Соноу өткен ғасыр алпысыншы жылдарының соңында оқуға түсіп, жетпісінші жылдардың басында қазақтың маңдайына біткен жалғыз университетін, дара факультетін журналистика мамандығы бойынша бітіріп шыққан біздер едік. Сол әрқайсының сипаты бөлек дарынды жас өскіннің бірталайы қазір арамызда жоқ, бақилық болып кетті…
Кеңестік кезеңдегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті – бұл күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биыл сексенге толып отыр. Біз өз өскен ортамыз бен ордамызды сырттың Кембриджіне де, Гарвардына да, МГУ-на да, ЛГУ-ына да айырбастай алмаймыз. Алтыннан да ардақты, күмістен де салмақты. Өзіміз аса қадірлейтін осы оқу орнындағы алғашқы күндеріміз бен түндеріміз туралы шағын этюдті сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік, құрметті оқырман.
Кәкен Қамзин, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Үмітпен аттап әр жылға,
Салсақ та бетке терең із,
Тізгіні қатты тағдырға
Бас имей біздер келеміз.
М. Кенжебай
Сол жылы барлығымыз қырық тоғыз тілектеске, қырық тоғыз бәсекелеске көбейдік. Қазақтың маңдайына біткен жалғыз журналистика факультетіне оқуға түстік. Жаратқан ием жар болып, жылдағыдай жиырма бес емес, елу жанның дұғасы қабыл болды. Қазақ бөлімін айтам. Орыс бөлімі қай құдайға сыйынғанын өздері білер. Мәре-сәреміз. Екі езу екі құлаққа дәміл-дәміл барып қайтады. Ие, бұл – 1968-дің қоңыр күзі. Деканымыз Т.С. Амандосов Қазақстанның әр қиырынан іріктелген «жұлдыздарды» «А» және «Б» тобына қағыстырып-қағыстырып, әрқайсына бір-бір бастық тағайындады. Тағайындағанын қадап, қадалып айтты. Сол кезде демократия мен әкімшілік ресурс осылайша қабыса салтанат құратын. «А» тобындағылар өндірісті, өмірді көрген өтілі бар азаматтар, «Б» әріпіндегілер мектепті енді ғана тауысқан, романтизм, лепірме сарынынан әлі көп ұзай қоймағандар. Кейінірек тіс қаққандар «Арландар», балауса балдырғандар «Бұзаулар» атанып кетті.
Әлгі ел көрген, ес тоқтатқан жігіттердің арасында старостамыз Қадырғали Хошаметов майда желер еді. Жас шамасы бізден көш ілгері. Орнықты сөйлейді, өрекпімейді, одыраңдамайды. «Бұзауларын» қайырып Жұмагүл Саухатова жүрер еді жымия күліп. Елу жан – елу әлем, осалмын дейтін біреуі болсайшы. Ернеунен аса, тасып-төгіліп жатқан өздерінше өңшең саф талант. Мырзан Кенжебай сияқты бас асаулары бары қаншама? Орыс тілін қаракесек орфоэфиясына көшіріп алған Бағдат Мекеевтің арыны Ілені теріс ағызардай. Азаматтық авиациядан ауысқан Саясат Қобыланов сықылды ұшқыштар ше? Осындай «анархистер» көшіне ие болу қай бір жан рахаты дерсің… Айтып-айтпай не керек, өңкей сен тұр, мен атайындар, кеуделері көріктей аңқылдаған дауырықпа топ Шелек ауданы «Қазақстан» совхозына жүзім теруге бара қалсын. Тәттінің көкесі тек осында ма дерсің, қалай күйсеймін десең де өз еркің. Тозаңдана төгіліп тұрған бүйендей жеміс шоғын себетке де, ауызға да тоғыта бер. Өңештен кеденсіз өтеді. Ынсаптан мақрұм «бұзаулардың» бірі – Жұмақан Сарыбаев қара жүзімнен қалыңдау алып жіберіп, апта бойы белбеуін байлай алмай бебеулегенін қайтерсің…
Жүзімге тойған көңіл семіреді, қай-қайдағы шатқа кетесің. Аманкелді Құлмашевтің ащы темекісінің өзі мұндайда Родендей ойлана пышырлайды, Асқанбай Ерғожаев мондолинін сан құбылта құйқылжытады-ай кеп, Камал Әбдірахманов Нұрғиса ағамыздың «Алатауын» Алатаудан ары асырып әкетеді, Сырым Дақмырзаев, Күләш Ахметова, Мұхамедия Жұмағалиевтардың тебіндеп келе жатқан лирикаларынан кең даланың қымыз самалы аңқылдай еседі. «Шығайын ба, шықпайын ба?» – деп мұрттары екі ойлы боп жүрген Оңдасын Елубаев, Берік Шәмшиев, Бақытжан Майтанов, Нұрмахан Өзбеков, Қайыркен Асауов сияқты мәліштерге бәрі Америка, бәрі тылсым… Жарыса кеп, жабыса кеп талқылаймыз, мінсіз өлеңнен қайтсек те мін табуға құштармыз. Өйтпей ше? Әйтпесе ол не сын, ол қандай интеллект? Басымыздағы барын жайып салуға бейілміз. Кесіп айтамыз, шүбалану деген бізге жат.
