Радио — ақпаратты жеткізудің ең бірінші құралы
Клара Қабылғазина,
филология ғылымдарының кандидаты,
«Баспасөз және электронды БАҚ»
кафедрасының ассоциир профессоры
Кез-келген адам әуе толқынынан өзіне қажетті ақпаратты ести алады. Дегенмен, радио табиғатынан демократияшыл, ашық құбылыс.Сондықтан да заман өзгерісіне, қоғамдық құбылыстардың алуандығына байланысты радионың да табиғаты , құрылымы өзгеріп, бұрынғы тек мемлекеттік бағдардан ауысып, форматты радиолар көптеп пайда бола бастады. Қазақстанның әуе кеңістігінде хабар тарататын «Авторадио», «Европа плюс Қазақстан», «Lav-радио», «Хит – FM» т.б. сияқты коммерциялық форматты радиолар өз тыңдармандарын табысты тауып алған. Алайда, Қазақстанда жергілікті тілде «Шалқар» ұлттық арнасынан басқа форматты радио жұмыс істеп тұрған жоқ. Сондықтан да, басқа ұлттардың да форматты радиоларының тыныс –тіршілігінен оқу, үйрену қажеттілігі туады.
Бүгінгі егемендік, тәуелсіздік жағдайында радионың мүмкіндігі шексіз артты, бұл ортада да бәсекелестік күшейді, таңдау мүмкіндігі пайда болды, әр түрлі бағыт-бағдардағы, стиль мен мәнердегі радиостанциялар көбейді. Радиоарна өз қаржысын өзі тауып, дамитын жағдайға жетті, шығармашылық шексіз мүмкіндіктер ашылды. Радиожурналист эфирде еркін сөйлейтін, ойын бүкпесіз жеткізетін және оған өзі жауапкершілік жүктейтін жағдай туындады. Қазақстандағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарының еркін дамуына жағдай жасайтын заңды-құқықтық актілер ұдайы жетілдірілу үстінде. Радио – қазіргі заманғы қуатты бұқаралық ақпарат құралының бірі, тұрмыста кеңінен қолданылатын, адамдардың өмір сүруіне, ақпарат алуына жәрдемдесетін қалыптасқан жүйе болып орнықты. Радионың басқа да бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысы туралы сөз қозғалғанда, алдымен оның міндеттері сараланып шығады. Бүгінгі БАҚ жүйесі жетіліп, қалыптасқан жағдайда оны төмендегідей тұжырымдауға болады :радио — ақпарат таратады, құлақтандырады; телевизия — оқиғаны, болмысты көрсетеді; газет-журнал — деректі, оқиғаны талдап, түсіндіреді; интернет — ақпаратты сан қырынан көрсетеді.
Радиохабар технологиясының дәстүрлі әдістері – әуенмен және қосымша дыбыстармен әрлеу арқылы ақпараттық блоктардың арасын бөлу, бағдарламаның музыкалық шапкасын жасау, дыбыстық декорациялау – тарихи ортаны анықтау, қозғалыстың, оқиғаның болған жерін таныту, дыбыстық фон ретінде қолдану, мәтіннің дыбыстық ырғағын айқындау, дыбыстық атмосфераны бейнелеу, кейіпкердің көңіл-күйін, жан толғанысын, оқиғаның жалпы болмасын аша түсу, образ жиынтығын қалыптастырудың көркемдік тәсілдерін пайдалану, суреттелетін оқиғалардың арасын бір-бірімен жымдастыра байланыстыру сияқты көптеген тәсілдердің қай тілдегі, қай арнадағы хабар болмасын ортақ екендігі, оның жылдан жылға толығып, баии түсуі әлемдік радожурналистика табысы деп танимыз.
