Bookmaker artbetting.co.uk - Bet365 review by ArtBetting.co.uk

Bookmaker artbetting.gr - Bet365 review by ArtBetting.gr

Germany bookmaker bet365 review by ArtBetting.de

Premium bigtheme.net by bigtheme.org

Журналистикадағы дәстүр мен жаңашылдық

Шарипа Нуржанова Сәуір 3, 2014 1

 Абдиманулы

 

 

 

 

 

 

 

Өмірхан Әбдиманұлы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
журналистика факультетінің деканы,
филология ғылымдарының докторы, профессор.

Қазақ елінің тұңғыш университеті, бүгінде ұлы ғұлама Әл-Фараби есімімен әлемге мәшһүр болып отырған Қазақ ұлттық университеті – білім беру мен ғылыми зерттеудің қалыптасқан дәстүрін жалғастырумен бірге, уақыт сұранысына орай жаңаша жаңғыртып келе жатқан қасиетті оқу ордасы. Қазақ еліне білімнің «қарашаңырағы» атанып, білім беру саласындағы көшбасшылық орнын қашанда да биіктен түсірмей келе жатқан ҚазҰУ бүгінгі күнде әлемдік деңгейдегі  өз орнын алдыңғы қатардан айқындап отыр. Оған дәлел –  Қазақ ұлттық университетінің Ұлыбританияның танымал Quacquarelli Symonds  (QS) агенттігінің   халықаралық рейтингі бойынша әлемнің 800 университетінің арасынан 299-орынды иеленуі. Бұл бағалай білген, жетістікке қуана білген барша жанға ұлттық университтеттің ұлт мақтанышына айналғанының белгісі емес пе?! Әлемдік ең озық 300 университеттер қатарынан орнын ойып тұрып алу – ұлық мәртебе. Және де бұл қатарға бұрынғы кеңестер одағы университеттерінің ішінен тек М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік унниверситеті мен Санкт-Петербург университеті еніп отырғанын ескерсек, ҚазҰУ мәртебесінің асқақтай түсері шындық. ҚазҰУ-дің халықаралық беделінің зор екендігіне Халықаралық ЖОО ассоциациясы құрамына Орталық Азияда ҚазҰУ-дің ғана қосылуы және Қазақстан ЖОО-дары арасында БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған  тұңғыш әрі жалғыз университет екендігі  тағы бір дәлел.Осынау оқытуда, тәрбиелік істе, ғылыми ізденісте, халықаралық байланыста қол жеткізген табыстар оңайлықпен келген жоқ. Әлемдік рейтингіде ҚазҰУ соңғы үш жылда 300 орынға жоғарыласа,  ол – университет ректоры, білікті басшы, еліміздегі білім беру саласының көрнекті ұйымдастырушысы  Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов бастаған бірлікті  ұжымның берекелі де белсенді іс-шараларының нәтижесінде қол жеткізген абыройлы да асқаралы жетістіктері. Ал бірлік – ең алдымен, тәрбие мен тәлімнен нәр алған ортаның нақты көрінісі. Ұлы Абай айтқан: «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға  болсын кез // Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз»  дейтін ұлағатты ұстаным университеттің бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындаудағы ізденістерінің айқын бағыт-бағдары.

Бүгінде егеменді ел болған Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің тұғырын берік етер еркіндік ой-санасының ұйытқысына айналған білім ордасы  бастау көзінде қазақ зиялылары тұрған білім беру мен ағартушылықтың ұлы дәстүрін  замана талабы мен уақыт сұранысына сай жаңашылдықпен дамытып келе жатқанына ел куә, жұрт  риза. Бұл жаттанды сөз, құрғақ ділмарсу емес. Қазақ ұлттық университетіне түсуші талапкерлер санының жылдан-жылға арта түсіп, мемлекеттік грант пен қаржылық есептен оқитын суденттер санының күрт өсуі мұның нақты айғағы. ҚазҰУ оқытушылары өзге оқу орындары іспетті ел кезіп шәкірт іздемей-ақ, керісінше білім аламын дейтін талант пен дарын қасиетті Қазақ ұлтттық университетін өзі іздеп табуда. Бұл – «Талаптыға нұр жауар» деген халық нақылының  ізгі көрінісі іспетті. Бұлай болудың сырлы сырының тарихы тереңде.

Ел руханиятының, білім мен ғылымының өркендей өсуіне өлшеусіз үлес қосып, ұл мақтанышына айналған оқу ордасы биыл өзінің 80 жылдық мерей тойын атап өткелі отыр. Сексен жыл дегеніңіз тарихи даму тұрғысынан алғанда аз уақыт болып көрінгенмен, рухани өлшемге олай көрінбесі белгілі. Парақталған жылдар астарында қаншама қилы заман, талайлы тағдырлар таңбасы, табыстар мен іркілістердің бедерлі белгісі қалды десеңізші!

