Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ҚР премьер-министрінің орынбасары, индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.О. Исекешев ресми сапармен келді. Күн тәртібіндегі басты сауал ҚазҰУ кампусындағы кезекті үшінші «Алатау» инновациялық технологиялар паркін (ИТП) орналастыру мүмкіндіктерін талқылау болды.
Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстанда жаңа формациядағы зерттеу университеттерін жасау жөнінде міндеттер қойған болатын. Олар арнайы инфрақұрылымымен «ақылды инновациялық экономикада» басқарушы субъект ретінде болмақ. ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жоғары мүмкіндігін ескере отырып, вице-премьер Ә.О. Исекешев университет кампусында «Алатау» ИТП үшінші кезеңдегі ғылыми-білім беру және инновациялық кластер құруды ұсынды. «Жетекші жоғары оқу орындарының басым бөлігі Алматы қаласында орналасқандықтан, ал инновация ҚазҰУ-ға негізделген, біз бұл жобаны университетте іске асырмақпыз. Студенттер мен ғалымдар үшін жоғары технологиялық тұрғыдан ғылыми-зерттеу қызметте барлық жағдай жасалады», – деді министр Әсет Исекешев. Бұл ұсынысты кездесуге қатысқан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовте қолдады. «Біз бұл ұсынысты қолдауға дайынбыз, себебі еліміздегі инновациялық жұмыстардың 47% алматы қаласында жасалады. «Алатау» ИТП дамуының үшінші кезеңінің ҚазҰУ-да іске асырылуы инновацияның ілгерілеуі мен құрылуына тиімді шешім болары сөзсіз», – деді А. Есімов.
Бүгінде «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ инновациялық кластері» ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіндегі Қазақстандағы инновация және технологиялық модернизацияны қолдау мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Кластер құру арқылы ҚазҰУ ғалымдарының, ғылыми ұйымдардың өндірістегі ең үздік жұмыстары іріктеліп алынып, коммерциализацияландыру, сол арқылы инновациялық кәсіпорын құру болмақ. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай «ғылым – білім беру – инновациялық өнім» үштігі арқылы мұндай инновациялық кластерлер ірі оқу орындарында болуы керек. Корея, Гонконг және Сингапурдың ірі компанияларының тарапынан 500 млн. АҚШ доллар көлемінде инвестиция құюда қызығушылық танытып отырғандықтан, мемлекеттік-жеке әріптестік ұстанымы негізінде университет кластерін құру өте тиімді.
Ресми сапары барысында вице-премьер университет ғалымдарының ғылыми-инновациялық жобаларының жетістіктер көрмесімен танысты. ҚазҰУ Елбасы саясатын толық қолдай отырып, «жоғары технологиялық өнімнің идеясынан бастап, оны жүзеге асыру және коммерциализациялауға» дейінгі барлық инновациялық тізбектің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін «технологиялық дәліз» құруда біршама жетістіктерге жетті. Осылайша университте 8 ҒЗИ, 23 орталық табысты еңбек етуде, оның ішінде Орталық Азияда және Қазақстандағы жалғыз Хьюллет-Паккард ІТ-технология орталығы, технопарк, бизнес-инкубатор, коммерциализациялау кеңсесі бар.
Қазіргі таңда Бүкіләлемдік банк және ҚР ИЖТМ ТДҰА АҚ-ның жобалары аясында ҚазҰУ-да университет ғалымдарының он инновациялық жобасын экономиканың нақты секторына енгізу жұмысы сәтті жүргізілуде. Fujitsu компаниясының инновациялық шешімдері нәтижесінде ұжымдық дата-центр құрылды және жаңа университеттік Ғылыми кітапхананы сандық жабдықтандыру жасалды. Халықаралық Uniform Project консорциумы аясында Токио университетімен бірлесе отырып, алғашқы отандық наноспутникті жасау және ұшыруға арналған бірегей жобаның зерттеу жұмысы басталды. Еуроодақ жоғары рангы сарапшыларының пікірінше, ғылыми-инновациялық қызметтегі жоғары жетістіктер ҚазҰУ-ға келешекте ұлттық автономиялы зерттеу университетіне айналуына мүмкіндік береді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ беделді халықаралық QS (Ұлыбритания) рейтингтік агенттігінің бағалауы бойынша әлемдік топ-300 үздік ЖОО қатарына еніп, әлемнің 800 үздік университеттері арасында 299-орынды иемдене отырып, бүгінде бұл мақсаттың орындалуына жақындады. ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру және инновациялық кластері ғылыми зерттемелердің коммерциализациялануына бағытталған ғылымды басқарудың жаңа әдісінің үлгісі болады. Ғылыми өзін-өзі басқару және экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету қағидасына негізделген жаңа кластер ұлттық инновациялық жүйенің бірегей даму нүктесін құруға жол ашады.