(бастан кешкендерін өздері баяндайды)
Кейінгі уақытта жер бетінде ұшақ апаттары жиілеп кеткені соншалық, оған тіпті селт етпейтіндей болып бара жатырмыз. Өйткені, қазіргі жариялылықтың арқасында ұшақ тұрмақ, кішігірім жол апатының өзін дабырайтып көрсетіп, қанша адам өлгенін, қанша адам жарақаттанғанын тәптіштеп айтып жатамыз.
Сонда бұрындары, әсіресе кеңес үкіметі кезінде бізде ешқандай ұшақ апаты болмағаны ма? Болғанда қандай! Ал сол апаттардан тірі қалғандар жайында естігендеріңіз бар ма? Егер жәй біреулер емес, есімі елге танымал азаматтар болса ше? Мәселен, академик жазушы Ғабит Мүсірепов, ақын Мұзафар Әлімбаев, бүгінде Қазақстан Президентінің жанындағы фототілші Иосиф Будневич, белгілі жазушы Сәбит Досанов десек, екінің бірі оған сене қоймауы мүмкін. Ендеше сол кісілердің өздеріне сөз берейік:
Мұзафар Әлімбаев:
– 1957жылдың көктемінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтетін болды. Жер-жерде депутаттыққа кандидаттар ұсынылып жатты. Мен ол кезде «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары едім. Бір күні Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Ғабит Мүсірепов мені өзіне шақырды.
– Сен не білгенің бар, мені КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат боласың деп жатыр ғой. Қызылорда облысындағы бір округтен ұсыныпты. Сол жаққа барып, сайлаушылармен кездесуім керек екен. Сен менімен бірге жүрсең қайтеді? Бір жағынан облыстың проблемасын газеттеріңде көтересің, -деді.
Мен келісе кеттім. Ғабекең менімен қоса қасында белгілі жазушы Ғалым Ахметов ағамызды ертіп алды. Ол кісінің көзі тірі. Бүгінде жасы 90-ға келіп қалды. Ғабеңмен көптен сырлас, дос адамдар. Үшеуміз жолға шықтық. Облысты бір айдай араладық. Қайтар кез тақап қалған. Бір күні облыстың бірінші хатшысы Опанов деген азамат, атын ұмыттым, Қызылқұм жайлауындағы қойшыларға барып қайтуымызды өтінді. Ол жерге ұшақпен барасыңдар деді. Жосалы деген стансадан ұшпақшы болдық. Қасымызға ерген жергілікті ақын Асқар Тоқмағамбетов басы ауырып тұрғанын айтып қалып қойды. Ғалым Ахметов те бармаудың бір себебін тапқан. Біздер – обкомның иделогоия хатшысы тайша Оразалин, облатком төрағасының орынбасары Сләмият Құнанбаев, Ғабең және мен төртеуміз шағын әскери ұшаққа отырдық. Осы ұшақпен қайтар жолда сол кезде жаңадан құпия түрде салынып жатқан Байқоңыр ғарыш айлағына соғуға тиіспіз. Ұшып келеміз. Мен дөңгелек терезеден күріш даласын қызықтап төмен қарап, соңғы жақта отырмын. Ғабеңдер алдыңғы жақта карта ойынына кіріскен.
Бір кезде ұшақ төмендей бастады. Бұған дейін Қызылқұмға ешқашан ұшақ қонып көрмепті. Біз келетін болған соң алдын ала бір жазықтау жерді әуежай ретінде дайындаса керек. Сол «әуежайға» қағылған кішкене қызыл жалаушылар көріне бастады. Ұшағымыз үш рет айналды да жаңағы белгіленген тұсқа қонуға бет алды. Бір кезде бірдеңе гүрс ете қалды. Жолымдағыларды қаға-маға алға қарай ұшып кеттім. Карта ойнап отырғандармен қоса бәріміз ұшақтың алдыңғы жағына келіп кептеліп қалдық. Ұшақтың артқы жағы көтеріліп барып тоқтады. Абырой болғанда жарылмады.
Жер қозғалса қозғалмайтын Ғабең әдеттегідей сабырлы қалпымен орнынан тұрып, үстін қақты да ұшқыштар жаққа қарап:
– Как там, мотор выключен или нет?! –деді.
– Все нормально, все нормально! – деп ол жақтағылар шуылдасып жатыр. Сыртқа
шығуға бет алдық. Ғабеңнің жүзіне қарап едім, оң жақ шекесі қанап тұр екен.
– Ғабе, маңдайыңызды сүртіңізші, – деп едім, ол кісі жәйлап қалтасынан бет орамалын алды да маңдайын сүртті. Сосын орамалдағы қанға қарап:
– Өй, мынау итің қайдан шығып жүр ей, – деді. Сөйтсек бәріміз жарақаттаныппыз. Әйтеуір ауыр кесапаттан аманбыз.
