбересі, Ішкі Бөкей ордасының ханы Жәңгір Бөкеев қазақ тарихындағы белгілі тұлға болып табылатын. Генерал-майор атағы оған 1840 жылғы 1желтоқсанда берілді.
Сол сияқты Әбілқайырдың немересі, Айшуақтың ұлы Баймұхамед Айшуақов та генерал погонын тақты. Баймұхамедтің (ел аузында және Махамбет жорықтарында Баймағанбет) баласы Мұхамеджан Баймұханбетов те генерал-майор болған».
Бұл үш қазақ патша әскерінде тікелей қызмет еткен әскери адамдар болмаса да қазақы шекпендеріне генерал погонын тағып, ел ішіндегі ішкі әкімшілік жұмыстарды белсене жүргізген көрінеді.
Ал мына төртінші қазақ генералының жөні бөлек. Жоғарыдағы мақаладан үзінді келтірейік:
«Хан Жәңгір Бөкеев балаларының ішінен айрықша белгілілері – Ғұбайдолла Жәңгіров (Князь Шыңғыс) те Санкт-Петербургтегі Паж корпусын бітірген. Ол әскер тегіндегі толық генерал болған тұңғыш қазақ», дей келіп автор оның қызметі казак полкында лейб-гвардия корнетінен басталғанын, кейін ротмистр болғанын айтады. Дон казак әскерлерінің сайламыш атаманының жанында аға офицер, 1868 жылы полковник, 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысына қатысқаны үшін генерал-майор, 1888 жылы генерал-лейтенант алған.
Сонымен қатар Ғұбайдолла Жәңгіров патша министрліктері мен департаментінің біразын басқарған. 1894 жылы атты әскердегі кавалерия генералы деген жоғары щенге ие болыпты. Бүгінде бұл әскери шен армия генералына тең әскери атақ. Мұндай дәрежесі бар әскерилер жеке әскери округтарды басқаруға тиіс. Мәселен, атты әскер генералы, Жәңгіровтың замандасы Каульбарс деген генерал-лейтенант Одесса әскери округын басқарған. Ғұбайдолланың Ресейдің көптеген наградаларымен қатар шетел ордендеріне ие болғандығы белгілі болып отыр. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін мақтанарлық жайт. Патшалық ресейге бодан елдің өкілі сол кезде оның өркөкірек офицерлердің арасынан жарып шығып, өздеріне соғыс өнерін үйретуі екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екені түсінікті шығар.
Шетелдердегі қазақ генералдары
Журналист Жанболат Әлиханұлы (Аупбаевтың) «Таңғажайып тағдырлар»деп аталатын кітабын парақтап отырмын. Мұнда менің осы мақаламның тақырыбына қатысты екі құнды дерек бар. Оның біріншісі – Моңғолиядағы қазақ генералы С.Зайсанов жайында жазылған қысқа хабар да екіншісі – Қытайдағы қазақ генералы Қ.Рүстемұлы туралы дерек.
Енді осы кітаптағы екі генерал кім екенін оқырманға қысқаша жеткізуге тырысайын.
Генерал Зайсанов қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан өңірінде өткен ғасырдың басында өмірге келіпті. Тоғыз-он жасында татар саудагерлерінің лаушысы болып Моңғолияға барады. Қайтарда қожайындарынан көз жазып қалады. Уақыт өте келе сондағы бір ауылда асыранды балаға айналады. Кейін Моңғолия өкіметінің жіберуімен Кеңес Одағындағы әскери ұшқыштар училищесін бітіреді. 1939 жылы Халхин-Гол шайқасына қатысып, жапондардың талай ұшақтарын жер қаптырады.
1941 жылы Кеңес Одағындағы Ұлы Отан соғысына баруға сұранған екен. Моңғолия әскери басшылығы жібермепті. Содан ол Моңғолия Әуе қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалып, генерал-майор лауазымын иеленді.