Ілгеріде арманы биік, өмірдегі өз орнын таңдауға ұмтылған әрбір жас жеткіншектің жүрегіндегі аялаған сыры Қазақ мемелекеттік университеті деген атаумен астасып жататыны бәріміздің есімізде. Көкірегі ояу әрбір жас сол қасиетті қарашаңырақта оқып жүргендігін қиялға бергісіз түсінде көрсе, өңінде оны бір сәтте естен шығармайтын. Қазақ жұртының маңдайына біткен жалғыз университеті болған кезде де, Қарағанды университеті сынды сыңары пайда болған тұста да солай болды, бүгіндегі көбелекше көлбеңдеген көп унивеситеттер  кезеңінде де солай, солай бола да бермек.

Осынау білімнің «Темірқазық» бағдаршамының жемістері мен жеңістерінде университеттік білім берудің сан-саласын қамтитын 14 факультет пен барша ұстаз-ғалымдардың тиеселі үлесі бар екені шындық. Дегенмен әр факультеттің өзіндік ерекшелігі мен алып-қосарының салмағы сан түрлі екенінде жоққа шығара алмаймыз. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ руханиятына, қоғамдық өмірге, рухани болмысқа өзіндік қатынасын ой-сана еркіндігі мен елдіктің ертеңіне қызмет етер көсемсөз қайраткерлерін дайындау арқылы айқындайтын журналистика факультетінің қашанда тұғыры биік екендігіне еш күмән болмаса керек-ті. Өзінің қалыптасу тарихын 1934 жылы ашылған ҚазКЖИ-ден бастайтын тұңғыш университетпен түйдей құрдас, 80 жыл көлемінде сан мыңдаған көсемсөзші қауымын қанаттандырып, қоғамдық өмірдің өріне алып шыққан журналистика факультетінің де ұлт мақтанышы университеттің толағай табыстарына қосқан үлесі қомақты.

Әрине бүгінде жағдай басқа, жай басқа, баяғыдай Қазақстанға журналистер дайындайтын жалғыз оқу орны болмаса да, ҚазҰУ-дің журналистика факультеті – Республикадағы нағыз кәсіби журналистерді дайындап шығаратын «жеке батыр», уақыт сынынан сүрінбей өтіп, білім-ғылым атты көш-керуеннің алдында жүрген оқу орны.  Бүгінде басқа да жоғары оқу орындарында да журналист мамандар дайындалатыны рас және біреу емес, бірнешеу (15-ке таяу). Иә, көп-ақ! Бірақ осы көптің арасынан ҚазҰУ журналистикасы шыңға біткен шынарша – оқшау тұр. Өйткені өзгелерден біздің факультеттің төрт басты айырмашылығы бар.

Біріншіден, басқа жоғары оқу орындарында журналист мамандарын дайындайтын өз алдына жеке факультет жоқ, журналистика өзге мамандықтармен біріктіріліп, немесе басқа мамандық факультетінің кафедра деңгейінде қалып қойған. Шама шектеулі, мүмкіндік аз. Әр жерде бізден кеткен бірді-екілі доктор, профессорлардың жүргені болмаса, осы саланың білімі мен ғылымының қыр-сырын жақсы білер кәнігі маман жетімсіз. Екіншіден, біздің факультет – жоғарыда атап өткендей, 80 жылдық тарихы бар, қазақ руханиятының сонау алаш арыстарынан бастап небір алыптары  дәріс оқып, маман дайындаудың ғылыми-әдістемелік дәстүрі мен бай тәжірибесін қалыптастырған оқу орны. Үшіншіден, Қазақстандағы журналистер дайындаудағы материалдық-техникалық базасы бүгінгі күн талаптарына толығынан жауап беретін бірден-бір оқу орны біздің факультет деп нық сеніммен айтуға болады. Төртіншіден, Қазақстандағы журналистика саласындағы ғылыми-зерттеу мектебін қалыптастырған ҚазҰУ-дің журналистика факультеті.

Мұнда қазақ журналистикасы мен әлем журналистикасы тарихын зерттеудің кезінде профессор Қалижан Бекхожин негізін қалаған, бүгінде ҚР журналистика академиясының президенті, профессор Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев жалғастырып, дамытып отырған  ғылыми мектебі қалыптасқан. Қ. Бекхожин мектебінің ғалымдары бүгінде республикалық «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ және Польша университтерінде тәлімгерліктен өтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын әлемдік зерттеу тәжірибесімен байытты. Ғалымдар  К. Мысаева, С.Ж. Нұрбеков, А. Мектеп, Ж. Бекболатұлы, Ә. Әлжанова,  А. Тлепберген т.б. журналистика және коммуникация салалары бойынша бағдарламаны аяқтады.

