Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Азамат еді Байекең…

Шарипа Нуржанова Сәуір 16, 2014 1
Жетписбай-2

Жетпісбай Бекболатұлы

«Таулар алыстаған сайын биіктей түседі»-дейтұғын еді үлкендер. Өзім де бүгін жер ортасынан ауғаннан кейін осы сөздің ақиқаттығына көз жеткізе бастағандаймын.

Алайда, биіктік дегеніміз тек заттай өлшем бірлігі ғана емес, одан әлдеқайда кең де ауқымды ұғым екені әмбеге аян.
Адами қасиеттер биіктігі, рух асқақтығы, кемел кісілік келбеті… Ер-азаматтың бітім- тұлғасын айқындайтын нұсқа мен белгілер осындай-ақ болар. Әсірелеуге бейім қазақ пәни тірліктегі қарапайым құбылыстың өзіне теңеу табуға тырыспай ма? Ісі-ірі, мінезі-кесек кісілерді тауға теңейтіні сондықтан болар. Дегенмен, осындай өлшем бойына шақ келген адамдардың қимыл-қарекетінен тереңдік, ағайынға деген көзқарасынан кеңдік әрдайым табылып тұрады. Төрт құбыласы тең, сегіз қырлы-бір сырлы деп осыларды айтатын болар.
Әркім де қатар құрбысына қарап бойын түзейді, білімі мен білігі ілгері замандастарынан үлгі-өнеге алады. Сондықтан, бұл жалғанда төңірегіндегілерге шапағат шуағын шашып, ізгілікті өнеге мейірімін төге білген жандарды ең бақытты адамдар дер едім. Мен бұл жерде өнеге мейірімі деп бекер айтып тұрғаным жоқ. Мейірім дегеніміз- адамгершілік-этикалық ұғымдар санатына жатады ғой, жақсылық, ізгілік сияқты инсани құндылықтар нақ осы мейірімнің арқасында бүр ашады. Өнеге дегеніміз де қылпыған қылыштың жүзі сияқты. Қай-қайсымыз да өмірдің талай өткелегінен өтіп, жақсыны да, жаманды да көрдік емес пе. Жамандыққа көңілі кетіп, кісіге қиянат жасау жолына түскендерді, сондай-ақ жақсының соңынан ере білгендерді саралай аламыз бүгінде. Абай атамыз айтпақшы, «махббат пен ғадауат майданына» осылай араласудамыз.
Жақсының соңынан еру дегеніміз ел сыйлаған ағайынның төңірегінен күншуақта табыла білуді ғана аңғартпаса керек. Меніңше, жақсының соңынан еру-ізгілікті өнегені сіңіре білу. Соны өмір бойы нысанаға алу, адамгершілік бағыт-бағдар ретінде ұстану.
Ағайын-туыстың, жолдас-жора мен әріптестерінің алдында үлкен абырой-беделге ие болып, сол биігінде қалған Байекең ағамыз, Баймұхамед Шарапиев менің азын-аулақ ғұмырымда өнеге шамшырағын жағып, үлгі мейірімін төккен азғана жандардың бірі. Журналистика факультетінде Байекеңмен бір курста оқыған мен Алматының оныншы ықшам ауданындағы ҚазМУ жатақханасында онымен жарты жылдай бір бөлмеде тұрдым. Төрт-бес жас үлкендігі бар Байекеңмен тонның ішкі бауындай аралас-құралас болып, соңынан еріп едім деп айта алмаймын. Бірақ, мен ол кісінің артынан рухани тұрғыдан ере білдім, одан үлгі-өнеге, тәлім алдым. Байекеңнің өзін-өзі ұстай білуі, байсалды мінезі, артық-ауыс қылықтардан аулақтығы, сондай-ақ терең білімдарлығы оның тегінде бар болғанымен, өмірлік тәжірибені екшей білуінен де туындап жатса керек, деп топшылаймын бүгінде.
Түпкірдегі Торғайдың Жанкелдин ауданынан Алматыға оқуға келгенде орыс атаулыны алғаш көрген «қараңғы» жандардың бірі едім мен. Ол кезгі өркениет атауылдан жырақ жатқан қияндағы ауданға теледидар, сізге өтірік, маған шын, 1980 жылдардың басында жетіп еді. Ал, аудан орталығы-Торғайға асфальт Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов, Нәзипа Құлжанова, Ахмет Бірімжанов сияқты аға-апаларымыз ақталып, аруағына ас берілген тоқсаныншы жылдардың орта тұсында тұңғыш рет төселген еді. Ал, Торғайдың Аққұм, Айырқұм сияқты алыс өңірлерінде тіпті электр жарығының өзі жоқ болатын. Әйтеуір, жермай жеткілікті еді, осал келетін білте шамның шынысын тазалайын деп қолымызды сан рет қанатқан едік. «Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты» деген өлеңді той-томалақтарда естігенімізбен, Ахаңның осы әніндегі Іңкәр атты апамыздың туған-туыстары Көлбике және Аққұм фермаларында аман-есен тұрып жатқандарынан бейхабар-тынбыз. Ол туралы үлкендер жақ ашпайтын. Жақ ашпайтын себебі де бар-Торғай-Алашорда партиясы құрылған қазақтың саяси орталықтарының бірі. Бұл партияның қайраткерлері, олардың үрім-бұтақтары атылып-асылған. Ілік-шатыс, нағашы-жиен атаулылары қудаланып, жер аударылған. Есесіне, тағы да осы өңірде қанат жайған большевиктік қозғалыс қайраткерлерінің төбесінен құс ұшпайтын. Ағайында қырық пышақ қылып, бір-біне айдап салған заман-ай десеңші!