Авторға бұл деректі айтқан адам – тарих ғылымының докторы Зардыхан Қинаят, Моңғолиядан атамекенге қоныс аударған бұл қандасымыз әңгімесін: «Өмірінің соңғы жылдарында жан жалғыздығынан жәбір көрді-ау деймін, 1950 жылдары басқалқа іздеп Қазақстанға келіпті. Бірақ ол кезде Мәскеуде тұратын Шәкір Жексенбаевтан басқа бірде-бір генералы жоқ атамекенге оның басы сыймапты. Жылай-жылай кері қайтқан. Сөйтіп, бұл кісі 1965 жылы Улан-Батордағы аурухана бөлмесінде жападан-жалғыз жатып өмірден өтті. Қазір Зайсановты білетіндердің қатары сиреп, есіл азаматтың аты ұмтылуға жақын-ау, сірә, деп ойлаймын іштей», деп аяқтайды.
Биылғы тамыздың бірінші жартысында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің бірлескен әскери жаттығулары алғашында Қазақстан жерінде бастау алды да кейін Қытай жерінде жалғасты. Осы шараға бірнеше журналист қатыстық.
10 тамызда шекарадан өткеннен кейін жол бойындағы бір елді мекенде Қытай әскерилері ШОС-қа мүше алты мемлекеттің әскери делегацияларын салтанатпен қарсы алу рәсімін жасады. Бұл шаралардың бәрін ұзын бойлы, қарасұр, жасы елудің ар жақ-бер жағындағы генерал ұйымдастырып жүрді. «Қытай елінде де осындай ірі адамдар болады екен-ау», – деп ойладым. Тіпті біздің және көрші елдердің әскерилерінің арасында дәл осындай бойшаң адам әзірге көзіме шалынған емес. Бәріміздің төбемізден төніп тұрғандай көрінген генералдың түсі тым жылы. Әсіресе қазақтарға жымия қарап, басын иіп, анадайдан ілтипатпен амандасады. Шығыстық дәстүрдің бірі ғой деп біз де бас изесіп қоямыз.
Келесі күні әскери жаттығулар басталды. Алты елдің қаптаған генералдарының арасынан кешегі генерал қарқарадай болып анадайдан көзіме түсе берді. Ары-бері сапырылысқан адамдардың арасынан бірде қарсы ұшырасып қалдық. Тағы сол жылы жымиыспен амандасу рәсімін білдіріп өте шықты.
Жаттығу аяқталған соң қайтар күннің қарсаңында ҚХР қорғаныс министрі Құлжа қаласындағы үлкен мейрамханада қонақтарына дастарқан жайды. Әр елден келген делегация жеке-жеке отырып, салтанатты кеш қыза түсті. Біраздан кейін журналистер отырған дастарқан басына менің көзіме жиі түсе берген сол ұзын бойлы генерал-майор мен тапал, төртпақ денелі генерал-лейтенант келді.
Генерал-лейтенант қолындағы рюмкасын жоғары көтеріп тұрып қытайша сөйлеп қоя берді. Қасымызда аудармашы болмағандықтан бір-бірімізге қарап аңтарылып қалдық. Сол кезде ұзын бойлы генерал-майор маған қарап:
– Атым – Жәрке, фамилиям – Бекет,сіздерше айтқанда Бекетов. Қазақпын. 52 жастамын. Алтайда туғанмын. Үйлі-барандымын. Қызметімді жаңа айттым. Бұдан басқа саған өзім жайында ақпар бере алмаймын, бауырым, – деді ол жымиып.
– Қытай әскерінде сізден басқа қазақ генералдары бар ма? – деп сұрадым.
– Әзірге мен ғана. Бұрындары бір адам болған.
– Естелік үшін суретке түссек қайтеді?
– Бұл жерде болмайды ғой, бауырым. Ертең мен сендерді шекараға дейін қайта шығарып саламын. Сонда суретке де түсерміз. Жол бойы еркін әңгімелесерміз, – деп ол қолымды қос қолдай қысты. «Түсінесің ғой», – дегенді осы ишарадан-ақ байқадым.
Ертеңінде журналистер басқа бағытта, әскери делегация басқа бағытта қайтатын болып шешілді. Біз отырған автобус жүргелі тұр. Жан-жағыма алаңдап қарай беремін. Автобус енді жылжи бастағанда дәл мен отырған тұстағы иерезенің алдына келіп ұзын бойлы генерал, яғни Жәрке ағамыз жымия қол бұлғады. Мен де қол бұлғап кете бардым.