Факультеттегі қазақ журналистикасының теориясы мен тәжірибесін зерттеу мектебін профессор Тауман Амандосов орнықтырса, қазіргі заман журналистикасын зерттеуді алғышарттарын жасап, оны өнегелі мектепке айналдырған прфессор Темірбек Қожакеев. Профессор Т.С. Амандосов – қазақ баспасөзі жанрларының теориясының негізін қалаған, жанрлар типологиясын зерттеген, қазақ көсемсөзінің  мәселелерін алғаш зерттеген ғалым. Т.С. Амандосов мектебінің ғалымдар тобы бүгінде мемлекеттік іргелі және қолданбалы бағдарламалар аясында кешенді зерттеулер жүргізуде. Профессор А. Мархабаев, профессор К. Хамзин, профессор Л.С. Ахметова, профессор Б. Жақып, доцент С. Медеубек т.б. осы өркенді мектептен өніп шыққан қабырғалы ғалымдар.

Т.Қ. Қожакеев мектебінің ғылыми жетістіктері қатарында сатира теориясы мен практикасы салаларына арналған зерттеулерінің қорытындыларында атап өтуге болады. Ал, журналистикаға байланысты зертттеу мектебінің нәтижелерін ары қарай дамытып алып келе жатқан профессор Г.С Сұлтанбаева, профессор Н.Т. Шыңғысова, доцент А. Ниязғұлова, доцент М. Негізбаева т.б. қазіргі қазақ  көсемсөзін зерттеуге арналған еңбектері бүгінде рейтингісі жоғары басылымдарда жариялануда.

Теле-радиожурналистиканы зерттеу  іліми мектебінің негізін әлемдік деңгейдегі көрнекті ғалым, профессор М.Барманқұлов қалыптастырып кеткені әмбеге аян. Профессор М.К. Барманқұлов – тек тележурналистика ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының  теориялық және практикалық мәселелері бойынша салыстырмалы зерттеудің  негізін қалаған ғалым. Оның интернет журналистика туралы ой-пікірлері, халықаралық журналистика туралы мәнді толғамдары бүгінде өз өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Қазақ тележурналистикасының  болашағы зор деп болжап кеткен ғалымның осы және шетел журналистикасы жайлы кең өрісті зерттеулері шәкірттері профессорлар Ғ.Ж. Ыбраева,Ш.И. Нұрғожина, С.Х. Барлыбаева, доценттер Е.И. Дудинова, Қ. Мысаева, Ә. Әлжанова т.б. еңбектерінен жалғасын табуда. Аталмыш ғалымдар қазіргі күнде қазақ журналистикалық ілімінің әлемдік деңгейге көтерілуіне елеулі үлес қосуда.

М. Бараманқұлов бағдарлаған мәселелерді қазақ журналистикасының өрісінен өрбітіп, оны ғылыми және тәжірибелік ізденістері арқылы байытып келе жатқан  ғалымдар қатарында  доценттер К. Қабылғазина,  Ж. Әбдіжәділқызы, Қ. Әбжанов, Молдабеков, С.Нұрбеков, М. Арғынбаева, А.В. Рожков, С.Н. Велитченко т.б. атауға болады. Жалпы қазіргі кезде Қазақ ұлтттық университетінің даңқын жайған атақты ғалымдар қалыптастырған мектептердегі ізбасарлар өз бағыт-бағдарын жаңа заман талабына сай жаңғыртып, жаңартып одан әрі дамыту үстінде.

Бүгінде факультетте 2011 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың зерттеу университетіне өту, ғылыми зерттеулерді дамытуды оңтайландыруға байланысты университеттік инфрақұрылымдарды ірілендірудің нәтижесінде бұрынғы шағын-шағын 7 кафедраның орнына кеңейтілген үш кафедра: Баспасөз және электрондық БАҚ (кафедра меңгерушісі: c.ғ.д., профессор Гүлмира Сұлтанбаева), ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс(кафедра меңгерушісі: ф.ғ.д., профессор Назгүл Шыңғысова), Баспа ісі және дизайн (кафедра меңгерушісі: ф.ғ.к., доцент Сағатбек Медеубек) және М. Барманқұлов атындағы теле-радиокешені құрылды (директоры: ф.ғ.к., доцент М. Абдраев).

Соңғы жылдары журналистика мамандарын дайындау Халықаралық стандартқа, Болон үдерісіне сай түрде, отандық журналистика дайындаудың ерекшеліктеріне ескере отырып жүзеге асырылып келеді. Былтырғы жылы Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы бағыттар мен міндеттерді басшылыққа ала отырып, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті оқыту жүйесіндегі оқу жоспарларына, оқу бағдарламаларына, типтік оқу жоспарларына енгізілетін  уақыт талабынан туындаған жаңартпалы-технологиялық өзгерістерде, ең алдымен,  кәсіби мамандар дайындаудағы мамандық құзіреттілігіне  айрықша көңіл бөлді. Бұл біздің факультеттегі оқу жүйесі жаңаша бағыт алып, шын мәніндегі өз ісіне сай мамандар дайындауға бет бұрыс жасайтындығының айқын көрінісі болып табылады.