Сыртқа шыққанда қарасақ, ұшағымыз тұмсығымен тік шаншылғанымен қоймай, бір жақ бүйіріне қарай қисайып барып тоқтапты. Ғабең жерге түскеннен кейін екі қолын артына ұстап, ұшақты айнала қарап шықты. Өңі сұп-сұр. «Бір ажалдан қалған екенбіз-ау!» деп басын шайқай береді. Біраздан кейін өзді-өзімізге келе бастадық. Сосын алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілген болды. Соған қарамастан әзілімізді жарастырып, ел-жұртпен кездесу өткіздік. Қайтар жолда машинамен кеттік. Ғабең ұшаққа отырмай қойды. Сөйтіп, ардақты Ғабеңнен ертерек айырылып қала жаздаған кезіміз де бар, – деп Мұзағаң әңгімесін аяқтады.
Иосиф Будневич:
-1974 жылдың 19 қарашасын мен екінші рет дүниеге келген күнім деп есептеймін. Себебі, сол күні мен тікұшақ апатына ұшырап, өлімнен аман қалдым. Бірақ қатты жараландым. Бәрін басынан бастайын, – деп Иосиф Львович темекісін тұтатты. 73 жасқа келсе де тұғырынан таймаған ақсақалдың есте сақтау қабілеті де мықты екен, бұдан 26 жыл бұрын болған оқиғаны жарты сағаттың ар жақ бер жағында тап-тұйнақтай етіп баяндап берді.
– Мен ол кезде АПН-ның Қазақстан мен Орта Азиядағы фототілшісі едім, – деп бастады ол кісі. – Біз «Казахстанская правда» газетінің сол кездегі бас суретшісі Борис Николаевич Масальский екеуміз Қызылорда облысындағы күріш кеңшарларының жұмысын көрсету үшін іссапарға шықтық. Облыс басшылары да біздің бұл мақсатымызды құп көрді. Қасымызға жер суландырумен айналысатын ЖМК-ның бастығы Мирон Шек деген азаматты қосып берді.
Ұшқышпен қосқанда ішінде төрт-ақ адам сиятын «МИ-2» – тікұшағымен ұшып келеміз. Жиырма минөттай уақыт өтті. Байқаймын. Жоғарылаудың орнына төмендеп бара жатқан тәріздіміз. Борисқа айтып едім, ол бұған мән бермеді. Сырдария өзенінің биік жарқабағы көрінді. Алдымыздан су бөгеті үшін қолдан жасалынған үлкен топырақ жағалау (дамба) шыға келді. Тікұшағымыз содан аса беремін дегенде соғылып, тоңқалаң аса құлады. Есімді жисам ауруханада жатырмын. Қызылорда қаласына әкеліпті. Беломыртқам қатты зақымданған. Дәрігер маған оң жағыма аударылып жатуымды талап етті. Мен қозғала алмадым.
«Аздан ішу керек еді» деген сөзді естігенімде оған қатты ашуландым. Бізді мас болып жүріп апатқа ұшыраған біреулер деп ойласа керек. Тағы да есімнен айырылдым. Есімді жисам, реанимация бөлімінде жатыр екенмін.
Бір күні мені тексеруге Мәскеуден арнайы дәрігер келді. Ұлты – грузин. Ол жансыз қалған аяқтарымның бақайларын мұқият қарап шыққаннан кейін грузин мақамымен: «Ходыть будеш!» – деді. Осы сөз маған қанат бітірді. Он күннен кейін Қызылордадан Алматыға ауыстырды. Есімді жиғаннан кейін апат кезінде жанымда болған жолдастарымды сұрастырдым. Мирон Шек сол кезде-ақ ауруханаға жетпей жолда қайтыс болып кетіпті. Масальскийдің бұғанасы шытынапты. Ұшқыш та ауруханада көп жатпай жазылып шығыпты. Мен екі айдай ауруханада емделіп, әрең дегенде ілбіп жүруге жарадым. Сосын ептеп мәшиненің құлағына отыратындай жағдайға жеттім. 4-5айдан кейін мүлдем сауығып шығып, жұмысыма кірістім. Сегіз айдан кейін Павлодар облысына іссапарға бардым. Ол жерден тағы да елді мекендерге тікұшақпен ұшуға тура келді. Білесіз бе, дәл алдымда мен апатқа ұшыраған «МИ-2» маркалы тікұшағы тұр. Маңдайымнан суық тер бұрқ етті де, қол-аяғым қалтырап қоя берді. Бірақ, мұнымды ешкімге білдірмеуге тырыстым. «Неден шошынсаң, соны алдымен ауыздықта» деген нақыл есіме түсті. Бір құдайға сыйынып, тікұшақтың ішіне кіріп кеттім. Аспанға көтерілдік. Төмен қарауға дәтім шыдамайды. Қарасам болды, тағы да құлап түсетін сияқтымыз. Көзімді жұмып, тістеніп отыра бердім. Бір кезде келіп қондық-ау. Осыдан кейін тікұшаққа деген қорқыныш мүлдем сейілді. Талай рет ұштым, әлі де ұша беремін, – деп ақсақал әңгімесін аяқтады. Жетпісті орталап қалған ол кісіге мен ұзақ өмір тіледім.