Жанболат Әлиханұлы (Аупбаевтың) «Таңғажайып тағдырлар» атты кітабында Қытайдағы қазақ генералы Хасен Рұстемұлы жайында жазылған мақаланы тағы бір оқып шықтым. Генерал-майор Жәрке Бекетовтың айтқаны осы кісі болса керек деп түйдім. Сондықтан Х.Рүстемұлы туралы деректерді тағы да оқырман назарына ұсынғанымыз артық етпес.
Х.Рүстемұлы өткен ғасырдың басында Қазақстанның Шығыс өңірінен арғы бетке ауып барған Ыбырайым деген адамның ұрпағы. 1921 жылғы Гансу өлкесінде дүниеге келген Хасен тоғыз жасында тіршілік қамы үшін Жан Жия Мин деген қытай есімін иеленді. Жоқшылық пен қайыршылықтан құтылсам деген оймен 12 жасында жаңадан құрылып келе жатқан Қытай қызыл армиясы қатарына кіріп, әуелі сырнайшы, сосын байланысшы қызметін атқарды. Ол 1931-1933 жылдары еді. Хасен кейін барлаушы болып, Янань бекінісіне жасалған шабуылда ерлік көрсетеді. 1936 жылы Қытай Коммунистік партиясы қатарына қабылданады. 1939 жылы партизандық соғыспен ұлы жарық жасап келе жатқан Мао-Цзе-Дунның оққағары әрі көмекшісі болып жұмыс істейді. Лю Син деген қытай қызына үйленеді.
1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылады. 1951 жылы полковник шеніндегі Х.Рүстемұлы осы елдегі танк армиясының құрушысы әрі 1-ші танк мектебінің бастығы болып тағайындалады. 1953 жылы мемлекеттік әскери істер комитетіндегі сауытты автомашина бөлімінің бастығы болады.
74 жылдық ғұмырының 54 жылын Қытай армиясын қалыптастыруға жұмсаған генерал Жан Жия Миннің 1983 жылғы соңғы қызметі-Мемлекеттік құрылыс армиясы бас басқармасы қолбасшысының орынбасары болған. Осы қызметтен отставкаға шығады да 1984 жылы Іле қазақ автономиялы облысы құрылуының 30 жылдық мерекесіне орай оның орталығы Құлжа қаласына келеді. Сол жылдары генерал Жан Жия Мин өзінің ұлты қазақ екенін, әке-шешесінің азан шақырып айғайлап қойған аты Хасен Рүстемұлы екенін жария етеді. Генерал Хасен қазір Пекинде тұрады.
Кеңестік қазақ генералдары
Жоғарыда Зайсановқа байланысты: «Мәскеуде тұратын Шәкір Жексенбаевтан басқа бірден-бір генералы жоқ атамекенге оның басы сыймапты» деген сөздер естеріңізде шығар. Иә, Жәкең кеңестік дәуірдегі алғаш қазақ генералы еді. Бұл 1943 жылы болатын. Одан әр жылдары Байкенов, Байтасов, Кереев сияқты генералдар шыққан. Бұл ағаларымыз ҚСЭ-ге толық кіргендіктен кең тоқталуды жөн көрмей отырмыз.
Артық айтсам, оқырман кешірсін, мен үшін осы мақалада аттары аталған қазақ генералдары қамал бұзған хас батырлардай көрінеді де тұрады. Өйткені бөгде елдің әскері қатарында жүріп, оның генерал болу қамал бұзу емей немене. Енді осы орайда даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының әскери өмірін еске алайық. Баукең генералдық қызметті атқарғанымен, яғни дивизия командирі болғанына қарамастан, ол кісіге генерал шені берілмеді. Орыс генералдары Баукеңді соғыс кезінде-ақ өздерімен тең тұтып, кейбіреуі тіпті өздерінен жоғары қойса да империялық пиғылдағы кеңестік әскер басшылары оған генерал шенін қимады.
Кеңес дәуірінде Ішкі істер министрлігінде, КГБ-да генерал погонын таққан қазақтар да болған. Олардың ішінде қызмет бабы бойынша тілдескендерім-Рұстем Хайдаров, Мұрат Қалматаев, Сләм Исабаев, Жүкен Марденов, тағы басқалар. Бұл кісілер жайында кейінгі кезде жиі жазыла бастады. Таяуда осы генералдардың бірімен (аты-жөнін әдейі атамй отырмын) газет тапсырмасымен жолығуыма тура келді.