Қазіргі кезеңде Қазақ ұлттық университеті Қазақстанда алғашқы болып Кембридж, Оксфорд оқу бағдармаларына сәйкес келетін эксперименттік оқу бағдармаларына көшіп отыр. Осыған орай Болон үдерісіне сәйкес «Журналистика»  мамандығы бойынша үш сатылы білім беру бағдарламалары  білім алушыға жеке білім беру траекториясы құзіреттілігі бойынша жаңадан қаралып, студенттің белгілі бір сала бойынша маманданып шығуына қарай орайластырып жасалды. Журналистика мамандығы бойынша мамандану тележурналистика, радиожурналистика, фотожурналистика, Интернет-журналистика салаланған білім беру бағдарламалары оқу үдерісіне енгізілді.

Қазіргі кезде журналистикалық білім беру әңгіме бола қалса, уақыт өте келе танымал журналистерге айналған кейбір азаматтар өткен күндерді еске алып, бүгінгі журналистерді дайындауда тіл мен әдебиет кеңінен оқылмайтынын, сондықтан да  жас журналистердің сөз саптауында тілдік ақаулықтар көп кездесетінін, өзіндік жазу стилі қалыптаспағандығын тілге тиек етіп жатады. Әрине, журналист болып қалыптасу көбіне тәлімді тәжірибе, талапты ізденіс, ерінбес еңбектің арқасында келетіні белгілі. Дей тұрғанмен де, журналистке тіл мен әдебиетті оқытудың ауадай қажет екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. ҚазҰУдің журналистика факультетінде  әдебиет пәнінің сағаттарын қысқарту науқаны өткен ғасырдың 90 жылдарының орта шенінен бастап белең алды. Жаңа ғасырдың басында мүлде жойылып бітті десе де болады. Жоғарыда аталып өткен оқу бағдарламаларын қайта жасау кезінде Қазақ ұлттық университетінің ерекше статусының мүмкіндігіне орай типтік оқу бағдармаларында әдебиет пәнінің және тілдік пәндер кредиттері мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Нәтижесінде биылғы бірінші курстан бастап журналистер қазақ әдебиетін, әлем әдебиетін кеңінен оқуға мүмкіндік алды. Және ол бұрынғыдай мектептегі әдебиет тарихы пәнін қайталап оқыту емес, сөз өнерінің киелі қасиетін мамандыққа оңтайластырып, көсемсөзшілер шеберлігін шыңдауға пайдасы тиерлік сипатта оқытылмақ. Яғни шығармашылық тұлғаның қаламгерлік лабораториясына баса мән берілетін болады.  Біз мұны былтырғы жылдағы үлкен табысымыз деп білеміз.

Бірінші курс демекші, былтырғы оқу жылына талапкерлерді қабылдауда нәтижелі болғанын атап өтуге болады. Республика бойынша журналистика мамандығына бөлінген 90 (қазақ бөліміне-45, орыс бөліміне-45) мемлекеттік гранттың жартысына жуығын біз алдық. Республика бойынша журналистер 14 оқу орнында дайындалатынын ескерсек, мұны да жетістігіміздің біріне санаймыз. Оның ішінде қазақ бөліміне грантқа түскен 20 баланың арасында 7 алтын белгі иегері, 2 үздік оқушы, 4 түрлі олимпиада мен ғылыми жобалар жеңімпаздары бар. Бұл журналистика факультетіне қабылдауда көптен бері кездеспеген жайт. Биыл түскен осынау талантты жастар алғашқы курстан-ақ ұстаздарының көз қуанышына айналуда.  Өздерінің кураторлары, жас ұстаз Әйгерім Әлімжановамен бірлесе отырып талай рухани іс-шараны тындырып тастады. Қасиетті ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне алтын белгімен келіп, арманын жүзеге асырған олардың келешегіне мен сеніммен қараймын. Қазірдің өзінде ұшқын шашып тұрған олардың таланттылық қуаттары биіктерді бағындырарына күмән жоқ. 30 жылдық ұстаз-ғалымдық тәжірибе мен Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов сынды дана тәлімгерлерден алған тағылым-таным мені алдамаса керек-ті!  Ұстаз тілегі де, тілеуі де сол.

Факультет кешегі К. Қазыбаев, К. Сейтжанов, С. Байжанов, Б. Қыдырбекұлы, С. Бердіқұлов, А. Сейдімбек т.б.түлектері мен бүгінгі қазақ жуналистикасы мен ақпараттық өрісінің өркен жаюына өлшеусіз үлес қосып жүрген М. Құл-Мұхаммед, С. Абдрахманов, Ж. Аупбаев, Н. Мұхаметжанова, Ж. Кенжалин, А. Әлім, Н. Жүсіп, Ш. Паттеев,  Ж. С. Ибраим,  М. Тоқашабаев, С. Жанболат,  Е. Бекхожин, А. Байтасов т.б. қалай мақтан тұтса, ертеңгі мақтан тұтарлар  осынау жас талаптардан шығарына күмән жоқ.

