Қай заманда да, қай қауымда да Ұстаздық кәсібі әрдайым ұлағатталып келген, Ұстаз инсаният тәрбиешісі, адамгершілік қадыр-қасиет қамқоршысы саналған. Қасиетті кітабымыздың Бақара сүресінде «Кімге хикмет берілсе, соған ізгілік, игілік те беріледі» делінген. Хикмет-терең білім, ғылым деген мағынада. Ұстаздарымыз білім шырағданымен, мейірім шапағымен санамызды нұрландырып, өмірімізді сәулелендірді, тоқсан тарау тіршілік соқпақтарында бұра тарттырмайтындай, адастырмайтындай бағыт-бағдар берді. Ұстаз көрген қай-қайсымыз да бойымыздағы жақсылық, жетістік атаулы сол бір риясыз аға-апаларымыздың үлгі-өнегесінен, тәлім-тәрбиесінен бастау алады деп есептейміз, өзімізді оларға мәңгілік қарыздар сезінеміз.
Уығын Ахмет пен Әлихан, Міржақып сынды ұлыларымыз қадап, шаңырағын көтерген кәсіби қазақ журналистикасының қазіргі заманғы қисындық және әдістемелік іргетасын өткен ғасырдың орта тұсында ұлттық медиа ғылымының талантты шоғыры қалағаны көзі қарақты қауымға белгілі жәйт. Тәуелсіздік заманында өмірге келген журналист-шәкірттердің бүгінгі буыны да сол қайнардан сусындап, Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов ағаларымыздың рухани мұралары негізінде тәрбиеленуде.
Ұлттық журналистика ғылымының ақсақалы, республикаға еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының бірнеше дүркін иегері профессор Әбілфайыз Ыдырысов сол талантты топтың бірегей өкілі. Ол газет безендіру, баспа ісі технологиясы сияқты қиын да қызықты саланың негізін салды. «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерінің жауапты хатшысы, редакторы болған ғалым-ұстаздың әр жылдары басылып шыққан «Газетті безендіру сыры», «Фототерім», «Полиграфия өндірісі негіздері» «Редактор мен корректорға көмекші құрал» сияқты оқулықтары мен оқу құралдары күні бүгінге дейін сұранысқа ие.
Тілге шешен, ойға орамды ағай лекциялары мен семинар сабақтарын өте тартымды өткізетін. Белгілі ғалым, қайраткер Бауыржан Омарұлы жуырда «Ана тілі» газетінде жарық көрген бір мақаласында былай деп жазған еді: «Әбілфайыз Ыдырысов газет-журналды безендіру техникасы пәнінің өзін қызғылықты етіп ұқтырып, алуан түрлі ойға жетелеп, «Алпыншақты-салпыншақты, ксилі, псилі», — деп студенттерді желіктіріп әкетеді. Әбілфайыз ағамыздың лекциясында айтылатын ең кіші кегль — нонпарельдің қатты ұнағаны соншалық, студенттер өз арасындағы бойы кішкене қыз-жігіттерді солай атайтын». Иә, техника тілі-қысқа тіл ғой, ағайымыз технологиялық үдеріс түсініктері мен машина бөлшектерінің атауларын қазақша жатық та ұғынықты етіп жеткізуге ұмтылатын, тілдің сөздік қорын ұтымды пайдалануға тырысатын. Мәселен, полиграфия жөніндегі оқулығын дайындау барысында «елден келген жеңгемнен естіген «ызу» деген сөзді пайдаландым» дегені есімізде.
Еліміздің рухани, әлеуметтік-мәдени өміріне белсене ат салысып жүрген бүгінгі ақпарат майданы қайраткерлерінің барлығы дерлік Әбілфайыз ағайдың тәрбиесін көрген десем, ақиқаттан онша алыс кете қоймаспын. Солардың өзім жақсы білетін бірнешеуіне тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Ағайдың үздік шәкірттері атанып, макеттің «майын ішкен» Ертай Айғалиұлы мен Сапарбай Парманқұлов бүгінде «Заман-Қазақстан» және «Дала мен Қала» сияқты белді басылымдардың тізгінін ұстап отыр. Ұстазымыздың очерк бойынша өткізген арнайы курсында ізденушілік баспалдақтарынан өткен Рахима Нұриденова (Бегімтаева) мен Роза Алтынбекова шетелдік журналистика және жанр теориясы бойынша филология ғылымынан кандидаттық диссертация қорғап, доцент атанды.