Жүз жылдан астам уақытта радиожурналистика ғылымы дамып, өзінің негізгі ұстанымдары мен қағидаларын қалыптастырып үлгерді. Радиоақпарат таратудың табиғатына келгенде, ғылымда оның басты 3 қасиеті бірінші айтылады және мойындалады.Радионың ең басты табиғи қасиеті — жеделдігі. Қалыптасқан БАҚ жүйесінде бірде-бір басқа құрал мұндай жеделдікті қамтамасыз ете алмайды. Газет ақпараты оқырманына жету жолында күрделі бірнеше процесті: деректі жинау, терім, беттеу, көбейту және тасымалдауды бастан өткеріп, бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке дейінгі уақытты қамтуы мүмкін. Телевизияда соңғы жылдары ғарыштық байланыс құралдары арқылы оқиға ортасынан тікелей хабар беру үрдісі жолға қойылды. Бірақ ол көп шығынды, қымбат техникалық құралдарды қажет ететіндіктен екі телеарнаның бірінің шамасы жетпейді, сондықтан сирек, үлкен компаниялардың ғана тәжірибесінен орын
алған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы уақытта радио тәсілін қолдану етек алып келеді, яғни тікелей эфирде телефон арқылы ақпарат беру жиі кездесіп жүр. БАҚ қатарына соңғы 10 жылда қосылған Интернеттің де өзіндік шектеулері бар.
Радио тыңдарман үшін аса қолайлы болып табылады және бұл қасиетінің маңызы айрықша. Радионы тыңдау үшін арнайы уақыт бөлу, болмаса күш жұмсау міндетті емес. Үй шаруашылығындағы тірлікпен айналысып жүріп те, жұмыс уақытында да, тамақтанып отырып та, автокөлікте келе жатып та, сейіл құрып жүріп те радионы еш кедергісіз тыңдай бересіз.
Радио әмбапап ақпарат таратуымен де ыңғайлы. Ауа райынан бастап маңызды саяси оқиғалар, төтенше жағдайлардың барысы, экономикалық көрсеткіштер туралы, болмаса спорт әлеміндегі қызықты деректердің барлығы кезегімен әуе толқынында тарап жатады. Тыңдарман өзін қызықтырған хабарға зейінін күшейтеді, болмаса кейбір мағлұматтарға аса назар аудармайды. Сөйтіп, өзінің сол уақыттағы сұранысына орай қажетті ақпараттарды қолайлы жағдайда екшеп отырады. Бәсекелестік жағдайында радиостанциялар саны өте көп, сондықтан да соңғы жылдары радионың хабар тарату бағыт-бағдары да өзгеріп, ол тыңдармандардың сұранысына орай маманданып, белгілі бір аудиторияға, әлеуметтік топтарға бейімделе бастады. Бір радио жедел ақпарат пен музыкаға көңіл аударса, екіншісі ескі әуендерді қайта жаңғырту арқылы тыңдарманын тартады, үшіншісі белгілі бір музыкалық бағытты (попса, рок, джаз, т.т.) ғана қолдайды, тағы бірі жасөспірімдер үшін хабар таратады, соған орай сөйлеу стилі мен әдісін де сақтайды.
Адам даусының ырғақтарын, үн реңдерін мәтініге толық түсіру мүмкін болмайды. Немесе қағазға жазылған сөз өзінің қосымша бейнелеуші құралы – үннен айырылады, сол арқылы оның мазмұны да кемиді дейді радиозерттеуші ғалым З.Цаперный. Мәселен сценарийді біз жүргізушінің сөзі, шешеннің әңгімесі күйінде естісек, онда одан алатын ақпарат арта түседі. Біріншіден, жүргізушінің сөйлеу мәнерімен, дикциясымен, шешендік қабілетімен танысамыз. Екіншіден, оның кейбір мәтіндерге, сөздерге ерекше екпін тастауы, интонация жасауы негізінде автор ойын анық түсінеміз, мол мағлұмат аламыз. Әрі адамның логикалық пайымына, сезіміне жазбадан гөрі сөз күшімен, үн “тілімен” әсер ету оңайырақ та, мүмкіндік те мол. Өйткені, «сөз бен дыбыс адамға шексіз әсер етуге, көңіл-қошын жасауға болатын өте нәзік құралдар» дейді зерттеуші Т.Евгеньева. Адам баласының көру қабілетінен гөрі есту қабілетінің мүмкіншілігі көп екен. Яғни есту кезіндегі қабылдайтын үндегі бояу, көзбен көру арқылы қабылдайтын бояудан мол көрінеді. Ауыз екі әңгімеде сөздердің айтылу ретін ауыстыру, түрлі екпін түсіру арқылы оның мәнін арттыра түсуге, бәсеңсітуге болады. Сөз зергері, белгілі шешен Ираклий Андронников “интонация күшімен сөзге тура, болмаса кері мағына беруге әбден болады” деген. Немесе, диктордың, хабар жүргізушінің, корреспонденттің, актердің сөз өнері, сөйлеу шеберлігіне байланысты интонациялық мүмкіншілік те өзгеріп отырады. Біраз зерттеушілердің пікірі информацияның 40 процентке жуығын, тек сөздегі интонацияның өзі ғана жеткізе алады дегенге саяды.