Жалпы білім беру мен бәсекеге қабілетті маман дайындаудың алғы шарты оқытушы мен үйретушіге тығыз байланысты дейтін болсақ, бүгінгі күнде  факультетте 10-нан астам ғылым-докторы, 30-ға таяу  ғылым кандидаты еңбек етеді. Cтуденттерді оқытуға бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері, баспа басшылары жұмылдырылып, журналистиканы ғылыми-педагогикалық тұрғыдан игерген пофессор Б. Жақып (Қазақ энцклопедиясының бас директоры), доцент Ж. Кежалин («Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры) сынды тәжірибелі журналист-практиктер дәріс оқып, сабақ берсе, М. Әуезов атындағы әдебиет  және өнер институтының директоры, ұзақ жылдар «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерінің бас редакторы ретінде қазақ журналистикасына бір азаматтай еңбек сіңірген профессор У. Қалижанұлы, ҚР мемлекеттік-ұлттық Кітап палатасының   төрағасы Ж.Т. Сейдуманов, «Айқын» журналының бас редакторы Н. Жүсіп, «Ақиқат» журналының бас редакторы  А. Әлім, «Мегаполис» газетінің бас редакторы И. Шахнович т.б. маман журналистер дайындау ісіне игі ықпал етіп келеді.

Ендігі бір өзекті мәселе студенттерді дағдыландыру мен маман құзіреттілігін арттыру, шеберлікке баулу болып табылады. Ол, әрине, ең алдымен   іс-тәжірибе, яғни өндірістік практикадан  өту арқылы жүзеге асады. Жоғарыда аталған азаматтардан басқада БАҚ-ның басшылары мен тәжірибелі журналистер  факультет студенттерінің тәжірибелік жұмыстарына үнемі жетекшілік етіп келеді. Бұл негізде көптеген басылымдар, Теле-радио арналар және баспа орындарымен келісімшарттар бар. «Қазақ газеттері»  ЖШС,  «Нұрмедиа», «Жас өркен», Республикалық теле-радио арналарымен, іргелі бұқаралық ақпараттық қауымдастықтармен тығыз байланыс орнатылған. Бүгінде жалпы журналистика мамандығы бойынша 30-дан астам бұқаралық ақпарат құралдарымен келісім шарт жасалса, біздің студенттер бірінші курстан бастап практикалық тәжірибесін аталмыш орындарда, келісімшарттар бойынша  өткізуде. Факультетте жыл сайын жас журналистердің Республикалық байқауы өткізіліп тұрады. Журналистика мамандығын таңдайтын талапкерлермен жұмыс Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының кәсіби бағдарлау жұмысының басты мақсаты. Жыл сайын өтетін «Журналист болғың келе ме?» байқауы биыл республикалық «Жас тілшілер» форумына айналса, жаңа бастама «Жас репортер» байқауы мультимедиалық салаға қызығушы талапкерлердің факультетті таңдауына жолашары сөзсіз.

Факультет қоғаммен байланыс мамандығында білім алушылар үшін 40 таяу баспасөз клубтары, мелекеттік мекемелер мен кәсіп орындар баспасөз қызметі мен ЖШС баспасөз орталықтарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен  келісім шарттар жасап, студенттердің тәжірибеден өтуіне мол мүмкіндіктер тудырып отыр. Мұнда PR саласындағы жетекші мамандардың шеберлік сыныптары тұрақты өткізіледі

Баспа ісі және дизайн  мамандығы бойынша студенттерге білім беру 1998 жылы елімізде тұңғыш рет дүниеге келді. Осы уақытқа дейін аралықта оқыту мен тәжірбені жетілдіру жолында біршама оңтайлы істер жүзеге асырылды. Баспа ісі мамандығы бойынша ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды, онда жапон, поляк баспагерлері дәріс оқып, шетелдік жаңа технологиялар арқылы тәжірибелік сабақтар өткізуде. Жыл сайын университет қабырғасында баспа ісі мен полиграфия мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, алқасөздер, тренингтер өткізіп тұру да  жұмыс берушілермен бірге атқарылып келе жатқан іргелі шаралардың бірі.
Баспа ісінің мамандарын дайындайтын  профессор-оқытушылар осы саладағы ұжымдармен бірлесе маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Мысалы, «Баспа ісінің стандарттарын жасау: (кітап палатасымен бірге); Баспа және полиграфия терминдерінің түсіндірме сөздігін жасау, шығару («Сөздік-словарь» баспасымен бірге). Кафедра жанында «Құзыретті баспагер» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Жыл сайын баспагер-полиграфистермен дөңгелек үстел ұйымдастырылады. «Қазақпарат», «Атамұра» корпорацияларымен, «Ана  тілі», «Мектеп, «Білім», т.б. баспаларымен келісім-шарттар жасалған. Студенттер іс-тәжірибелерін осы баспаларда және «Қазақ универсиеті» баспасында өтеді.