Дәуірлеп тұрған шағының өзінде халқының саны 12 мыңнан асып көрмеген Жанкелдин ауданының бүгінгі хал-ахуалы туралы өткен жазда еліміздің түкпір-түкпірін аралап, оқырмандарымен жүздесіп қайтқан «Қазақстан-Заман» газетінің бас редакторы, белгілі қаламгер Ертай Айғали серкелік еткен «Ауыл экспедициясына» қатысушылар қинала әңгімелеп, проблема көтерген болатын.
Дамыған социализм дәуіріне аяқ басқан өзге өңірлерде сол кездің өзінде-ақ қала мәдениеті орнығып, тұрғындарының жағдайы кәдімгідей түезеле бастаса, Торғайдың байырғы халқы көкөніс атаулыны былай қойғанда, алма, жүзім сияқты жемістердің атын естігенімен, дәмін татып көрмеген-тін. Міне, осындай бейнеті мол жерде туып-өсіп, мектеп бітіргенге дейін ауылдан алты қадам ұзап шықпаған маған Алматының үлкен әсер еткені өзінен -өзі түсінікті. Кез-келген ауыл қазағы сияқты маған да оқудың алғашқы жылында таза орыс тілінде жүрген шетел және орыс әдебиеті сияқты пәндер өте ауыр тиді. Орыс тілінен диктант сияқты сынақтарды әліме қарай тапсырып жүргеніммен, сөйлесу тәжірибесінің жоқтығынан орыс тілінде ойымды еркін жеткізе алмайтынмын. Бұл сол кезде тек менің басымдағы ғана ахуал болмаса керек-ті.
Біз орыс және шет тілдері сияқты сабақтарды шағын топқа бөлініп оқитын едік. Мұғаліміз-отыздың үстіндегі әдемі апайымыз Ажар Балтағұлова. Мен бұл кісінің арғы тегі Балқаш-Бақанас өңіріне танымал өнерпаз тұқымнан шыққандығын кейіннен естіп-білдім. Тобымыздағы оқушылардың үздігі-Байекең. Мұғаліммен орыс тілінде еркін әңгімелеседі, тапсырмалардың бәрін шапшаң әрі қатесіз орындайды. Келесі үздігіміз-көкшетаулық Балжан Хабдина. Баспа саласында ұзақ уақыт редакторлық, басшылық қызмет атқарған Балжан бүгінде «Жібек жолы» сияқты ірі Баспа үйінің бас редакторы, елімізге белгілі қалам қайраткері. Сонымен, алғашқы курста тіл үйренуге деген ұмтылысымыздан ештеңе өнбей, орыс тілінің толып жатқан род, окончание, падеж сияқты кедергілеріне малтығып, уақыт өте берді.
…Байекеңмен жатақта бірге тұрған аз ғана мерзім менің өмірге, уақытқа, оны пайдалануға, кісілік пен кішілікке қатысты ұғым-түсінігімді түбірінен өзгертті.
Аз сөйлеп, сөйлегенде де сәл тістеніп сөйлейтін, көп тірлік тындыру Байекеңнің қанына біткен қасиет болуы керек. Байекеңнің ұқыптылығын қазақы ұғыммен «қыздың жиған жүгіндей» деп сипаттауға болар еді. Беймәлім нәрсені білуге, ұңғыл-шұңғылына үңілуге ынтығып тұратын жас шағымыз емес пе, мен Байекеңнің бойынан қай нәрсені қалай бастап, қалай аяқтауды үйрететін тамаша қасиетті ұғынып қалдым, кейін бұл менің қиын-қыстау тірлігімде сан рет кәдеге асты.
Міне, осы қасиетінің арқасы болуы керек, Байекең ағамыз сол кездері журналист атаулының қолы жете бермейтін талай лауазымды қызметтер атқарды. Әрине, бұл қызметтер оның толқынды шашы мен ақсары жүзіне қарап емес, өз қатарынан оқ бойы озық білімі мен білігіне, адамгершілік қасиеттеріне қарап берілді. Жалпы, біздің курста республика көлемінде биік лауазымдарға көтерілген Баймұхамед ағамыздың болсын, Жүнісбек Сұлтанмұратовтың болсын бір ерекшелігі қалам қарымы мен ел басқару қабілетін тығыз ұштастыруда жатса керек.