Сәбит Досанов:
-1965 жылдың қаңтар айында Әбенов Бейсенбек деген нағашым екеуміз оның Өскеменде тұратын досына қонаққа бардық. Ол кезде Өскемен мен Алматы арасында тікелей әуе қатынасы жоқ. Семей арқылы ұшатынбыз. Қайтар жолда Семейде қатты боран болып, бір-екі күн сонда аялдауға тура келді. Содан қаңтардың 4-і күні түнде «ИЛ-18» жолаушылар ұшағымен әрең дегенде Алматыға қарай ұштық. Ұшаққа отырар кезде бірнеше күннен бері жиналып қалған жолаушылардың салдарынан берекесіздікке жол берілді. Біз нағашым екеуміз әрең дегенде ұшаққа ілігіп, ең соңғы екі орынға келіп жайғастық. Қаңтардың 4-інен 5-іне қараған сағат 12-ден 15 минөт кеткенде Алматы әуежайына келіп қондық. Ұшақтың табаны дүр етіп жерге тие бергенде жастық әуестікпен сағатыма қарағаным әлі есімде. Сәлден кейін бірдеңе қатты тарс етті де, көзімнің оты жарқ ете қалды …
Қанша уақыт өткенін білмеймін , есімді жисам, далада, қардың үстінде жатырмын. Анадай жерде ұшақ жанып жатыр. Азан-қазан дауыстар естіледі. Жан-дәрмен орнымнан атып тұрдым. Тұра салып бір аттағаным сол еді, қайтадан жерге гүрс етіп құлап түстім. Сәлден кейін есімді жидым. Айқайлап, әлдекімдерді көмекке шақырамын. Нағашымның атын атап дауыстаймын. Көмекке келер ешкім көрінбейді. Оң жақ қолым мен сол жақ аяғым жансызданған сияқты. Сипап байқап едім бұғанам сынған екен. Сол жақ жамбасым да қозғалтпайды. Ойыма қазір ұшақтың бензобагы жарылатыны түсе қалды. Тезірек бұл арадан кетпесем өлетінімді сездім. Еңбектеп жылжуға тырыстым, онымнан ештеңе шықпады. Бар ерік-күшімді жинап, оң жақ қолыммен жер тіреп аунап түстім. Сөйтіп, ұшақтан әрірек аунай бердім, аунай бердім. Тағы есімнен тандым. Сәлден кейін тағы да есімді жинадым. Сол-ақ екен жанып жатқан ұшақ гүрс етіп жарылды. Ұшақ сынықтары от болып жанып ысқырып ұшып, жан-жақты жарық қылып жіберді. Бір кезде мана мен алғаш құлаған жерге үлкен алюминий сынығы жалындап келіп түсті. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас қой.
Есімді алғаш жинаған сәтте-ақ «Бейсенбек! Бейсенбек!» жан дауысым шыға нағашымды іздедім. Ол кісі жастайынан жетім қалып, менің шешемнің бауырында өскен. Кейін Бейсенбек нағашым мені тәрбиеледі. Нағашы дегеніммен, ол кісі маған туған ағадай болып кеткен еді. Менімен қатар соңғы орындыққа отырған ол да жерге аман-есен құлаған екен, бірақ ұшақ жарылғанда одан ұшқан сынықтардың бірі басының жартысын жұлып түсіпті. Өзім көргенім жоқ, көргендер солай деген.
– Біраздан кейін әлдекімдер жаныма келді. «Это живой, его туда надо» біреуі қолымнан, біреуі аяғымнан алды да жүк машинасының қорабына лақтырып тастады.
Содан тірі қалғандарды №1 қалалық ауруханаға әкеліп орналастырды. Бұл жерде біздерді адам болатындар, емдеп жазып шығуға болатындар және болмайтындар деп екі топқа бөлді. Мен «адам болмайтындар» тобына кеттім. Бірақ, бұлардың өмірі үшін күресті тоқтатпауымыз керек деп шешті. Не керек, бір жарым айдан кейін балдаққа сүйеніп, ауруханадан шықтым. Біраз күннен кейін балдақты да лақтырып тастадым. Ақыры сылтып басып жүріп кеттім. Әйтеуір әлі күнге дейін аман-есен сылтып келемін.
Бұдан біраз бұрын бір министр Қазақстанның ұшақтарымен ұшуға қорқамын, себебі бәрі қираудың аз-ақ алдында тұр деп еді. Апаттан құдай сақтасын. Дегенмен, жоғарыдағы әңгіменің авторлары еш қорықпай-ақ тікұшақпен де, ұшақпен де ұшып жүрген көрінеді. Бұларды сонда жүрегінің түгі бар адамдар дейміз бе, қалай?!
Серік Жұмабекұлы, «Егемен Қазақстан»