Факультет студенттері Республикадағы ең үздік университеттік баспа ретінде танылған «Қазақ университеті» баспасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндігін мақтанышпен айтуға болады.  Баспа осы саладағы соңғы жетістіктегі техникалық құралдармен 2012 жылы түгелдей жаңаша жабдықталып, жоғары сападағы өнімдер шығарып келеді. Кафедраның осы күнгі арнаулы жабдықтармен жабдықталған, дамыған ақпараттық техникалық базасы,  жеткілікті дәрісханалық қоры бар. Солардың бірі – Германия-Жапония халықаралық «Konica-Minolta» компаниясы мен университетіміз арасындағы өзара келісім шарт бойынша  кафедра жанындағы «Құзыретті баспагер» орталығы «Қазақ университеті» баспасымен  бірлесе студенттердің жаңа техниканы меңгеруіне жол ашатын  басу, көбейту машиналары орнатылған дәрісханада баспа және полиграфия технологияларын игеру, оқыту, үйрету іске аса бастады. Аптасына бір рет  компания мамандары  онда семинар-дәрістер өткізеді. Арнайы курсты ең үздік бітірушілерге жаңа технологиямен жұмыс істеуге лайық деген сертификат беріледі.

Факультеттің теле-радио журналистерді дайындаудағы негізгі тәжірибе жинау, шеберлік шыңдау орны – ҚазҰУ Теле-радиокешені. Оның басты қызметі – студенттердің оқу-машықтану тәжірибесін жетілдіру. Факультетте журналистика мамандығына 600-дей студент оқылатынын есепке алсақ, олардың түгелге дерлігі телеақпарат жасау, жаңалықтар топтамасын әзірлеу, эфирлік бағдарламаны жоспарлау, телехабар,  деректі фильм, публицистикалық теле туындыларды бейнетаспаға түсіру, компьютерде өңдеу, кадр сыртындағы мәтінді оқу, эфирге шығу сынды  жалпы тележурналистке  тән кәсіби біліктілікке  бағытталған талап деңгейіндегі оқу-үйрену үрдісімен айналысады. Соның ішінде арнайы теле-радио журналистика бойынша курстық білім алатын студенттер телерадиостудия  қызметінен бастап, құрылымдық дәрежесіне дейінгі мамандану ісіне жұмылдырылады. Яғни, телехабар, радиохабарлар С.Х. Барлыбаева, К. Қабылғазина, Ә. Молдабеков, С. Велитченко, М. Арғынбаева, Ж. Әбдіжәділқызы сынды тәжірибелі ұстаздар жетекшілігімен студенттердің өз жоспар, жоба, сценарий үлгілері бойынша әзірленіп, студенттер қалашығында  эфирге шығарылып отырады. Олардың сапасы М. Абдраев бастаған шығармашылық  топ бақылауында болады.

Бүгінде әлемдік деңгейдегі оқыту мен маман дайындау шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыссыз жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл да басты мәселенің бірі. Сондықтан да шет елдік байланыс және академиялық ұтқырлықты біз қашанда жіті назарда ұстаймыз. ҚазҰУ-ге жыл сайын 150-ден астам атақты ғалымдар  келіп дәріс оқитын болса, соңғы үш жылда біздің факультетте 30-дан астам шет елдік ғалым-профессорлар дәріс оқыды. Факультетте қазіргі кезде АҚШ-тың Колумбия университеті, Оклахома  университеті, Огайо университеті және Вайоминг университетімен, Польшаның А. Мицкеевич атындағы Познань университеті  және Н. Коперник атындағы Торунь университімен, Түркияның Стамбул, Гази, Анкара, Анадолы университеттерімен, Ресейдің Санкт-Петербург, М.В. Ломоносов ат. Москва мемлекеттік университетімен келісім шарттар жасалып, тығыз байланыс орнатылуда.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша факультеттің 20-дан астам студенті АҚШ, Польша, Түркия, Испания, Португалия елдерінде бір семестр білім алды. Сонымен қатар, факультеттің 40 магистранты АҚШ, Польша, Ресей, Оңтүстік Корея, Португалия,  Испания, Түркия елдерінде 2 ай көлемінде ғылыми тәжірибеден өтті. Факультетте 2012-2013 оқу жылында бес оқытушы АҚШ және Польша елдерінде Болашақ бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті. 2012 жылғы маусым-шілде айларында Вайоминг университетінде 4 магистрант ғылыми біліктілігін жетілдірсе, 1 оқытушы 2013 жылғы қаңтар-ақпан айларында Колумбия университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Сонымен қоса  факультетте шетелдік ғалымдар, кәсіби мамандар, танымал журналистермен қашықтан оқыту дәрістері, бейне конференциялар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

2013 жылы 7-12 шілде аралығында Гонконг универсиетінің 10 магистранты екі оқытушысымен  бізде болып, біздің студент, магистранттармен  журналистика және коммуникация бойынша жазғы мектеп дәрістерін өтті. 2013 жылдың қараша айында біздің  бірінші курс магистранттары Гонконг университетінде Халықаралық журналистік форумға қатысып, екі аптадай тағлымдамадан өтті. Болашақта Огайо университетінің Халықаралық журналистика институтымен бірге студенттерге арналған жазғы мектеп ұйымдастыру бойынша жұмыстар қолға алынуда.