Бүгінгі радиожурналист эфирдегі бейнелеу құралдарының қыр-сырын жетік меңгеріп, өзгеше табиғаты – акустикалық ерекшелігіне қанық болуы аса қажет. Радиохабарлардың көпшілігіне тән олқылықтар осы ерекшелікті білместіктен, немесе оған дұрыс мән бермегендіктен туады екен. Мәселен сценарийді біз жүргізушінің сөзі, шешеннің әңгімесі күйінде естісек, онда одан алатын ақпарат арта түседі. Себебі маңызды деген материалдың өзін бірқалыпты дауыспен /монотонды/ оқу адамның логикалық ойлау жүйесін іске қосқанымен, сезіміне әсер етпейді. Яғни, хабардың эмоциялық ықпалы нөлге тең деген сөз. Мұндай хабардың тыңдалуы ауыр болғандықтан тез шаршатады, жалықтырып жібереді. Сондықтан оның мазмұнымен бірге эфирден берілу формасы, естілу ерекшелігі де тыңдаушысын тартып, сезімін үйіріп, көңіл-күйін жетелеп отыруы тиіс.
Радиохабарын есту арқылы қабылдайтын болғандықтан, текстің немесе сценарийдің айтылатын әңгімеге, сөйленетін сөзге айналу процесіне аса зор мән беріледі.
Бұл мәселе қазір кең көлемдегі ғылыми кеңестерге, үлкен пікір алысуларға, теориялық және экспериментальдық зерттеулерге негіз болып отыр. Тіпті латынша “audire” сөзінен шыққан “аудирование” деген арнайы термин пайда болды. Өйткені, бүгінгі талғамы жоғары, талапшыл тыңдаушы аудиториясын шу дегеннен меңгеріп кету, көпшілік ықыласын жаулап алу оңай шаруа емес. Ол журналист шығармашылығында кездесетін психологиялық сәттерді шебер игеруге байланысты болады екен.Соңғы уақыттағы осындай зерттеулерге сүйенетін болсақ, радиотыңдаушылар ықыласын игерудің бір-бірімен тығыз байланысты үш кезеңін атайды. Оның алғашқы кезеңінің өзін үш түрге бөліп қарау керек:
Біріншісі — біраз үнсіздіктен кейін естілген диктор үні, немесе музыка. Сол сияқты сөз арасында жасалған тосын пауза да аудитория көңілін – он жиырма секундқа аударады екен. Ал дауыстың бірқалыпты емес, әлсін-әлсін бірде төмен, бірде жоғары шығуынын тигізетін ықпалы одан да мол. Келесісі — аудиторияның тап сол сәттегі өте қажетсініп отырған мәселесін қозғау. Радионың оперативтілігін пайдаланып тыңдаушылар күткен актуальды тақырыпқа бару. Соңғысы, әрбір программаның, радиожурналдың бұрыннан қалыптасқан тәжірибесіне байланысты туындайды. Мәселен, хабардың музыкалық “шапкасын”, немесе атын естісімен-ақ аудитория одан қандай қызықты, әрі ақиқат ақпарат алатындығын шамамен болжалдап отырады. Бірақ мұндай тәсілмен радиоаудиторияны көп уақыт ұстауы мүмкін емес. Сондықтан ол хабардың алғашқы минутында-ақ, тыңдаушы ықыласын меңгерудің екінші кезеңіне ұласып кеткені дұрыс. Яғни әңгіменің маңыздылығы, информацияның қызықтығы тыңдаушылар есіл-дертін одан әрі баулап алады.Радиожурналистер арасында кез-келген хабарды текстісімен емес, естілуімен бағалау керек деген сөз бар. Бұл, әрине, тегін айтылмаса керек. Өйткені, дикторлық оқу мен жүргізуші шеберлігі арқасында орташа жазылған текстің өзін тым жақсы шығару, керісінше, тәп-тәуір туындыны өз деңгейінде жеткізе алмау тәжірибеде кездесіп жатады. Олай болса, радиохабарының бастан-аяқ ойдағыдай тыңдалуы үшін тек мазмұнды болу жеткіліксіз. Себебі маңызды деген материалдың өзін бірқалыпты дауыспен оқу хабардың тыңдалуы ауыр болғандықтан тез шаршатады, жалықтырып жібереді. Сондықтан оның мазмұнымен бірге эфирден берілу формасы, естілу ерекшелігі де тыңдаушысын тартып, сезімін үйіріп, көңіл-күйін жетелеп, радиоаудитория ықыласын игерудің тиімді жолдары іздестірілуі радиожурналистерге қойылатын талаптардың бірі.