Күндердің күні қара сөзге де есе тиді. Арамыздағы жалғыз прозашы – Марат Қабанбаев. Оның бір-екі ай бұрын «Қазақ әдебиетінде» «Ыбекең» атты әңгімесі жарық көрген, бастабында өз басым кексе қаламгердің бірі боларсың дегем де қойғам. Ойламаған жерден Маратымыз өз арамыздан шыға келді. Тырнақалдысы тәп-тәуір, шып-шымыр. Кез келгеніміз күнде көріп жүрген ауыл шалының характері, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері – нанымды, иланымды. Айта берсеңіз, есік алдындағы тіршілік динамикасына қатысты микроэпизодтарға шейін.
Сөйткенше болған жоқ, талдырмаштау келген бір сабазымыз автор әңгімесінің моральдық жағынан ұстамсыз екенін үстемелей келе:
– Мен мұндай шығарма жазуға ұялар едім, – деді қоңырқай бетінің ұшы қызарып.
Қыздар шоғыры бек тәрбиелі, бек ибалы жігітке ризашылық көңілмен қиыла қарады. Сондағы феминистік ар-намысты аяусыз аяққа таптаған атың өшкір азғын әтеш екен, көптің көзінше он екіде бір гүлі ашылмаған шібиге көз сүзіп несі бар, шұбар тауықтың тәлімси бұлталақтап, шпоры саусылдаған «гусар» қораздан қорғалағаны қай сасқаны… Көпшілік айран асыр, дал болды да қалды. Бет моншағы төгіліп тұрған бойжеткендер көгермей, көктей солғыр қиянатшыл қоразды түтіп жердей тіксінді. Маратымның шашы күрік тауықтай үрпиіп кетті. Іс насырға шабайын деді. Мен іштей осылар М.А. Шолоховтың «Көтерілген тыңындағы» Нагульнов пен Щукарь шалдың түні бойы қораз әуезін тамасана тыңдағанын білмейтін шығар, Фазиль Искандердің «Қораз» атты әңгімесін оқымаған болар, айтып қалсам – олар жерге қарар, айтпасам – Маратты жерге қаратар деп, ойым сан саққа кетіп отырған. Дәп осы кезде сөзге жайымен старостамыз Қадекең, Қадырғали Хошаметов килікті. Бісмілләні қазақы мінезден, ұлттық табиғаттан суыртпақтай келе, көркем образды әлемдік, орыс тілді әдебиет танымына апарып тіреп қойды. Сюжет, композиция, ой тасқыны, тілдік материал, халық ауыз әдебиетіндегі үрдістер жайлы не бір мыйсалдарды таратты-ау дейсің. Ел ұйып, бас шұлғып қалды. Айдарынан жел ескен қораз-Казанова әдіра қалды.
– Мен болашақта Маратқа үлкен үміт артамын, оған ағысы мол, айдынды эпик, кең
тынысты қаламгердің тағдыры бұйырар деп ойлаймын.- Қадекең өз сауғасын осылай түйіп тастады-ау деймін. Осы түйін, осы дуалы болжам оның қапысыз эстетикалық талғамын, дарынға деген жанашырлығын, жолдасқа деген оң қабағын ажарландыра түссе керек. Сол ақжарқын, риясыз пейілден Қадекең досымыз мына пәни жалғанда ажырап көрген емес. Онысын жақсылар еліне, ешкімге қимай, ала кетті.