Факультетте шетелдік ғалымдардың ұзақ мерзімге келуі де қарастырылған. Мысалы, 2013 жылдың 18 наурыздан бастап 7 апта көлемінде Вайоминг университетінің профессоры, Лос АнжелесТаймс газетінің журналисі Джордж Гладней лекция оқып, сабақ жүргізіп кетті. Одан соң екі апталыққа  Стамбул университеті ректорының кеңесшісі, профессор Хаяти Тьюфекчеоглу, Огайо университетінің профессоры АҚШ Халықаралық журналистика университетінің директоры Юсуф Калианго, Польшаның Коперник университетнің профессоры Ивона Маасаки т.б. дәріс оқуға келді.

Биылғы оқу жылының алғашқы семестрінде біздің PhD доктрантымыз Ж. Есенбектің шетелдік жетекшісі, Стамбул университеті журналистика факультетінің профессоры Айдемир Окай, Ресей  ғалымы Людмила Мосунова дәрістер оқыды. Алдағы семестр мен келесі оқу жылында АҚШ, Европа елдерінен, Туркия мен Ресейден 15-тен астам атақты профессорларды дәріс оқуға шақыру көзделіп отыр.  Биылғы оқу жылында 3 студент АҚШ-тың Вайоминг университетіне және 4 студент Польшаның А.Мицкеевич атындағы университетіне  күзгі семестрге барып келді. 2013-2014 оқу жылында факультеттің 4 оқытушысы АҚШ, Польша, Ұлыбританияда Болашақ бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті. Польшаның А. Мицкеевич атындағы Познань  және Н. Коперник атындағы Торунь университеттерімен, Огайо университетімен, Туркияның Анкара, Гази университеттерімен екі дипломдық жүйе бойынша студент алмасу мәселелері қарастырылып жатыр.

2012-2013 оқу жылынан бері факультеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарлы түрде жолға қойылды деуге толық негіз бар. Ғалымдарымыз ҚР Білім және ғылым министрлігінің 4 іргелі және қолданбалы жобасы бойынша жұмыс істеуде. Жоба жетекшілері: проф. Әбдиманұлы Ө., проф. Ахметова Л.С., проф. Сұлтанбаева Г.С. Осы ғылыми жобаларға тек ғалымдар ғана емес студенттер, магистранттар, докторанттар белсене араласып, өзінің тырнақ алды ғылыми ізденістерін дамытуға мүмкіндік алады. Мәселен 2013 жылы профессор                Г. Сұлтанбаеваның жетекшілік ететін ғылыми жоба аясында журналистика мамандығы студенттерінің «Қазақ елі»  ғылыми экспедициясы еліміздің Қызылорда, Маңғыстау, Семей аймақтарында зерттеулер жүргізді. Факультетте 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде Бекхожин, Амандосов, Барманқұлов, Қожакеев оқулары өткізіліп келеді. 2013 жылы университеттік деңгейде Жас оқытушылар мектебі ашылып, оның семинарларына тек университет ғана емес, республика көлеміндегі ірі оқу орындарының жас мамандары тартылды.

Былтырғы жылы университет факультеттер мен кафедралар арасында серпінді жобаларға конкурс жариялаған-ды. Осыған Журналистика «www.jurfak.kz» сайтын ашып, оқытушылар мен студенттердің ғылыми-шығармашылықтарына жол  аштық. Сайт жетекшісі болып аға оқытушы              Ш. Нұржанова бекітілді Онда профессорлар А-Х. Мархабаев, С. Қозыбаев,           К. Хамзин, доценттер К. Кабылғазина, Ж. Бекболатұлы, С. Медеубек т.б. ғылыми мақалалары, студенттердің ғылыми-шығармашылық еңбектері жарияланып, оң пікірлер жазылды. Сайт үш тілде шығып тұр. Ә. Әлжанованың, Г. Мұқанованың, Қ. Мысаеваның ағылшын тіліндегі материалдары да сайт оқырмандарын өзіне тарта білгені шындық. Осы арада айта кетер бір жайт бар. Қазір журналистика саласындағы қазақ, орыс тіліндегі оқу құралдары жеткілікті. Бізді қуантар бір мәселе жақында АҚШ-тың Колумбия университетінде тағылымдамадан өткен доцент Әйгерім Әлжанова журналистика саласында тұнғыш рет ағылшын тілінде «Әлем көсемсөзі қазақтар туралы» (“Foreign publicists about Kazakhs”) оқу құралын дайындап  шығарды. Факультет түлегінің бұл еңбегі мақтауға да, мақтануға да тұрарлық.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ серпінді жобалар қатарында  баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының «Мобильді репортер» жобасы аясында университеттің ғылыми және білім беру жетістіктерін жариялауда «Әл-Фараби» арнасы мен радиосының  студенттік жаңалықтар қызметі мерзімді түрде эфирге тарауда. БҰҰ ҚР Ақпарат Бюросы қолдауымен студенттер БҰҰ радиосының қазақша жаңалықтарын жүргізіп, ЮНЕСКО-ның журналистика модельдері бойынша бейне оқу құралдарын қазақ тілінде дыбыстады. Университет ректоры Ғ. Мұтанұлының қолдауымен жүзеге асып келе жатқан ҚазҰУ студенттері төрт жыл ішінде айрықша көңіл бөліп оқып шығуға тиіс «100» кітап жобасы аясында студенттер радиостудия базасында аудиохрестоматия дайындалуда. 2013 жылы Халықаралық «WIKIBilim» ҚҚ қолдауымен Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасында студенттік бизнес инкубаторы құрылып, студенттер ҚазақшаУикипедия жобасын орындауда.