Дүниежүзілік компьютерлік желіде ақпарат сайтқа орналастырылған сәттен бастап, оны кез-келген шартараптан оқуға мүмкіндік туады. Ол үшін де тұтынушының ақпарат таратушы сайтын тауып, ондағы дерекке жол табуы үшін кәсіби машығы болуымен қатар іздеуге уақыт жұмсауына тура келеді. Радиожурналист болса оқиға ортасында жүріп, көрген-білгенін тікелей эфирге шығып баяндай алады. Соңғы жылдары қауырт дамып, кең қолданысқа ие болған ұялы телефондар бұл үрдіске жаңа тыныс әперді, радионың мүмкіндігін бұрынғыдан да арттырды. Радиотілші төтенше жағдайлар болсын, тез өзгермелі спорт жарыстары болсын, ақпаратын жеткізу мақсатында орталық студия арқылы байланысқа қосылып, тікелей эфирде жұмыс істей алады. Қазіргі заманғы байланыс технологиясы радио ақпарат таратуды аз шығынмен тікелей эфир жағдайында жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Яғни, ақпаратты тұтынушысына жеткізу жеделдігі жағынан телевизия да, интернет те радионың алдына шыға алмайды. Радио ең жедел, икемді, әрі аз шығынмен жұмыс істейтін бұқаралық құрал болып қала береді. Сонымен бірге, радиодан қызықты да мазмұнды талдамалық хабарларды кездестіреміз, жанды да жалынды портреттер мен очерктерді тыңдаймыз, радиокеңестерге құлақ асатындардың да қатары көп. Радионың айрықша бір бітімі музыкалық хабарлардан танылады. Жақсы ән мен әуенді танытуда радионың алдына ешбір ақпарат құралы шыға алмайды.
Сонымен қатар сайлау науқаны сияқты қоғамдық-саяси оқиғалар кезінде де БАҚ құралдары өзінше әрекет етеді, әртүрлі нәтижеге қол жеткізеді, біреулер тек радио
тыңдайды, қалаларда теледидарға көп назар аударылады, ал біреулердің газет оқымаса, көңілі көншімейді. Бәсекелестік пен пікір саналуандығы жағдайында бұл қалыпты құбылыс. Әлеуметтік ақпараттың еркін тасқыны БАҚ-тың қоғамдық жауапкершілігін арттырды, ақпарат биліктің маңызды тетігіне айналды. Міне, осы жағдайда ақпараттық топтар, концерндер мен медиахолдингтер өмірге жолдама алды. Әлемдік тәжірибеден Қазақстан да тыс қалған жоқ. компьютерлік желідегі ақпарат тасымалының динамикасы, өсу үрдісі өте қарқынды болғандықтан болашағынан көп үміт күттіреді.
