Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
ҚР Мәдениет қайраткері.
Жиырмасыншы ғасырдың екiншi жартысында қазақ баспасөзiнiң қасиеттi құтханасы саналған бiр ғана журналистика факультетi болғаны көпшiлiкке белгiлi. Осынау сыйластығы жарасқан киелi бiлiм шаңырағын сонау жетпiсiншi жылдардан бастап күллi қазақ халқына аты мәшһүр ғалым Темiрбек Қожакеев басқарды. Өте қатал мiнездi ол тәртiп бұзғандарды қия бастырмайтын. Мәмiлеге келудi бiлмейтiн, бiрден шорт кесетiн оның апталап, тiптi айлап сабаққа қатыспайтын талай ақын жандыларды тезге салғанына куә болғанбыз.
“Қожакеев келе жатыр!” десе, сыраханада шалқып тұрған болашақ журналистер мастығынан айығып сала берсе, жатақханада тұратын ұл-қыздардың денесiн жеңiл дiрiл жүрiп өтетiн. Тiлге келгенге дейiн сенi сұсы да, мысы да басып тұратын дара тұлғаның жазуы да өзiнiң мiнезi секiлдi едi. Жұрттың бәрi оң жаққа қисайтып жазса, Темкеңнiң жазуы сол жаққа жантайып жататын.
Ал тiлге келген соң жаңа ғана жүзiнен ызғар есiп тұрған диктатор деканды қаталдыққа қимайсың. Сабағында шыбынның ызыңы ғана естiлiп тұратын оның күлкiлi әңгiме айтқандағы түрi жайнап сала беретiн. Бiр сөзбен айтқанда, түрi трагедияны танытатын, көкiрегi комедияны терiс көрмейтiн жұмбақ жанға таң қалмасқа шараң жоқ. Кiнәлiлерге бағытталған әрбiр сөзi тiлiп түсетiн. Қызмет бабында ашуға мiнiп, айқайға басып жатса ла образынан титтей де жаңылмайтын, журфактың кеуделерiне нан пiскен талай сал-серiлерiн өмiр жолына аттандырып салған деканымыздың қуана да, күйiне де бiлетiн аса мейiрбан адам екенiне студенттiк өмiрiмде талай мәрте көзiм жеттi. Ғылым жолындағы бар саналы ғұмырын сатираның теориясымен ғана айналысуға арнаған профессордың қолын қос қолдап алу бақыты маған қалай бұйырды.
Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетi мақаламыздың басында айтқанымыздай, жазуға қабiлетi бар қыз-жiгiттердi қанаттандырып ұшыратын елiмiздегi жалғыз оқу орны болды. Сонау жетпiсiншi жылдары мектеп бiтiрiп барған бiздер бiр орынға жиырма-отыз үмiткерден келетiнбiз. Өйткенi қазақ бөлiмiне елу студент қана қабылданатын. Соған сай конкурс та өте жоғары болатын. Оның үстiне бiрер жыл еңбек өтiлiң болуы керек.
Ұмытпасам 1971 жылы университет жанына дайындық бөлiмi ашылды. Оған да конкурс болатын. Сонымен сынақтан сүрiнбей өткен оншақты талапкер аталған бөлiмге қабылдандық. Аты дайындық бөлiмi демесең, жатақхана берiлiп, стипендия төленетiн. Нақтылап айтқанда, студенттермен тең дәрежеде болдық. Тек оқу орта мектеп бағдарламасы бойынша жүретiн. Он ай оқығаннан кейiн кәдiмгiдей емтихан тапсырып, студент атандық.
Қыркүйек айының алғашқы күнi бiздi қосқанда бiрiншi курсқа түскен елу студент акт залына жиналдық. Факультет деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Темiрбек Қожакеев жаңа оқу жылымен құттықтап, топ тәлiмгерлерiмен таныстырды. Бiрiншi топқа Дүйсебаева Тұрымтай апай бекiтiлсе, бiзге Қабижан Құсайынов жетекшiлiк жасайтын болды.
Жаңа оқу жылының алғашқы күнi болғандықтан түрлi ұйымдастыру шаралары өттi. Тобымызды шағындау дәрiсханаға бастап келген кураторымыз Қабижан Паңкерейұлы әрқайсымыздың отбасы жағдайымызды тәптiштеп сұрап, журналына жазып алды. Сондай-ақ кiмнiң қандай өнерi барын, қандай нәрсеге бейiмi барын да бiлдi.
Кезек маған келгенде ұстаз отбасынан шыққанымды, бала күнiмнен сурет салатынымды, жалпы бейнелеу өнерiне бейiм екенiмдi жеткiздiм. Сонымен ойламаған жерден факультеттiң “Жас қалам” атты қабырға газетiнiң редколлегия мүшесi болып шыға келдiм. Сөйтiп газеттiң көркемделуiне атсалысып отырдым. Ол кезде қазiргiдей неше түрлi құралдар жоқ, бәрi қолмен жасалатын.