Біз оқыған кезде журфакта дәріс берген ұстаздарымыз өздерін өте қарапайым ұстайтын. Кейінірек факультетте мұғалім болғанда осы мінез бен қалыптың өзгермегеніне көзім жетті. Әбілфайыз ағай студенттерді де, өзіне тетелес ұстаз інілерін де жанына жақын тартатын. Мәселен, Сағымбай Қозыбаевты «Сәкіжан», Бауыржан Жақыпты «Бәкіжан» деп еркелетіп атайтын. Меніңше, ұстазымызбен өмірде аралас-құралас болған, жақсылығын көрген, шарапатын сезінген ағайындар да оның бойындағы жоғарыда айтылған хикметтен туындайтын осынау ізгілік пен мейірімділік шуағына бөленген болар. Газет тігінділерін, интернет-сайттарды ақтара отырып, ағаймен бірге оқығанын, жұмыс істегенін, алдынан дәріс алғанын, дос-жаран болғанын ерекше мақтаныш сезімімен паш еткен тұстастары мен шәкірттерінің пікірлерін көптеп кездестірдім. Ұлт зиялылары Абай Бейсембаев, Сапар Байжанов Кәкімжан Қазыбаев, Ұзақ Бағаев, Әбсәттар Бөлдекбаев, Баянжан Мәдиев, Камал Смайылов, Шерияздан Елеукенов, Мұқан Мамажанов, Хайдолла Тілемісов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Тельман Жанұзақов, Бүркіт Ысқақов сияқты Әбілфайыз ағай да тұстас бір дәуірдің символына айналғанын байқадым.
Ызғарлы желтоқсанда ердің ерлігі мен азаматтығы безбенге түскені мәлім. Журналист Сейсен Әмірбекұлы сол бір күндер туралы «Біз де бәлкім, оқудан шығар ма едік, сол кезде деканның орынбасары болып жүрген Әбілфайыз Ыдырысов ағамыз бен факультеттегі комсомол комитетінің төрағасы Әміржан Қосанов шырылдап жүріп алып қалды» деп жазады «Желтоқсанда жазаланған журналистер» атты мақаласында. Осы қиын-қыстау жылдары ағайдың бел баласы, бүгінде еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов СССР сыртқы саяси ведомствосының қызметкері болатын, совет елшілігінде жұмыста жүрген кезі еді. Егер шолақ белсенділердің бірі «көрсетіп» жіберсе, ең алдымен көзінің ағы мен қарасындай перзентінің қызметіне ғана емес, оның өміріне де зор қауіп төнетінін ағай білмеді емес, білді. Сен «тимесең мен тимен» деп, бетегеден биік, жусаннан аласа күй кешуіне де болар еді. Алайда, ағайды батыл әрекетке итермелеген оның бойындағы жоғарыдағы ізгілік пен пен мейірімділік қуаты шығар деп ойлаймын.
Мәскеуден еліміздің Сыртқы істер мекемесіне оралған Ерлан 1990 жылы келіссөз жүргізу үшін делегация басқарып Қытайға бара жатқанда көлік апатына ұшырағанда, қазақтың біртуар азаматы, министр Михаил Есенәлиевтің жәрдемімен ұшақ арқылы ауруханаға жедел жеткізілгені арқасында аман-есен қалғанын ағай риза сезіммен айтып отыратын. Бұл да ағайымыз жасаған көп жақсылықтың шарапаты, өтеуі болар. Дипломат Ерлан мектепте өте жақсы оқыпты. Төменгі кластарда жазған мұнтаздай дәптерлері ағайдың отбасында әлі сақтаулы екен.
Белгілі журналист Есенгүл Кәпқызының Ұлыбританияның Кардиф қаласындағы Гламорган университетінің ғылыми қызметкері әрі оқытушысы Ахан Отыншымен жүргізген сұхбатымен танысқан жандар Ерланның атаға тартып туған ұл екендігіне көз жеткізер. Сұхбаттың интернеттен алынған мәтініне көз жүгіртейік: «Еуропаның өзге өңіріндегі секілді, Ұлыбританиядағы қазақтар да ана тілінен ажырап барады екен. Ахан ең басты алаңдайтынымыз сол дейді: – Лондонға келген қазақтардың балалары ағылшынша сөйлесе бастады. Сол бізді алаңдатады. Олардың ата-аналары өзара түрікше қарым-қатынас жасайды. Ал, балаларымен ағылшынша сөйлеседі. Ұлыбританияның Төтенше және өкілетті елшісі болған Ерлан Ыдырысов бұндағы қазақтарға көп көмек көрсетті. Моральдық тұрғыдан демей білді. Ол кісінің жұбайы бізге қазақ тілінде дәрістер беріп, қазақ тілінің курсын бір жыл бойына жүргізген еді. Бірақ олардың Вашингтонға ауысуына орай, қазақ тіліндегі курстар тоқтап тұр». Алып-қосарымыз жоқ.
Әке мен баланың ұлтқа деген сүйіспеншілігі, қанатымен су сепкен қарлығаштай қам-қарекеті жөніндегі ойлардың ұшығын мен Әбілфайыз ағайдың автобиографиялық сипаттағы «Аңсаған менің әнімсің» атты кітабынан таптым. Кітаптағы басты кейіпкер Алтай (Алпан) –ағайдың прототипі. Ағайдың үйлену тойында жерлес апайы Бәзила (автордың жазуынша «ол кісінің түбі торғайлық, Міржақып Дулатовтың ағайын қарындасы») Алтай туралы «Ол да алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы. Арғы бабасы-Шақшақ Жәнібек!» дейді. Ал, осы айтылған Шақшақ Жәнібек кім? Тарих деректеріне сүйенсек, Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек Тархан 1693-1752 жылдары өмір сүрген. Бұл «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған жоңғар-қалмақ басқыншылығына қарсы Отан соғысы жүріп жатқан заман. Ерлік те керек еді, соған қоса ақыл-айла мен табандылық та қажет-ті. Осының бәрі бойынан да, ойынан да табылған кісінің бірі – Шақшақ Жәнібек болды. Тарихшы А.И.Левшин 1723 жылы «Не будь Жаныбека, вся Северная часть казахской степи очутилась бы под копытами войска Сыбана Раптана»,- деп жазған. Ал сол заманның куәгері Тәтіқара ақын:
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы – болат найза.