Жаһандану мен нарық жағдайында адамдар тұрмыста болсын, жұмыс орнында болсын күрделі мәселелермен бетпе-бет кездеседі, әр түрлі қайшылықтарды тез шешуіне тура келеді, соның қатарында стрестік жағдайларды бастан өткізеді. Яғни, әр адамның эмоционалды көңіл күйі мен күш-қайраты да өзгеріп отырады. Мысалы, жұмыстан шаршаған адам үйіне жеткенше, көлік тауқіметін, жол нашарлығын, қала жағдайындағы кептелмелерді, қызмет көрсету мәдениетінің төмендігін көрді дейік. Үйде де бәрі қолайлы болмауы мүмкін. Бір сәт көңілін аулау үшін, теледидар қараса, онда да тосын оқиғалар, бітпейтін тауқыметтер, бет жыртысқан адамдар, көлгірсіген саясаткер мен жүйкеге тиер жарнамалар, қантөгіс фильмдер мен бітпес көбікті сериалдар. Мұндай жағдайда адамның жүйкесіне үлкен салмақ түседі, сезімі тежеледі, көңіл хошы төмендейді, өмірге құштарлығы бәсеңсиді. Міне, осы көңіл ахуалын өзгерте алатын, эмоциялық тепе-теңдікке жеткізетін күштің бірі — радио. Радио табиғатынан агресшіл емес, керісінше жұмсақ та жағымды, жайлы. Радиоақпарат көбіне оптимистік болып келеді, өмірлік жақсы тонус қалыптастырады. Әлеуметтік психологтар тосын қайғылы оқиғаның телевизиямен салыстырғанда радиодан естілгенде санаға жұмсақтау жететіндігіне назар аударған. Өйткені, телеақпарат жүйкеге тікелей әсер етсе, радиодан естілген жаманат хабар психологиялық қорғаныс факторына тап келетін көрінеді. Мұның өзі радионың өзіндік табиғатын сақтай отырып, телевизия сияқты әлемдік пәрменді құралмен қатар өмір сүре алатындығына көз жеткізеді.Оперативтілігімен, шынайылығымен және өміршең өткірлігімен айрықша мәнге ие болған бұқаралық ақпарат құралдарының ең тиімдісі, әрі ең қолайлысы бола отырып радио жаһандық маңыз алуда.Бұқаралық электронды ақпарат құралдарының бизнес көзіне айналуы да осы әлемдік үрдістердің әсері. Көбінесе радио аудиториясы және радиохабар таратудың экономикалық негізі зерттелуі жолға қойылуда. Радио шекараны білмейтін, тосқауылсыз арнаға, жаһандық сипатқа ие болды. Радио — ақпаратты жеткізу мен тасымалдаудың ең бірінші құралы.
Қандай да болмасын мемлекеттің тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, өмір ортасына ақпар беріп, бүгінді ертеңмен жалғастырып отыратын бұқаралық ақпарат құралы болатыны ақиқат. Тамыры тереңнен тартқан, толғауы тоқсан, тарихы да тоқсан болып отырған Қазақ радиосы- халықтың үні, тынысы. Радиожурналистиканың негізгі өнімі, шығармашылық жемісі – әр түрлі дыбысқабылдағыштарға жазылған материалдар. Ал, жазылған хабарлар негізі – сөз. Адамзаттың тарихы сөзбен сомдалады, адамзат тағылымы сөзбен көрінеді. Қоғамды құрайтын адамдар болса, олардың асылы да масылы да бірауыз сөзбен танылады. Сөз – адамдардың тіл қатысуында қолданылатын негізгі құрал. Радиожурналистикада сөздің алатын орны ерекше . Мағжан Жұмабаев бұл жөнінде былай дейді: “Біз сөз арқылы ғана неше түрлі ойымызды сыртқа білдіре аламыз һәм басқа адамдардың ойларын біле аламыз. Сөз болмаса, адамда білім болмас еді. Атын атап, сөзбен бекітіп тастамасақ, жанды суреттер, ұғымдар тұрмас еді. Сөз болмаса, сөзбен адамзаттың бір-бірімен ұғысуы болмаса, жер жүзіндегі осы күнгі адамзат тұрмысы деген тұрмыс та болмас еді. Қысқасы, жан көріністерінің ең қымбаты – ой. Ой тілі – сөз”. Ал, Ахмет Байтұрсынов болса “бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп, қисынын, қырын, кестесін келтіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады”. Яғни, радиожурналистер үшін сөз қадірін бірінші кезекте бағалау қажеттілігі осындай даналар ойлары арқылы әспеттеледі. Осы орайда радиожурналистер міндетінің жауапты да қасиетті екені айқындалады. Тындаушы
адаммен емес, сөзбен бетпе-бет келеді. Телевизиялық хабарларда сюжет негізгі рөл атқарады да, сөз қосымша міндет өтейді. Ал, радиода бүкіл әрекет, құбылыс, оқиға тек сөзбен өрбіп, тыңдарманның көз алдына бүкіл көрініс тек баяндаумен елестетіледі. Міне, сондықтан да радиожурналистердің шеберлігі ғана аудитория сұранысын өтей алады.