Ол кісі қазір өзінің жеке күзет және қауіпсіздік деп аталатын фирмасын басқарады. Кезінде Ішкі істер министрлігінде жоғары лауазымды қызмет атқарған. Жоғарғы Кеңестің екі мәрте депутаты болған. Әйгілі «Желтоқсан оқиғасы»кезінде алаңдағы жастарға араша түскен генерал да осы кісі. Сол үшін оны КСРО басшылығы ұлтшыл адам ретінде өздерінше «жазалап», Ауғанстандағы соғысқа жібергені де есімізде. От пен өрттің арасынан аман қайтқан генерал әлі тың екен. Бірақ көңілсіздеу сөйлеп отыр.
– Кеше аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығына өз жұмысымызға қатысты бір шаруалармен жолығайын деп барып едім, есігінің алдындағы хатшы қыз аты-жөнімді, әскери шенімді, қазіргі қызметімді жазып алып, ішке кіріп кетті. Сәлден кейін шықты да: «Күте тұрыңыз», деді. Күттім. 15 минөт өтті, 20 минөт өтті, әлі күтіп отырмын. Іште біреулер бар шығар деп ойладым. Жарты сағаттан асты. Хатшы қызға ескертіп едім, ол есіктен сығалады да, қайта жаба қойды. Іште кім бар екенін сұрадым. «Бастық телефонмен сөйлесіп отыр», дейді. Тағы күттім. Болмаған соң кіруге ыңғайландым. Хатшы қыз шырылдап кеп алдымды орады. Бар жауапкершілікті өз мойныма алатынымды ескертіп, ішке ендім. Бастық дегеніміз бір дудар бас жас келіншек екен. Екі аяғын айқастырып қойып телефон арқылы әлдекіммен қысыр әңгімені судай сапырып отыр. «Шырағым, мен …» деп өзімді таныстыра бергенім сол еді:
– Генерал болсаңыз қайтейін. Сіз мен үшін осы аудандағы жүздеген зейнеткерлердің бірі ғанасыз. Қане, шығыңыз бөлмеден! –деп ызбарлана орнынан тұрып есікті нұсқады. Бұдан әрі шыдай алмадым. Ақыры әлі көргенсіз әйелді сабасына түсіруіме тура келді, – деп генерал ағамыз әңгімесін аяқтады. Көңіл күйі соған байланысты бұзылып отыр екен.
«Генералдар кеңесі»
2001 жылдың қаңтар айында Алматыда «Генералдар кеңесі» деп аталатын қоғамдық бірлестік құрылғанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Бұл ұйымның құрамы – кезінде Қорғаныс министрлігінде, Ішкі істер министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, прокуратурада қызмет етіп, зейнетке шыққан генералдардан тұрады. Негізгі мақсаттары –Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп жатқан реформасының, оның ішінде құқықтық реформаның жедел жүзеге асуына қолдарынан келгенше көмектерін тигізу болып табылады.
Олар сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен қарақшылыққа, халықаралық лаңкестікке қарсы күреске өз үлестерін қоса отырып, тәртіп сақшылары мен Отан қорғаушыларының жаңа буынын қалыптастыру жолында тәжірибелерімен бөлісу, әлем елдеріндегі озық қару-жарақ түрлерін оқып-меңгеру ісіндегі ізденістерді бір жүйеге түсіру, қызмет бабында жарақат алған жауынгерлерге әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарын қолға алу, ең бастысы, болашақ ұрпақтың отансүйгіштік сезімін ояту, тағы сол сияқты ізгі ниеттерді мұрат тұтыпты.
Иә, қазіргі кезде тәуелсіз Қазастанның өз генералдары бар. Еліміздің ішкі-сыртқы қауіпсіздігін сақтау жолында олардың алар орны ерекше екендігіне сөз жоқ. Ертең олар да зейнеткерлікке шығады. Сонда өздерінің бай тәжірибелерін осы «Генералдар кеңесі» қоғамы арқылы болшақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндіктері болады.
Серік Жұмабекұлы,
«Егемен Қазақстан»,
26 қараша,2003