Айтуға оңай, тыңдаушыға пайдалы тақырыптар төңірегіндегі әңгімелер, әрине, аз емес. Әсіресе, мектеп бітірушілерге мамандық таңдау жөніндегі ақыл-кеңес алдағы асығыс уақытта ауадай қажет.
Бүгін қаладағы №81 мектеп-гимназиясында әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Журналистика факультетінің ұстазы Жидегүл Әбдіжәділқызы мен биылғы 4-курс студенттері кездесу өткізді. Өмірдің келесі баспалдағына қадам басқалы отырған мектеп түлектеріне болашақ журналистер мамандық таңдау туралы ойларын ортаға салып, азын-аулақ тәжірибелерімен бөлісті. «Хабар» және «Білім» арнасында бір жылдай қызмет етіп, осы саладағы теориялық білімін тәжірибемен ұштастырған Жанерке Елшін, «Ана мен бала» журналында және басқа да баспасөз құралдарында шеберлігін шыңдаған Гүлден Жылкелдиева өздері жасаған бейнематериалдарын оқушылар назарына ұсынды. Ал Ермұрат Шопан болса, журналистика факультетінде тек журналистиканы ғана емес, операторлық, режиссерлік, бейне мен дыбыс қадағалау, сценарий жазудағы шеберлікті үйрететінін тілге тиек етті. Қазіргі біздің толқыннан бұл мектептен факультетімізге бағыт бұрғандар саны онға жуық болса, солардың көпшілігі биыл диплом алмақ. Мамандық майданында әркім өз олжасын қанжығасына байлайды. Тек сол таңдауға деген ерекше махаббаттың болуы керектігін айтқан Ж.Әбдіжәділқызы мектеп оқушыларына сәттілік тілеп, өмірде адал дос пен сүйікті жар кездестіріп, өзі қалаған мамандықтың тізгінін ұстауға кеңес берді. Ендеше, біз айтқан студенттік ой орамдар оқушы қауымға ой салып, кемел келешекке жетелейді деп сенейік!