Тоталитарлық саясат кезінде де Қазақ радиосы өкілдерінің, жойқын репрессия күштеріне қарамастан там-тұмдап болса да рухани дүниелерімізді жарыққа шығарып, айтып отырғандықтары — бүгінгі егеменді ел болып отыруымызға қосқан үлкен үлестері ,болашақтың бастаулары болғандығына бүгінде көз жетіп отыр. Міне, осындай аса күрделі кезеңде де қоғамда, саясатта болып жатқан оқиғалардан тыс қалмай, қаншалықты шектеулі, нұсқаулы насихат болғанымен Қазақ радиосы өзіндік үнін қосып, халықтың тарихын,мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін, дінін,ділін сақтауы үшін күресіп келеді. Қазір де жергілікті ұлт өкілдерінің ұлттық үрдістерінің дамуына , әлемдік деңгейде танылуына үлкен үлес қосып отыр.
Радиодан қызықты да мазмұнды талдамалық хабарларды кездестіреміз, жанды да жалынды портреттер мен әдеби көркем хабарлар тыңдаймыз, радиокеңестерге құлақ асатындардың да қатары көп. Радионың айрықша бір бітімі музыкалық хабарлардан танылады. Жақсы ән мен әуенді танытуда радионың алдына ешбір ақпарат құралы шыға алмайды.Біреулер радио тыңдайды, қалаларда теледидарға көп назар аударылады, ал біреулер тек газет оқиды. Бәсекелестік пен пікір саналуандығы жағдайында бұл қалыпты құбылыс. Әлеуметтік ақпараттың еркін тасқыны БАҚ-тың қоғамдық жауапкершілігін арттырды, ақпарат биліктің маңызды тетігіне айналды. Әлемдік тәжірибеден Қазақстан да тыс қалған жоқ. компьютерлік желідегі ақпарат тасымалының өсу үрдісі өте қарқынды болғандықтан болашағынан көп үміт күттіреді. Оның бәріне уақыт төреші, радио да уақыт ағымында қызмет атқарады. Мысалы, күні кешегі кеңестік кезеңде радионың дамуына айрықша мән берілді, ол ұжымдық насихатшы, үгітші және ұйымдастырушы деп бағаланып, ақпараттық саясаты осы мүдде тұрғысынан екшелді, цензура болды, сөз еркіндігі шектелді. Сөйтіп, идеологиялық қуатты қару радио мемлекеттік биліктің қатаң бақылауында болды, қызметі жоғарыдан реттеліп отырды.Әлем елдерін идеология уысында ұстап отыруда электронды БАҚ-тың маңыздылығы қандай екені бүгінгі заманда өте айқын. Тіпті, Чилиде болған қарулы көтерілістен жеңіліс тапқан сол елдің президенті Сальвадор Альенденің өкінішке толы «мен қолымдағы ең мықты қаруым телевизия мен радиодан айырылып қалғаныма қатты өкінемін» деген сөзі тарихта сақталып қалған.
Ал, қоғамдық дамудың демократиялық жолын таңдаған егемен Қазақстан жағдайында радиостанциялар шынайы сөз бостандығын алды, цензура жойылды, жекеменшіктік қатынас орнықты, бәсекелестік күшейді, ақпараттық саясат көбіне тыңдарман ықыласына қарай өзгерді. Енді радионың ақпараттық, демалыстық міндеттері алдыңғы қатарға шығып, ағартушылық қыры бәсеңдеді. Адамның еркін ойлауы мен еркін жүріп тұруына, өз іс-әрекетіне толық жауап беретін қоғамдық қарым-қатынастар орнықты және соны жетілдірудің жолдары қарастырылуда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні –тоқсанның торқасына оранып отырған Қазақ радиосы бар жерде қазақ бар.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.ҚРОМА .1489 –қор,2-парақ, 290-іс
2.ҚРОМА .1489 –қор,1-парақ, 80-іс
3.Л.Гурьевич. Последнее советское междуцарствие. // Караван, 1996,1.06-3.
4. Радиожурналистика, ұжымдық оқулық.
Мақаладағы орыс ғалымының аты қате жазылып кетіпті, З.Цаперный емес, З.Паперный,Оқырмандардан кешірім өтінемін..