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда,- деп бағалаған.
«Ана тілі» газетінен сол Шақшақ Жәнібек туралы мынадай қызық деректерді кездестірдім. Мұнда Шақшақ Жәнібектің Ақтабан шұбырындыдан кейін Торғай өңірінде сауат ашу жұмысын жолға қойып, ауылдық мектептер ашқаны жайлы айтылады. «Тарихқа терең үңілсек, -деп жазады газет,-Қазақ хандығын құрған қайраткерлердің бірі Ермен Елемесұлының ұрпағы Шақшақ Жәнібек 1730 жылдың жазында Түркістаннан Хаши абыз бен оның ұлы Азна ұстаз бастаған бір топ оқымыстыны арнайы шақыртып, Торғайда ауылдық мектептер ашқызған. 1864 жылы осы Торғай өңірінде Ыбырай Алтынсарин орыс-қазақ мектебін ашқан.
Ахмет Байтұрсынов осы тарихи тұлғалардың ісін жалғастырған. Бір қызығы, Ахаңның арғы атасы Үмбетей батыр Шақшақ Жәнібектің немере інісі болып келеді. Ыбырай Алтынсарин болса Жәнібектің шөбересі Шеген бидің туған жиені. Кезіндегі Ресей Думасының депутаты, Алаш партиясының бағдарламасын жасаушылардың бірі Ахмет Бірімжанов та Жәнібектің кіндігінен тараған екен».
Бұл дерек арқылы Әбілфайыз ағайдың бойындағы бірқатар ізгі қасиеттердің түп-төркінін тануға болар. 1988 жылы Алаш арыстары ақталған кезде ағайдың көтеріңкі көңіл-күйде жүргені есімде. Ұлы ұстаздың есімін ашық айтуға тиым салынған дәуреннің келмеске кеткеніне қуанған болар деп тон пішкенбіз. Сөйтсек, кезінде Әбілфайыз ағай Ахаң үшін істі болып кете жаздап, арнаулы қызмет орындарының бақылауына алынған екен. Мұны да сол «Аңсаған менің әнімсің» атты шығармасынан оқып білдік.
Ағайдың бұдан оншақты жыл бұрын жарық көрген «Сыр мен шындық» деген кітабында «Берік» деген хикая бар. Бұл әңгіменің кейіпкері Берік Ақбаев деген азаматпен таныс-біліс болудың сәті түскен еді. Кеңестік жазалау машинасына табанына түскен Бекеңнің тағдыры жазушы-журналисті бей-жай қалдырмайды. «Мынадай сойқандық жасауға қанды қолдарды жібермейік! Бәріміз бірігіп, жұдырықтай жұмылып қарсы тұрайық! Соларға тосқауыл қояйық! Жазықсыз жандардың тағдырын тәлкек етуші қаражүректермен жанпида күреске шығайық! Оларға өз тағдырымызды ойыншық еттірмейік!» – деп тәмамдайды ол әңгімесін. Осы «өзімдік, адамдық жанайғай» автордың өмірлік кредосы іспетті.
Жуырда Әбілфайыз ағайдың республикалық баспасөзде жарық көрген проблемалық мақаласы зиялы қауымды елең еткізді. Бұл еңбегінде ол шумерлердің тарихын, олардың адамзат өркениетінде алатын орнын, түркі тілдес халықтарға туыстық жақындығын жан-жақты зерттеп, талдап жазған. Тарихшылар мен лингвистер үнсіз қалып, аша алмай жүрген сырды жан-жақты ашуға белгілі ғалым, қаламгер батыл қадам жасаған. Ғалым-журналистің бұл саладағы ізденістері де жемісті болатынына сенімдіміз.
Сәлеметсіз бе,
Мен г – н Джош Хоули, жеке несие беруші, ол жеке тұлғаларға, мекемелерге, ұйымдарға және т.б. кепілдіксіз 2% пайыздық мөлшерлемеде несие береді. Сізге қарызды өтеу үшін тікелей қарыз қажет пе? бизнесіңізді жақсарту үшін несие қажет пе? Сіз банктер мен басқа қаржы мекемелері тарапынан қабылданбадыңыз ба? Сізге біріктіру несиесі немесе ипотека керек пе? Сіздің барлық проблемаларыңыз аяқталды, өйткені біз сіздердің барлық қаржы мәселелеріңізді өткенге айналдыру үшін осындамыз.
Қосымша ақпарат алу үшін (Joshhawleyloanfirm@gmail.com) электрондық пошта арқылы хабарласыңыз.
Құрметпен!