Қазан айының соңғы күндерiнiң бiрiнде Қайыркен ағайымыз шақыртыпты. Ұлы Отан соғысының ардагерi Қайыркен Әбдiрахманов ағайымыз факультеттiң шаруашылық мәселелерiне басшылық жасайтын. Сабақ арасындағы үзiлiс кезiнде “Беломор канал” папиросының бiрiн сөндiрiп, екiншiсiн тұтатып жататын майдангер ұстаздың жұмыс бөлмесiне бардым. Күнделiктi көрiп, сәлемдесiп жүрген қайырымлы жан жағдайымды сұрап-бiлiп алған соң факультеттiң транспараттарын жазу керектiгiн айтты. Ол кездерi 1 мамыр мен 7 қарашада мерекелiк демонстрациялар өтiп, оған қатысушы еңбек ұжымдары мен оқу орындары орталық алаңға ұрандар жазылған транспараттар алып шығатын.
Ұстаздың ұсынысымен ертеңiне университеттiң спорт кешенiне барып, тапсырманы уақытылы орындадық. Транспараттың орысша нұсқасын орыс бөлiмiнде оқитын курстасым Мирхат есiмдi татар жiгiт жазды. Өкiнiшке орай оның тегiн ұмытып қалыппын. Осылайша Мирхат екеумiз жыл сайынғы қос мерекеде спорт кешенiнен табылатын болдық.
1978 жылғы сәуiр айының аяқ шенi болатын. Жатақханада көп бола бермеймiз. Кiтапхана жағалап, диплом жұмысын жазып жүрген кезiмiз. Бiр күнi кешкiлiк бөлмемiзге Қайыркен ағай келдi. Көп сөзге жоқ ол кiсi амандық-саулықтан соң бiрден келген шаруасына көштi.
– Жолдас Бердiбаев! Ертең таңертеңгi сағат тоғызда университеттiң стадионында болуың керек, – деп әскери тәртiппен тапсырма бердi ұстазым. Iшiм сезiп тұр. Лозунг жазуымыз керек.
Сонымен қос курстас ертеңiне айтқан уақытта стадионнан табылдық. Сол жерде жауапты адамға жолығып, жазылатын ұрандардың мәтiнiн алдық. Қазақшасы жетеу, орысшасы алтау екен. Алды-артымызға қарамастан iске кiрiсiп, бас-аяғы бiр жарым сағаттың көлемiнде тиесiлi жұмысымызды бiтiрдiк. Байқаймын, он екi факультеттiң iшiнде бiз ғана берiлген тапсырманы орындап тастаған сиықтымыз. Басқа факультеттер бұл шаруаға әлi кiрiспеген де болатын. Арасында ректораттан бөлiнген комиссиямыз деп үш-төрт адам келiп кеткен. Шамасы сол кiсiлер бiздiң жұмысымызды мақтап барса керек.
Факультеттен бiреу келер деп күтiп отырғанбыз. Бiр уақытта Мирхат
– Қожакеев идет! – демесi бар ма.
Жалма-жан орнымыздан атып-атып тұрдық. Расында да алдында деканымыз, артында Қайыркен ағайымыз келе жатыр екен.
Темiрбек Қожакеевтiң аты-жөнiн естiгенде факультеттiң кез келген студентiнiң жүрегi дiр ете қалатыны жасырын емес. Қанша қатал десек те жүрек жылуы жайдары жүзiнен аңғарылған деканымыз қол берiп амандасты. Мен әдеп сақтап тартыншақтап тұрғанда, ұстаздың қолын алдымен қанша айтқанмен орысқа жақын Мирхат алды. Артынша мен де маңайынан жүрудiң өзi бiз үшiн арман болған ағаның аялы алақанын қос қолдап қыстым.
– Жаңа ректоратта бiздiң факультеттiң ғана аты аталды. Жаңалықты ести сала жеткен бетiмiз бұл. Жарайсыңдар, жiгiттер! – деп деканымыз ризашылығын бiлдiрдi. – Екеуiң бес жыл бойы осынау көктемгi-күзгi шараға үлестерiңдi қостыңдар. Оны мен ұмытқан жоқпын.
Ғұлама ғалым алдағы мемлекеттiк емтихан мен диплом жұмысын қорғау кезiнде ұстаздар тарапынан да көмек жасалатындығын айтып, Қайыркен ағайға бұрылды да: – Қайреке, қалтаңда не бар? Мына балалар тамақ iшсiн, шығар! – дедi. Бiздiң алмаймыз дегенiмiзге қарамастан Қайыркен ағай төс қалтасынан қызыл он сомды суырып бердi.
Ол кезде оқытушы мен студенттiң арасында үлкен сыйластық болатын. Содан да болар әдеп сақтаған студенттiң ұстаздың қолын алуы мүмкiн емес едi. Өзiмiздiң курстастарымызға да: Сәлеметсiз бе! – деген сөзден әрiге аспайтынбыз. Ал деканның қолын алу қиыл дүниесiндегi оқиға болатын.
Мiне, сол декан ризашылығына бөленген бұл оқиғаға биыл отыз төрт жыл толды. Естелiктi есiмi аталған үлкен жүректi дара тұлға сатира теориясын зерттеуге арнаған ғылым докторы Темiрбек Қожакеев ағайымыздың фәни өмiрден озғанына да бiраз жылдардың жүзi болды. Сондықтан ұстаз рухына тағзым ете отырып, жатқан жерiңiз жайлы, топырағыңыз торқа, иманыңыз жолдас болсын дегiм келедi.