Осынау ізденісті нәтижелер факультетттің ағымдағы жылдағы кезекті мемлекеттік аттестациялаудан сәтті өтуіне, студенттерді өте жоғары дәрежедегі білім деңгейін көрсетуіне игі әсер еткені анық.

Журналистика факультетінде тәрбие ісіне де қатты көңіл бөлінген. Өйткені тәрбиесіз білім-өлі білім екендігі әмбегеге аян. Журналистика факультеті – Қазақ ұлттық университетінің рухани ту ұстары. Ендеше білім алушы жастардың рухани-өнегелік тәрбиесі де ұлағатты ұстаздардың көп қырлы еңбегінің ең бір өміршең бағыты. Факультеттегі куратор-ұстаздар белсене атсалысатын  «1-курсқа қабылдау»,  «Алтын күз», дәстүрлі түрде өттетін шараларға айналды. Факультетте студенттердің клубтық жұмыстарының басты бағыты  тәрбиелік мәндегі «Сана» пікір сайыс клубы, «Эйдос» театр клубы т.б. жұмыс істейді.

Иә, айтылғандар бүгінгі ізденістер белгісі. Алда зор мақсаттар тұр. Журналистерді даярлаудағы инновациялық модель бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің басты стратегиялық мақсатына саналады.  Сондықтан журналистика,  қоғаммен байланыс, баспа ісі және дизайн мамандықтары бойынша білім берудегі стратегиялық даму 3 бағытта  жүзеге асуы тиіс: Білім беру, Ғылыми-зерттеу жұмыстары, Өндіріс. Біздің көздеп отырғанымыз: модульді ұстаным негізінде оқытудың құзіреттілік тәсілін, пәнаралық және мәселелік-бағыттаушылық оқыту үлгісін жетілдіре түсу; оқытудың дәстүрлі ұлтық ұстанымдарын сақтай отыра оларды жаңартпалы түрде дамытып, әлемнің жетекші ЖОО-ның салыстырмалы бағдармаларына және жоғары халықаралық стандарттарға сай тәжірибелі білім беру бағадрмаларымен үйлестіру; осынау әлемдік оқыту үлгірінің байланысы арқылы бәсекеге қабілетті, білікті де білімді мамандарды даярлау. Қазақстандық БАҚ нарығының бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы – білікті де кәсіби медиаменеджерлер жүйесі қалыптасуы керектігі. Сондықтан да мультимедиалық сыныптарды заманауи ақпараттық технологиялық бағдарламамен қамтамасыз ету, университеттің интернет-сыныптары базасында оқу-тәжірибелік мультимедиалық журналист зертханасын ашу – күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі.

Қорыта айтқанда, журналистика мамандығын дайындау ол мамандықтың қоғамдық-әлеуметтік орны мен өзіндік ерекшелігіне сай жүргізілгенде ғана, заман талабына сай тәуелсіз елдің болашақ болмысын айқындайтын рухы биік, біліктілігі жоғары маман дайындай аламыз. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің ұжымы алдыңғы толқынның дәстүрін жаңғыртып жаңартумен бірге ардың ісін арқалайтын азаматтар тәрбиелеу – ар-ұжданның ісі екенін азаматтық болмысымен түсінетіндігіне менің  сенімім мол.

 

 

 

Бір пікір »

  1. Мажит Сәуір 4, 2014 at 2:38 тд - Жауап

    Қасиетт” қара шаңырағымыздың 80 жылдық мерей тойы құтты болсын!

Пікір жазу »


Answer My Question

CLOSE

Your question has been sent!

Please fill out the form below.

Name *
Email *
URL-мекенжайы (include http://)
Сюжеті *
Question *
* Required Field