Байекеңнің шығармашылығында оның «Лениншіл жас» газетінде әр жылдары жарық көрген адамгершілік иірімдеріне қатысты сериялық туындыларын ерекше бөліп атаған жөн. Бұл жазбаларында Байекеңнің этикалық көзқарастары бейнеленіп қана қойған жоқ. Бұл еңбектерде Байекеңнің бүкіл болмыс-бітімі көрініс тапты. Ол осы туындылары арқылы өзін мүсіндеп кетті.
Алматы облысында біріккен қазақ-орыс-ұйғыр газетінің бас редакторы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып талай-талай шоқтығы биік қызметтер атқарған танымал журналист, өнер жанашыры әрі өзі де өнерпаз Ғалым Жазылбекұлы Жазылбеков бұдан үш-төрт жыл бұрын Талдықорғанда маған былай дегені бар. Дәм бұйырып бір мекемеде, бір ғимаратта, Алматы және Талдықорған сияқты екі қалада ұзақ жыл бірге қызмет атқарған бірден-бір курстас осы Ғалекең екеуіміз. Сол Ғалекеңнің әңгімесі Баймұхамед ағамыздың адамгершлік қасиетінің нәзік бір қырын ашып көрсететіндей. Сексенінші жылдардың аяғы ма, әлде тоқсаныншы жылдардың басы ма, есімде жоқ, жадыраған жазғы бір кеште шалынған қоңырауға Ғалекең есік ашса, алдында Байекең ағамыз тұр екен күлімсіреп. Ғалекең айтады: «Соншалық биік қызметіне қарамай, қарапайым кісілер секілді автобусқа отырып, Талдықорған қайдасың деп тартып кетуі Байекең жүрегінің нәзіктігі емес пе? Оның дабырасыз келгені сонау қамсыз-мұңсыз жастық шағын аңсауы, жарты құртты бөліп жеген мына мені және жұбайым Зәуре Хамитқызы мен балаларды бір көріп, сағынышын басуы. Ол, Төлеген ақын айтпақшы, сағыныш пен аңсаудан тұратын, өзі де ақынжанды адам болатын».
Менің өз басыма қатысты мына бір эпизод есіме жиі оралады. Тоқсаныншы жылдардың басында пәтер тауқыметін тартып, Алматы қалалық әкімшілігіне жұмысқа келген едім. Бір күні маған Байекең телефон шалып, «келіп кетші»-деді. Келсем, ол кезде Байекең республика Жоғары Кеңесі аппараты бөлім меңгерушісінің орынбасары болып істейтін, «бізде бір орын болып тұр, жалақысы жақсы, ынтаң болса алайын»-деді. Жұмыс орысша құжаттарға қатысты болғандықтан, маған әдейі жаңсақтық жіберілген бір бет қағаз беріп, қарындашпен қателерін жөндеуімді өтінді. Қарап шығып, Байекеңе қайтарып едім, «дұрыс жөндепсің» деп мақтады. Мен сол жерде Байекеңнің тікелей үлгі-өнегесінің арқасында орыс тіліне мұқият көңіл бөліп, үйренгенімді, бұл мақтауда өзінің де үлесі мол екенін сыпайылап жеткіздім.
Қазір өзімнің кейбір үйреншікті дағдыларыма көз тастап отырсам, бірге жүріп, өнегесін үйренген бауырларымның игі әсерлерін бойымнан тапқандай боламын. Қалаға алғаш келген олпы-солпы ауыл баласы – мен Байекеңнің бипаздығынан, іждағаттылығынан үлгі алуға тырыстым, әлі де спорт десе ішкен асын жерге қоятын Ертайдың шашбауын көтеріп, елең-алаңнан тұрып, әл-Фараби даңғылымен жүгірдім. Осы әдеттерді әлі де тастағаным жоқ.
Байекеңнің құдай қосқан қосағы, белгілі аудармашы-журналист, еліміздің Әділет министрлігінің бөлім бастығы курстасымыз Ботагөз Қожабекова ағамыздың артында қалған тұяқтарына бас-көз болып, шығармашылық мұраларын жинастырып, шаңырағын тік ұстап отыр. «Орнында бар оңалар» деген, Байекеңнің алдағы мерейтойына орай оның шығармашылығын ел көлемінде атап өтуге, халық жадында қалдыруға ат салысуымыз керек, ағайын.
…Сағыныш арқалаған сырбаз ағамыз есікті ашып, әне-міне кіріп келетін сияқты көрінеді.

 

Бір пікір »

  1. Күлән БЕРІКБОЛОВА Желтоқсан 24, 2015 at 2:34 тк - Жауап

    Жетпісбай, шоң рахмет айтамын, мен жайлы , Баймұқан жайлы жазғаның үшін. Қадірімізді білген халқым, Жетпісбайымыз бары қандай жақсы. Жүз жаса, үрім-бұтағыңның қызығын көр! Сенімен жолықтырған тағдыр жолына, Аллаға мың да бір алғыс
    Шын жүректен курстасың Күлән БЕРІКБОЛОВА, одноклассниктер сайтында суреттерім бар, қарарсың.

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field