Сіздің еңбектеріңізбен едәуір ертерек таныссам да, жүзіңізді бір көру бақыты биыл бұйырды, аға! Өз басым осы әл-Фараби атындағы университетінің филология факультетіне 1994 жылы келгенде, өмірден өз орнымды таптым деп шын қуандым! Білім ордасына келісімен, тіл мен әдебиеттің бал қаймағынан дәм татырып, “Сөз өнерінен” қуырдақ жасап, қазақ, орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларынан мысал келтіре отырып, оқиға желісіне еріксіз жетелейтін Зейнолла Қабдолов ағамыздан есіміңізді ең алғаш 1994 жылдары естігенмін. Зейнолла Қабдолов: “Жазушы – проза, драматургия саласында бір шығармасын жазу үшін, жазайын деген нәрсесін басынан өткеруі керек,- дейтін. Кейіпкерінің басындағы жағдайын жазушы өзі сезінбейінше, ол шығармасының жазылып дүниеге келуінің екіталай екендігін, тіпті суға кеткен бала туралы жазу үшін Лев Толстойдың өзі беліне арқан байлап, өзенге тұншығуға арнайы барғанын майын тамыза айтатын. Орыс әдебиетіндегі классиктердің шығармалары сондықтан да тың келеді,-дей келе: Өз арамызда да фантастика саласында тамаша шығармалар жазып жүрген Марқа көңілді Марқабаев деген ағаларың жүр,- деп сұқ саусағымен жоғары жақты көрсететін. Сонда біз марқа көңілді Марқабаевтың “Ғарыштағы қымыз”-ын жазу үшін, кейіпкерлеріне қымыз таратуға шынымен Айға кеткеніне таң қалысқанбыз. Еліміздегі қымызды марсиандықтарға дәм татуға әкеткен екен-ау деп, одан келе салысымен, небір шығармалардың дүниеге келетініне бала көңілімізбен сенгенбіз. Зейнолла Қабдоловтың аузынанТәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы фантастика жанрына қалам тартып жүрген жазушылар ретінде атыңызды жиі еститінбіз. Содан бері де талай жыл өтті. Әкеміздей боп кеткен Зекеңнің өзі кетсе де, санамызға салып берген сөздері, әуезді үндері мен көз алдымызға елестетіп әкеп беретін кейіпкерлері мен авторлары санамызда қалды…
…Жадымызда сол кездері қымызын арқалап ғарышқа кеткен “Марқа көңілді Марқабаевтың” өз кабинетінде, ғарыштан оралғаннан кейінгі шығармаларымен танысу бақытын биыл, кеш болса да, бұйыртқанына разымын. ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне жоғарғы білімді маман болып оралып, өзіңіздің дәрісханаңыздағы “Ғарыштағы қымыздың” дәмін мен де таттым.Бір кездерде өзіңізді айға шығарып салып тұрып, тың шығармалар күткен балаңыздың қолына тиген бұл еңбегіңіздің кейіпкерлері айда емес жерде екенін енді ұқтым, аға! Ғарыштарға қиялмен-ақ барып келіп жасаған бұл ерен еңбегіңізді оқып отырып, қарқылдап бала көңілмен күліп те алдым. Өзімнің бір кездердегі шала түсінігіме, әрине….
Кейіпкерлермен таныспын, енді авторды көру мен үшін қызық еді. Кабинетіңіздің сыртындағы ойға батқан суретіңізді көріп, туған әкемді көргендей, қуандым. Жылы шырайлы жүзіңіз, күңгірттеу келген көзілдірігіңіз, ойға батқан отырысыңыз расында әкемненайнымайды! Қаңтардың қақаған қысында студенттерге берген дәрісіңізді менің де тыңдағым келді.
– Бүгін Мархабаевтың сабағы!
– Ол кісі магистранттарға дәріс береді!
– Ертеңгі дәрісі сағат түгеншеде!
…Мен жұмысқа тұрғалы естіген сөзім осы бола тұра, ағаның дәріске келмегеніне өкіндім. Бір күні кабинетте жалғыз отырғанмын. Есік айқара ашылды. Қолында сөмке ұстаған жас жігіт, артынша балдағына сүйенген, аққұбаша келген қарт кісі кірді. Мен іздеген автор осы! Суреттегі әкем осы!
Ішке енген бойда : -Ия, Сізді штабтың бастығы дейді ғой, жоғарыдағы бастығыңыз қайда?!- деді. Біркездерде Зейнолла Қабдолов айтқан “марқа” көңілді ағамыздың көңілі мені бірден “штаб бастығы” қылды-ау, -деп қатты састым. Сол кездегі менің штаб бастығы емес, Сіздің шәкіртіңіз болғым келетінін айтып сыбырлағанымды өзімнен басқа ешкім естіген жоқ. Арадағы кішкентай диалогтың өзі, менің сәби көңілімді марқайтып тастады. Артынша-ақ, жапа тармағай көрісуге келген әріптестер: “Ооо, Хамаң келді!- десіп, арқа-жарқа болысып, бірінен кейін бірі келіп, амандасып жатты. Осы сәттен-ақ, Сізге деген құрметтің, Сізге деген әріптестеріңіздің сағынышын көріп, мен де Сізді жақсы көріп кеттім, аға! Әр апта сайын дәріске келгеніңізде: – Айналайын, сендер көп нәрсені білулерің керек, бізден де білгендерің көп болу керек! Ол үшін көп оқу керек!- деген сөздеріңіз, “Мынаны, біздер, кімдер үшін жазып жүрміз?-деп газет бетіндегі мақалаларға шейін алдымызға әкеп тастайтыныңыз, шабыт берді. Мен алдыма мақсат қойып келгенмін. Енді біржола бекідім: Қайтсем де шәкірт болып оралып, осы кісілерден дәріс алуым керек! Білімімді жалғастырып, толықтыруым керек!
Содан бері міне, тоғыз ай өтіпті. Мен қойған мақсатыма жеттім! Алдыңызға расында да штаб бастығы емес, шәкірт болып оралдым!
Тоғыз айда дүниеге бала да келеді ғой, Сізді көрген тоғыз айда осылайша дүниеге эссе келді! Эссемен бірге алдыңызға жас шәкірт магистр келді! Мен расында да бақыттымын, аға!
Нұрлыайым Данаева